Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі



бет7/13
Дата04.11.2016
өлшемі2,57 Mb.
#340
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

Қолданбалы өнер. Көркем шығармашылықтың ең ежелгі және қазіргі күні де дамып отырған түрлерінің бірі - қолданбалы өнер. Ол сұлулық заңдарына сәйкес құрылған тұрмыс жабдықтарында іске асады. Бұл тек пайдалы заттар ғана емес, оның қолданылуын білдіретін көркемдік бейнесі (образы) бар әдемі заттар болып та есептеледі. Бізді қоршаған заттар, біздің тұрмысымызды, күнделікті өмірімізде қажеттіліктерімізді өтейтін заттар өнердің шыңына дейін көтерілуі мүмкін. Қолданбалы өнер өзінің табиғаты жағынан ұлтжанды, ол халықтың әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, наным-сенімдерінен туындап, оның өндірістік әрекетіне, тұрмысына жақын болады. Қолданбалы өнердің туындылары өзінің қайталанбас индивидуалдылығымен ерекше көзге түседі. Бұл оны жаратушы – суретшінің, қолөнершінің бүкіл тұлғасы мен талантын сақтап қалатын уникалды туындылар. Жаңа заманда өндірістің дамуы заводтық тәсілдің енуіне орай туындаған жаратушының индивидуалдылығының белгісін өшіре бастады. Бірақ өнеркәсіпке суретшінің келуімен дизайн дамуы басталды.

Сәулет өнері (архитектура). Адам еңбек құралын даярлауды үйренгеннен кейін, енді оның тұрағы үңгір немесе ұя емес, эстетикалық кейіпке келген мақсатты құрылыс болды. Құрылыс сәулет өнеріне айналды. Архитектура (грекше archіtektoh - құрылысшы) – адамның тұрғын үйге және қоғамдық орынға деген қажеттілігін өтеуге негізделген ғимараттар мен құрылыстарды салу барысында нақтылықтың сұлулық заңы бойынша қалыптасуы. Сәулет өнері табиғаттан бөлек, стихиялық ортаға қарсы тұратын және адамдарға өздерінің материалдық және рухани қажеттіліктеріне орай адамдарға кеңістікті пайдалануға мүмкіндік беретін тұйық утилитарлы- көркем игерілген әлем. М.В.Ломоносов бұл өнердің ерекшелігін анықтай отырып ,былай деп жазды: “Сәулет өнері күш-жігерін жинақтап, зәулім ағаштар мен зіл-батпан тастарды бағындыра отырып, мекен етуге қолайлы, көз тоймайтын әдемі, ұзақ уақытқа шыдайтын берік ғимараттар соғады” (Шығ. тол. жин., Л.,1959,т.8,808-бет.). Сәулет өнерінің арқасында “екінші табиғаттың” құрамдас бөлігі – адам еңбегінің арқасында дүниеге келген және оның өмірі мен әрекеті сонда өтетін материалдық орта пайда болады.

Живопись (сұңғат өнері). Живопись өнердің ең ежелгі түрлерінің біріне жатады. Живопись өзінің қазіргі түсінігінде жазудың бір түрі ретінде қарастырылады. Өзінің не істегенін жазуға талпыну, графикалық түрде көрсетуге ұмтылу адамға әуел бастан-ақ тән. Алғашқы қауымдық адамның жартасқа салған суреттері осыны дәлелдейді. “Живописьті өз ерекшелігінде ұғыну үшін, біз оның ең маңызды элементі – түсті назарға алуымыз керек. Живопись түсті жазу немесе жазу мен түстің синтезі болып табылады. Живописьтің толық анықтамасын алу үшін түс пен жазуға сызықты (линияны) қосуымыз керек: живопись – сызуы бар түсті жазу. Осылайша жазу, түс және сызу жинақталып живописьтің мәнін құрайды” (Нұржанов Б.Ғ. Культурология: курс лекции. 77-бет.).Түсті, суретті, коммуникацияны, бояуды пайдалана отырып живопись табиғаттың, адамның өмірі мен әлеуметтік процестер туралы кең көзқарасты білдіріп, нақтылықтың колоритті байлығын, оның кеңістіктілігі мен материалистілігін бейнелейді. Материалдардың (түс пен сызу) белгілі бір бояушы пигменттерді таңдау нәтижесінде олардың қолдану техникасының және оларды байланыстырушыларының (май, желім т.б) жиынтығы живопистің әртүрлілігін тудырады: майлы живопись, сылақтағы живопись (фреска) және т.б. Көрерменге терең эмоциялық әсерін тигізетін живопистегі жанрлар (тарихи, тұрмыстық, пейзаж, портрет, натюрморт) мен түрлердің (монументалды-декоративті, станокты живопись немесе картина, икон жазу, панорама және диаграмма) адамдардың рухани мәдениетінің, дүниетанымының қалыптасуына ықпал етеді.

