Дәріс №1
Дәріс тақырыбы: Балалар әдебиеті туралы түсінік. Балалар әдебиеті пәнінің мақсаты мен міндеттері.
Дәріс мақсаты: Балалар әдебиетінің өсу өркендеу жолдары. Балалар әдебиетінің салаларға жіктелуі. Балалар әдебиетінің басты ерекшеліктері.
Дәріс жоспары:
1. Балалар әдебиетінің өсу өркендеу жолдары
2. Балалар әдебиетінің салаларға жіктелуі
3. Балалар әдебиетінің басты ерекшеліктері
Дәріс мазмұны: 1. Балалар әдебиеті әдебиеттің өскелең бір саласы. Оның өзіндік өсу, өркендеу жолдары бар. Басында жалпы әдебиетпен бірге дамып, толысып келген ол ХIХ ғасырда өз ерекшеліктерімен дербес күйге жетті. Балалар әдебиеті тәлім-тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды.
Кезінде балалар әдебиетінің қалыптасуына, дами түсуіне Коммунистік партия мен кеңес үкіметі тұсында да қамқорлық жасалғандығын жоққа шығаруға болмайды.
Әрине, кеңестік әдебиет кеңес шындығын типтік образдар арқылы көрсету міндеттерін үнемі алға қойып отырғаны аян. Балалар әдебиетінің мектеп өмірімен, политехникалық оқумен байланысын, тәрбиелік мәнін күшейту еш уақытта назардан тыс қалып көрмеген. Осы мәселелер КПСС-тің ХХI, ХХII, ХХIII, ХХIV съездерінің тарихи қарарларынан көрінеді.
Ресейде балаларға арналған әдебиет өз алдына дараланып ХVI-ХVII ғасырларда таныла бастаған. Орыс халқының алдыңғы қатардағы жазушылары мен әдебиет қайраткерлері бала тәрбиесіне үлкен мән бере отырып, балалар әдебиетін жасауға атсалысқан еді. Бұл орайда Жуковский мен Одоевскийдің, Белинский мен Чернышевскийдің, Добролюбовтың, Лев Толстой мен Чеховтың, Некрасов пен Мамин Сибиряктің, Горький мен Маяковскийдің есімдері ерекше аталады.
Үлкен әдебиет үлкен теорияны тудырады. Осындай алдыңғы қатардағы балалар әдебиеті теориясының негізін салған ұлы орыс халқының революционер демократтары В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов болды. Олардың балалар әдебиетіне қойған ең үлкен талаптары Отаны, халқы алдында қызмет ететін болашақ ұрпақтарды тәрбиелеу мәселесі еді.
В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов балалар әдебиетінің реалистік демократтық бағытта дамуына жол ашып берді: «Балалар кітаптарының мақсаты – балаларды белгілі бір іспен шұғылдандыру емес, оларды бұзық әдеттерден, бұзық бағыттан алдын ала сақтандыру ғана емес, сонымен қатар оларға табиғаттың берген адамгершілік рух элементтерін: сүйіспеншілік сезімін, шексіздікті сезінуін дамыту болады. Мұндай кітапшалар балалардың ес-ақылына емес, сезіміне төтеден, тікелей әсер ететіндей болуы керек. Сезім білімнен бұрын пайда болады, ақиқатты сезбеген адам – оны түсінбеген де білмеген адам. Балаларды үш әлем табиғатымен таныстырып, толып жатқан халқы бар бүкіл жер шарын олармен бірге аралап өту керек. Оларға әр алуан мінез-құлықтары, әдет-ғұрыптары, ұғымдары, нанымдары бар адамзат ұрпақтары мен қоғамдарын көрсету керек. Ал ол үшін балаларға арнап жер үстінде ұшып жүрген көбелекті де сүйіспеншілік тілмен, өмір тілімен сөйлету керек» деді В.Г.Белинский.
Ал Н.Г.Чернышевский: «Біз кейде балалардың ақыл-ойын дұрыс бағалай білмейміз... . Біз баланың зейіні нашар, ақылы өткір емес деп ойлаймыз; жоқ олай емес, баланың тек тәжірибесі ғана жоқ, ал ақылы өткір, қиялы жүйрік екеніне сеніңіз. Үлкен кісілердің кез-келгеніне ұғындыра алмайтын алгебраның қиын есептерін он екі жасар бала оқып үйренеді ғой... Ендеше, істі біліп қана қолға алу керек, балалармен тарих туралы да, адамгершілік ілім туралы да сөйлесуге болады» - деген.
Кеңестік балалар әдебиетін социалистік реализм бағытында дамытып, негізін салған М.Горький болатын. Халықтың көкейтесті ой-арманын, тілегін бейнелеген өткен замандардағы мол тәжірибелерін пайдалана отырып, балалар әдебиеті жас өспірімдер мен балдырғандардың ең таңдаулы, ең мақтаулы жаңа әдебиетіне айналды.
Кеңес балалар әдебиеті теориясын дамыту жайында айтылған М.Горький еңбектерінде социалистік құрылыстар тақырыбына жазылған көркем әдебиеттер өте жоғары бағаланған. Соның ішінде әсіресе, ғылыми-фантастикалық көркем әдебиеттер мен көрнекті озат адамдардың өмірі жайлы жазылған шығармаларға көп көңіл бөлінген.
М.Горький «Тақырып жайында» деген мақаласында балаларға арналған ғылыми көркем әдебиеттерді қалай жазу керектігі жайында біртұтас бағдарлама сызып берген.
М.Горький кеңес балалар әдебиетінің ұлы жазушысы, теоритигі, сыншысы және оның қамқоршысы болды. Оның балалар әдебиеті жайында жазған: «Тақырып жайында», «Ертегілер туралы», «Жауапсыз адамдар туралы», «Біздің тұсымыздағы балалар кітабы туралы» еңбектері ғылымға және балалар әдебиеті жайында жазылған сын еңбектерге енгізген ірі мұра болып қалды.
«Өнер алды қызыл тіл»- деп Абай айтқандай, балалар әдебиетіндегі басты мәселелердің бір түрі – тіл. Балалар жазушысы әдеби тілге шебер болумен қатар, оған өте ұқыпты қарауға тиіс. Балаларға арналған шығармалардың тілі, ең алдымен, өзінің ана тілін жетік білуге, сөздік қорын байытуға, жүйелі түрде қисынды сөйлеуге, әсіресе, ана тілін сүйе білуге баулитын көркем құрал болуға тиісті. Әрбір сөз өз орнында өз қызметін атқара тұрып, бала жанына қозғау салып, сұлу суреттерімен эстетикалық күшті әсер ететіндей болуы керек.
Балаларға арналған өлеңдер ойнақы, жинақты, тілі баланың өз ойындай мөлдір де тұнық, қызықты да қарапайым болуы шарт.
Қазан төңкерісінен кейін қазақ балар әдебиеті жөнінде де сыншылар мен зерттеушілер, ғалымдар мен ақын-жазушылар және мұғалімдердің ықыласы ерекше болды. Балалар әдебиетінің ерекшеліктері жайында әр кезде әр алуан пікірлер айтылды. Бұл ретте С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, М.Әуезовтің, С.Ерубаевтың, С.Мұқановтардың еңбектерін атап өтуге болады.
С.Сейфуллин өзінің «Жұмбақ айтысу», «Жаңылтпаш», «Балалар ойыны», «Жастық ойын, күлкі тақпақтары» деген еңбектерінде бастан аяқ балалар ауыз әдебиетіне тән мұраларға ғылыми талдаулар жасаған. «Жұмбақ айтысу – хат жазу білмеген көшпелі елдің жастарының, балаларының жас басынан өз әлінше зейіндерін тапқыштыққа үйретіп беретін, тәрбиелейтін, тілін шеберлейтін, сөзді үйлестіріп, ұйқастырып айтуға жаттықтыратын сабақ тәрізді болған» дейді ол. С.Сейфуллин балалар әдебиетін әрі жинаушы, әрі зерттеуші болды.
І.Жансүгіров 1927 жылы жарық көрген «Өтірік» атты жинаққа жазған алғы сөзінде: «Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады» – деп түйіндеген.
М.Әуезов «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» деген ғылыми еңбектерінде балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалар екенін дәлелдеді. Бұл жөнінде М.Әуезовті балалар әдебиетінің тарихы туралы нақтылы тұжырым жасаған ғалым деуге болар еді. С.Көбеевтің жасөспірімдерге арналған «Үлгілі бала» атты кітабы жөнінде 1939 жылы С.Мұқанов әсіресе «Жетім» деген өлеңінің қатты әсер еткендігін атап өткен.
2. Педагогикалық, психологиялық тұрғыдан алып қарағанда «бала» деп атап жүрген жас жеткіншектердің өз араларында үлкен өзгешеліктер бар. Мысалы, бес жастағы бала мен он жастағы баланың мінезі, ұғымы, дүниеге көзқарасы бірдей еместігі мәлім. Осыған орай балалар әдебиеті өз ішінде бірнеше салаға жіктеледі.
а) Мектеп жасына дейінгі балдырғандар шын мағынасындағы оқырмандар емес, олар тек тыңдаушылар, көрушілер ғана. Оларға арналған шығармалар қысқа да ықшам жазылған суретті кітапшалар түрінде беріледі. Бұл жастағы балаларға арналған әдебиет жанры жағынан көбіне жеңіл сюжетке құрылған шағын шығармалар, хайуанаттар жайында жазылған әңгімелер, белгілі оқиғаға не ойын түрлеріне құрылған өлеңдер болып келеді. Бұл жастағы балдырғандарға арналған шығармалардың тақырыбы көбінесе табиғат әлемімен, өзін қоршаған, күнде көріп жүрген оқиғалардан алынады. Тілі жеңіл, сөзі ойнақы келеді. «Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп бес саусақты санату, таныту, тағы сол сияқты баланы ойната отырып күлдіру, күлдіре отырып өмірге үйрету жағы көзделген. Шығарманың жатталуы да қиын болмауы тиіс. Мысалы:
Ал, білек, ал білек,
Балбыраған бал білек
Аулың толы мал, білек
Атқа тоқым сал, білек –
деген сияқты ойнақы болып келеді. Оның жатталуы да қиын емес. Бұл жаста өлең сөздері айрықша әсер етеді. Өйткені, бұл жастағы балалар естігенін жаттап алуға әуес.
ә) Бастауыш сынып оқушыларына арналған әдебиет. Бұл жеті мен он жастың арасын қамтиды. Жүйелі түрде өтілетін мектеп оқуы, мектеп бағдарламалары бұл жастағы балалар үшін жазылатын көркем шығармалардың білім берерлік және тәрбиелік мәнін тереңдете түсуді талап етеді. Балаға қоршаған айналаны, ортаны толығырақ, кеңірек таныту көзделеді.
Бастауыш сынып оқушылары бұл кезде мектеп жасына дейінгі балаларға қарағанда едәуір білімді, тәжірибелі болады. География мен табиғаттанудан алғашқы мәлімет алады. Отанымыздың бастан кешірген дәуірлері жайында мәлімет ала бастайды. Мектеп өміріне тереңірек үңіліп, қоғам жұмыстарына тез араласып кетуге ынталанып тұрады. Поэзиялық шығармалар, хайуанаттар жайындағы әңгімелер, ертегілермен қатар, енді қиял-ғажайып салт ертегілерді оқуға көбірек көңіл бөледі. Әсіресе, Алдаркөсе мен тазшалар бейнесі, олардың тапқырлығы мен ақыл-айласы, бұл жастағы балаларды таң-тамаша етеді. Қуақы, қызықты етіп жазылған, тапқыр ойға құрылған кітаптарды іздеп жүріп, қолдан қолға тигізбей оқиды. Бұл жастағы балалар үшін өзін қоршаған орта жайлы, табиғат ғажайыптары жайлы, олардың әр алуан тілектеріне, сұрақтарына жауап берерліктей әдемі суреттермен нақышталған ғылыми-фантастикалық көркем әдебиеттер болғаны жөн. Дүние ғажайыптарын танытатын суретті кітапшалардың мол болуының бұл жастағы балалар үшін маңызы зор.
б) Балалар әдебиетінің бұл сатысы он бір мен он үш жас арасын қамтиды. Бұл жастағы балалар көбіне ғылыми-фанетастикалық кітаптар мен саяхатшылар жайындағы және шытырман оқиғаларға құрылған кітаптарды оқуға құмартады. Олар енді ертегілер оқудан гөрі күрделі мәселелерді қозғайтын әңгімелер мен повестер, очерктер мен естеліктер оқуға ден қояды. Өздеріне үлгі, өнеге тұтарлық тұлғалар өмірінен жазылған биографиялық шығармаларды ідеп жүріп оқитындай деңгейге жетеді.
в) IХ-ХI сынып оқушылары өткінші шақтан өтіп, кәмелеттік дәрежеге жетеді. Сондықтан да 15-17 жас арасындағы жасөспірімдер көбінесе үлкендер оқитын шығармаларға әуес келеді. Жоғары сынып оқушыллары өздері оқып жүрген сан алуан пәндер төңірегінде сабаққа пайдасы тиетін шығармаларды іздестіреді.
Қазақ балалар әдебиетінде батырлық, ерлік дәстүр, өнеге тұтқан ұлы өнерпаздар, еңбек ерлері, батырлар, ғылым ашқан ғаламаттар бәрі-бәрі сипатталады.
3. Балалар әдебиетінің басты ерекшеліктерін Ш.Ахметов былайша санамалап көрсеткен болатын.
Біріншіден, балалар психологиясын зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді.
Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лиризм болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы бейнелер алынуы керек. Балаларды өмірдің жақсы болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру шарт.
Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиған және адам характерін суреттеу әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкерлер мінезінің әр жақты дамуына қызығады. Одан соң шыққан себептерін іздестіре бастайды.
Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көріністерін, пейзажды шебер суреттеуді ұнатады, оған сүйсініп қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет – эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі.
Ал көркемдікке тәрбиелеу – баланың ақыл-есінің тез жетіліп, тез дамуына көмектесіп отырады.
Эстетикалық тәрбие көркем өнердің барлық салаларында ұлы шеберлер жасаған аса құнды мұраларды балалардың терең түсінуін, сол шығармалардан рухани ләззат алуын көздейді.
Бесіншіден, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны, идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын тануға себепкер болуға тиісті. Оларды еңбекке, ғылымға, әр қилы мамандыққа еліктіріп, үлкен істерді орындауға дайындай білуі, оған әуестендіру қажет.
Алтыншыдан, өзінің «Әдебиет туралы» атты еңбегінде: «сөз әдебиеттің негізгі материалы болып табылады. Біздің барлық әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін – сол» деген болатын М.Горький. Әсіресе, балалар әдебиетіне қойылатын талап та дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл әрі көркем, қысқа да мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әрі әсерлі болуға тиісті. Балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден-бір құрал.
Қорыта айтқанда, балалар әдебиеті – жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-есін дамытатын, оларды адамгершілікке тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты – мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он жеті жасқа дейінгі оқушыларға әдеби тілде жазылған жоғары идеялы, қызықты шығармалар беру. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашып, бағыт сілтейді.
Достарыңызбен бөлісу: |