Өсіру агротехнологиясы. Ноқатты ауыспалы егіс жүйесіндегі тыңайтылған отамалы дақылдардан, таза парға себілген бидайдан кейін орналастырған тиімді. Ноқаттың өзі де көптеген жаздық дәнді дақылдарға жақсы алғы дақыл болады. Оны себуге топырақ өңдеу жүйесі жаздық бидайдікіне ұқсас жүреді. Ноқат көбінесе фосфор тыңайтқыштарын қажетсінеді. Тұқымды себер алдында нитрагинмен өңдеу жақсы нәтиже береді. Оның оңтайлы себу мерзімдері: Солтүстік Қазақстанда 10-20 мамыр; Орталық Қазақстанда 5-15 мамыр; ал еліміздің басқа облыстарында-жаздық астық дақылдарын сепкеннен кейін. Ноқатты негізінен кең қатарлы тәсілмен (45,60 см) гектарына 0,4-0,5 млн. өнгіш тұқым себеді. Ал арамшөптерден таза танаптарға жай қатарлап, әр гектарға 0,7-0,8 млн. өнгіш тұқым себуге болады. Тұқымды ылғалды қабатқа, 5-8 см тереңдікке себеді. Тұқым себілгеннен кейін топырақ тығздалады. Арамшөптердің өскінін жою үшін және пайда болған топырақ қабыршағын жою мақсатымен тұқым өнгенше және өскін бергеннен кейін егістікті тырмалайды. Кең қатарлы егістіктерде қажеттігіне қарай қопсыту жұмыстары жүргізіледі (культивациялау). Ноқат негізінен бір мезгілде пісуіне байланысты оны тікелей орып бастырған жөн. Егістік арамшөптермен ластанған жағдайда ноқатты бөлектеп жинау ұсынылады.
Ноғатық (Чина, Hathyrus satіvus). Шаруашылық маңызы және таралуы.Егістік ноғатық біржылдық дәнді бұршақ тұқымдас өсімдік. Оны негізінен мал азығы ретінде және тамақтық өнім алу үшін өсіреді. Ноғатықтың отаны Оңтүстік-Батыс Азия (ұсақ тұқымды түрлері) және Жерорта теңізі жағалауындағы (ірі тұқымды түрлері) елдер болып есептеледі. Бұрынғы Одақ көлемінде ноғатықты Россияның орталық облыстарында, Алтай өңірінде, Украинада өсірді. Ноғатықтың егістігі Закавказьеде және Орталық Азия республикаларында орналастырылды (4- сурет). Дүние жүзінде ноғатықтың 100 шақты түрлері кездеседі. Олардың көпшілігі көпжылдық өсімдіктер. Ал мәденилендіріліп егістікте өсірілетіні тек бір жылдық өсімдік түрлері. Ноғатықтың дәнінде 25-35% дейін белоктік зат кездеседі. Оның дәнінен өте құнарлы малазығы дайындалады. Ноғатықтың 1 кг дәнінде 280-300 г протеин, 20,4 г лизин, 1,6 г метионин, 2,5 г триптофан, 34 г аргинин кездеседі. Ноғатықтан сапалы шөп дайындалады. Оның шөбі малға өте жұғымды, құрамында 18% протеин болады. Мал азығы ретінде ноғатықтың сабанын да пайдаланады. Ноғаттықтың 100 кг дәнінде 106 а.ө. және 22,3 кг қорытылатын протеин, 100 кг пішенінде-52 а.ө. және 14,5 кг қорытылатын протеин болады. Ноғатық өсімдігі өндіріске де пайдаланылады. Одан пластмасса, фанера дайындалады. Ноғатық көптеген астық дақылдарына жақсы алғы дақыл. Және оны жасыл тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.