Мүсін өнері (скульптура.) Мүсін өнері— құбылыстардың өмірлік бейнесін бере алатын, материалдарда таңбаланатын, әлемді пластикалық образдарда игеретін кеңістіктік-бейнелеуші өнер. Мүсіндік туындыларды мрамор, гранит және басқа тастардан қашайды, ағаштан ойып, саз балшықпен жабыстырады. Жұмсақ материалдар уақытша деп есептеледі, олармен жұмыс барысында онан ары сақталу үшін қоладан, шойыннан құю көзделеді. Адам мүсін өнерінің жалғыз болмағанымен ең басты обьекті. Анималистер жанурлардың бейнесін сомдайды. Дөңгелек мүсін адамды қоршаған ортаның бөлшектерін ғана бейнелейді. Мүсіннің барьелеф және горельеф сияқты түрлері живопиське, графикаға жақындайды.

Әдебиет. Әдебиет әлемді көркем сөзбен игереді. Оның саласына табиғи және коғамдық құбылыстар, ірі әлеуметтік катаклизмдер, халық бұқарасының қозғалыстары, тұлғаның рухани өмірі, оның сезімдері енеді. Барлық адамзаттық тілмен байланысты және тілге қатысты бар нәрсе адамға тән. Халық тудырған тіл бүкіл тәжірибені өзіне жинақтайды және ойлау формасына айналады. “Тілдер – бұл жылнамалар үзінділерінде сақталмаған тарихи мәліметтердің қоймасы, тілдер – бұл өртенбейтін, жанбайтын, шайылмайтын, идеология ықпалына берілмейтін архив. Ата-бабалардың сансыз ұрпақ алмасуларынан бізге қалған басты интеллектуалдық мұра” (О.Сүлейменов. Язык письма. Алматы-Рим, 1998, 203-бет.). Тіл қалыптасуының тарихи процесінің өзі әлемді ассоциативті қабылдауға, нақтылықты көркем бейнелеуге дайындады. Әдебиет өзінің әртүрлі жанрларында әрекетті драмалық тұрғыда қайта қалпына келтіру арқылы, оқиғаларды этикалық тұрғыда баяндау арқылы немесе адамның ішкі әлемін лирикалық тұрғыда ашу арқылы осы материалдарды қамтиды.

Театр. Театр - әлемді драмалық әрекет арқылы көркемдік тұрғыда игеретін, оны актерлар көрерменнің көз алдында іске асыратын өнер түрі. Театрдың негізі – драматургия. Сонымен қатар ол өз құрамына живописьті, мүсін өнерін, кейде сәулет өнерін (декорация), кейде кино, музыка, би өнерлерін де енгізеді. Театр өнерінің синтетикалылығы оның ұжымдық сипатымен анықталады: спектакльде драматургтың, суретшінің, сазгердің, актердің шығармашылық күш-жігерлері біріктіріледі. Театрдағы көркемдік бейненің “құрылыс материалы” – тірі адам, актер. Драматург пен режиссердің ойы актер арқылы іске асады. Ол сахнадағы барлық нәрсеге театралдылық береді. Сахнада бөлменің интерьерін, пейзажды, қала көшесінің кейпін дәл беруге болады, алайда, егер актер өзінің сахналық әрекетімен шындықты тірілтпесе, бұл декорацияның бәрі өлі бутафория болып қала береді. Және, керісінше, актер пъесаның іс-әрекетіне сай жағдай мен ортадағы адамның бейнесін дәл, толық бере алса, қоршаған ортаның ең жалпы деген белгілерінің өзі (мысалы, Шекспир театрындағы сияқты,“бақ”, “дала” немесе “сарай” жазулары бар тақтайшаларға дейін) театралдық өмірмен біте қайнасып кетеді. Тетрдың маңыздылығының ерекшелігі, мұнда шығармашылық акт (бейнені сомдау) көрерменнің көз алдында жүзеге асады. Осыған байланысты театр аудиторияға әсер етудің орасан зор мүмкіншілігіне ие болады. Кинода көрермен шығармашылықтың нәтижесін көрсе, ал театрда процестің өзін көрсетеді. Спектакльдің ең басты ерекшелігінің кілті осында. Өйткені театр – бұл ең алдымен актердің көрерменмен тірі байланысы, аудиторияның көз алдындағы щығармашылық.

Өнердің маңызы мен әлеуметтік рөлін қарстырғанда оның жетістіктерін өнер, фольклор, сәулет өнері және т.б. шығармаларының деңгейі мен көлеміне әкеліп тіреу жеткіліксіз болар еді. Бұл жерде мәдениеттің, оның ішінде эстетикалық мәдениеттің маңызды функциялар атқаратындығын естен шығармау керек. Бұл түсінік бізге өнерді бүтіндей қабылдаудың бағдарын береді. Мұндай қабылдаудың негізін өнер құбылыстары мен айғақтарын “заттандыру мен затсыздандыру” процесінің тұтастығы концепциясы құрайды. Бұл концепцияның қарапайым мәнін эстетикалық сала құбылыстарының деңгейі, саласы ретінде ғана емес, эстетикалық мәдениет дамуының өлшемі болып табылатын берілген қоғамдағы оның сұраныс деңгейі ретінде де көрінеді.

Батыстың және Шығыстың дәстүрлі мәдениеттеріне ұқсамайтын өзге халықтар мен ұлттардың өзіндік эстетикалық мәдениеті мен төлтума дамуы болғандығын ескеру қажет. Мысалы Тынық мұхит аймақтарының социумдары, кейбір солтүстік тайпалар, австралиялық аборигендер және т. б. осыған мысал бола алады. Бұл тұрғыдан алғанда Ю.Бромлейдің өз дәстүрінің тұйықтылығымен, консервативтілігімен, қатаңдығымен сипатталатын мәдениеттердің ерекшелігі туралы ойы көңілге қонымды. Кез келген сыртқы ықпалға деген тосқауыл, тұрақтылық, қарапайым қайта өндіруге ұмтылу – олардың жалпы ерекшелігі. Мәдениетте үш саланы (немесе қабатты) бөліп алуға болады: материалды, рухани және көркем. Сонымен бірге көркем мәдениет (немесе өнер) өнерге бағытталған бүкіл әрекеттің барлық түрлерін жинақтап, дербес сала қалыптастыру қабілетіне ие. Өнер жалпы мәдениет емес, ол ұлтжанды, жалпы универсалды феноменнің модификациясы ғана емес. Қай халық болмасын, өзінің рухани әлемінің байлығына қарамастан өзінің ұлт жанды әлемін сақтайды. Ол белгілі бір кеңістіктік-уақыттық ортада пайда болады, оның мәні мен мүддесін білдіреді. Ол осынысымен құдыретті және сонымен бірге шектеулі. Оның үстіне онда жетістіктер өзекті мәселелермен, мазасызықтармен қатар өмір сүреді. Сондықтан ол өзіндік, өмір сүруге қабілетті өзге көркемдік әлемдермен байланысқа түсуге тәуелді.

Көркем мәдениеттің өзегіне енген адам әрекетінің бір қырын білдіретін мәдениет құбылыстарының жекелеген бөліктерін - мәдениет салалары, ал оларды құрайтын топтарды - мәдениет аймақтары деп атауға болады. Адам әрекетінің негізінде оның қажеттіліктерін жіктеу нәтижесінде пайда болған топтарды-мәдениет түрлері деп атайды. Құрылымдық түзілім ретінде қарастырылатын эстетикалық мәдениет әрекет түрлерінің жүйесі сияқты түрде көрінуі мүмкін, алайда бұл эстетикалық мәдениетті өнерге ғана, көркемдік мәдениетке ғана әкеліп тіреуді білдірмейді. Көркемдік мәдениет эстетикалық мәдениет обьективациясының бір түрін ғана білдіреді.

Көркем абстракциядағы адамзаттың алғашқы қадамдары көркемдік бейнелерді “заттандырумен” байланысты болды. Эстетикалық бастаудың бұл көрінісін ерте заманғы фольклормен қатар, тұрмыс жабдықтарынан, киімнен, тұтынатын заттардан және т.б. аңғаруға болады. Көркемдік парасаттың жетілген түрлері кейінірек пайда болады. Және қолданбалы өнердің қарапайым технологиясын игерген дамыған қоғамда ғана әсемдіктің негізі ретіндегі эстетикалық идеал пісіп-жетіледі.

Өнер туындысының жоғары көркемдік белгісі ретінде жаратушының бұл көркем туындыны алуан түрлі әлеуметтік маңызды мазмұнымен толтыруы саналады. “Форма мен мазмұнның тұтастығы осыдан көрінеді. Ертедегі эпостардың өзінде-ақ, гректің “Илиада мен Одиссеясында”, қазақтың “Қобыланды батыры” мен “Алпамысында” жалпы түріктің “Көрұғлысында”, қырғыздың “Манасында” этикалық мән мен мазмұн әсем сұлулық пен күш-жігердің жарқын көркемдік бейнелерімен тұтастықта көрінеді.

Өнер дамуының онан кейінгі жолы жалпылықты біріктірудің жолдары мен құралдарын іздестірумен, нақтылықты индивиуалдық тұрғыда қайта өңдеумен байланысты болды. Біздің ойымызша ұлттық өнердің диалектикасы қоғамдық байланыстар мен процестердің күрделіленуіне, әлеуметтік өзгерістерге орай осыған дейін болған формалар - символдар мен белгілер туралы көзқарастардың күресімен сипатталады. Бұл ғұрыптың поэзия белгілерінің сипатын зерттеген Д.Фрезердің еңбектерінде айқын көрінеді. Кез-келген күнтізбелік немесе отбасылық тұрмыстық ғұрып фольклорлық күнтізбелік және отбасылық-ғұрыптық поэзия сияқты белгілер мен символдарға толы. Қазіргі халықтық санада ғұрыптың әлеуметтік-практикалық, нақты-экзистенциалды және эстетикалық белгілері арасындағы терең байланыстар жойылған. Алайда ұлттық поэзияның атмосферасын эмоционалдық қабылдаумен оңай аулауға болады.

Белгілі бір ұлттық эстетикалық мәдениеттің бірте-бірте қалыптасуы ғасырлар бойына созылатын ұзақ процесс. Алайда бұл мәдениеттің қалыптасуы оның көптеген белгісіз жаратушыларының эстетикалық әрекетінің нәтижесі екендігін ескеруіміз қажет. Тұрмысық қатынастың эстетикалық элементтерінің, ұлттық әдет-ғұрыптармен қатар, көркем шығармашылықтың кейбір салаларының негізін қалаушылардың атын біз атай алмаймыз.

Халықтар мен ұлттардың эстетикалық санасы қоғамда қалыптасқан эстетикалық көзқарастардың, арнайы дәстүрлердің негізінде құралады. Жалпы мәдениет сияқты эстетикалық мәдениет те қоғамның белгілі бір тарихи кезеңімен байланыстырылады. Тарихи дамудың әртүрлі кезеңдерінде әрбір ұлт, әлеуметтік топ өзінің эстетикалық мәдениетін, әсемдік туралы өз көзқарасы мен ұғымдарын қалыптастырады.

Адамдардың кейпінде, олардың қатынастарында, киімінде, заттарында, тілі мен өнер туындыларында эстетикалық мәдениеттің ерекшеліктері, принциптері аңғарылады және олардың экономикалық даму деңгейі мен тағы басқа алғы шарттарынан ұлттың тарихи тағдыры туындайды. Сондықтан әрбір халық өз ерекшелігі мен күш-жігеріне орай әлемдік мәдениеттің қазынасына өз үлесін қосады.

Кез келген эстетикалық деталь, белгі, бейне пайда болысымен үнемі жетілу үстінде болады. Эстетикалық көзқарастың түбірлері кейде ұмытылғанымен, ұзақ сұрыптау процесі барысында бұл көзқарас кейде ұлттық эстетикалық сананың бір элементіне айналады. Қ.Ш.Нұрланова былай деп жазады: “Қазақтарда адамның Ғаламмен өзара байланысын сезіну нәресте кезден беріледі, сондықтан бұл дүниетанымдық мәдениет абстракциялық маңыздылық деңгейінде қалып қоймай, әлем мен жанның бірегейлігі сезіміне ауысады және бұл рухани ішкі сезім терең қанағатшылдыққа толы болады. Әлемге деген бұл қатынастың түбірі тереңде жатқандықтан болмыстың құпиясына, өмірдің құпиясына жақындатады және сондықтан әрбір адам өмірінің мәнділігі өмірдің өзінің сыйы сияқты шексіз. Адвм өмірінің өн бойын алып жатқан бұл қатынастар өмірдің барлық алуан түрлі қатынастарына қайталанбас рең бере отырып, әрбір адамның бай рухани өмірін түсінуге септігін тигізеді” (Человек и мир. Казахская национальная идея. - Алматы, 1994, 13 б.).

Отбасылық және тұрмыстық деңгейдегі оқиғалардың маңыздылығы көбіне эстетикалық құралдар арқылы жеткізілді. Ұлттың эстетикалық мәдениетке тән символдар, белгілер, атрибуттар жүйесі бірте-бірте қалыптасты және оның мағынасы әркімге де түсінікті болды. “Жаңа ошақ құруға арналған некелесу ғұрпы ең алдымен, жаңа отбасын құру үшін айдан және жұлдыздардан рұқсат сұрайды. Кейінірек нәресте дүниеге келгеннен кейін жас ананы жалаң аяқ жер бастырып, жерден қолдау сұрайды. Жас отау үшін бұл ғұрыптың маңыздылығы әлемнің мазмұндық бейнесін ашатын этикалық мәнділігімен қатар, қасиетті сандық белгілермен ерекшеленетін әлемнің әсемдігімен де сипатталады: вертикальдық деңгей (жоғары әлем, орта әлем, төменгі әлем) және горизонтальды деңгей (төрт қиырлы шартарап) жеті санын құрайды” (Человек и мир, 20-бет.).

Әртүрлі ұлттық ортада эстетикалық көзқарастар үнемі біртекті болған жоқ, әлеуметтік сатының төменгідегі және жоғарыдағы өкілдерінің арасында айырмашылық болды. Алайда, (зерттеушілердің - этнографтардың, тарихшылардың және өнертанушылардың байқағанындай) жоғары әлеуметтік ортада қалыптасқан эстетикалық көзқарастар бірте-бірте халық арасына сіңеді. Ғұрыптың, стильдің, қатынастың, жүріс-тұрыстың эстетикалық қасиеттерін бағалаудың өлшемі, оның сұрыпталуы олардың әлеуметтік қажеттілігіне, моральдық-этикалық көзқарастардың даму деңгейіне және т.б.сай келуіне байланысты болды.

Өнер белгілі бір талғамдардың, нормалардың, идеалдардың ұрпақтан ұрпаққа беріліп (дәстүр, тәрбие, өнер арқылы) сақталуын және олардың өзгеруі барысында жаңа идеалдардың, нормалардың, талғамдардың қалыптасуын қамтамасыз етеді. Ұлттық эстетикалық мәдениеттің белгілі бір элеметтерінің қалыптасуы мен көрінуі процесін қарапайымдандыруға болмайды. Эстетикалық дәстүрлердің, жүріс-тұрыс нормаларының бастауы кездейсоқтықтан басталмайды. Автор өз қиялымен қанша безендіргенімен шығарманың мазмұны объективті нақтылықтың бейнесі болып табылады, өйткені қанша бай қиял, қанша бай елес болғанымен, ол бәрібір өзінің пішінімен тірі өмірдің формаларын еске түсіреді.

Адам әрекетінің саналылығымен ерекшеленетіні белгілі. Өйткені әрекет басталмай тұрып-ақ оның қалаулы нәтижелерінің картинасы субъекттің санасында туады, қалыптасады және нақтыланады. Мұнда алдын-ала жинақталған тәжірибе, әлеуметтік-психологиялық стереотип үлкен рөл атқарады. Ол бір жағынан шешімдер мен іс-әрекеттің тиімділігіне сілтесе, екінші жағынан сәтсіз қадамдар мен қимылдардан сақтайды; бұл тұрғыда жағымсыз тәжірмбенің де пайдасы жағымды тәжірибеден бір де кем емес.

Эстетикалық дәстүрлерді, оның ішінде жүріс-тұрыс нормаларын да практикалық тәжірибе теріске шығара алады. Мысалы, мұсылмандықтың қалыптасуы екіжақты процесті туғызды: мұсылмандыққа дейін болған жүріс-тұрыс нормаларының бір бөлігі сәйкес символикаға еніп, діни қолдауға ие болса, ал қалғандары бастапқыда қайшылықты қатынас тудырып, бірте-бірте жойылды.

Өнердің пайда болу себептерін терең әрі толық айқындамай оның мәнін ұғыну мүмкін емес. Бұл феномен кездейсоқ құбылыс па, әлде қажеттілік пе? Ағартушыларда, мысалы И. Кантта оның жауабы мынадай: адам бойындағы эстетикалық мәдениетке, эстетикалық қабылдаудың дамуына деген қажеттілік оның (адамның) жаратылу актінің өзінде-ақ жүзеге асады.

Адамзат дамуының бастапқы кезеңдерінде әлемді эстетикалық игеру адам әрекетінің утилитарлық қызметімен тікелей байланысты болғандығын еске түсірейік. Адам санасының, шығармашылықтың мүмкіндіктері мен құралдарының шектеулігі бұл әрекет түрінен тысқа шығып кетуге мүмкіндік бермеді. Көптеген зерттеушілердің, антропологтардың, этнографтардың, мәдениет тарихшыларының, әсіресе Л.Морганның еңбектерінде ерте қауымдастықтарда өмірқамына деген қажеттілік нақты өмірлік мақсаттарға рационалды жолмен жетудің жолдары мен құралдарын іздестіруге мәжбүр етті. Жоғарыда қойылған сұрақтың жауабы осыдан келіп шығады. Әрекеттің мақсатына жетудің жолы неғұрлым қарапайым болған сайын, оны ұрпақтарға тәжірибе тасымалының басым тәсіліне айналдыруға мүмкіндігі көбейе түсті.

Мұнан ары қарай адам жеткілікті шектеулі ізденістердің мүмкіндік шеңберінен асып түсудің жолдары мен құралдарын іздестіруге ұмтылды. Функционалды сәйкестіктен құралдарды немесе жабдықтарды, заттарды пайдалануды жеңілдетуге ұмтылды. Осылайша алғашқы қауымдық технология пайда болды. Адамның жасаған өнімдері жетіле түсті. Ол кездегі шеберліктің деңгейіне қарағанда бұл жетістіктерге жету үшін ғасырларға созылған уақыт кетті. Бұл функционалды жетістікті қажеттілікті өтеудің жаңа тәсілдерімен біріктірудің мүмкіншілігіне орай алғашқы қауымдық дизайн пайда болды. Дайындаушының шеберлігі алғашқы қауымдық қолөнердің өзге өнімдері арасында үстемдікке ие болды. Алайда шеберлік – бұл әлі де өнер емес еді.

Халықтардың эстетикалық дамуы адамзаттың қалыптасуы мен дамуы процесінде ғасырлар бойы жүзеге асты. Өзінің эстетикалық дамуы барысында адамзат қоршаған табиғатты бастапқы сезімдік қабылдаудан әсемдіктің қазіргі түсінігіне дейінгі үлкен жолынан өтті. Адамның қалыптастырған заттай құндылықтар әлемінде бастапқыда тұрпайы, кейінірек мазмұнды эстетикалық көзқарастар пайда болады. Еңбек өнімдері ерте кезден-ақ адам бойында эстетикалық сезім тудырды, өйткені оларда адамның бүкіл қоғамдық мәні, қабілеті мен шеберлігі бейнеленетін еді. Процесс барысында субъекттің өзі де өзгереді: оның қабілеттері дамыды, қажеттіліктердің көлемі мен құрамы, оның санасының деңгейі өзгерді. Әдебиеттерде қажеттілік пен әрекеттің байланысы мен өзара байланыстары туралы кеңінен қарастырылса, бұл диалектиканы эстетикалық мәдениеттің дамуына да қолдануға болады.

Әлемді эстетикалық игерудің ең жоғарғы және күрделі формасы өнер болып табылады. Онда қоғамды ғана емес, оның танымын да игерудің шексіз мүмкіндіктері бар, сонымен қатар эикалық, эстетикалық, моральдық, философиялық және өзге принциптер орын алады. Мұндай мазмұнға дизайн да, эстетикалық әрекеттің өзге түрлері де ие бола алмайды.

Өнердегі субъекттің нақтылығы интеллектуалды тұрғыда күрделі, эмоционалдық тұрғыда толық және руханилықтың деңгейімен тығыз байланысты. Онда ұлттық сананың, ұлттық төлтумалылықтың элементтері өте нәзік көрінеді және көбіне оны анықтау қиынға соғады. Өнердің эстетикалық табиғатында ұлтжандылық көрінісінің орасан зор мүмкіндіктері бар. Эстетикалық мәдениеттің мазмұны кең және алуан түрлі. Форма мен мазмұнның байланысы, олардың органикалық тұтастығы мәдениеттің өмір сүруі мен дамуының негізгі анықтаушы шарты болып табылады. Өнерде бұл байланыс айқын көрінеді. Өнерге қатысты оның формасы бейнелі (обазды) деген тұжырым мойындалған. Алайда бейнелік форма тек өнерге ғана тән бе? Эстетикалық мәдениеттің өзге түрлеріне қатысы жоқ па?



Өнерде образ өзінің жеке қасиетінде көпшіліктің белгісі мен сапасын білдіреді. Ал біздің тұрмыстық қарым-қатынаста, “имидж” шеңберінде бұл қандай орын алады? Эстетикалық бағдардағы ғұрып та берілген “имиджде” “тәрбиелі адамның” жүріс-тұрысында барлық тартымды нәселерді, жүріс-тұрыс белгілерін бойына жинақтайды емес пе? Дәстүрлі қауымдастықтардағы “топтық бақылау” да индивидуумның жүріс-тұрыс қалпы қарым-қатынас дәстүрінің қалыптастырған “имиджіне” идеалды сәйкес келуін қатаң бағалайды. Бір ұлттық мәдениеттегі қарым-қатынас және жүріс-тұрыс нормасын өзге ұлттық мәдениеттің қабылдамауы мүмкін. Өнермен салыстырғанда тұрмыстық қарым-қатынас дәстүрдің сақталуымен сипатталады. Ол ғасырлар бойы сақталуы мүмкін. Алайда эстетикалық мәдениеттің бұл саласы әлеуметтік процестің жеделдеуіне сай адам болмысында, іске асып жатқан өзгерістерге бейім келеді. Мысалы, өмір темпінің жеделдеуі, бос уақыттың азаюы тұрмыстық ғұрыптардың бірте-бірте жоғалуына, оның формальдылығының қысқаруына әкеледі.

Енді ХІХ-ХХ ғасырдағы көркем мәдениеттің динамикасына тоқталайық. ХІХ ғасырдың өркениет дамуы тарихындағы, нақтылықты көркемдік игеруден көрінетін бетбұрысты кезең болғандығы белгілі. Бір ғасырдың ішінде Ағартушылық Романтизммен, Реализммен, Декаденттікпен алмасты. Романтизм нақтылықты жоғары идеал тұрғысынан теріске шығаратын мәдениеттің барлық саласын қамтыған көркем мәдениеттегі стильді білдіреді. Романтизмнің өзіндік санасының философиялық формасын (онда декаденттік мотивтердің бар екендігіне қарамастан) жоғары тұлға идеясы түрінде Ф.Ницше жасады. Декаденттік болса ХІХ ғасырдың 50-жылдарындағы Батыстың әлеуметтік-мәдени болмысын көркемдік пайымдауды білдіреді. Индустриялық қоғам негіздерінің жүйелік дағдарысы рухани мәдениеттегі құлдырауды, нақтылықтан кетіп, өзге мәдениет негіздерін іздестіруді туғызды. Бұл мәдениеттің негізгі бағыттарына импрессионизм (О.Ренуар, К.Моне, К.Даге және басқалары), постимпрессионизм (П.Сезанн, В.Ван-Гог, П.Гоген және т.б.), символизм (Ш.Бодлер, О.Врубель, Верлен және т.б.), модернизм (Пруст, Кафка, Т.Манн; И.Стравинский және т.б.), акмеизм,экспрессионизм) және т.б. жатады. Бұл бағыттардың барлығы ХХ ғасыр көркем мәдениетінің өзіндік санасы - постмодерннің қалыптасуына ықпал етті. Постмодерннің әлеуметтік-мәдени парадигмасы эстетикалық ізденістің пәні мен объектін түбірлі өзгертеді. Эстетиканың объекті тылсымдық нақтылықтармен, саңаның өзгерген жағдайымен, аутистік ойлаумен, неомифологизммен және мүмкін болатын әлемнің семантикасымен сипатталатын көркемдік әлемдік әлемнің гиперкеңістігіне, гипермәтініне, гиперәлеміне көшіріледі. Мәдени мәтіндер бұқаралық санаға терең енеді. Эстетика пәнінің өзі символикаландыру мен категорияландыру арқылы көркемдік нақтылықтың кеңістік пен уақытта тәртіпке келтірілуімен, яғни мәдениеттің трансляциялануымен ерекшеленеді. Символдар мен мағыналардың жүйесі ретінде оны зерттеуді эмпирикалық және теориялық талдауға көнетін әлеуметтік-мәдени нақтылықтардан тыс жүргізу қажет, өйткені көркемдік мәдениеттің объекті өзінше өмір сүреді. Мұндай талдау символдардың өзара байланысын, сонымен қатар, мәдени тәртіптің алғышарттары мен принциптерін белгілеуге мүміндік береді. Мысалы, “атжалман қасқырдың” символикалық образын Қазақстан Республикасындағы қазіргі социомәдени процестердің контекстінде қарастыруға болады (Альманах “Тамыр”. 1999, вып.1). Постнодернизмде мәдени талдаудың пәні мен объекті сананың ағымымен үнемі қиылысып отырады. У.Джеймс былай деп жазады: “Біздің қалыпты сергек саңамыз, ақылды саңамыз - бұл сананың ерекше типінің бірі ғана. Саңаның өзге де формалары бар екендігі туралы білмей-ақ біз өмірден өтуіміз мүмкін, алайда дер кезінде қажетті стимул қолдасақ болғаны ол лезде-ақ пайда болады және бұл көңіл-күйдің өзге кездері қолдануға бейімді болуы мүмкін”. Эстетикалық талдаудың объекті мүлдем күтпеген формаға ие болуы да мүмкін. Мысалы тіпті, компьютерлік көркем әдебиеттер де бар. Бұл көркем мәтіннің ерекшелігі, оны компьютердің дисплейінен ғана оқуға болады. Ол гипернақтылық ретінде құрылған. Ондағы кнопөкалар арқылы сюжеттің қозғалысын өткенге және болашаққа ауыстыруға, эпизодтардың орнын алмастыруға, оның ақырын өзгертуге және т.б. қимылдар жасауға болады.

Француз мәдениеттанушысы Ж.Бодрийяр біз қазірдің өзінде гипернақтылықта өмір сүрудеміз деп тұдырымдайды. Біз дауылды күнгі кеме сияқты гипернақтылықтың бір шетінен екінші шетіне аударылып түсіп жүрміз. Оның ойынша Ирактағы “Құмдағы боран” операциясы (1991 жыл) қарапайым нақтылық болған жоқ. Бұл видеопроектордың экраны мен компьютер дисплейлеріне “отырғызылған” гипермәтіндік соғыс болды. Бұл мистика емес - бұл гипернақтылықтың ерекше метафизикасы. Мұндай жағдайларда адамның өзіндік бірегейлігі (самондентификация) өзгеріп, ол “ойнайтын адамға” айналады.

Ойын ретіндегі мәдениет концепциясын голланд ойшылы Й.Хейзинга ұсынады. Өзінің “Homo ludens” еңбегінде ол мәдениеттің мәнін ойын әлеметтері басым жағдайға ие болатын әлемді көркем қабылдаумен байланыстырады: “Кез-келген тірі, гүлденуші өркениетте поэзия өмірлік, әлеуметтік және литургиялық функция атқарады… Поэзия өзінің ерте мәдениеттің факторы ретіндегі бастапқы функциясында ойын ретіндегі ойында пайда болады. Бұл қасиетті ойын, алайда өзінің осы қасиеттілігінде бұл ойын үнемі құмарлықтың, әзілдің, көңіл көтерудің жиегінде қалып қояды. Әсемдіктің қажеттілігін саңалы түрде өтеу әлі де болса жоқ. Ол экстаз ретінде, мерекелік масайрау, ғажайып ретінде сезілетін және өзін поэтикалық формада іске асыратын қасиетті акттың қайта тірілуінде жасырынған (Самосознание европейской культуры ХХ века. М., 1991, 70-72 бб.).

Көркемдік мәдениеттің постмодернистік парадигмасында ойын күнделікті өмірді де қамтиды. Адам өзінің кәсібін таңдағанда, ол белгілі дәрежеде өз өмірінің гипернақтылығын да - белгілі бір тілдік ойындарды, коммуникацияның белгілі бір шеңберін, белгілі бір дүниетанымды таңдайды. Кәсіби әрекеттен тыс кезде ол өзге әлемге кетеді, өзінің “бетпердесін” өзгертіп, иллюзиялар құрастырады. Мұндай ахуалды Г.Гесс өзінің “Бисер ойыны” деген романында сипаттайды. Бисер ойыны - бұл гипермәдени кеңістік-уақыттық континуум. Немесе Т.Манның “Доктор Фаустус” романының кейіпкері былайша пайымдайды: “Формалармен ойнағанда, олардың қайсысының өмірден кеткенін біле отырып, ойынды жоғары сатыға дейін көтеруге болады”. Постмодернистік эстетикадағы жаңашылдық объект пен қарастыру пәнінің өзгешелігімен ғана емес, көркем ақпаратты алу тәсілдері мен формаларының класскалық емес методологиясын қолданумен де сипатталады. Көрнекілік үшін деконструкция мен мотивті талдауды алайық. Бірінші методтың негізін қалаған постструктурализм мен постмодернизмнің көрнекті өкілі Жак Деррида. Көркемдік мәдениет құбылыстарына бұл тәсілді қолданудың мәні мәдениет мәтініне қатысты зерттеушінің тыс орналасу поэзиясын теріске шығарумен байланыстырылады. Мұны түсіндіру зерттеуші мен мәтін арасындағы сұхбат (диалог) тұрғысында жүргізілуі тиіс. Бұл жағдайда мәтін зерттеушіге ықпал етеді (мысалы, полифониялық роман). Деконструкцияның мақсаты мәдениет көзінің өзінің мәдени потенциалының белсенділігін арттыру болып табылады. Мотивті талдау (Колумбия университеттінің профессоры Б.М.Гаспаров) көркемдік талдаудың бірлігі ретінде дәстүрлі термаларды - сөздер мен сөйлемдерді емес, мәселелердің шым-шытырық түйінін еске түсіретін мотивтерді алады. Мотивтер кросс-деңгейлі бірліктер бола отырып, мәтіндегі өзге мотивтермен қиылысып, қайталанып, оның қайталанбас архитектоникасын құрайды (мысалы, С.Булгаковтың “Мастер және Маргарита” романының құрылымы).

Біз эстетикалық мәдениеттің мәні туралы көзқарастардың қалыптасу ерекшеліктерін қарастырып, оның негізгі бағыттары мен парадигмаларын анықтадық. Мұнан өнертанудың қазіргі мектептері бүгінгі күнгі мәдени және өркениеттік процестердің феномендерін көп деңгейде және әртүрлі қрынан зерттейді деген тұжырым жасауға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет