351
Хазіреті Біләл Хабаши бұл міндетті мойнына алды. Сахабаларды жол
соққан болуы керек, қисайған бойда ұйықтап кетті. Біләл болса нәпіл
намазын оқып, көзі ілініп кетпеу үшін ұзақ дұға оқыды. Әне-міне сәре
уақыты шығады деп түйесіне сүйеніп отырғанда, қара басып ұйықтап кетеді.
Мұсылмандардың "Инна лилләһ уә инна иләйһи ражи'ун" деген даусынан
шошып оянады.
Күн шығып, айнала жап-жарық болып кетіпті. Пайғамбарымыз ренішті
кейіпте:
"Уа, Біләл! Бұл не қылғаның?" - деді.
Хазіреті Біләл: "Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, уа,
Расулаллаһ! Сенің рухыңды тынықтырған құдірет, менің рухыма да әсер
етті", - деп жауап берді.
Пайғамбарымыз күлімсіреп: "Сөз тапқанға қолқа жоқ", - деді де тезірек
сол маңнан кетуге асықты. Былайырақ шыққан соң "Шапшаң дәрет алыңдар.
Сонан соң, уа, Біләл, азан шақыр", - деді. Азан оқылып, мұсылмандар сапқа
тұрды.
Пайғамбарымыз: "Таң намазының сүннетін оқыңдар", - деді. Сүннет
оқылып біткен соң
"Уа, Біләл, енді қамат келтір", - деп қаза намаздың парызын қылдырды.
Намаз аяқталған соң жамағатына қарап: "Кімде-кім ұйықтап қалып немесе
ұмытып намаздың уақытын өткізіп алса қазасын өтеуге тиіс", - деді.
Қаза намазын оқыған соң Мәдинаға бет алған сахабаларға сәл жүрген
соң көз ұшында Ухуд тауы көрінді.
Пайғамбарымыз: "Біз Ухудты сүйеміз, ол да бізді жақсы көреді", - деді.
Қалаға кірерде былайша дұға етті: "Уа, Раббым! Сенен басқа
табынарымыз жоқ, сен жалғызсың. Сенің ортағың жоқ. Мүлік-мақтанға ие
сенсің. Аллаһым! Біз сенен тілеп, күнәларымызға тәубе етеміз. Раббымызға
құлшылық жасап, сәждеге жығыламыз. Раббымызға мадақ айтамыз.
Раббымыз уәдесіне берік, құлы Мұхаммедке жәрдем беріп, дұшпандарынан
басым түсірді".
Пайғамбарымыз жорықтан қайтқанда, умра немесе қажылықтан
оралғанда, тау басына шыққанда немесе жазық далаға, cахараға аяқ басқанда
үш рет тәкбір айтқан соң жоғарыдағы дұғасын қайталайтын болған.
Достарыңызбен бөлісу: