Хан Кене (на каз яз.)-Ильяс Есенберлин



бет4/14
Дата31.12.2019
өлшемі478,72 Kb.
#54090
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
ІV

      Күншығыс жақты сынық тағадай қоршай көмкерген кәрі Қаратау алыстан қара-қошқылданып көрінеді. Кей тұстары ат жалды, түйе өркештеніп ирелеңдеп жатыр. Селдір бу, жеңіл тұманнан ада, ашық аспанмен аймаласқан қатпар тасты қырқа, адыр үсті көгілдір тартады. Кешкі зауал шақ. Ақырғы сәулесін жартас басында ойнатып, күн де батып барады. Қаратаудың батыс жақ еңісінде иін тірескен қалың ауыл отыр. Аралары, ұрыс кезіндегідей, жақын. Қыз емшектеніп қатар келген жақпар тасты қос адырдың қойнауынан бұлқып атып мөлдір сулы жіңішке өзен ағып жатыр. Осы өзеннің сағасын құлдилай алқақотан қонған ауылдың үстінен бықси жанған шала тезектің түтіні көкке көтеріледі. Көл жағасына өлең қуа қонған көп ауылдың біреуі ғана кілең ақ үйден. Өзгелерінің дені көнетоз бозғылт, қараша үй, тозығы жеткен лашық, күркелер… Сырт көріністеріне қарап бәлендей бай деп айту да қиын. Кешкі жайылыстары бірімен бірі қосылып кеткен әр ауылдың тұсында ойдым-ойдым түйе, қара мал. Тек көгілдір далаға бұраң-бұраң шимай салып аққан жіңішке өзен бойында сонау төмендегі жалтыраған көл жағасында шашыраған тас тәрізді жамыратып жіберген қозылар мен бірге бірталай қой-ешкі көрінеді. Одан әрі Қаратау қойнауына қарай бозаң, қылаң түсті үйір-үйір жылқы ала-құла боп өріп барады. Көбі жарау, құлынды жылқы аз. Шамасы олар алыстағы жайылымда тәрізді. Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді. Сойыл, құрық ұстаған он шақты жылқышының анда-санда құр-құрлаған айқайы тынық кеште сампылдап естіледі.

      Бұл екі жыл бұрын ата-мекен Қаратау қойнауына, осы жақта қалған Қоңырат, Қыпшақ рулары мен Бестаңбалы жеріне көшіп келген Қасым төре мен Алты, Тоқа, Алтай, Уақ ауылдары еді. Сонау ортадағы бозаңынан ақшылы басым елу үй Қасым төренің ауылы. Абылайханның бел баласының бірі болға- нымен Қасым төре асқан шонжар емес, сондықтан бұл маңда өрген малдың да қарасы оңай-ақ көзге түседі. Уақ, Тоқа, Алты да Арғынның өзге руларына қарағанда шағын ауқатты рулар. Оның үстіне Арқаның көк шалғынына үйренген мал, Қаратаудың ши мен көкпек араласқан бозаңын жерсінбей, бәлендей өрбіп, өсіп кете алмаған.

      Осы ауылдардың Қазықұрт жағындағы бір биік төбе басында бір адам тұр. Қой-қозысы маңырап, балалары жылап азан-қазан болып жатқан ылдидағы жұрттан қашып шыққандай.

      Сонау көз ұшында ноқаттай болып көрінген көк тұйғындай қиялы әлдеқайда алыстап кеткен.

      Бұл — орта бойлы, кең жаурын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран көзді, жуан балуан мойынды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған, Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкаппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасаң ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың.

      Бұл Абылайханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді.

      Кенесары осы төбеге шыққалы едәуір мезгіл өткен. Ол қазір қалың ойда. Есіне кешегі Нысанбай жыршының сөзі түсе берді. Ел аралаған әрі сыншы, әрі жыршы Нысанбай ақын, ақ кигізге малдасын құрып отырып ап, Қасым төренің алдында Шыңғыс шежіресінің біраз жерін қисса етіп айтып берген.

      Ол монғолдармен іргелес Керөлең, Онон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей руының қалайша Шыңғысханның алғашқы жемі болғанын күңірене жыр етті. Бір мезет Орхон, Ом, Ертіс өзендерінің жағасындағы Найман, одан төмен, осы күнгі Сарыарқаның солтүстігі мен батыс өңірін жайлаған Алшын, Қыпшақ руларының Шыңғысханға қалай бағынғанын желдірте өтті. Содан кейін Арғын, Найман, Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын сияқты белді рулардың Шыңғысханның үлкен баласы Жошының Ұлысына бағынып, Батуханның Алтын Ордасының негізін қаласқанын, Сарыарқа мен Еділ, Жайық бойын еркін жайлағанын бір шолып кетті. Жетісудағы Үйсін, Дулат, Жалайыр руларының Жағатай ұрпақтарының иелігіне қалғанын да жыр етіп өтті.

      Енді Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын екпіндете ұрып Жағатай мен Жошы ұрпақтары нешеме жүз жыл бойы осы ұшы-қиыры жоқ кең даланы билегенін мақтан етті. Алайда бірімен бірі хандыққа, баққа, жерге таласып рәсуа боп, Алтын Орда ыдырағаннан соң Жошыдан шыққан Керей, Жәнібек сұлтандар Шу бойында әлімсақтан бері келе жатқан Арғын, Қыпшақ, Үйсін тәрізді, көне тайпаларға бірте-бірте Уақ, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр, Бестаңбалы секілді түркі тілдес руларды қосып қазақ хандығын құрғанын мадақ етті. Содан кейін Жәнібектің баласы Қасым ханның кезінде қазақтың айбынды ел болғанын бір мақтаныш етіп берген. Нысанбай жыршы сәл дем алып шежіреге қайта көшкен. Бұл жолы Қасым ханнан соң қазақтар аз уақ тағы да быж-тыж болып келіп, тек Хақназар кезінде ғана қайтадан бас қосып, іргелі ел болғанын, Тәуекел, Есім, әз Тәуке хандардың тұсында тасы өрге домалаған, сырт дұшпандар шеніне келе алмаған айбынды мемлекетке айналғанын көзі от шаша отырып жырға қосты. Кең байтақ жерді алып жатқан үш жүзден құралған елдің ауызбірлігі күшті болғанын, үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырғанын дәріптей келе:

      Арғын болсаң Алтай бол,

      Найман болсаң Матай бол,

      Алшын болсаң Адай бол,

      Бұл үшеуі болмасаң,

      Қайсысы болсаң сонысы бол,

      Мейлің құдай бол! —

      деп қазақ елінің ең жауынгер руларын шашпауларын көкке көтере бір шыр-қап, осы бірлестік Тәуке хан өлісімен тағы бұзылғанын, әр тайпа сұлтандары хандыққа таласып елдің шырқын кетіргенін айтып берді.

      Содан кейін Нысанбай жыршы қарағайлы кәрі домбырасын еңкілдете жылатып, іле-шала Қаратау мен Шу, Сарысу мен Сыр бойын жайлаған қалың қазақты қалай Жоңғар ханы Сыбан Раптан шауып, «Ақтабан шұбырынды — алқа көл сұламаға» ұшырағанын мақам етті. Ұлы жүз бен Кіші жүздің көп ауылдарының Арал мен Атырау теңізінің жағасына, ал Орта жүздің Есіл, Нұра, Тобыл өзендерінің жоғарғы саласына көшкенін әдейі тоқтай айтып кетті. Алдымен Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың, бір жылдан кейін Орта жүздің ханы Сәмекенің Россия патшасына бағынғанын, сонан «Ақтабан шұбырындыдан» отыз үш жыл өткеннен кейін Қытай патшасы бір миллионға таяу қалмақты қырып Жоңғар хандығын құртқанын бір мәлім етті. Осы шақта Найман, Керей рулары бұрын- ғы өзінің ата-мекен жері Тарбағатай тауы мен Қара Ертіс бойына көшіп кеткенін мақұм әуеніне сала зарлана қалды.

      Осыдан соң Нысанбай жыршы әр жүздің әйгілі хандары әбілмәмбет, Барақ, Нұралыларға қысқа-қысқа сөз тастап, үш жүздің басын қосу жолында күрескен, кейін Абылай деген атпен хан болған әбілмансұрға тоқтаған.

      әбілмансұрға келгенде Нысанбай жыршының екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісініп кетті. Домбырасын бәйге атына шапқандай сабалай ұрып, жыр шумағын құшақ-құшақ лақтырды. Енді Нысанбай домбырасын лақтыра ойнатып, Абылайдың Қоқанға қарсы шыққанын, Сайрам, әзірет, Шымкент, Созақ секілді жеті қаласын алып, Ташкентті қалай бағындырғанын, өзіне сес көрсеткен қырғыздың қалың қолды манаптарын Қызылсу, Шәмсі өзендерінің Шуға құятын сағасында кездесіп, «Жәйіл қырғыны» деп аталатын ұрыста қалай жеңгенін айт-қанда екі көзі қанталап, қоянға түскен бүркіттей шаңқылдай серпіп, тіпті долданып кетті. Әбілмәмбет сұлтанның есігінде жүргеннен бастап, торғауытқа көрсеткен ерлігі мен ел басқарар ақылдылығы арқасында Орта жүзге хан атағына ие болғанын жыр еткенінде шабар бурадай тіпті құтырынып алды. Ақын енді алпысқа келген Абылайды үш жүзден шыққан өңшең қасқа мен жайсаңдарының шешімі бойынша Телікөлдің жағасында жұрт ақ кигізге көтеріп Үлкен хан сайлағанын толғағанда төбесі көкке тигендей екі көзі жайнап кетті. Бірақ Россия қатын патшасы қазақ елінің басын біріктірудің қауіпті екенін ойлап тек өлерінен екі жыл бұрын ғана оны Орта жүзге хан етіп указ бергеніне бір тоқтап, сол Абылайдың жетпіске келгенше ыңғайына қарай біресе Россия патшасына, біресе Қытай боғдыханына икем көрсетіп, Түркістаннан бастап Есіл, Нұра бойына дейін көшкен қалың қазақтың еркінділігін жоғалттырмай ел ғып сақтап өткенін тағы да бір алуан жыр ғып шырқатты.

      Бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап аққан Нысанбай ақын, бір мезет Абылайға Атығай — Қарауыл рулары алты қызын беріп, оның үстіне Абылай қарақалпақтан бір, қалмақтан бір қыз алып, олардан отыз бір ұл, қырық қыз көргенін аса бір асқан жыр етіп толғатты.

      Дауысы қарлығып болдыруға айналған Нысанбай тек ел жатарда ғана Абылайдың қарақалпақ әйелінен туған Уәлидің Россияға қол шоқпар болып кеткенін, қалмақ қатынынан туған Қасым төренің әке жолын қуып, қазақтың басын қосамын деп бәйек болып жүргенін мадақтай келіп, кенет оқшау отырған Кенесарыға қарай:

      Абылай жолы ауыр жол:

      Батыр Кене, біліп қой.

      Абылайдай берік бол,

      Алам десең абырой, —

      деп ұзақ жырын бітірген.

      Үйдегі жұрт жетпіске жуықтаған Қасым төренің бетіне қарап тына қалған. Өйткені мұндай сөз төре бар жерде дәстүр бойынша тек қолбасшыға ғана айтылатын. Ал Қасым төренің соңынан ерген Ўскердің қолбасшысы Саржан сұлтан, Кенесарының ерлігі мен айлакерлігі жұртқа қанша аян болса да, даңқымен әзірге о тек батыр деген атқа ғана ие еді. Алдында ағалары болғандықтан өзі де «қолды мен басқарайын» деген ойдан аулақ-ты. Нысанбай жұрттан асқан сыншы. Бұны осы отырғандардың бәрі де біледі, Нысанбай қасиеті Қасымға да аян…

      Қасым төре жолды әзірге Саржан мен Есенгелдіге бергенмен түбі Абылай жолын алып жүрер ортаншы ұлы Кенесары мен кіші баласы Наурызбай болар деп те үміттенетін. Нысанбай сөзінің өз ойынан шыққанына ол іштей «қателеспеген екем, мен аңғарғанды сыншы ақын да аңғарған екен» деп ойлады. Бірақ өзіне самсай қараған көзді байқамағандай, домбырасын қасына қойып терін сүртіп жатқан Нысанбайға:

      — Көп жаса, ақсаңдақ жүйрігім, — деді, — көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой.

      Қасым төре Есенгелді менен Саржаннан бір айдан бері хабар ала алмай іші бітеу жараға толы еді. Суық хабар сумаңдап әп-сәтте-ақ тарайды ғой. Еш жаманаттың естілмеуі Саржан мен Есенгелді сау дегендей жұбаныш беретін.

      Қасым төренің оқыс аталған Кенесарының атын хош көргендей болуы ортаншы ұлына үлкен сенім артатынын танытты. Жұрт та мұны аңғарса керек.

      Қазір Кенесары осы жайларды әлсін-әлсін таразыға салуда. Әрине, қазір атасы Абылай ханның заманы емес. Ол кезде Россия патшасының әскері де Ақ Жайықтың арғы бетінде болатын. Қарт Қожақ шежірешінің бала күнінде, Абылай атаң хан болар жылы Қызылжар қорғаны, одан жиырма бес жыл бұрын Ескі Семей, сол жылдары Қараөткел, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері салынды деп отыратыны әлі есінде.

      Кенесары батыр қазақтардың өз тәуелсіздігінен айрылуының ең басты себебі — «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп қарайтын ел ағаларының ауыз бірлігі жоқтығынан деп білетін. Сол қазақтың басын қосуға бола ма? деген сұраққа өзі де жауап бере алмайтын.

      Тек соңғы кезде ғана бір жауаптың ұшығын тапқан тәрізді.

      Ол ұшық Абылай атасының заманы мен қазіргі ел жағдайында жатқан секілді.

      Абылайдың тұсында Россия патшасы Сарыарқаны төңіректеп бекініс салғаны болмаса, бәлендей ішіне кіре қоймаған-ды. Сондықтан атасы Абылай біресе Россияны еміндіріп, біресе Қытайды дәмелендіріп екі ортада бостандығын сақтап жүре берген. Ал қазір қазақта ондай мүмкіншілік жоқ. Бір жағынан әбден орын теуіп алған патша әскері болса, екінші жағынан қазақ жерінің бүкіл оңтүстігі мен Сыр бойын басып алған Қоқан мен Атырау, Арал тұсынан Үстірт, Маңғыстауға дейін өкімін жүргізген Хиуа хандықтары тұр. Абылай кезіндегіден қазір қазақ елінің басын қосудың қиындығы да, жеңілдігі де осында деп түсінеді Кенесары.

      Ашынған жолбарыс ажалдан шошынбайды. Қазір қазақтың қалың бұқарасы осы ашынған жолбарыс тәрізді. Үш жақтан бірдей қадалған найза, қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның қай қиырында болса да ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан. Бастайтын жан болса еретін жұрт бар деген. Ал Сарысу, Шу, Сыр бойы қазақтарының да күйі белгілі, ұран салып, ту көтерсең соңыңнан еруге дайын. Хиуа ханының қиянатына шыдамаған Адай, Тама, Табын, Шөмекей, Жаппас, Шекті рулары найзаларын жалаңдатып, қан жұтып ол отыр.

      Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді, от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес.

      Абылай ханның қай қатынынан тараған ұрпағын алсаң да, тастай берік, ұйымшыл. Әсіресе Қасым төре ұлы-қызы: Есенгелді, Саржан, Күшік, Мұса, Кенесары, Наурызбай, әбілғазы, Кенесарының апасы батыр Бопай, олардың балалары Құдайменді, Ержан, Иса, Қошқарбай, әбілпейіз. Қасымның інісі Дайырдың балалары Тәті, әті, Сатыбалды, оның баласы Қалдыбай, бәрі өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды дегендей, үлкені қайда бастаса, өзгесі соңынан еруге бар. Нағыз бір ұялы көкжал қасқырлар тобы дерсің. Тек аталас Күшік қана бозөкпелеу. Әкесінің айтқанына тек қатігез бауырларынан қорыққанынан ғана көнетіндей. Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмырт- қа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары.

      Аға алдына түсу Қасым төре балаларының арасындағы дәстүр емес, сөйтсе де ағалары Саржан мен Есенгелдінің қылығына Кенесары түсінбейді. «Несіне Ташкент құшбегісінің алдына барып тізе бүкпек? Қас дұшпаннан тіленіп не табады олар? Қастың аты қас, сенің дос емес екеніңді Ташкент құшбегі білмей ме, басыңды име. Одан да өз керегіңді өзің көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тартып ал. Сонда ғана жауың сеніменен санасады, ал қолыңды жайып, тізе бүксең, сені ол құл санайды. Құлдың тілегін кім орындаған? Жоқ, билік өзіме тиер болса, бұның бірін де істемеймін. Не болса да дұшпандарыммен алысып өлемін. Ағаларыма да соны айтам… Тек өздері сау қайтса екен!»

      Кенесары тағы да ойға шомды.

      «Абылайдың жолын қуу — бүкіл қазақтың басын қосып, үш жүзді билеу деген сөз.

      Үш жүзді билеу — сұлтан атаулыны аяғыңа жығылтып, Әбілқайыр, Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Серғазы, Уәли ұрпақтарын өзіңе табындырып, барлық қазақты аузыңа қарату. Үш жүздің баласын қойдай өргізіп, қозыдай көгендеу. Сонда ғана Абылай ханның қалмақ әйелі Хочадан өрбіген ұрпақтарының ежелгі арманы орындалады. Қазақ елінің жаудан жерін, еркіндігін қорғау мен Үш жүзге Қасым төре балаларының үкімін жүргізу — қазір бір тілек, бір мақсат. Ал осы тілек, осы мақсаттың орындалуына ең қолайлы кезең бүгінгі кезең. Өзінің тәуелсіздігін қорғауға көтерілгелі тұрған халық, егер бастай білсең хандықты, Үш жүзді билеуді саған өзі алып бергелі тұрған жоқ па?!»

      «Бұдан былай қарай мұндай сәтті кезең тумауы мүмкін. Россия патшасы, Қоқан, Хиуа хандықтары тәрізді жауларымыз халықтың еңсесін мықтап тұрып бір түсіріп тастаса, қызба қанды қазақ қайтадан бас көтере алмайды.

      Жоқ, бүгінгі күн — ең қолайлы күн. Тәуекел не болса да айқасты бастау керек! Бірақ айқасты қай тұстан бастаған жөн?! Үш дұшпанның қайсысының бізге салғалы тұрған шырғысы берік, ең алдымен соны үзу керек!».

      Кенесары енді қабағы қарс жабылып, өзінің қойған сұрағына шешім іздеп ой теңізіне біржолата сүңгіді. «Қоқан мен Хиуа хандары мейлінше тас жүрек, жеңілсең қанға бояйды, қарамағындағы азғантай қазақты түгелімен қырып тас- таудан тайынбайды. Ал Россия патшасы ондай емес. Кейбір қанішер шенеунектері болмаса, қалың бұқараны аты-жөні жоқ қыра бермейді. Оққа байлап, Сібір айдаса тек бетке шығар жақсыларын ғана айдайды. Үлкен жұрт сөйтіп қашан да кең пейілін танытпай қалмайды. Ал Қоқан, Хиуа хандықтары ше? Бұлар қорқау қасқыр тәрізді. Жан кетіп өлексеге айналсаң, өлексеңді де талай береді. Тек қорыққандарын ғана сыйлайды. Оларға бой көтеріп, күш жинағанда ғана тиісу керек. Егер әлдеқалай ондай күн туса аянып қалуға болмайды. Қоқан мен Хиуа өздері қырған он мыңдай ер азамат үшін жауап берсін. Ауғанстанға, Персияға күңдікке сатқан қазақтың қыз-қатындарының қарғысының азабын тартсын.

      Кенесарының соғысты ең алдымен Россия патшалығымен бастауды қалап алуына басқа да себептері жоқ емес. Патша солдаттарының бекініс, зеңбірек, карабин штуцерлері болса, қазақтың далиған жалпақ даласы бар. Егер тығылар жыңғыл, жықпыл сайы көп болса, қыр қоянын арлан тазы да ұстай алмайды. Арқаның жері мол, бір шеті Қарқаралыдан Ақ Жайыққа, екінші шеті Қызылжардан Бетпақдалаға дейін созылып жатыр. Қалай ойыссаң да жер жетеді, тек үзеңгің берік, қайтпас қажырың болсын. Ал зеңбірек сүйреткен патша әскерінің мұндай мүмкіншілігі жоқ. Оның үстіне Орта жүз көп ел. Бәрін бірдей көтере алмасаң да, соңыңнан еретіндер табылады. Әлің жетпей қуғынға түсер күн туса, батырлықты құрмет тұта білетін қазақ, кейбір ішіндегі әзәзілі болмаса көрер көзге ұстап бермейді. Ең болмаса Абылай ханның аруағын сыйлайды. Ал Қоқан мен Хиуа жерінде бұндай жағдай жоқ. Сыр бойы, Үстірт, Маңғыстау, Арал маңындағы көшіп жүрген қазақтардың шынтуайтқа келгенде басын қосу оңай іс емес. Қоқан, Хиуа хандарын жеңу үшін Жетісу, Алатау, Қарақалпақ өңіріндегі ағайындардың да бас көтеруі керек. Оған сену қиын. Үйсін, Дулат, Алатауды жайлаған көп қырғыз, Арал бойын мекен еткен Қарақалпақ сенің сөзіңді сөйлеп, жоғыңды жоқтай ма? Өз ошағының басы аман болса, сенің қан төккеніңде несі бар. Қоқан, Хиуа хандарының да күштілігі осында жатқан жоқ па, олар кімнің жүрегінің қалай соғатынын біледі. Қырғыз, қазақ, қарақалпақ бірігіп бас қоспайтынын сезеді. Бүкіл Жетісуды алып жатқан Үйсін, Дулат та дұшпаныңмен шын белдесіп қалғаныңда сенен бөлініп жауға тастап кетуі де мүмкін…

      Жоқ, оларға сенуге болмайды. Үйсін, Дулат, Қырғыз, Қарақалпақ өз басына Орта жүз бен Кіші жүздің ауыр жағдайы түссе ғана атқа қонады. Ал оның бер жағында олардан не үміт, не қайыр!

      Кенесарының Арқаға оралғысы келуіне тағы да бір себеп бар. Ол — кек. Сәмеке, Бөкей, Уәли тұқымдарынан шыққан аға сұлтандарды Қасым балалары өртеп жіберуге бар. Бұл ескіден келе жатқан ескі егес, ел билігіне таласудан шыққан бақастық. Әсіресе Қасым балаларының өші Құдаймендінің Қоңырқұлжасында, Уәлидің баласы Шыңғыс пен оның шешесі Айғанымда, Бөкей тұқымынан шыққан Тәукенің Жамантай, Құсбегі мен Жантөренің Ахметі мен Арыс-танында. Бұл аға сұлтандар Кенесарының да ең аямас жаулары. Балық басынан шіриді, қазақ жерін ақ патшаға беріп отырған осы аға сұлтандар деп кектенеді Кенесары.

      Егер Арқаға барса, ең алдымен осылардың ауылын шауып, ежелден келе жатқан ерегестің бір түйінін шешпек. Қызын күң, баласын құл қылып, табанына бір салмақ. Онсыз әбден қансырап алған көңіл жұбанар емес.

      Бірақ олар Кенесарыға оңайлықпен бой бере ме? Олардың да соңынан ерген қыруар ел бар. Қолдарында қару-жарақты жүздеген жасағы, сарбаздары тұр. Оның үстіне қол ұстасқан ақ патша әскерлері де қастарында.

      Кенесарының бір тірелгені ең алдымен осы аға сұлтандар мен патша әскерінің арасына ши жүгіртіп көру. Шамасы келсе Сібір мен Орынбор губернаторларын өзімен санасатын етіп алу.

      Ол үшін Кенесары барысымен соғыс ашпайды. Алдымен губернаторлармен тіл табу жолын іздейді. Өзінің бірнеше тілегін қағаз жүзінде алдарына қояды. Егер губернаторлар сол тілектерді қабылдаса, Қоңырқұлжа, Ахмет, Жамантайлардың соңынан ерген жұрт та бұнымен санасатын болады. Ондай жағдайда, алты басты айдаһар болса да Қоңырқұлжа, Ахметтерден өш алу оңайға түседі.

      әрине, онымен Кенесары сүйек тиген төбеттей ұпайым түгел деп өз бетіне кетпейді. Абылай атасының жолын қуып үш жүздің ханы атанбай тоқтамайды. Ең болмаған күнде ата тағын алып, Орта жүзді билейді. Сондықтан бір тілектен кейін бір тілек талап етіледі, бәрібір өз дегеніне жетпей қоймайды.

      Ал генерал-губернаторлар алғашқы қойған тілектерін қабыл етпесе не істейді? Онда шешінген судан тайынбайды, соғыс ашады. Және ол соғысты ең қас жауы Қоңырқұлжаның ауылын шабудан, Қоңырқұлжа приказы Қараөткел бекінісін алудан бастайды.

      Абылайдың алдында ғана Орта жүз хан көтерген қырық мың жылқы айдаған Сәмекенің ұрпақтары Құдайменді балалары десе, Кенесары ұйқысынан шошып оянады. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Кенесары арасында тек қана ежелден келе жатқан ел билеу, қоныс тебуден туған ата дауы емес, бастары көрге кіргенше кешірілмейтін уыты қанға сіңген өшпендік бар. Сол өшпендік, кешірілмес қастықтың енді ақ патша мен қазақ елінің арасындағы үлкен саясатқа да ықпалы тимек. Кенесары орнынан түрегеліп, сәл ерсілі-қарсылы жүрді де, қайтадан ой шумағын тізе берді.

      «Хандыққа таласудың екі жолы бар. Оны сан айқастан өткен Кенесары жақсы біледі. Бірі саған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу. Екіншісі соңынан ерген қолдың алдында жүріп ерлігіңмен өзіңе тартып алу.

      Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып елді қырғынға айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдық-жауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жат- қанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана, арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді».

      Осындай шешімге келген Кенесары, кенет тізесін бүгіп беліндегі Исфаған шебері соққан наркескенін суырып алып, қылшылдаған суық жүзінен сүйді.

      — Анадан қорқақ болып тумап едім, — деді кенет даусы дірілдеп кетіп, — арманыма жеткенше қорқақтық білдірсем өз қанымды өзім ішейін, осы сертіме, түсі суық наркескен, сен куә бол!

      Ол наркескенін қынына салып, енді көтеріле берем дегенде, арт жағынан сыңғырлай шыққан әйел даусы естілді.

      — Төрем-ау, намаз оқып жатырсың ба?

      Бәйбішесі Күнімжан екенін Кенесары қарамастан таныды. Түрегеліп, тізесін қақты да, қарсы жүрді.

      — Жәй әшейін, семсерді тасқа салып дүзін сынап жатыр едім.

      — Қас болатты жау жүрегіне салып сынамас па?

      — Оның да жөн.

      Кенесары әйелінің сөзіне риза болып қалды.

      Күнімжан биыл жиырма алтыға шыққан. Оймақ ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екі бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік қос жұмырықтай қос анары алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр. Үстінде шытырма ақ жібек көйлек, көгілдір торқа оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген, алтын теңгелері көзіне түсе салбыраған қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылған. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасына төгіле түскен тоқпақтай қалың шашының ұшындағы төрт қатар шолпысы патшаның кілең бір сомдық алтын ақшасынан қиыстырылған. Батырдың алдында өзін-өзі қымсынбай ұстауы, былқ-сылқ басып қасына бұрала келуі, ерке бәйбіше екенін аңғартады.

      Расында да «жазығы қатын демесең, қыздан артық салдығы» деп Жүсіп қожа ақын айтқандай, Күнімжан Кенесарыға ақылымен де, сұлулығымен де әбден ұнаған әйелі. Шыққан төркіні де Қасым төреден салтанаты мен байлығы кем емес, арғынның шонжарларының бірі әлке Байдалы тұқымы.

      Мынау үстіндегі торқа, дүрия киімдері мен алтын білезік, алтын шолпы, алтын жүзіктің бәрі де келіншек боп түскенде осы төркін берген жасауы.

      Кенесары мен Қоңырқұлжаның бітіспес қас-жау болуларының да бір себебі осы Күнімжанда…

      Кенесарының батыр атанып, атағы Сарыарқаға жаңа жайыла бастаған кезі еді. Ұлытауды жайлаған Жырық руының байы Сандыбайдың Ердені осы өңірге правитель болып тағайындалып, ат шаптырылып, балуан белдескен үлкен той болған. Осы тойға бір топ жігітпен Кенесары да келген. Ондағысы тар жол тайғақ күн туып, Көкшетауда бекініс салынып, көңіл қобалжи бастаған соң, Ұлытау маңын бір шолып қайту еді. Алты алаштың алғашқы басын қосқан хандарының бірі Алашахан да осы жерде қайтыс болған. Ұлы Жошы хан да осы тұсқа қойылған, Ұлытаумен іргелес Кішітаудың басында Едіге батырдың да қабірі бар, Ақмешіт әулие де осы арада жатыр. Ұлытау қазақ елінің атамекен кіндігі. Бұны көруді Кенесары да өзіне парыз санайтын. Бәйгеде сойылға ат жығылып, көкпарда кісі өлген ұлан-асыр осы тойдан қайтып келе жатып, Арғынның Алтай, Төртуыл рулары жайлап отырған Терісаққан өзеніне келіп, азырақ ат шалдыруға аттарынан түсе-түсе қалған. Астындағы сәйгүлік жүйрігін атқосшысына беріп, Кенесары қалың талды жағаға барған. Таң алдында ғана жаңбыр жауып өткен-ді. Сыңсыған тал арасы тымырсық бүк екен. Кенесары пысынап кетіп, азырақ салқындап алайын деп сылдырап жатқан суға таяғанында шағын келген Терісаққанның бергі ағымында көк толқынмен ойнап жүзіп жүрген екі қызды көрді. Ауыл көшіп жатқан кез, сірә, көшжөнекей шомылып алғысы келген тәрізді, киімдері мен шідерлеп қаңтарып қойған аттары арғы бетте. Кенесары алғашқыда айдалада пайда болған бұлар перінің қыздары шығар деп ойлап қалған. Әсіресе алдыңғы қыз бір адамның аузының суы құрығандай сұлу көрінген. Қамшының тіліндей етіп өрілген қос бұрымы көк тол- қынмен ойнап жыландай иреңдеп, сымбатты денесі, су астында ақ сазандай бұлықсып, еріксіз көзін тартып әкеткен. Тек арғы беттегі аттары мен үюлі тұрған киімдерін көргенде ғана Кенесары есін жинай бастаған.

      — Арсыңдар ма, арулар? — деген ол қыздардың арғы жағаға қарай бұрыл- ғанын көріп, кетіп қалады екен деп қорқып.

      Алдыңғы тана көз жапалақ сары қыз «Ойбай, көтек!» — деп дауыстап жіберіп, суды екі аяғымен сабалай арғы бетке қарай жүзе жөнелді де, соңғы қара торысы мойнын бұрып кейін қарап, жағада тұрған Кенесарыны көріп тоқтап қалған. Түрегеліп жүзіп, тек судан басын шығарып:

      — Бар боларсыз, мырза, — деп сәлем берген.

      Сөйткенше жағаға Кенесарының жолдастары да келген. Әдеттегі қалжың-әзіл басталған. Аш денесін жігіттерге көрсетіп судан шығуға ұялып тұрған қыздар, жағадағы Кенесары екенін естіп, не қыларын білмей сасқан. Кенесары тобы әзіл-қалжыңы аралас, егер тілегімізді орындамасаңдар, қазір арғы бетке өтіп, киім-кешектеріңді алып кетеміз деп қорқытқан.

      Қыздар «ағатайлап» кетулерін сұрап жалынған. Қалжың құмар желөкпе жігіттер өздерінің тілегін орындамай кетпейтіндерін айтып тұрып алған. Су сорып әбден жаураған қыздар, бұлардың кетпейтініне әбден көздері жеткен соң, жігіттердің не тілейтіндерін білгісі келген. Қара торы сұлуы Кенесарыға қарап:

      — Мырза, сонда сіз менен не қалайсыз? — деген.

      — Қалағаным қиын болса да сөзіңде тұрасың ба, қарындас?

      — Сөзімде тұрмайтын қатын емеспін, айта бер.

      Қыз аузынан шыққан «қатын емеспін» деген сөзді Кенесары өз мағынасында түсінді. Кенет жүрегі алып-ұшып, қолға түскен торғайдай тыпырши жөнелді..

      — Қатын болмасаң… Жарайды, біз кетейік. Тек соңымыздан қуып жетіңдер. Қалауымды сосын айтайын. Уәде ме?

      — Уәде!

      Кенесары тобы өзен жағалай кете барған. Аздан кейін қыздар бұларды қуып жеткен. Он алты-он жеті жасар уыздай екі жас қыздың суық жүрісті бейтаныс топ жігіттің қастарына қорықпай келгендеріне Кенесары таң қалған. Және берген уәделерінде тұрып алдап кетпегендеріне разы болған. Осы кездесуден бастап Кенесары мен Күнімжан бірін-бірі қатты ұнатқан. Жаңа туған айдай толықсыған арқаның жас сұлуы Кенесарыға бірден құлап түскен. Шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ сынады. Сол түнде бір шөлмек сынды. Жұрттан аулақ дөңгеленген қараған түбінде даланың өжет қызы батырдың бір тілегін орындады.

      Күнімжан өкінбеді, өйткені осыдан екі жыл бұрын қос қатынының үстіне тоқалдыққа алмақ боп сасық ұрт, бұзау тұмсық Қоңырқұлжа құда түсіп, үш үйір қара көк жорғаны қалың малына төлеп кеткен. Оның үстіне Қарақойын Қашырлыға ел жайлауға шыққан шақта ұрын келем деп жақында хабар берген.

      Таңертеңіне Терісаққанның ойпаттау жағасына қонған Байболат ақсақалдың ауылына Күнімжан мен жапалақ сары қызды ерткен Кенесары нөкерлерімен келіп түсті. Күнімжанның осы түнде Кенесары батырмен көңіл қосып шыққанын ең алдымен жеңгелері, одан шешесі естіп, суық хабар бірте-бірте жыландай жылжып Байболат ақсақалдың өзіне барып жеткен. Абылайдың аруағынан, Қасым төренің қаһарынан сескеніп, не істеуді білмей, оның үстіне абыройы айрандай төгілген қызының күйігі де арқасына аяздай батып отырған Байболат ақсақалға Кенесары көп кешікпей «Күнімжанды маған берсін» деп кісі салған.

      Байболат ақсақал бұл тілекті шұғыл ақылға сап, қолма-қол шешімін айтқан:

      — Үш жүзге хан болған Абылай атасына Арғынның, Қарауыл, Атығай рулары алты қызын бергенде, сол Абылайдың батыр немересіне біздің жалғыз қызды қимағанымыз болмас, алсын — деген.

      Бір апта өткеннен кейін әлке Байдалы, Аққошқар Сайдалы боп үш бозды көсем жеккен күмістеген қара пәуескемен, жасау артқан тоғыз нарды бір көш етіп Күнімжанды ырғалтып-жырғалтып Көкшетаудағы Қасым төренің ауылына ұзатқан.

      Мұны естіген Қоңырқұлжа намыстанып бұлқан-талқан болған. Жасақ жіберіп Байболат ауылын шауып алуға да оқталған. Әйтсе де, байлығы өзінен артық Арғынның шонжар руы әлке Байдалымен жанжалдасуға батпаған. О баста Күнімжанды тоқалдыққа сұрағанда да Қоңырқұлжа тек қатын санын көбейтпек емес, Арқаның осы шынжыр балақ, шұбар төс руымен жақындаспақ ойы да болатын, ал сол ойдың бұзылғанына қатты қынжылса да, тайпа рулы елді өзіне жау етудің қатерлі екенін ұқты. Сондықтан Байболатқа берген қалың малына үш тоғыз айыбын қосып алды да, ұпайым түгел дегендей, көкіректегі ызаны ішке түйіп қала берді.

      Бірақ Қоңырқұлжа енді Қасым балаларына әбден өшігіп алды. Ебін тауып, езуін қалай жырам деп жүргенде Көкшеден Жабайы өзенінің сағасында отырған Тарақты еліне ұзатылып бара жатқан Саржанның үлкен қызы Күнікейге жасағымен кездесіп, оны бір түн иемденіп қоя берген. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Қасым төре балаларының арасындағы осы бір намыс ызасы енді бір-біріне мәңгі кешпес қанды кекке айналған. Бақ таласы, жер таласы, ру таласы, ар таласы, қатын таласы бәрі келіп, әбден шиеленіскен қыл түйін болып қатып қалған.

      Мұны тек алмас семсер, өткір қылыш қана кесіп бере алатынын екі жақ та жақсы білуші еді.

      Осы таластың бас себепкері Күнімжан сұлу шыққан жері де, түскен жері де мықты болған соң өзін-өзі тым еркін ұстайтын. Күйеуіне де айтқанын істететін, мейлінше ерке…

      Күнімжан қазақ әйелдерінің салты бойынша Кенесарыны күйеуім, ерім демей тек «төрем» деп қана атайды. Бұнысы бір жағы күйеуінің төре тұқымынан екенін дәріптеу болса, екінші жағынан «төрем» деп өзіне билігінің мол екенін ескертіп еркелетуі еді. Сол әдеті бойынша ол:

      — Төрем, сен Құдайменді батырдың атама естірткен сұмдығынан хабардарсың ба? — деді сәл жүдей.

      — Жоқ, қандай сұмдық?..

      — Азнабайдың балаларын білесің ғой…

      — Қай Азнабай? Баянауылдағы Қаржас Азнабай ма, әлде өзіміздің Көкшедегі Ақсары Азнабай ма?..

      — Қаржас Азнабай. Біз Арқадан көшпей тұрып Тайжан деген баласын патшаға қарсы шықтың деп Омбыда атып өлтіріп еді ғой, соның ағасы Сейтен батырды да өлтіріпті…

      — Топырағы торқа болсын. Есіл ер ерте кеткен екен! Менің ажалым Қоңырқұлжадан келеді деуші еді. Сол иттің өшпенділігінен мерт болды ма екен?…

      — Иә, солай көрінеді. Азнабай аулымен Балқашқа қарай көшіп келе жатқанда, Мың Арал төңірегінде Қоңырқұлжаның әлгі шоқынған кіші баласы жол көрсетіп әкелген әскер қарсы шығып ұстапты…

      Кенесарының күлгінденген сарғыш түсі қара қоңырланып кетті.

      — Қырылғандары көп пе екен?

      — Қарсыласуға мүмкіндіктері болмапты. Ойда-жоқта қолға түскен көрінеді. Бір-екі жігіт сойылға жығылыпты.

      — Топырақтарың торқа болсын, есіл азаматтар. Арқаға оралар күн туса алармыз әлі өштерін.

      — Сейтенмен бірге Қубеттің Ожарын да ұстапты. Ол сол Омбыда абақтыда жатқан көрінеді.

      — Қай Ожар? Ана Қоңырқұлжаның шабарманы Ожар ма? Ол Азнабай аулынан ат құйрығын кескендей еді ғой?

      — Қоңырқұлжамен келісе алмай, Қараөткелден қайтып өз еліне барыпты. Қанына тартпағанның қары сынсын дегендей, қанына тартқан ғой. Жер-суынан айырылған Қаржастың қайғысы жеңіп Сейтенге қайта қосылған екен.

      — Бір көргем… Қайсар, иілімге келмейтін жігіт тәрізді еді. Қиянат оны да дұрыс жолға салған екен. Әттеген-ай, ол бейшараны да ит жеккенге айдайды ғой.

      Дәл осы кезде бұлардың жанына Наурызбай келді. Бұл жиырма екіге жаңа шыққан келбетті жігіт. Бір әке, бір шешеден туса да, бітімі Кенесарыға мүлде ұқсамайды. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жаурын, тіп-тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған аққұба түсті. Мұрын, көз, қас-қабақтары қазақ жігіттерінікінен көрі мол пішілген, танадай жалтыраған сопақтау келген үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды. Қызылды-жасылды меруерт өрілген айдары самай тұсынан салбырап түсіп тұр. Жаңа тебіндеп келе жатқан қоңыр мұртты. Басында қызыл барқытпен тыстаған құндыз бөркі, үстінде құйыршықтары мен тырнақты аяқтары салбыраған қара қасқа күзен ішік. Ішігінің жағасына, жеңіне, шетіне қара қоңыр құндыз ұстаған. Беліндегі күміс белбеуіне былғары қынды селебе таққан.

      Наурызбай ұрысқа да осы киімімен шығатын. Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. Және зілдей қара найзамен ешкімді қос қолдап шаншып көрген емес. Оң қолында төрт жігіттің күші бар дейтін жұрт. Наурызбай асқан найзагер, заманында бұл соғыс қаруынан өзіне пара-пар келетін жан кездестірмеген. Және жауға шапқанда қабағы қарс жабылып, жүзінде ерекше қаһар пайда болатын. Ал жайшылықта Наурызбайдан ақ жарқын жан жоқ. Ол мұндайда әрі әнші, әрі әзілқой. Ал қазір Наурызбайдың қалың қабағынан қынжылған рең байқалады. Көзі тереңдей, қас-қабағы кіртие қалған.

      Оған себебі де бар еді.

      Наурызбай соңғы кезде өзі туып-өскен Көкшетау туралы көп ойлайтын бол- ған. Мұндай кездерінде Арқаның жасыл шалғынды, көк майсалы даласы, жақпар-жақпар құз тасты, өн бойы өрби біткен қалың қарағай басқан түйе өркеш шағын таулары, көк толқыны жар кемерін тынбай соғып жатқан шалқар көлдері, мол сулы өзендері оның көз алдында елестейтін. Кенет Бурабайдың көз жасындай көгілдір толқыны шулағандай, кереге қанат қыран бүркіт қалықтай ұшқан Оқжетпестің басында ойнаған ерке жел жылағандай, дымқыл иісі аңқыған Кенесары үңгірі күңіренгендей құлағына бір қайғылы үн келетін. Сол үн өзін шақырғандай болатын. Наурызбай мұндай кезінде көктем сәнін, жұбайы әнін аңсаған жыл құсындай, іші-бауыры елжірей, туып-өскен Көкшетауын сағынатын. Өйткені асыр салған балалық шағы, жігіт болып махаббат дегеннің не екенін білген алғашқы бақытты түні, бәрі де осы Көкшенің көгілдір құшағында өткен. Наурызбайға Көкше деген құр ғана туған жер емес. Ол кейде өзінің жылқұсы болып жаратылмағанына өкінетін. Егер жылқұсы болса сол Көкшені әр көктемде бір шарлап ұшпас па еді! Мұндайда Наурызбайдың жүрегі удай ашып, жанын қоярға жер таба алмайды. Сол бақыттан, сол қуанышынан айыр- ған сонау темір киген дұшпандарымен алыса түскісі келеді. Әттең не керек, Наурызбай да бір, тұғырда тұрған бала бүркіт те бір, ұшарға қанаты бар, бірақ аяғындағы жібек бау жібермейді, құр қайрат мезеп шаңқ-шаңқ шақыруға ғана дәрмені келеді.

      Қаратаудың жыңғылы мен баялышы Көкшенің тобылғысы мен қарағанына жетпес, бозы менен көдесі, жұпар аңқыған көк шалғынына пара-пар келмес. Сонда неге жүр бұлар Сырдың сұрғылт даласында? Жан сақтау ма, әлде хандық па көксегендері? Егер жер кегі болса, таласпай ма сол жер үшін сол туған жердің өзінде? Сырда жүріп Арқаны қалай алмақ? Наурызбай осы жәйіттерді ойласа, ештеңеге түсінбейді. Әкесі Қасым төре, ағалары Есенгелді, Саржанның бұл жөнінде ұстаған жолы оған жұмбақ.

      Наурызбайға мың Қоқан хандығынан Сарыарқасының бір жайлауы артық. Осы қайғы кеше Құдайменді батыр келгеннен бері тіпті үдей түсті. Қазіргі қабағының қатуына да себеп осы. Аға, жеңгесінің төбе үстінде оңаша тұрғанын көріп, сөйлесуге әдейі келген. Наурызбайдың реңінен көңілінің қапалы екенін аңғарған Күнімжан оған күле қарап:

      — Кіші төрем, неден жүдей қалғансың? — деді, — бір жерің ауырғаннан саумысың?

      Наурызбай қапалана жауап қайырды.

      — Ауру екенім рас, жеңеше… Жаным ауырады, көкірегім ауырады, жүрегім ауырады…

      Інісінің немен дертті екенін көптен бері сезетін Кенесары үндеген жоқ. Күнімжан енді жігер бере сөйледі.

      — Қара бұлттан күн де шығар, бұл аурулардан айығар заманың да келер.

      — Қашан?!

      — Оны жүйрік аттың шабысы, ер жігіттің намысы біледі.

      — Намысқа шабар алысымыз болып тұр ма? Біз қазір апан-апанға келіп тығылған бөрі тәріздіміз. Қанша бөрі болсаң да, тығылған жерің құр түкпір…

      Кенесары кенет інісіне қарады.

      — Апаннан атылған бөрі жауына қауіпті екенін білмейтін бе едің? Қол-аяғыңды бауырыңа жинап атылуға дайындала бер, Науанжан…

      — Жоқ, Кене аға, апанынан бөрі тек ажалына ғана атылады.

      — Кейде жауын да мерт етпей ме?

      — Маған ондай ит-жығыстың керегі жоқ, — Наурызбай ағасына кішілік мінез көрсете ақырын сөйледі, — маған жауымды аңдып басар Көкшенің ыңғыл-жыңғыл жартасы, соңымнан жел де қуып жете алмас ұшы-қиыры жоқ Арқаның кең даласы керек.

      Кенесары інісінің өзімен пікірлес екенін бұрын да білетін, бұ жолы да ойлаған жерінен шыққан соң іштей қуанып қалды. Сөйтсе де қатты мінезіне салып;

      — Ұясынан ерте ұшқан қыран тез қартаяды, — деді, — алдыңда ағаларың барда жол таңдамай тұра тұр.

      Наурызбай Кенесарыны өзге ағаларынан артық сыйлайтын, сондықтан қарсы сөзге келмей:

      — Құба-құп, — деп төмен қарады.

      Дәл осы кезде күншығыс тұстағы белестен ойдағы ауылға қарай көтерілген шаң көрінді. Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.

      Қырағы көз Кенесары тесіле қарады да:

      — Ойпырмай, мынау Ағыбай болмаса етті, — деді кенет қобалжи, — астындағысы Ақылақ тәрізді…

      Наурызбай да тесіле қарады.

      — Иә, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.

      — Иә, солар.

      Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды. Енді олардың «ой бауырымдаған» айқайы да естілді.

      Кенесары сазарған қалпынан қозғалған жоқ. Наурызбай мен Күнімжан шыдай алмай келе жатқандарға қарсы жүгірді.

      Ағыбай пұшпағына дейін терге батқан атынан қарғып түсіп, белбеуін мойнына салып, қазақтың жамандықты естіртетін көне дәстүрі бойынша, екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып ағыл-тегіл жылаған қалпы суық хабарды естіртті.

      — Батыр Кене, қос боздағымыздан айырылдық, он сегіз асылдан айырылдық. Ташкент құшбегі қолынан Есенгелді, Саржан ағаларың қаза тапты. Қыршын жігіттерімізді де тегіс бауыздады.

      Кенесарының түрі күреңітіп, ерні бозарып кетті.

      — Қашан? Қалайша?

      Ағыбай бетінен сорғалаған жасын сүртпестен, ауызы кемсеңдей:

      — Осыдан екі күн бұрын. Жауыз құшбегі бізді алдап шақырған екен. Мәделіхан келген күні түнде Есенгелді мен Саржан сұлтанды диуан сарайына шақыртып алды. Сендердің Қоқан хандығына қарсы шығатын ойларың бар екен деп бастарын алдыртыпты. Ержан екеуміз төрелердің жарлығы бойынша керуен сарай ауласындағы аттарды қарауға кеткенімізде рабатта ұйықтап жатқан өзге жігіттерді жендеттері келіп бауыздапты. Біз әзер құтылдық.

      әлсіреп қалған Ержанды Наурызбай мен Күнімжан сүйеп тұрған. Суық хабарды естісімен Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын шәлісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді.

      Қапыда кетті қос арлан,

      Жау сөзіне бос нанып.

      Аямады қас дұшпан

      Батырып қанға кек алып…

      Жамандық хабар соққан желмен бірдей, іп-ілезде бұл сұмдықты барлық ауылдар да естіді. Шаштарын жұлып, беттерін тырнап боздаған ана, егіл-тегіл еңіреген бала, үй-үйдің қасында жоқтау айтып топтанған қатын-қалаш, көзінің жасын сүртіп күрсінген шалдар, ашулы көздері оттай жайнап кіжінген жігіттер. Ойпатта отырған бар ауыл көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды.

      Қанды уақиға әбігері тек ертеңіне таң атып келе жатқанда ғана басылды. Ағыбайдан Есенгелді, Саржан қалай қаза тапқанын толық естіген Қасым төре бір түннің ішінде у ішкендей боп жүдеп шықты. Үлкен мұрынды сарғылт жүзі көгілдір тартып, қою қызғылт сақалы қырау басқандай бозарып, жайшылықта қанды балақ қасқырдың көзіндей білеулене қызарып тұратын шегір көздері кенет жасып ағара түскен. Жетпіске келсе де, тіп-тік қапсағай денесі айдалада жел өтінде өскен жалғыз ағаштай тез-ақ бүкірейе қалған. Бұл кейін «Наурызбай — Ханшайым» қиссасында:

      Қасым хан өзгелерден асып туған,

      Көңілін дұшпандардың басып туған,

      Қарнында анасының қан шеңгелдеп,

      Қызарған екі көзін ашып туған,—

      деп бесігінен қанқұмарлығы, аяусыздығы дәріптелген, аузынан жалыны шыққан сотқар, ұрда-жық, қатігез Қасым төре емес. Иленген терідей жұмсарып, үстіндегі жүні уыс-уыс түсіп қызыл шақа болған көтерем қойдай әлсіз кәрі-құртаң шал. Тек көзінде ғана ыза, ашу қалдығы бар.

      Ол сәске көтеріле Кенесары, Наурызбай, Ағыбайды және аулында қонып жатқан Құдайменді батырды шақырып алды.

      Аз уақыт үндемей отырып басын көтерді.

      — Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» — деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса алла тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!..

      Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас!» Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта көтерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.

      — Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, — дейтін еді Бұқар жырау. Сол күй маған да жеткен екен. Не болса соны айтып кеттім білем. — Кенет ол бойын жинап алды. — Ендігі кезек сенікі, — деді ол Кенесарыға қарап, содан соң алақанын жайып батасын берді, — әумин!

      Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:

      — Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол, — деді.

      Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар деге-ні еді.

      Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп, бір тізерледі де, қынынан қылшылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.

      — Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін.

      Қасым төре тағы да бір тілегін айтты.

      — Екі ағаң мен он сегіз төлеңгіттің кегін қайтар. Бүкіл Қоқан хандығына шамаң келмегенмен, Ташкентті алуға күшің жетеді. Ертең сарбаздарыңды жина. Арғы атаң Тәуекел хандай Ташкенттің шаңырағын ортасына түсір. Сонда мен риза!

      Кенесары басын төмен иді.

      — Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.

      — Мейлің.

      Кенесары сол күні өзінің он екі қанат ақ ордасына Ағыбай, Наурызбай, Құдайменді батырлар мен Нысанбай жыршыны шақырып алып ұзақ кеңесті. Ертеңіне жанына үш батырды ертіп Қасым төреге келді.

      «Ташкентті шап» деп ашу үстінде айтып қалдым ба, егер Сыр, Шу, Сарысу бойының ер азаматтары ермесе, аз ғана Алтай, Тоқа, Алшын, Уақ руларының Ташкентті алуға күші жете ме деп, Қасым төре де ақ мамық төсегінің үстінде түні бойы кірпік қақпай дөңбекшіп шыққан. Кенесарылардың келгенін естіп, бүктүсіп жатқан жерінен басын көтерді.

      — Көке, — деді Кенесары әкесінің алдына тізесін бүгіп, басын иіп, — «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей біз ақылға салып, Ташкентті шабуға әлі ерте деп таптық.

      — Сонда не істемексіңдер?

      — Күз түспей Көкшетауға көшкенді жөн көрдік.

      Қасым «Көкшетауға неге көшесіңдер?» деп сұрамады. Басын шайқап үндемей ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:

      — Бөлтіріктерін қалдырған қасқырдың апанына аңшылар әрдайым қақпан құрады. Көкшетауда бізді күткен үлкен қатер бар, ол ара енді сендерге қоныс болмайды, — деді, — Арқаға көшкен жөн, онда да Ұлытауға… Үш жүздің қақ ортасы, бірі болмаса біріне иек артуға қолайлы.

      — Ұлытау — Бағаналы жері. Патшадан шен алған Сандыбайдың Ерден, Дүзені қоныс бермесе қайтеміз? Келмей жатып тағы да сойыл, шоқпар қақтығыстырамыз ба?

      — Иә, өзің бүлініп келе жатып, тыныш жатқан елге бүлік салсаң, сені жұрт бүйіден кем көрмейді, — Қасым ауыр күрсінді. — Сонда Абылайдың ақ туын көтерген Сарыарқадан енді бізге барар тау, басар жер қалмағаны ма?

      Үйге кіргеннен бері үндемей отырған Құдайменді батыр тізесін бүкті.

      — Сандыбай тұқымынан жақсылық күтуге болмайды, — деді ол. — Егер көшсе Терісаққан бойына, Қарақойын Қашырлыға көшкен жөн. Бізге ерген ой Алтай азаматтары болса, ол ара Жанайдар, Төлебай батырлар шыққан қыр Алтайының жері. Туыс туысты табады. Және Арғынның ардагер руы Абылай ханның ұрпағына бір қысқа қоныс беруі күмәнсіз. Ал жаз шыға Ұлытау төңірегінен орын тепкен келісімді. Сандыбайдың қос бөрісі Ерден, Дүзенінен Ұлытау, Кішітау маңын, Қаракеңгір, Сарыкеңгір бойын берсе қолынан, бермесе жолынан, алты қарыс азуларын көк құрышпен тілгілеп отырып тартып алу керек.

      — Бұл табылған ақыл, — деді Қасым, — Терісаққаннан Күнімжан келіннің төркін жұрты да алыс емес.

      — Онда Қарақойын Қашырлыға күні бұрын шабарман жіберіп хабарласқан жөн болар, — деді Кенесары.

      Қасым иек қақты.

      — Бұ да табылған ақыл.

      Қарақойын Қашырлыны жайлаған қыр Алтайы елімен сөйлесуге қос атпен Құдайменді батырдың өзі жүрмек болды. Қалған жұрт Ташкент құшбегінің қолынан қаза тапқан ұлдарының жетісін берісімен Арқаға қарай көшуді уәделесті. Ер азаматтар, шал-кемпір, бала-шаға туып өскен сар даласын сағынып-ақ қалған екен. Бұл хабарларды қуана мақұлдады. Кешеден бері елегізіп жүрген жастар енді белдерін бекем буып, ат құйрығын түйіп алыс сапарға дайындала бастады. Қорамсақтарынан екі қырлы өткір ұшты сауыт бұзар, төрт қырлы қозыжауырын жебелерін алып, тартылар жеріне жаңадан күшігеннің қойлық жүні, тазқараның тайлақ жүні деп аталатын күшіген мен тазқараның қауырсындарын қондырды. Ал кейбіреулері болат ұшты қос құлаш қайың найзаларының ұштарын өткір қайрап, ат құйрығынан жасалған шашақ тағып жатыр. Бағзы біреулер беліндегі сүйек сапты бұйда пышақтарын қылшылдата қайрап, бөтен қарулары болмағандықтан жуандығы білектей сай бойына біткен тапал қарағайдың түзулерін тауып алып, жұмыр түбірімен суырып, кеспелтек шоқпар жасауға кіріскен. Арқа жеріне қайткенмен де тыныштық болмайды дегендей жауға арналып жөнделген қару-жарақ, алыс жолға деп дайындалған ер-тоқым, жүген-құйысқан, мінер ат…

      Қаратау қойнауындағы ауыл біткен қаза болған сұлтандардың жетісін берісімен бірден көтерілді. Қайтқан қаздай тіркеліп, сыңсып көшіп бара жатқан жұрттың ту сыртынан қарап дөң басында Кенесары тұр. Бір тілегінің орындал- ғанына іштей қуанса да, алдымызда қандай күн бар деп қобалжығандай…

      Қалың ел екі аптадан кейін Бетпақдаланы көктей өтіп, Сарысудың құмға сіңіп жоқ болар етегіндегі Қызыл жыңғылда отырған Бәтеш ауылына жеткен кезде алдарынан Алтайдың жүрек жұтқан батыры, аталары Сеңгірбай, Жанұзақ Абылайдың үзеңгілес серіктері болған. Соңынан Жеке батыр атанған, Төлебай қарсы шықты. Қастарында ел билеуші екі-үш ақсақалы мен он шақты сойыл көтерген жігіттері бар. Астарындағы жұпыны аттары мен үстеріндегі елтірі тымақ, түйе шекпен, сірі етік, бұлардың кедей ауылдан екенін аңғартады. Төлебай батырдың да кигені бәлендей мәз емес, әйтсе де ол ерекше көзге түседі.

      Төлебай көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қою, қара мұрты құлағына дейін жеткен үлкен қара көзді, қара сұр адам. Тақымындағы бұзау тіс шоқпары да өзіндей шомбал, астындағы мінген қара көк аты да ұзақ шабысты, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы.

      Төлебай батыр Кенесары тобымен көштен ұрын кездесіп, Арқаға қайтқан ағайынды құшақ жая қарсы алатындарын білдірді.

      Көш қозғалғалы көңілі қобалжып келе жатқан Кенесарының енді еңсесі көтеріле бастады.

      



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет