Дәріс №1 Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері


Дәріс №4 Дәріс тақырыбы: XX ғасырдың бас кезіндегі балалар әдебиеті



бет6/19
Дата31.08.2022
өлшемі310,49 Kb.
#148396
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Байланысты:
лекция бала ад 15 саг

Дәріс №4
Дәріс тақырыбы: XX ғасырдың бас кезіндегі балалар әдебиеті.
Дәріс мақсаты: XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік өзгерістердің халық ағарту ісіне жасаған ықпалы. Жаңаша оқытатын мектептердің көбеюі. М.Сералин, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев сынды демократияшыл интеллегенция өкілдерінің халық ағарту жұмысының күрделі мәселелеріне тоқталып, ана тілінде оқу құралдарын жазу мәселесін көтеруі.
Дәріс жоспары:

  1. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік өзгерістердің халық ағарту ісіне жасаған ықпалы.

  2. Ш. Құдайбердиев өлеңдерінің фольклормен үндестігі.

  3. М. Жұмабаев шығармаларында жастарды өнер-білім алуға, талантты болуға шақыруы. Балаларға арнап жазған өлеңдері.

  4. С. Көбеевтің балалар әдебиетіндегі әдеби мұрасы.

  5. С.Торайғыровтың балаларға арналған шығармаларының жасөспірімдер тәрбиесіндегі орны.

  6. С.Дөнентайұлының балалар әдебиетіне қосылған шығармаларының жанрлық ерекшелігі, тақырыптары.

Дәріс мазмұны: 1. XX ғасырдың басы Қазақстан мәдениетінің халық аңарту жұмысының дамуына революциялық қозғалыстың күшеюінен қоғамдық жағдайлардың өзгерісі ықпал етті. Қазақ тілінде шығатын кітап, газет, журналдар саны өсе бастады. Бұл кезең ақын-жазушылары ағартушы-демократтық бағытты ұстанды.
Қазақтың М.Сералин, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев сияқты интелегенциясы халық ағарту жұмысы, халық мәдениетінің дамуы жайында күрделі мәселелер көтерді. Ана тілінде оқу құралдарын жазу қажеттілігін жақтады. Сонымен қатар, сол кезеңдегі заң мен заман талабына сай, саяси тапсырма көлеңкесімен балаларға орысша білім берудің мәселесі тұрды.
Саясат салқыны әлеуметтік жағдайларды түп-тамырымен өзгертуге күш салды. Бұл жолға тек қана қазақтың оқыған, көзі ашық, зиялы интелегенциясы арқылы шыға алатынын жақсы түсініп, пайдалана білді.
«Тургеновтің, Толстойдың, Добролюбовтың, Чернышевскийдің тілінің ұлы және күшті тіл екенін сіздерден біз жақсы білеміз. Біз Россияны мекендеп отырған қандай болсын барлық ұлттардың езілген таптарының арасында мүмкіншілігінше неғұрлым тығыз қатынас және туысқандық бірлік орнауын сіздерден көбірек тілейміз. Сондықтан біз, әлбетте, Россияда тұрушы әрбір адамның ұлы орыс тілін үйренуге мүмкіндік алуын жақтаймыз» деген В.И.Лениннің идеясы қазақ интелигенциясының да мұртына айналу тиіс болды.
Тікелей кезең тапсырмасына көшкен қазақтың ағартушы-демократтары діни схолостиканы насихаттайтын медреселер оқуына қарсы шыға бастады. Өздері құрастырып, өздері жазған оқулықтар мен хрестоматияларға орыс әдебиетінен аударылған, орыс әдебиеті үлгілері бойынша жазылған шығармаларды енгізеді. Мысалы, С.Көбеев 1910 жылы жарияланған «Үлгілі тәржіме», 1912 жылы шығарылған «Үлгілі бала» деген оқулық хрестоматияларына орыс классиктерінен 40-тан астам өлең, әңгімелер аударып енгізген.
1912 жылы Тайыр Жомартаевтың «Балаларға жеміс», 1911 жылы Орынборда Мұхамедораз Нұрбаевтың «Көргенді бала, үлгілі ана» атты оқу кітабы шықты. Осы аталған кітаптарда да орыс классиктерінен алынған аудармалар мен балалар фальклорынан көп шығармалар қамтылған. 1912 жылы Уфада шыққан М.Малдыбаевтың «Қазақша ең жаңа әліппе» және 1911 жылы Уфада қазақ-қырғыз балалары үшін «Әліппе яки төте оқу» деген оқулықтар жарық көрді. Бұларда ай, күн, жыл аттары, санамақтар да қамтылған. 1912 жылы «Практические уроки усского языка для киргизов» деген оқулық шықты. Бәрі де қазақша және орысша аралас жазылған. Орыс сөздерінің қазақша аудармасы беріліп отырған. Бұлар оқуды өрістету, балаға білім беру тілегінен туған ізденістердің жемісі еді.
Бастауыш мектептер мен орта мектеп оқушыларына арналған оқулық-хрестоматиялардың қай кезде жазылғандарын алсақ та қамтылған материалдары балалар әдебиетіне тән, балалар қабілетіне жақын сұрыпталған шығармалары болатын. Мұның үстіне Ыбырай, Абай негізін салған қазақ балалар әдебиетінің дамуына, оның өріс алуына Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаевтың, С.Көбеевтің, С.Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың шығармалары үлкен үлес қосты.
2. Ұлы ақын А.Құнанбаев өнегесін көріп, кеңесін алып, дүниетанымын кеңейтіп, сауаттанған Ш.Құдайбердиев балалар әдебиетінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын. Оны балалар әдебиетіне әкелетін шығармалары ретінде «Бояушы суыр», «Қаншыр мен бөдене», «Ақылшы торғай», «Қасқыр, түлкі, бөдене», «Піскен мен шикі» атты мысалдарын атар едік. Ақын осы мысалдары арқылы адамгершілік сапаларды аллегориялық көркемдікпен насихаттауды мақсат еткен. «Қасқыр, түлкі, бөдене» мысалында қу құлынның қамымен қасқырмен жолдас болған залым түлкінің жазықсыз момын бөдененің алдауына түсіп қалуы таңғаларлық іс. Бірақ, өмірін сақтау үшін ерлік іске бас тіккен бөдененің мұнысы шешуші сәтте амалын тауып кетуі еді. Нәтижесінде, түлкі қасқырды алдаса, түлкінің өзін бөдене жер қаптырып кетеді. Мысалдағы үш кейіпкер: қорқау қасқыр, залым түлкі, жазықсыз момын бөдене.
Ш.Құдайбердиев мысал өлеңінде жан-жануарларды адамша сөйлету арқылы балаларды жақсы-жаман қасиеттерді ажыратуға, адалдыққа үндеп, мейірімділік атты адамгершіліктің бағалы сезімдерін биік көтеруге, рақымсыз қулық пен озбырлықтың түбінде жеңіліс табарын ашып көрсетеді.
Ақынның «Ақылшы торғай» өлеңінде құрған тұзаққа түскен торғайдың шыбын жанын аман қалу үшін еткен әрекеті баяндалады. Ақылы кемел адамға титімдей ғана торғайдың үш ауыз сөзімді ұғынсаң есепсіз бай боласың деп, тұтқынынан айламен босанып шығып, айтқан бастапқы екі ақылды дер кезінде түсіне алмай қалғаны үшін үшіншісін аяқтамастан ұшып кетеді. Ақын бұл мысалында надандықтан арылуға үндеп, ақымақтықтың еш опа бермейтіндігін, кез-келгенге аузындағы несібесін жем ететіндігіне көз жеткізе жырлайды.
Өлең соңында:
Сол торғай үшіншіде не айтпақ еді,
Соны тап, есті болсаң, ойға түсіп?- деп үлкен де сұраулы ой тастау арқылы балаларды ізденуге, надандықтың қырсығынан арылып, озық ойлы азамат болуға шақырады.
«Піскен мен шикі» сюжетті өлеңінде аң аулап жүріп, атынан айырылып қалған бай баласы (шикі) мен кедей баласының (піскен) іс-әрекетіндегі қабілет айырмасын, өмірге бейімділік қасиеттерін мысалдармен ашып көрсетеді. Адам баласының адал еңбек етіп, аянбай тер төгіп қана мақсатына жете алатынын кедей баласының тірлігі арқылы жеткізеді. Өлең мазмұны, идеясы Ы.Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесімен өзектес.
3. Қазақ әдебиетінің ақтаңдық беттерінің қаралы жолдарындағы тізімін М.Жұмабаев есімі толықтырады. Ақын қаламынан балалар мен жасөспірімдер ұғымына сай келетін сандаған туындылар туды.
М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі 1920 жылдары жазылып, 1922 жылы жарық көреді. Өлең «М.Жұмабаевтың өлеңдері» жинағына енген болатын. Жинақты құрастырып, алғы сөзін жазған Б. Күлеев еді.
Ақын «Бөбектің тілегі», «Мен жастарға сенемін», «Ата, бата», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Балапан қанат қақты» атты шығармалары арқылы халық ағарту ісінде жастардың сауаттану мәселесін көтереді, адамгершіліктің биік парызын өтеуді, адамдар арасындағы бір-біріне қамқорлық көрсету, мейірім таныту секілді асыл сезімдердің жоғалмауына, жоғарылауына бар ықыласын қояды. Әлпештеп баққан аяулы анасына деген сағынышты «Анама» өлеңінде тек Мағжанның өз анасы ғана емес, әлемнің барлық баласы мен анасының мейірім, махаббаты сыйып кеткендей.
«Ата-баба» өлеңінде қазақ халқының ұлттық дәстүрі – бата беру, баланың үлкендерден бата сұрауы айтылған. Бұл өлең алғаш рет 1927 жылы жарыққа шыққан «Балаларға тарту» атты жинаққа енген. Өлеңде мектептен оралған Мәрияш есімді оқушы қыздың атасынан бата сұрауы, оған жүрегін қуаныш кернеген қарияның ақ жүрегімен немересіне оң жол тілеп:
Бата десең, қарт атаң,
Айналсын сендей ботасын
Оқы, құлыным, ғалым бол
Атаң берді батасын
деген тілегі баяндалады. Ақын қозғап, ұсынып отырған ой «оқу-білім, парасат, ақыл, ғылым» атты адамзатты биіктерге алып шығатын қастерлі ұғымдарды Марияштың атасының аузымен айтқызып, бүкіл жас ұрпаққа сара жол нұсқайды. Шағын ғана өлеңге сонша тәрбиелік мағына, ақыл-өсиет сыйғыза білген. Біріншіден, үлкенді қадірлеу, оның ақылымен санасу, екіншіден, қарияға бата бергізу ақылы ұлтымыздың ұлылығын, сөз төркінін бағалайтын қасиетін көрсету, (шындығында Мағжан батасыз іс бастамаған елдің ұрпағы екендігін ұрпақ санасына сіңдіру мақсатын көздеген), үшіншіден, өнер-білімге ұмтылған жастың қадамына тек сәттілік тілек айтылғандығын жеткізе білген. Яғни, барлық балаға оқу-білім, өнердің жолына түссең ғана, болашағың нұрлы, жолың даңғыл болады деген идия жатыр.
М.Жұмабаевтың «Балапан қанат қақты» атты қара сөзбен жазылған өлеңі 1916 жылы жазылған болатын. Бұл шығарманың жазылу тарихы: Омбы қаласында мұғалімдер семинариясында оқып жүрген Мағжан 1916 жылы өзі редакторлық етіп «Балапан» атты қолжазба журналын ұйымдастырады. Осы кезеңде ақын қаламнан өзіне пана алмай қиыншылық көріп не амал қыларын білмей сандалған, жан-жағынан жәрдем күткен әлсіз де нәзік балапанның мүшкіл халін әсерлі де әдемі тілмен баяндалған жазылған «Балапан қанат қақты» атты қара сөзбен жазылған өлеңі дүниеге келді. Қаламгер аштық пен суыққа ұшыраған балапанның жайы арқылы қазақ жастарының рухани шөлін көрсеткен.
Ақын шығармашылығында жастарды өнер мен білім алуды табаны, талантты болуға шақырып, оларға зор сенім артып, үлкен үмітпен қарады.
4. С.Көбеев өзі педагог болғандықтан, оның балаларға арналған шығармашылығының бәрінеде де оқу процесіне байланысты мазмұн бар. Өз ұстазы Ы.Алтынсариннің жолын қууға ол екі жылдық мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген соң, елге келіп, бала оқыту қызметіне кірісіп, оқытудың әдіс-тәсілдерін, оқулықтарын іздестіре бастайды.
И.А.Крыловтың қырық төрт мысал өлеңін аударып «Үлгілі тәржіме» деген атпен 1913 жылы бастырып шығарды. Осы арқылы жас ұрпақты өнер-білімге, әділеттілікке, адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат етеді, мінез-құлықты түзетудің құралы етіп алды. Бұл жөнінде С.Көбеевтің өзі: «Мен Пушкин, Лермонтов сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының мазмұнын айтып, түсіндірумен қатар әсіресе Крыловтың мысалдарын көбірек оқып, аударып беріп жүрдім», - дейді.
Ол «Үлгілі тәржімеден» соң, 1912 жылы «Үлгілі бала» кітабын бастырып шығарды. Бірінші кітабында 62 тақырыпқа жазылған, екінші кітабында отыз екі тақырыпқа жазылған өлеңі мен әңгімелер бар. Бұлардың бірқатары аударма болғанмен балаларды оқыту, тәрбиелеу процестерімен тығыз байланысты. Бұл жөнінде автор: «Үлгілі бала» хрестоматиясына Крыловтың өзім аударған мысалдарын кіргіздім, орыс классиктерінің балаларға арнап жазған қысқа әңгімелерін өзімшелеп қазақ тұрмысына лайықтап жаздым, сол сияқты қазақтың бай ауыз әдебиетін сұрыптап пайдаландым. Осымен қатар, бұл кітапқа табиғат туралы, оның әр алуан құбылыстары туралы, география, өсімдік, жануарлар туралы мағлұматтар беретін, балалардың ұғымына сыйымды және қызықты, қысқа-қысқа әңгімелер, мысалдар кіргіздім. Әрбір әңгіменің соңына сұрақтар қойдым» дейді «Орындалған арман» кітабында.
Шығарма мазмұны мен идеясы және мақсаты балаға мейлінше түсінікті болу үшін, қойылған сұрақтар бойынша оны қайталаудың, есте сақтаудың қажеттігін де жазушы педагог ұмыт қалдырмаған. Балаға жан-жақты тәрбие беру үшін кітабына енгізілген шығармаларының тақырыбы әр алуан болуын да ескерген. Қазақ даласына салына бастаған жаңа типті мектептер үшін мұның өзі алғашқы адым, алғашқы бастама ретінде өте қажетті кітапқа айналады.
Халақ ағарту мәселелеріне байланысты жүргізілетін жұмыстардың бәрі де оның көркем шығармаларының ең өзекті мәселесіне айналды. Қаламгердің шығармалары XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ балалар жазба әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты, ерекше рөл атқарды.
Ол Крыловтың мысал өлеңдерінен үйрене, үлгі ала отырып, өз тұсынан да оқушы балаларға арнап көптеген мысал өлеңдер, әңгімелер жазды. С.Көбеевтің «Үлгілі бала» деген оқу кітабындағы әңгіме, өлең, мысалдардың көбі өзінің мазмұны, көлемі жағынан мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына арналған. Бұл кітаптың беті Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі сияқты «Мектепке шақыру» деген өлеңімен ашылған:
Балалар, жиналыңыз мектепке ерте,
Мәз болмай, деген сөзге мырза, ерке,
Бұл кезде өнерлі адам өрге шықты,
Зат емес надан кісі алар текке.
Ертеңгі шақыруымен әтеш құстың,
Халықтар кетіп жатыр егіндікке.
Күн шығып, терезеге сәуле түсті.
Тұрыңыз: жарамас тек уақыт өтсе,- деп, тым әсерлі жұмсақ сөздермен балаларды ұйқысынан оятып, оларды мектепке дайындайды. Ата-ананың балаға деген мейірімін, ықыласын білдіреді. Өлеңнің осылай басталған жалғасы бұдан да әсерлі сөздермен баланың ой-санасына қозғау салады. Бал жинаған ара мен қалбаңдап ұшқан көбелек те, жүгірген аң, ұшқан құстың бәрі де әрекет үстінде, бәрі де тыным таппай қажетіне жарайтын мүлікті іздеп табу қимылында, өз міндетін атқаруда деп жанды теңеулер мен салыстырулар арқылы баланы оқуға, өнер-білім жолына қызықтырады.
Ы.Алтынсарин сияқты С.Көбеев те халық ағарту жұмысына байланыстыра отырып, соған қажет болған балалар әдебиетінің тәрбиелік орнын халық игілігі дәрежесіне көтереді. Елдің мәдениетін көтеру үшін алдымен білімнің қайнар бұлағы болған, ғылымның да, халықтың да асыл мұрасын жинақтаған, сақтаған кітап екенін, соны сүюдің қажеттігін, пайдалы жақтарын балаларға әрқашанда өлеңмен де, көркем сөзбен де жеткізіп отырды. Ол баланы оқыту барысында барлық білімді кітаптан алуға болады, ол үшін кітапты көп оқу, іздеп тауып оқудың қажеттігін бірінші орынға қояды. Осы мақсатты іске асыру үшін оқылуға керекті кітаптардың жоқ кезінде балаларға сондай кітаптарды өзі жазуға, өзі құрастыруға мәжбүр болғаны да осыдан еді. «Үлгілі бала» деген кітабындағы «Балалар мен ғалым» деген қысқа әңгімесінде де осы кітап мәселесіне сөз еткен.
Екі бала келе жатып бір кітап тауып алады. Сол баланың біреуі: «Бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын көрдім»,-дейді. Екінші бала оған жеңістік бермей: «Жоқ, бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын жерден көтеріп алдым»,-дейді. Екі баланың таласының үстінен шыққан ғалым оларға: «Сендер хат танисыңдар ма?»-дейді.
Кітап кімге қажет дей келіп, кітап хат білгенге, сауатты адамзатқа қажет екенін білдіреді. Кішкентай әңгіменің бала тәрбиелеудегі әрі терең, әрі үлкен мазмұны осындай ұтымды мәселені баяндаған. Балалар әдебиетінің тәрбиелік мазмұны оқу процестерімен тығыз байланысты болғанда ғана өз мағынасындағы дәрежесіне көтеріле беретіні осындай ерекшеліктерінен танылады.
«Үлгілі бала» кітабының бірінші бетінде «Мемлекеттерде және үйде оқылу үшін жазылады» деген С.Көбеевтің өзінің ескертпе сөзі бар.
«Үлгілі бала» негізінен С.Көбеевтің балаларға арнаған еңбектерінің қатарына жатады. Өйткені, бұл қазақ аулында ашыла бастаған жаңа типті мектептерде оқу құралы ретінде қолданылатын болғандықтан, С.Көбеев оған баланың жас ерекшелігіне, білім көлеміне қарай әрі қысқа, әрі көркем, әрі мазмұнды, тәрбиелі орны жоғары сатыда тұрған шығармаларды іріктеп енгізгені бірден-ақ көзге түседі.
«Түскі тамақ һәм кешкі тамақ» деген әңгіменің де мазмұны қызық, тәрбиелік орны зор. Түске дейін ерігіп қарап жатқан баласына шешесі ет салып, жақсы сорпа жасап береді. Бала сорпаны ішіп отырып: «Сорпаңыз дәмсіз екен»,-дейді. Шешесі: «Кешке дәмді сорпа жасап берермін»,-дейді. Түс қайта баласы әкесімен шөп тасып, үйіне әбден шаршап қайтады. Шешесі баласына түскі тамақтан қалған сорпаны жылытып береді: «Түскі сорпаңнан мына сорпа дәмді екен »,-дейді баласы үсті-үстіне ұрттай түсіп. Сонда шешесі «Еңбексіз ауыз тұшымас, балам. Бұл түскі сорпаның қалғаны еді. Саған бұл сорпаның дәмді болғаны, сен түстен соң жұмыс істеп шаршадын ғой»,-дейді.
«Еңбексіз ауыз тұшымас» деген бір ауыз сөздің өзінде баланың өз басынан кешірген жарты күндік іс-әрекетіне байланыстыра суреттеген. Әңгімеде жанды сурет бар. Бұл әңгіменің мазмұны да, кейіпкерлері де баланың күнделікті көз алдында болатын және оқиғаға өзі араласатын жайларды баяндайды. Әңгіме осынысымен ұтымды да бағалы.
Балалардың әдепсіз қылжақ мінездеріне тыйым салу үшін автор әңгіменің осындай мазмұнды, ақыл, парасатқа жеңдіретін жақтарын шебер қолданады.
Ұтымды айтылған аз сөзбен-ақ, оларды көп нәрсеге мойынсұндырады. «Шал мен балалар» деген әңгімеде осы әдептілік мәселесі сөз болады. Бір жарлы есегіне мініп келе жатқанда, оның есегінің ақырған дауысын естіген бір топ бала алдынан жүгіріп шығып: «неге сіз есегіңізді өлең айтуға үйреттіңіз», -ден әжуа, мазақ еткілері келеді. Сонда шал балаларға: «Есегім өлең айтпайды. Сендердей жақсы жолдасын көрген соң, қуанғаннан бақырды»,-депті. Әңгіме осы сөзбен аяқталады.
Шалды әжуа, мазақ еткілері келген еріккен балалар әлгіндей ұтымды сөз естігенде, өздерінің қылықтары тым ерсі екенін сезініп, қатты ұялады. Балалар әдебиетінің негізгі түп қызығы, айқын мақсаты жастарды тәрбиелеуге, өмірдің келешегін танытып, білім беруге арналған болса, ол осы сияқты санаға, сезімге әсер еткендей болуға тиісті.
С.Көбеев әңгіме тақырыбын бала қызығарлықтай етіп таңдай білген. Тақырыбын оқығанда-ақ, сол әңгіменің неге арналғаны аңғарылып отырады. «Қайырымды бала» деген әңгімесінің тақырыбы оның мазмұны неге бағытталғанын байқатады. Әңгімені оқымас бұрын, ол қандай қайырымдылық жасады екен, қандай өнегел істерімен танылды екен деген сұрақтар туғызады да, өзін бастан-аяқ тезірек оқып шығуға ынталандыра түседі. Бұл әңгіменің мазмұны тым қысқа. Сабағын жақсы оқыған баласын қуаныш етіп, мақтай түсіп, әкесі оған он тиын береді. Баласы ол ақшаны бір қайыршыны аяп, соған береді. Бұл тәрбие көрген, өнегелі, үлгілі бала. Үйіндегі барды далаға таситын, жоқ болса ұрлап алатын, бар ықыласы қара ниеттілікке ауған жаман баланы жөнге салуға, барға қанағат етуге үйрететін әңгіме. Сонымен қатар, бұл әңгімеде баланы кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа, адамгершілікке баулиды. Кішіпейілділік – озбырлыққа, дөрекілікке, даңғойлыққа қарама-қарсы тұратын ізгі ниет екенін танытады.
Қара күшке сүйенген даңғойлық ожар мінездің неге әкеліп соғатынын автор «Аю мен бөрене» деген әңгімесінде қызықтыда күлкілі етіп суреттеген.
Қалың орманды аралап келе жатқанда аю бал арасының ұясына кез болады. Ағаш басындағы ара балына тамсанып, оны жегісі келеді. Аю ағаш басына көтеріліп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасайды. Аю бөренені итеріп жібереді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда, аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар аю, бөренені тағы да одан бетер қатты итеріп жібергенде, ол екінші рет аюдың басына соқтығып, құлағын шыңылдатып жібереді. Оған ашуланған аю бар күшімен бөренені үшінші рет қойып жібереді. Серіппелі бөрене қайта айналып аюдың басына соқтыққанда, басы жарылған аю ағаш басынан жерге ұшып түседі. Аюдың ақылсыздығы мен ожарлығы, бал жеймін деп басын жарып алғаны балаларды қатты күлкіге шомдырып, мәз-мейрам етумен қатар, оларды аю сияқты ақылсыз болмауға үйретуді көздейді.
Баланы тентек, даңғой мінезден арылтып, саналыққа үйрететін әңгіменің тәрбиелік жақтары осындай болуға тиісті.
С.Көбеевтің әңгімелерінің бәрі де баланы саналы, оқыған азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Оның шығармаларында артық айтылған, оқушының ұғымына ауыр тиетін, қисынсыз әңгімелер кездеспейді. Осындай қысқа жазылған өнегелі әңгімелермен қатар, «Үлгілі бала» кітабында панасыз қалған балалардың өмірін өте қайғылы халде сипаттайтын екі өлең бар. Оның бірі «Жетімнің өлеңі», екіншісі «Жетім» деп аталады.
«Жетімнің өлеңі» деген шығармасында жастайынан әке-шешесі өліп, жетім қалған баланың ауыр халі суреттелген. Онда әке-шешесінен қалған азын-аулақ мал-мүлікті озбыр ағайындары бөліп алып, баланы ешқайсысы да қорғамай, қаңғытып жібергені баян етілген.
Академик жазушы С.Мұқанов «Үлгілі бала» кітабының жасөспірімдерге беретін үлкен әсері, тәрбиелік мәні барын айта келіп, былай деп жазған: «Спандияр Көбеевтің «Жетім» өлеңі маған аса қатты ұнады. Онда ескі ауылда үстемдік еткен озбыр байлардың қысымын көп көрген панасыз жетімнің ауыр халі өте айқын да әсерлі суреттелген». Бұл өлең 1912 жылдары жазылған. Сол кездің өзінде-ақ С. Көбеев панасыз қалған жетім-жесірлерге пана болатын, қол созып, қамқорлық ететін, оларды өз қатарларына қосатын ерлерді, бостандық жолын іздеген. Өлеңнің ең соңғы шумағы:
Шөлдесең сусын берер күндер қайда,
Қарын ашса, тамақ болар жерлер қайда?
Қаңғырып, жадап-жүдеп жүргенінде,
Сипайтын маңдайыңнан ерлер қайда?
деген патриоттық жігер беретін жалынды сөздермен аяқталған. Адамның сай-сүйегін сырқыратарлық, жас нәрестенің басындағы трагедиялық осындай хал кімге болса да үлкен ой туғызады да, қатты тебірентеді. Сол кездегі балалар басындағы ауыр халді, трагедиялық өмірді өз көзімен көрген С. Көбеев осындай реалистік тұрғыда әсерлі суреттеген.
Бар өмірін халық ағарту жұмысына сарп еткен, қазақтың жаңа типі ұлт мектептері үшін оқулықтар жазған, бала тәрбиелеу, оқыту саласында үздік көзге түскен, республикамызда еңбегі сіңген С. Көбеевтің әдеби мұралары қазақ балалар әдебиеті тарихынан өшпестік орын алады.
5. Қазақ балалар әдебиетіне жаңа бағыт, жаңа идея тудыруда жасөспірімдер арасында С.Торайғыров шығармалары ерекше рөл атқарды. Ол жасөспірімдерді өнер-білімге, оқуға шақыруда балалар әдебиетін жалынды күрес майданына айналдырып жібереді, оқып білім алудың түп мақсаты – ел үшін, халық үшін еңбек етуге жұмсалуға тиіс деп, ұран тастады.
XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ балалар әдебиетінің дамуындағы жаңа идея, жаңа бағыт осылай өріс алған еді. Сауат ашу, хат тану барысында Сұлтанмахмұт алдымен өзінің ана тілін қадірледі, оның барлық ерекшеліктерін тани білді. Ана тілінің асыл мұрасын бойына сіңіріп, жақсылығын мақтан етті. «Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім...» деп өзінің ақыл-парасатының қандай дәрежеде екенін осындай дана пікірлерінен-ақ таныта алған. Ана тілін құрметтеп, сол тілде сөйлей алу, хат тану, сауат ашу, жазу-сызуды үйренудің бәрі де тек қана соған байланысты екенін бойға сіңіріп айта алу, оқушыға түсіндіру ақындық қасиеттің ең жоғарғы сатысы, дарындылығы деп айтуға болар еді.Талапты жас азамат білім алу жолында өзін-өзі үлкен іске міндеттейді. Ақын «Оқып жүрген жастарға» деген өлеңінде жасөспірімдерге қажырлы қайрат бере жырлайды. Оларды ынтымаққа, бірлікке, өнер-білімге шақырады. Сұлтанмахмұт «Талаптыларға», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы» сияқты өлеңдерінде де өнер-білім, оқу жайын көп мадақтайды. «Ақтармын оқып шығып адам атын» деп өзіне-өзі үлкен сенім білдіруі арқылы басқаларды да еліктіреді. С. Торайғыровтың бұл өлеңдері балаларды білім алу, іздену жолында қажырлылыққа, төзімді болуға, қиындықты жеңе білуге үйретеді, оларды халық алдына қызметтеуге міндеттейді. Автор оқудың, өнер-білімнің пайдасын, бақыт адамның білімінде екенін сипаттап түсіндіруге күш салды. Ол өзінің 18 жасында жазған «Оқу» деген өлеңінде өнер-білімді игеру адам баласын бақытты болуға бастайды, надандықтан арылтады, өмір сүруді жеңілдетеді дегенді жасөспірімдердің санасына жеткізе айтады. Өнер мен білім қара бастың қамы үшін емес, ел қамы, халықтың қамқоршысы болу үшін жұмсалуы керек.
Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр»,-деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,-
деп халық үшін қызмет ету адамды өшпес даңққа, құрметке бөлейтінін, тарихтың төрінен орын алатынын, халық аузында сүйкімді аңызға айналатынын суреттейді. Оқудың, өнер-білімнің қымбаттылығын, қолға оңай түспейтінін, бұл жолда ұзақ жылдар қажымай, талмай қиындығына төзе жүріп, еңбек етудің қажеттігін сипаттайды. Бұл өлеңнің жасөспірімдер үшін тәрбиелік мәні, ұзақ жылдар бойы оқулықтардың орын ала беретіні осындай терең жылдар бойы оқулықтарын орын ала беретіні осындай терең мағынасына саяды. Ақынның «Орнымыз медреседе оқып жатқан» деген өлеңінде де балаларды өнер-білімнің жарқын болашығына қызықтыру мақсатын айтады. «Бір баланың тілек батасы» деген өлеңінде тұрмысты ауыр халін, жоқшылықты айтып, оқудың, білім алудың қиындығын суреттеп қана қойған жоқ, сары уайымға түсіп, «біткен жерім осы» деп отырмады, оған қарсы күресуге, қиындықты жеңе білуге шақырады. Жалыну, жалбарыну күнкөріс емес, соған қарсы күресу ғана ойлаған мақсатқа жеткізеді деп жігерлендіреді. Әркім өз қайратына, күшіне, алған бағытына сенсе ғана, ол барлық қиындықтарға төзе жүріп, сол жолдағы еңбегінің жемісін көрсете алады деген идеяны уағыздады. Болашақ балалардікі, олар қазірдің өзінде-ақ белсенді жасампаз күш екенін Сұлтанмахмұт өз ісімен көрсете алады. Ол «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өзінің мақсатын, болашағын осы тұрғыдан бағалайды.
Оған жоқшылық та, тұрмыстың өгейлігі де, надандықтың қалың торы да бөгет бола алмайды. Бәрін де баса-көктеп өтеді. Балаларға арналған ақын өлеңдерін талдағанда, ондағы осындай ақыл-парасат үлгісіне жасөспірімдер айрықша зер салады, соған еліктейді. Білімнің арқасында не нәрсе болса да орындай алатынына сенімі артады. Енді қандай қиындық сұрапылы төнсе де серпіп тастармын деп қайрат шегеді. Өз халқын надандықтың қара түнек тұңғиығынан арылтып, тезірек жарқын болашаққа қарай талпынсақ деген адал көңілін білдіреді. «Тұрмысқа» деген өлеңінде:
Дене сау болса, тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін.
Түрлентемін гүлдерін.
Жігер мен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін?
Аждаһадай ақырып,
Естімеймін үндерін.
Серпіп тастап түндерін,
Туғызамын күндерін.
Бұл – жігерлі, ақ жарқын азаматтың қажырлы қайратынан, зор сенімімен, адал жүрегінен жарып шыққан шын ниет. Ар-намысқа тие айтылған бұл өлеңде тасқындаған зор күш бар. Бұл ақынның оқудағы мақсатын халық өмірімен ұштастыра білгені, адамдық, азаматтық борышын білдіргені деуге болады. Бұл пікірді ақынның «Шәкірт ойы» деген өлеңі де қуаттай түседі.
Баланы өз отанының өмірлік даңқы үшін күресетін, өз халқы алдында адал қызмет ететін патриот етіп тәрбиелеуде С.Торайғыров өлеңдерінің мәні, оның балалар әдебиеті мұрасынан алатын орны үлкен.
6.Сәбит Дөнентаев өзінің алғашқы жұмысын әрі педагог, әрі балалар жазушысы ретінде бастады. С.Дөнентаевтың балалар әдебиетіне қосылатын шығармалары қысқа әрі мазмұнды, түсінуге жеңіл болып келеді. Ақын өлеңдері қысқа жазылса да, белгілі оқиғаларға құрылғандықтан, өзіне лайық кейіпкерлері, типтік образдары бар. Өтірік, өсек, жағымпаздық, өзімшілдік және тәкаппарлықты әшкере ету – қаламгердің мысал өлеңдерінің басты тақырыптары болды. Оның «Қожа», «Ауырған арыстан», «Көзі тоймаған ит», «Екі теке» өлеңдері кейбір адамдарда болатын өрескел қылықтардан, өсек-аяң, өтіріктен, жағымпаздық немесе бірді бірге соғыстыратын айлакер сұм істерден аулақ болуға үйретеді. Жағымсыз әрекеттердің адам баласына жат жақтарын әжуа, мазақ етіп, мейлінше әшкерелейді. Мұның балалар үшін қызықтылығы сол – адамда болатын ағат мінездерді, ашқарақтықты, озбырлықты, қулықты хайуанаттардың іс-әрекеті арқылы көрсетуінде. «Ауырған арыстан» деген мысал өлеңінде:
Түлкіні балағаттап деді қасқыр,
«Жан қалмай, сізді естіп келдік, тақсыр
Бәрі де осыншаның келгенінде,
Қалыпты түлкі келмей, қара басқыр», - дейді. Арыстан мұны естіп қатты ашуланады. Түлкінің келмей қалуын өзін сыйламағандығы деп қабылдайды. Қасқырдың шағыстырғанын естіп, басына зобалаң туайын деп жатқанын бәләп, түлкі жетіп келеді де, кешіккен себептерін өзінің де қатты ауырып, қасқырдың артқы аяғының сіңірін жеп, айыққанын баяндайды. Түлкінің бұл сөзін есіткен арыстан дереу қасқырды шақыртып, басып жатып, артқы аяғының сіңірін суырып жейді.
Сонан соң кетті шығып, қасқыр, түлкі,
Шағудан қасқырдың көп алған мүлкі.
- «Жануар, қызылаяқ, қайда жүрдің», -
деп түлкі, қасекеңді етті күлкі.
Мінекей, өтірік шағым берудің, біреулердің сыртынан өсек айтып, қиянат жасаудың салдары осындай болмақ зілді кекесінмен түйін жасайды. Ақын мысал өлеңдерінің қайсысында болса да өзінше қорытынды жасап, шешімін айтып, ақыл парасатына салып, қисынсыз қыңыр жақтарын көрсетіп отырады. Адам қылықтарына жат нәрселердің бәрінен аулақ болуға үгіттеп, өтірік, өсек айтудың аяғы әрқашан, адамды жексұрын етіп жіберетінін нанымды түрде дәлелмен суреттейді. Мұның балалар үшін тәрбиелік мәні зор және аса қажетті.
Автордың осы мысалынан кейіпкерлер арасындағы тартысқа құрылған драмалық, комедиялық көріністер және оның психологиясы, мінез өзгешеліктері анық байқалады. Кейіпкерлер арасындағы сөз қақтығыстары да драманы, сахналық көріністі білдіреді. Олардың жүріс-қозғалыстары оқырманның көз алдында тұрғандай әсер қалдырады.
Ақын мысал өлеңдерінде бір-біріне мүлде жанасымы жоқ, мінез өзгешеліктері әртүрлі кейіпкерлер арасындағы тартыстарды шебер суреттейді. Солар арқылы адамдардың басында болатын әрқилы мінез-құлықтарды сипаттайды. Мұндай өлеңдер балаларды қызықтыра отырып, олардың ойлау қабілетін, санасын шыңдайды, ішкі дүниесіне қозғау салады. Бұл мысалдардағы түсінуге жеңіл тиетін көрнекілік қасиеттің басым болуы – онда суреттелетін оқиғаның сыр-сипатын әлдендіріп, күшейте түсуі.
«Көз тоймайтын ит» деген мысал өлеңде сүйек тістеп, көпірден өтіп бара жатқан иттің өз көлеңкесін басқа ит деп түсініп, оның аузындағы үлкендеу сүйекті тартып алмақшы болып ұмтылғанда, өзі суға кетіп қалады. Автор өлеңнің соңын:
Әр қайда «ашкөздінің» олжасы осы,
Байқасаң, іс түбіне көзің салып, - деп, екі ауыз сөзбен қорытынды жасайды. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген халқымыздың даналық сөздерімен ұштасып жатыр.
Ақын өлеңдерінде қызықты күлкінің астарында зілді мысқыл жатады. Балалардың жаттап айтуына ықшамды «Қожа», «Екі теке» өлеңдері осы сияқты қызықты, мазмұнды, күлкілі жазылған. Аңқаулық пен ашықауыздық кісі бойында кездесетін үлкен кемшіліктердің бірі. Адам өз ісіне мығым, пысық, ширақ та жинақы, барлық іске икемі бар епті болу керек. Әрине, адамның ойлы да парасатты, сабырлы болғаны жақсы. Ендеше, Қожа секілді күлкіге қап жүрмеңдер дегенді меңзейді.
Бір күні айдалада ақымақ Қожа терлеп-тепшіп жер қазып жатыр екен, оған бір адам жолығып соншама күш жұмсап, жерді не үшін қазып жатқандығын сұрайды. Сонда Қожекең кеше ақ бұлт көлеңкелеп тұрған жерге алтын көмгендігін, себебі, аспандағы ақ бұлтқа ешкімнің қолы жетіп, орнынан қозғай алмайды қой, бірақ сол белгісін таба алмай тұрғандығын айтып түсіндіреді.
Мұндағы өлең идеясының қызықтығы сол – «Ақылсыз бас екі аяққа дамыл бермейді» - дегенді аңғартады. Аңқаулар пен ашықауыздар сұм адамдардың жетегіне тез ілігеді. Осындай аңқаулықтан, ашықауыздықтан сақтандырып, жасөспірімдерді барлық нәрселерге икемі бар байыпты азамат етіп тәрбиелеуге шақырады. Бұл өлеңнің басты тәрбиелік мәні осында. Адамды әр түрлі болымсыз жаман істерден сақтандырып, қамқорлық жасап отыру – ақынның азаматтығын, адамгершілік дәрежесінің жоғары деңгейде екендігін, мәдениеттілігін танытады. Осындай шығармалардың ғұмыры ұзақ болып, күн тәртібінен түспейтіндігі, әрдайым оқырман қажеттілігіне жарайтындығы белгілі.
«Екі теке» өлеңінде айтыс-таласқа түсудің, ерегістің берекесіздікке бастайтынын, адамды азғындататынын мысал етіп көрсеткен. Тар көпірдің үстінде қарсы кездескен екі теке бір-біріне жол бермей таласып, ерегіседі. Екеуі де бір-біріне кішірейгісі келмейді. Жасынан менмен, тәкаппар болып өскен екеуі де сүзісіп, кектене түседі. Көпірден бұрын өту мақсатын көздеген жалған намыс жетегіндегі екі теке бітімге келуді ойламайды да. Осылайша ессіз ерегісіп, тайталаса бір-біріне жол бермеген екі теке сүзісіп қалғанда тар көпірден тайып, екеуі де терең суға ұшып түседі. Өлең соңында:
Екеуі де суға құлап тыныш тапты,
«Жігіттік қыл көпірді тез босатты».
Ерегістің нәтижесі осы да,
Таласқандар мұнан артық не тапты? – деп, жас оқырмандарын терең ойға қалдырып, үлкен сұрақ белгісін қояды. Кішіпейілдігі жоқ мұндай менмендік, бір-біріне орынсыз килігу – өжеттік белгісі емес. Өжеттік өз орнына, адам баласына пайда келтіру мақсатына жұмсалмаса, екі текенің егесі сияқты берекесіздікке әкеледі. Ақын өлеңдерінде балаға жат, жаман әрекеттердің барлық түрлерінде де осылай санаға жеткізе айту арқылы өрескел, ерсі қылықтардан алыстату, қиянатқа жолатпау бағыты көзделген.
«У жеген қасқырға» деген мысал өлеңінде бұдан да зор мәселенің беті ашылады, көзі тоймаған қомағайлықтың салдарынан қаныпезерлікке, озбырлыққа айналған жемқорлар мен аярлардың зұлым әрекеттері әшкере етіледі.
Сондай-ақ, ақын «Бозторғай» атты мысал өлеңін тоғышарлық ортаның ықпалына қарсы күрес жүргізудің бірден-бір қуатты құралы етіп ұсынған.
Мысал өлеңде тұрымтайдан зорлық-зомбылық, қысым көрген бозторғай ойдан-қырдан іздесе де мұң шағарлық таяныш таппаған соң, қырғиды іздеп ұзақ сапар шегеді. Ол қырғиды өзіне үлкен сүйеніш, тірек көріп, әділдік күтеді. Арып-талып ақыры қырғиды іздеп табады. Жемсауы шығып ыңқылдап, бәр томардың түбінде бұғып отырған қырғиға тұрымтайдан көрген зәбірін айта бастайды. Бірақ, қырғи оның сөзін аяқтатпай: «Тоқтат! Еш нәрсе етпес, Жаның шықпас, күнің өтпес!» - деп тойтарып тастайды. Бұдан теңдік ала алмасын білген бозторғай тұрымтай мен қырғидың озбыр қылықтарынан шошынып, осы көргендерін қаршығаға айту үшін ары қарай ұша жөнеледі. Жолда бөденеге кездеседі. Бөдене де жаны қысылып, өзінің қырғидан тығылып отырғандығын айтады.
Мұндай аянышты халді естіген бозторғай шошынған үстіне шошынып, қаршығаға тез жетуді ойлайды. Жолда ол қиқу салған қырғидан қашып құтыла алмай жанұшыра жанталасқан, азан-қазан болған үйректердің қаңқылдаған үрейлі дауыстарын естиді. Бозторғай одан бетер шошына, енді осылардың бәрінен де бекзат еді, лашын ханға барайын деп аттанса, бір теректің түбінде бекзадасы бір қаздың қанын ағызып, етін жеп отырғанын көреді:
Жаным-ау, мынау біздің төреміз бе?
Шынымен ақтық көрмей өлеміз бе?
Кемтарға бұлар қайтып кек әпермек?
Құдірет көн деген соң көнеміз де! – деп, шындықтың, әділдіктің түбіне жете алмай дал болады. Саясы жағынан осындай ұстамды шығармалар жазу арқылы жазушы тәрбиешілердің алдына қоғамдық идея жағынан ұстамды, қайсар, адал ниетті азаматтар тәрбиелеу сияқты абыройлы мақсат қояды.
С.Дөнентаев мысал өлеңдерінен халық данышпандығы, халықтың өткір сатирасы, ирониясы кең орын алған. Оның ең маңызды жағы – осында. Мысал өлеңдердің осындай ерекшеліктеріне байланысты оны үлкендер де, балалар да қызыға оқиды. Автордың әрбір мысалынан қазақ халқының бастан кешірген өмір өткелдері, арманы, айқын ойы көрінеді. Ақын мысалдарының қорытындысы ел ішінде жиі айтылатын өнегелі нақыл сөздерге, мақал-мәтелдерге айналып кеткен. Өйткені, мақал-мәтелдер халық ойының, халық данышпандығының өте ықшам айтылатын асыл түйіні.
С.Дөнентаев мысалындағы хайуанаттар аллегориялық түрде сахнадағы актерлер сияқты көрінеді. Ондағы қасқыр, түлкі, арыстан, ит, теке, бозторғай, бөдене, қырғи, лашын құс тағы басқалары адам өмірінде кездесетін шындық өмірдің бейнесін танытады. Олар да бірін-бірі алдау, арбау үшін адам күлерлік комедиялық сөздерді қолданады. Соған қарай мысал өлеңдердегі кейіпкерлердің әрқайсысындағы әр алуан өзіндік мінез өзгешеліктері, психологиясы, күнкөріс, тіршілік әрекеттері байқалады. Мысал өлеңдерде драмалық комедиялық көріністер де орын алады дегенге осының өзі айқын дәлел.
Белгілі сюжетке құрылған С.Дөнентаев мысалының негізінде антитеза-салыстыру әдісін қолданушылық бар. Мұндағы кейіпкерлер іс-әрекеттер түйінінен қандай қорытынды жасауға болатынын көздеп, оның ар жағынан автордың өз пікірі барлығы айқын аңғарылады.
Қорыта айтқанда, қалжың-келекелері мол, өткір сатираға құрылған С.Дөнентаевтың өмір елегінен екшеленіп алынған мысал өлеңдерінен жасөспірімдер көп нәрсені үйренуге болады.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақын, жазушылардың алдына қойған мақсат-мүдделері ең алдымен жас ұрпақты өнер-білімге, оқуға шақыру болды. Осы мақсатты шығарасына арқау еткен өлеңдер С.Дөнентаев мұраларының ішінде мол кездеседі.
«Талап» деген өлеңінде ол жасөспірімдерді өнер-білімге, техника тетігін меңгеруге шақырады. Әрқашан да келешек жастардікі болғандықтан соларға үміт арта сөйлейді. Адам уысына оңайлықпен келетін дүние жоқ. Тек ізденсең, еңбек етуден жалықпасаң ғана ойлаған мақсатыңа жетесің. Жарлылық та, жалғыздық та оған тосқауыл бола алмайды. Қай нәрсеге талаптанса, сол нәрсені жас кезінде, күш-қуаттың мол кезінде ғана толық меңгеруге қол жететінін алдын ала ескертеді.
Ақын жасөспірімдер мен балаларды өнер-білімге шақырғанда, олардың алдарына белгілі мақсат қояды. Оқып, білім алудың түп мақсаты халық алдында қызмет етуге тиіс екенін «Замандастар» өлеңінде қатты ескерткен.
Біздің халқымыз үшін, халқымыздың мәдениеті мен шаруашылық экономикасын көтеруіміз үшін және ұшан-теңіз игерілмей жатқан табиғат байлықтарын игеруге ең алдымен білім керек. Зерделі ақын жасөспірімдерге осыны ескертеді. Балаларға басшылық етіп, жөн сілтейтін осындай өлеңдер әрқашан жоғары бағаланады. Жасөспірімдер алдында заман талабына сай күрделі мәселелерді көтере білуі С.Дөнентаевтың тарихи дамуымыздың алдағы бағытына жөн сілтегені, соған бағыттағаны еді.
Ақынның «Балалықты сағыну», «Балалық» деген өлеңдерінде олардың жас кезіндегі өзіндік психологиялық өзгешеліктерін, сәбилік қылықтарын тамаша суреттейді. Олардың адал пейілі, ақ көңіліне сүйсінеді. Ақын өзінің де балалық шағын сағына, аңсай жырлайды. Осындай кез, мұндай шақ – адам өмірінде қайталай кездеспейтін, қызықты да әсерлі кезеңі. Адамның сәбилік кезіндегі қимастық жақсы уақыттарды суреттей келіп, ең соңында:
Ойдан қырға шапсам да,
Қанша абырой, бақ тапсам да,
Мыңнан бірін көрмедім,
Мерекенің сен көрген...
дейді. Балалық шақтың қайталанбас ең бір бағалы, қымбатты кез екенін ақын шебер айтып, тамаша суреттеген. Адам көңілі есейген шақта да дәл сондай мейірбанды, адал жанды, ынтымақшыл, көпшіл болса екен деп арман етеді. Баланы сәби шағынан тәрбиелеуге шақырады. Өмір тәжірибесін өмір оқулығы етіп жасөспірімдерге ұсынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет