358
Сол сәттен бастап Хазіреті Халид күш-жігерін Исламның таралуы,
пайғамбарды қорғау, мұсылмандардың тыныштығын сақтау жолында
жұмсайды.
Екінші болып Осман ибн Талха иман келтірді. Ол Хазіреті
Расулаллаһтың төртінші атасы Құсайдан тарайтын аталас туысы еді.
Кезек Амр ибн Асқа келді. Құрайыш екендігін мақтан көріп,
мұсылмандарға азап шектіргенде қылы қисаймайтын мүшріктердің мәшһүр
саясаткері Амр бүгін бар өмірдің текке кеткенін ұғынып, бармағын
шайнаған. Пайғамбарға қарауға дәті бармаған ол көзін жерден айырмады.
Сотқар саясаткердің ішкі толғанысын айтқызбай ұққан пайғамбарлар
сардары Мұхаммед (с.а.у.):
"Уа, Амр! Болғаны-болып, бояуы сіңді. Ендігі өкініш пайдасыз. Ислам
бұрынғы қате-кемшіліктеріңнен арылтады. Иманмен сусындасаң судан таза,
сүттен ақ боп шығасың", - деп Амрды көңіліндегі күмәнді ойдан серпілтті.
Ол:
"Адамзат баласының ішінде мен үшін ең ұлысы әрі ең сүйіктісі
Расулаллаһ" - деп, мойынсұнғандық білдірді.
Нұрға толған көңілдердегі шаттықты сипаттап жатудың өзі артық.
Араға жылдар салып Хазіреті Амр ибн Ас Расулаллаһтың бұйрығымен
бірталай әскери бірліктерді басқарады. Көп жеңіске қол жеткізеді. Ең
маңыздысы, Мысырды жаулап алуы. Ислам тарихында ол "Мысырды
алушы" деген атпен танылады.
Мәшһүр қолбасшы Хазіреті Амр ибн Ас: "Расулаллаһ Халид ибн Уәлид
екеумізге мұсылмандықты қабылдаған сәттен бастап үлкен сенім артып,
маңызды шаруалар тапсыратын. Асхабынан айырған кезі болған емес", - деп
ризалықпен еске алған.
Достарыңызбен бөлісу: