Реферат Қазақ хандарының билігі Орындаған: Нұртөлеуов. С тексерген: Токишкадиров. Б қазақ хандарының билігі



Дата06.06.2023
өлшемі66,75 Kb.
#178321
түріРеферат
Байланысты:
Қазақ хандары
transcript-29421, Философия, ҚМЖ 2

Шәкәрім атындағы Семей университету КеаҚ
Реферат


Қазақ хандарының билігі

Орындаған:Нұртөлеуов.С


Тексерген:Токишкадиров.Б
Қазақ хандарының билігі
Болат сұлтанның ұлы Керей хан
(1465-1474)


Билік кезеңі.


Соңғы жылдары ғылыми айналымға енгізілген аңыз мәліметтері бойынша, Керей хан мен Жәнібек хан қол астындағы ру-тайпалармен 1457 жылдың күзінде Шу  өңіріне көшіп келген. Ал 1458 жылдың көктемінде Керейді хан етіп көтерді. Керей хан мен Жәнібек ханның бөлінуімен Көшпелі өзбектер мемлекетінде ыдырау процесі басталады. Әбілқайыр хандығына наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей хан мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. Керей хан мен Жәнібек сұлтанның арқасында Есен бұға ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 1461-62
жылы Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461-69 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан Керей хан Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры, 1469 жылы Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді. Керей хан тұсында негізі қаланған Қазақ-Моғолстан қатынасы 16 ғасырдың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болады. Әбілхайыр хан Керей хан мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 жылы жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Көп ұзамай Көшпелі өзбектер мемлекетінде билік үшін талас-тартыс басталып кетеді. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде Керей хан мен Жәнібектің есімдері аталса, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472-73жылдары, Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда Керей хан 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған. Аңыз бойынша, Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген.


Әз-Жәнібек хан
(1474-1480)


Басқару жүйесі


1456 жылы Дешті-Қыпшақта шайбандық Әбілхайыр хан билікті қолына алған соң, көшпенді халықтың Жәнібек пен Керей бастаған бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы өзендерінің аңғарында орын тепті. Моғолстан ханы өз қарсыластарымен болатын күресте көмектесер деген есеппен қазақ басшыларымен одақтас болды. Өзара қырқысулар мен соғыстардан жапа шеккен 200 мыңға жуық көшпенділер Жәнібек хан мен Керей ханның маңына топтасты, олардың билігінің күшеюі 1468 жылы Моғолстанға әскери жорық жасамақ болып, бірақ жол үстінде кенеттен қайтыс болған Әбілқайырға олар тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген ой салды.
Жәнібек хан қазіргі Шу стансасының солтүстік - шығыс жағындағы Хантауды қоныстанған.
Әбілқайыр хан өлімінен кейін хан тағы үшін болған өзара қырқысулар Дешті-Қыпшақта өрши түсті, оған туған жерге оралуды көздеп жүрген Жәнібек хан мен Керей хан да араласып кетті. Олар Әбілқайыр мұрагері Шейх-Хайдар ханменкескілескен шайқасқа түсті. Өз әміршілері тарапынан ешқандай көмек ала алмаған Шейх-Хайдар билік үшін күресте жеңіліске ұшырады. Бұдан кейін Дешті-Қыпшақтағы билік Орыс ханның тұқымдары — Жәнібек хан мен Керей ханның қолдарына өтті. Олар тағы да отыз жыл бойы шайбанилықтармен табан тіресе шайқасты.
Биліктің Орыс хан тұқымдарының қолына өтуі де «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгерткен жоқ. Дегенмен, бұл оқиға «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атының Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарай бастады. Билік үшін күрес Жәнібек хан мен оның үзеңгілестері қазақтардың бірігуі мен Қазақ хандығыныңқұрылуына үлес қосты.
15 ғасырдың орта шенінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Таласөзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды.
Жәнібек ханның Дешті-Қыпшаққа оралғаннан кейін билігін күшейткені туралы, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы деректер жоқ. Оның есімі тарихи деректерде соңғы рет 1473 жылыкездеседі. Бұдан кейінгі жылдары Керей хантуралы ғана айтылған. Жәнібек хан жиі болатын шайқастардың бірінде қаза тапқан деп болжауға болады. Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атаған.

Бұрындық хан


(1480-1511)

Басқару кезеңі




Керей ханның ұлы Бұрындық XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі процесіндегі маңызды оқиғаларға тікелей араласып, өз үлесін қосты және хандықты 40 жылдай басқарды.
Ержеткеннен билікке қолы жеткен ол қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы жолында үлкен еңбек сіңіреді, хандықтың батысында ноғай мырзаларымен, оңтүстігінде шайбанилық сұлтандармен ұзаққа созылған күресті бастан кешіреді. Билік құрған жылдарының алғашқы кезеңінде атақ-даңқы алысқа таралып, лаулап жанған оттай жарқыраса, билігінің соңғы кезеңінде барлық жинаған беделінен айырылып, бүкіл атақ-даңқы сөнген шоқтай бірте-бірте өшеді. Оның есімі XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандары — Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандардай халыққа кең танымал болмаса да, осы кезеңдегі Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Ахмет (Қожахмет), Тоғым, Шығай хандарға қарағанда жақсы таныс. Қазақ хандығының құрылғаннан кейінгі алғашқы саяси дамуы мен тарихи кезеңі тікелей Бұрындық ханның есімімен байланысты. Міне, сол себепті де біз, төменде Бұрындық ханның өмірі мен қазақ тарихындағы алатын орны туралы өз ойларымыз бен пікірлерімізді қалың оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Бұрындық хан — Шыңғыс ханның ұрпағы, оның үлкен ұлы Жошы ханнан таралады. Оның шығу тегін қысқаша былай көрсетуге болады: Шыңғыс хан — Жошы хан — Орда Ежен — Сартақтай — Қоныша — Баян хан — Сасыбұқа — Ерзен — Шымтай және Орыс хан. Төртінші атасы — Орыс хан. Орыс ханның XIV ғасырдың 60-70 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада билік құрғаны баршаға мәлім. Орыс ханнан жеті ұл болды. Үлкені — Тоқтақия. Ортағасырлық жазба дерек мәліметтерінде Тоқтақия Орыс хан­нан кейін таққа отырған. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмай, 2 айдан соң қайтыс бола­ды. 1426 жылы жазылған, авторы белгісіз «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты деректе Тоқтақияның алты ұлы болды делінеді. Ал XVI ғасыр басында жазылған «Тауарихи гузидай нусрат намада» Тоқтақияның үш ұл, үш қызы болған делінген. Болат — Тоқтақияның ұлдарының бірі, оның Дешті Қыпшақ тарихында қандай рөл атқарғаны белгісіз. Болаттың ұлы — Керей хан. Алғашқы қазақ ханы Ке­рей туысы Жәнібек ханмен бірге Қазақ хандығын құрғандығы баршаға мәлім.
Керей хан туралы өз кезегінде айтамыз. Біз қарастырып отырған — Бұрындық хан — Керей ханның үш ұлының үлкені. Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады.
Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі маңызды белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге бо­лады.
Бірінші кезеңге Қазақ хандығы құрылуының соңғы кезеңіндегі атқарған рөлі жатады, бұл шамамен 1469-1471 жылдарда болған;
Екінші кезеңге 1473-74 жылдардан XV ғасырдың 90 жылдарының ортасына дейінгі, яғни Қазақ хандығының батыста ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күресте атқарған рөлі жатады.
Үшінші кезеңге XV ғасырдың 90 жылдарының ортасынан XVI ғасырдың алғашқы он жылдығы ішіндегі Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар, Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі жатады.
Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіндегі оқиғаларға қатынасуы 1469-1472 жылдардағы оқиғаларда көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынадай оқиғалар болған еді. 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болады. Орнына екінші ұлы Шайх Хайдар таққа отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарих-и Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді. «Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісінде өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді». Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды. Қазақ хандығы тарапынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарих-и гузида-ий нусрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх-нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал ахиар» шығармаларының мәліметтері бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда Қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек ханның есімі ғана аталады. Ал Керей хан есімінің аталмауын, біз, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан, әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті жайт. Керейдің қашан қайтыс болғандығы жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан «Хан тауына» жерленіпті». Бұл аңызды ел ауызынан жинап, жариялаған — белгілі археолог Мадияр Елеуов. Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтеді. Ал Бұрындық болса ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүреді. Дәл осы жылдарда алғаш рет Бұрындық есімі «хан» деген лауазыммен жазба дерек мәліметіне енеді. Шайх-Хайдарға қарсы Қазақ хандығы тарапынан күресті басқарушы Жәнібек хан болса, ал оны іске асырушы Бұрындық болған. Бұл жөнінде дерек мәліметі: «Жәнібек хан адамдары ішінен Бұрындық хан өз ұлысын жиып, Әбілқайыр хан ұлдарына тарпа бас салды. Олардың қарсыласуға күштері келмей, жан-жаққа бытырай қашты. Бұрындық кейін қайтқан соң, олар қайта жиналып бас қосты» — деп баяндайды. Дерек мәліметінен көріп отырғанымыздай, Бұрындық Жәнібек хан тапсырмасын орындаушы, ал жорықтың мақсаты — Дешті Қыпшақтағы шайбанилық сұлтандардың билігін жою болған. Жорық біршама сәтті аяқталғанымен, негізгі түпкі мақсат орындалмаған секілді. Бұрындықтың кейін оралуымен, бас сауғалап қашқан Әбілқайыр ұлдары қайта жиналады. Соған қарамастан Бұрындықтың бұл жорығы оны тарихта қалдырды. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының құрылу кезеңіне, әсіресе оның соңғы кезеңіне өз үлесін қосады.
Бұрындық ханның қазақ тарихында аты жарқырап көрінген тұсы — XV ғасырдың 70-90 жылдары болды. Бұл жылдар Қазақ хандығы үшін күшею, нығаю жылдары және қазақ халқының этникалық территориясын біріктіру жолындағы күрес кезеңі еді. Кезеңнің ең басты оқиғаларына көрсетілген жылдар ішіндегі Қазақ хандығының Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер үшін алғашында Мауреннахрдағы темірлік билеушілермен, кейіннен шайбанилық сұлтандармен және Моғолстан хандарымен жүргізген күрестері жатты. Осы күрестер барысында тарих сахнасына қазақ хандарының екінші буыны өкілдері: Бұрындық, Қасым хандар шығып, қазақ мемлекеттілігінің одан әрі күшейіп, нығаюына өз үлестерін қосады.
Сыр өңірі үшін болған күрес жылдары Қазақ хандығын Бұрындық хан билеп тұрады. Жәнібек ханның қашан қайтыс бо­лып, Бұрындықтың қай жылдардан бастап билік құра бастағаны бізге белгісіз. Ол ту­ралы ешбір дерек жазбайды.
Тұрсын Сұлтановтың пікірі бойынша, Бұрындық хан 1473-74 жылдардан билік құра бастаған. Біз де осы пікірді жөн деп санаймыз, өйткені дәл осы жылдардан бастап Сыр бойы үшін күресте қазақ ханы ретінде Бұрындықтың есімі айтылып, Жәнібек хан ұлдарының бәрі «сұлтан» лауазымымен жазылады.
Сыр бойы деп отырғанымыз — Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер. XIV-XVI ғғ. жазба деректер өңірді Түркістан аймағы деп атайды. Аймақ — XI ғасырдан бері Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бөлігі және онымен бірге біртұтас шаруашылық, мәдени, этникалық, діни, тілдік кеңістікті құраған. Тек кейбір та­рихи кезеңдерде Сыр өңірі саяси жағынан Мауреннахрға уақытша қараған. Дешті Қыпшақ пен Мауреннахр билеушілері арасындағы XI-XV ғғ. қарым-қатынастың негізгі нысаны Түркістан аймағы болып саналады. Ойымыз дәлелді болуы үшін ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қыпшақ хандығы мен Хо­резм мемлекеті, ХІІІ ғасырдағы Орда Ежен ұлысы мен Шағатай ұлысы, Орыс хан мен Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір, Барақ хан мен Ұлықбек, Әбілқайыр хан мен Ақсақ Темір ұрпақтары арасындағы саяси қатынастарды айтсақ та жетіп жатыр. Саяси қатынастар Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де жалғасын тапты. Аймақ үшін күрестің басталуы Бұрындық ханның билігі тұсына сай келеді. Оның қазақ тарихында алатын рөлі де осы Сыр бойы үшін күресте көрініс береді.
Сыр бойы үшін жүргізілген күрестің себебін айттық, ал басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханның Мауреннахрдың қол астындағы Түркістан аймағындағы қалалардың біріне келіп, бекінуі жатады. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мауреннахрдағы Темір әулетінің билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш жоқ болатын. Сондықтан оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шибанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.
Қазақ хандығы Мауреннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңілген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылып қалу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлерінде Қазақ хандығының саяси билігі орнығады. Орны келгенде айта кету керек, бүкіл хандықтың әскерін Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жетті, бірақ деректерде атап өтілгендей, Жәнібек ханның ұлдары Қасым, Жиренше, Махмұд сұлтандар ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен алғанда, 1470 жылдардың ортасында өтеді.
Ал XV ғасырдың 80 жылдарында Мұхаммед Шайбани хан Мауреннахр билеушілеріне арқа сүйеп, аймаққа тағы да енеді де, солтүстік өңірдегі қалаларды басып ала бастайды. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан қашуға мәжбір болады. Ал Қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпалы мен әсері өсе бастайды. Олардың ұлыстарының аумағы кеңейіп, қалалар мен елді мекендер, жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.
XV ғасырдың 80-90 жылдары Мауреннахрда феодалдық бытыраңқылықтың одан әрі тереңдеуі Қазақ хандығына өте тиімді болды. Қазақ хандығының аумақта саяси-экономикалық ықпалының күшеюіне енді сол кездегі көршілес мемлекеттердің бірі — Моғолстан қарсылық білдіре бастайды. Моғол ханы Сұлтан Махмұт тікелей ашық соғысқа бара алмай, Шайбани ханды қазақтарға қарсы қолданады. Сұлтан Махмұт хан Мауреннахрдан аймақтың бір бөлігін тартып алып, онда Шайбани ханды билеуші етіп қояды. Деректерде, моғол ханының бұл ісіне қарсы Қазақ хандығы наразылық білдіреді және осыған байланысты екі жақ арасында екі рет ұрыс болады, екеуінде де қазақтар жеңіске жетті деп жазылады. Осы кездердегі сыртқы саясаттағы жеңістердің барлығында да Бұрындық ханның үлесі өте зор. Оның беделінің және атақ-даңқының әбден өскен кезі де осы тұс.
XV ғасырдың 90 жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Біздің ойымызша, қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдары ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқынын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде мауреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстар мен шайқастардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде Қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Мұхаммед Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.
Сонымен бірге Бұрындық хан кешегі қарсыласы Шайбани ханмен екеуара одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шибанилық екі сұлтанға ұзатады. Мұндай одақтастыққа қарсы Жәнібек хан ұлдары да Моғолстан ханымен жақындасып, оларға қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір-біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Көріп отырғанымыздай, Бұрындық ханның билігі тұсында, XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы жетекші саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ қалыптасқан жағдай Бұрындық ханға абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше, олардың бір-біріне қарсы тұруына себепкер боп, ол күштердің бірінде өзінің болуы — оның беделінің құлдырауының басы болды. Бұрындық хан өмірінің қайғылы жағы да осында еді.
XVI ғасырдың алғашқы он жылдығында Бұрындық хан өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген ірі күрделі оқиғалар болып етті. Ол оқиға тағы да Мұхаммед Шайбани хан есімімен байланысты еді. 1500 жылдың жазында Самарқан тағына келген шайбанилық сұлтан айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мауреннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алады. Шайбани моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахметті қолға түсіріп, бірақ босатып жібереді. Әбден күшейген Мұхаммед Шай­бани 1505 жылдан 1510 жылға дейінгі аралықта Қазақ хандығына қарсы төрт рет жорық ұйымдастырады. Жорықтардың алдына қойған саяси және экономикалық мақсаттарына: Қазақ хандығын бағындыру не әлсірету, Түркістан аймағын Мауреннахрға қосу жатты. Бұрындық хан дәл осы жорықтар кезінде үлкен қателіктер жіберді деп есептейміз. Оған дәлеліміз: Мұхаммед Шайбани ханның алғашқы үш жорығы кезінде Бұрындық хан оған қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары: Жаныш сұлтанның және Тыныш сұлтанның ұлыстарын ойрандап, мыңдаған мал-жанын олжалайды. Тіпті 1509 жыл­дын қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, оған қарсы ешқандай қарсылық көрсетпейді де, қашуға мәжбүр болады. Оның бұл іс-әрекеттері хан беделінің құлдырай бастағанын, оның атақ-абыройының түсе бастағанын көрсетеді.
Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ көп ұзамай бәрі керісінше болып шықты.
1510 жылдың қысында Мұхаммед Шайбани хан тағы да қазақтарға жорық жасайды. Бұл оның қазақтарға қарсы жасаған соңғы жорығы болды. Жорық бағыты Қасым сұлтан ұлысына қарсы бағытталады. Қасым ресми хан болмаса да, осы жылдары оның беделі Бұрындық ханнан күшті еді. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп жазады:
«…Бұл кезде Бұрындық ресми хан болып саналғанымен, хандықты басқару ісі және толық билік Қасым ханның қолында болды». Осы жорығында Шайбани хан Қасым ханнан тас-талқан боп жеңіледі. Қасым ханның жеңісі Дешті Қыпшаққа түгел тарап, оның атағын өсіреді.
Қасым ханның осы жеңісінен кейін Бұрындықтың тағдыры өте қайғылы жағдайда өтеді. Ол жөнінде тағы да Мұхаммед Хайдар Дулати: «…Қасым ханның атақ-абыройының өскендігі соншалық, ол Бұрындық ханды қуып жіберді», — деп баяндайды. Бұл шамамен алғанда, 1510 жылдың соңында немесе 1511 жылдың басында болады.
Осылайша, Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі оқиғаларға белсене араласып, одан кейінгі кезеңдерде хандықтың күшеюіне өз үлесін қосқан Бұрындық хан XVI ғасырдың алғашқы жылдарында үлкен, мемлекеттік дәрежеде көрегендік көрсете алмайды. Елдік мүддеден жеке, тар мүддеге көшу оның беделін түсіріп, атақ- абыройын жойды. Бұрындық ханның тағдыры әркімге де тарихи сабақ бола алады.
Енді бірер сөз Бұрындық ханның өмірінің соңғы кезеңі туралы. Тарихи дерек мәліметтерінде баяндалғанындай, Бұрындық хан Дешті Қыпшақтан кетіп, Самарқанға келеді. Қай жылдары екені белгісіз, сонда жүріп ол қайтыс болады. Ол Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленеді. Кейбір тарихшылар ешбір дерек мәліметіне негіздемей, Бұрындықтың соңғы өмірі жөнінде қисынсыз пікірлер айтады. Мысалы, А. П. Чулошников Қасым хан мен Бұрындық хан арасында ұрыс болды да, жеңілген Бұрындық өз Отанын тастап, Мауреннахрға кетті деген ойлар айтады. Сол сияқты, Бұрындық хан Самарқан жақта жоқшылықтан, кедейшіліктен қайтыс болды деп жазады. Мұндай пікірден кейін Бұрындық ханның өміріне қатысты мәліметтер беретін деректермен танысқанымызда, А. П. Чулошниковтың пікірлері дәлелденбеді.
XVI ғасыр басында жазылған «Хандар шежіресінде» Бұрындық ханның ұлдары жөнінде айтылады, бірақ олардың ешқайсысы Қазақстан аумағындағы саяси билікке келмейді. Соған қарағанда Бұрындық хан Қасым ханнан ығысып Хорезмге қарай жылжығанда, өзінің жақтастарымен, әсіресе, ұлдарымен бірге кеткен. Осылайша, Бұрындық ханға қатысты жоғарыда айтқан ойларымызды түйіндей келе, оның өмірі 40 жылдай Қазақ хандығының тарихымен тікелей байланысты болғандықтан, хандықтың құрылуы мен күшеюінде өзіндік рөлі, алатын орны, қосқан үлесі бар дейміз.


Қасым хан
(1511-1518)


Хан туралы мәлімет

Қасым хан туралы сөз қозғасақ, бір­ден ойымызға ешбір жазба деректерде кез­дес­пейтін, тек қана халық ауыз әдебиеті ар­қылы күні бүгінге дейін жеткен «Қасым хан­ның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөз тіркесі осыдан жарты мың жылдан астам уақыт бұ­рын өмір сүрген ірі тарихи тұлғаның ха­лық са­насында терең де тұрақты орын ал­ған­дығын көрсетеді.


Ортағасырлық жазба деректерде Қасым ханның жеке өмірбаянын то­лық баян­дайтын мәліметтер жоқ, тек оның сұл­тандық және хандық кезең­дер­індегі өмірінен қысқа-қысқа мәлі­меттер кездеседі. Олар­дың қатарына Әбілғазының, Қа­дыр­­ғали Жалайырдың, Бабырдың, Бинай мен Шәдидің, Махмуд бен Уәлидің, Хайдар Разидың, Гаффаридың, Абдаллах Балхидың, Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың ең­бектері жатады.
Қасым хан – ХІV ғасырдағы Ақ Орданың ханы Орыс(Арыс) ханның тікелей ұрпағы. «Орыс ханның жеті ұлының бірі – Қойыршақ. Қойыршақтан Барақ хан, Барақтан – үш ұл: Мір-Сайд, Мір-Қасым және Әбу Сайд дүниеге келеді». «Әбу Сайдты – Жәнібек хан деп атай­ды» деп жазылады дерек мәліметінде. «Жәнібек ханнан – Иренші(Жиренше), Махмуд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Өснак (Осак,Ұзақ), Жадық атты тоғыз ұл таралады».
Қасым ханның аталарының бәрі өздері өмір сүрген жылдарында Дешті Қыпшақта хандық билік құрған. Орыс хан 1361-1376/1377 жылдары Ақ Ордада хан болғаны белгілі. Оның ұлы Қойыршақ ХІV ғасыр соңында аз уақыт Жошы ұлысында хан болады. Ол туралы Хайдар Рази: «Қойыршақ оғлан – Орыс ханның ұлы. Ол да Темірдің көмегімен ұлысы мен елін биледі. Біршама уақыттан кейін қайтыс болды» деп құнды мәлімет береді. Гаффарида Қойыршақ оғланның Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жа­са­ған екінші жорығына қатысқаны, Тоқтамыс хан жеңілгеннен кейін, Ақсақ Темір оған Жошы ұлысының билігін тап­сыр­ғаны және оны Еділ бойынан Дештіге жібергені туралы айтылады. Қадырғали Жалайыр еңбегінде Қойыршақ «хан» деген лауазым­мен кездеседі.
Қасым ханның атасы «Барақ хан 1420/1421 жылы Мауереннахр билеушісі Ұлығ­бектен көмек алып, Алтын Орда тағы үшін күреседі. 1424/1425 жылы ол Ұлығ-Мұхаммедті жеңіп, Алтын Орда тағына келеді. 1428 жылы қайтыс болған». Замандастары Барақ ханды «жеңімпаз батыр, алып болған» десе, Алтын Орда тағына үміткерлер ішіндегі «күшті бура» деп санаған.
Қасым ханның әкесі Жәнібек хан – оны «Кіші Жәнібек хан» деп ата­ған. Жәнібек ханның ХV ғасыр ортасында Қазақ ханды­ғы­ның негізін қалаушыларының бірі бол­ға­нын және Керей ханнан кейін Қазақ хан­дығын билегенін дерек мәліметтері дә­лелдейді.
Жәнібек ханның 9 ұлының екеуі: Қасым хан мен Қамбар сұлтан бір анадан, Жаған бикеден туады. Қасым ханның туған жылы анық белгілі емес. Бірақ оның туған жылын шамалап көрсетуге Мұхаммед Хайдар мырза Дулати мәліметі мүмкіндік береді. Ол 1513 жылы Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан ордасына келгенін айта келе, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын» деп жазады. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-де болған деп есептесек, онда ол 1445-1446 жылдары дүниеге келген болады. Т.И.Сұлтанов Қасым ханды 1445 жылдар шамасында туған деп санайды. Біз осы мәліметті негізге ала отыра, биыл, яғни 2021 жылы Қасым ханға 575 жыл толып отыр деп санаймыз.
Қасым ханның өміріне байланысты мәліметтер 1470-ші жылдарға дейін, яғни Қазақ хандығының күшею кезеңіне дейін ешбір дерек мәліметтерінде кездеспейді. ХV ғасырдың 70-ші жылдарының бірін­ші жартысында Шайбани ханның маң­ғыт мырзаларымен одақтасып, Қазақ ха­н­д­ығына қарсы күресін баяндайтын де­ректерде алғаш рет Қасым сұлтан есімі аталады. «Шайбани-нама» авторы осы жылдардағы Қасым ханның өмірі туралы: «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүр және белгілі сұлтанның бірі» деп сипаттама береді.
Қасым хан өмірінің сұлтандық дәуірі – 1511 жылға дейін Қазақ хандығының күшеюі мен Сыр бойы үшін жүргізілген күрестер жылдарында өтеді. Бұл кез­дер­дегі оқиғаларға Қасым сұлтан тіке­лей қатынасып, үлкен рөл атқарады. Кү­рес­тің алғашқы кезеңдерінде ол қа­зақ әскерлерінің қолбасшысы болып, үнемі Бұрындық хан қасында болады, «Бұрындық ханға бағынып, оны тыңдайды». Осыған байланысты Қазақ хандығының XV ғасырдың соңғы 30 жыл ішіндегі Түркістан аймағы үшін жүргізген кү­рес­теріне қысқаша тоқтала кетсек. Өйт­кені қазақ әскерінің осы жылдардағы же­ңіс­терінде Қасым сұлтанның тікелей қа­тысы бар.
Қасым ханның атақ-даңқының өсуі ХVІ ғасыр басында, Мұхаммед Шайбани ханның 1505-1510 жылдары Қазақ хан­ды­ғына жасаған жорықтары кезінде кө­рі­неді. Шайбани ханның соңғы жорығы қарсаңында Қасым хан ресми түрде хан болмаса да «оның күшінің өскендігі соншалық, Бұрындық хан туралы ешкім ой­ламайды» және «хандықты басқару мен хандықтағы бүкіл билікті өз қолына ала­ды».
Бір жарым ғасырдай Орта Азияны би­леген Ақсақ Темір ұрпақтарынан сая­си билікті аз уақыт ішінде тартып алған Мұхаммед Шайбани хан әскерін 1510 жылы Қасым ханның тас-талқан етіп жеңуі, оның беделін бүкіл Дешті Қып­шақ­та өсіре түседі. 1511 жылы Бұрындық хан Мауереннахрға кеткеннен кейін, Қасым хан­дық билікке жеке өзі отырады.
Қасым ханның билікке келуі Қазақ хан­дығының оңтүстіктегі негізгі қарсы­ла­сы Мауереннахрдың саяси өмірін­де күрт өзгерістермен қатар жүреді. Ол өз­ге­рістерге – Шайбани ханның 1510 жыл­­дың күзінде қаза табуы, Бабырдың Иран­­дағы сефевилік әулеттің негізін қа­лаушы Исмайл шахтың көмегімен Самар­қанды алып, Мауереннахрда 6-7 ай билік құруы және 1512 жылдың көк­те­мін­де шибанилық сұлтандардың бірігіп Мауереннахр аумағынан Бабырды қууы мен шибанилық сұлтандар билігінің Ма­у­е­рен­­нахрда қайта орнауы жатты. Сон­дай-ақ Қазақ хандығының оңтүстік-шы­ғы­сында шағатайлық Сұлтан Сайд хан осы жылдары Мауереннахрдағы сая­си жағдайды пайдаланып, Моғолстанда шағатайлық әулеттің билігін қайта орна­ту­ға ұмтылады. Осындай қалыптас­қан күр­делі саяси жағ­дайда Қазақ хандығын бас­қарып отыр­ған Қасым ханға ұтымды сырт­қы сая­сат жүргізуге тура келеді. Қасым хан­ның шебер дипломатиялық қа­сие­ті осы тұс­та байқалады. Бәрі түсінік­ті болуы үшін Мауереннахрдағы саяси жағдайдан бастайық.
1510 жылдың қысыңда Қасым ханның Шайбани хан әскерін талқандауының бір салдары Шайбани ханның 1510 жыл­дың күзінде қаза табуына алып келді. Шай­ба­ни хан өлімінен ке­йін шибанилық сұл­тандар арасында бір­­ден бірлік орнай қоймады. Мұндай жағдайды тез түсінген Бабыр Кабулдан шығып, Мауереннахрға аттанады. Исмаил шахтың көмегімен ол 1511 жылдың күзінде Мауереннахрда 6-7 айға созылған билігін орнатады. Мауереннахр қалалары мен оған тәуелді аймақтарға Бабыр өз адамда­рын әкім етіп тағайындайды. Мы­са­лы, Мауереннахрдың Түркістандағы иелігі Сайрам қаласында Қатта бекті, ал Ташкентке оның ағасы Мір-Ахмед Қасымды отырғызады.
1512 жылдың көктемінде шибанилық сұлтандар біріге отырып, Бабырды Ма­уе­реннахрдан қуады. Ол Хисарға кетіп, сол жақта Үнді жерін жаулауға кіріседі. Бабырдың Мауереннахр қалалары мен аймақтарындағы тағайындаған әкім­де­рі­нің бірі билеушімен бірге кетсе, бірі шибанилықтарға беріледі, ал кейбіреулері шибанилықтарға қарсылық көрсетеді. Ташкент пен Сайрамдағы билеушілер үшіншілер қатарына жатады. Шибанилар әскері Ташкентті қоршауға алғанда, қала әкімі Мір-Ахмед Қасым бір түнде қоршауды бұзып өтіп, Бабырға барып қосылады. Ал оның Сайрамдағы інісі Қатта бек 1512-1513 жылдың ерте көк­темінде Жетісудағы Қара-Тал деген қыстауынан жайлауға көшуге дайын­да­лып жатқан Қасым ханға адамдар жіберіп, оның қалаға келуін өтінеді және қала кілтін ұсынады. Қасым хан бұл өтінішті қабыл алып, Ианги қаласы бағы­тын­­да жүреді де, Сайрамға келеді.
Сайрам әкімі қаланы Қасым ханға бере отырып, оны Ташкентке жорыққа шығуға көндіреді. Бұл кезде Ташкент шибанилық Сүйініш қожа ханның қолына көшкен еді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати «Қасым хан көп әскермен Ташкентке аттанды» деп баяндайды.
Қасым ханның Ташкентке жорыққа шығуына Қатта бек ұсынысы тек түрткі ғана болады, ал оның арғы жағында бірнеше себебі бар. Қасым хан Таш­кент­ті алу арқылы, біріншіден, Қазақ хандығының билігін Моғолстанның оты­рықшы аймағына таратпақ болды. Екіншіден, қайтадан күшейе бастаған ши­банилық сұлтандардың күшін әлсі­ре­туді ойластырады. Үшінші себепке, Ташкентті алу арқылы алғаш рет то­лы­ғымен қосылып отырған Түркістан ай­ма­ғының оңтүстік шекарасын нығайту керек болды. Осындай себептермен Қазақ ханының әскері Ташкентке аттанды. Бірақ Қасым хан Ташкентті ала алмай, Сайрам өңіріне қайта оралады.
Қасым ханның 1513 жылғы көктем айындағы Ташкентке жорығы сәтсіз бол­ға­нымен, оның Қазақ хандығының саяси жағдайына тигізген әсері онша болмады. Осы жылдары Қазақ хандығы Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдағы бірден бір күшті мемлекеттердің бірі болып қала берді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати «дәл осы жылдары Қасым ханда 300 мың әскері болды» деп жазады.
Ташкент түбіндегі оқиғадан кейін, арада 3-4 ай өткенде шибанилық сұлтандарға қарсы бірігіп күресу үшін Қасым хан ордасына Сұлтан Сайд хан келеді. Бұл тура­лы «Тарих-и Рашидиде» өте жақсы баяндалады. Автордың осы баяндауындағы мәліметтерден Қасым ханның Қазақ хан­дығындағы беделінің зор болғандығы көрінеді. «Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы алуға шыға алмады. Қалған сұлтандарға, ішінде бірнешеуі: Жаныш хан, Таныш хан (деректе Биниш хан – автор), Мамаш хан, Жан Хайдар сұлтан, Қарыш сұлтан және басқалары 50-60 жаста болды, жалпы саны Жошы ұрпағының 30-40 сұлтанына ханды қарсы алуға бұйырды» деп жазады «Тарих-и Рашиди» авторы.
Қасым ханның төңірегінде осыншама сұлтанның жиналып, оның бұйрығына көнуі, біріншіден, басқа да авторлардың айтқанындай, оның билігінің Дешті Қыпшаққа кең тарағанын көрсетсе, екін­ші­ден, Қасым хан тұсында Қазақ хан­ды­ғының ішкі саяси жағдайы тұрақты болғандығын көрсетеді.
Қазақ хандығы өзінің Сыр бойындағы иеліктерін сақтай отыра, оңтүстікте Мауе­­рен­нахрмен Ташкент өңірінде шек­те­седі. Түркістан аймағы XVI ғасыр­дың бірінші ширегінің соңына дейін Дешті Қыпшақпен бірге біртұтас саяси, экономикалық, эт­никалық, мәдени ке­ңіс­тік құрайды. Жетісудың, Сырдария өзе­нінің орта ағысы бойының Қазақ хан­­дығы құрамына енуі қазақ халқының этни­калық аумағын біріктірудегі үлкен же­ңіс болды.
XVI ғасырдың 20-шы жылдарына таман Қасым хан басқарып отырған Қазақ хандығы батыс бағытта да нәти­же­лі сыртқы саясат жүргізеді. Орыс тіліндегі дерек мәліметтерінде және қа­зақ халқының тарихи жырларында 1519 жылы Қазақ хандығы Еділдің сол жа­ға­лауындағы өңірлерге де билігін та­ратқандығы, Еділ-Жайық аралығы қа­зақ тайпаларының көшіп-қонатын же­ріне айналғандығы туралы айтылады. Осы кездерде Қазақ хандығы Қы­рым, Астрахан хандықтарымен қа­рым-қатынастар орнатады. Қасым хан Сарайшық қаласын саяси орталық етеді. Осылайша, Қазақ хандығы XVI ғасырдың бірінші ширегінде Қасым ханның билігі тұсында бұрынғы Жошы және Шағатай ұлыстары аумағындағы ең күшті мемлекетке айналады. Қазақ хандығының күшеюі барысындағы Қасым ханның рөлін сол кездегі тарихшылардың өздері де түсініп, ол туралы әртүрлі мәлі­меттер береді.
Қасым хан туралы Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра ал­маса керек. Оның әскерінде 300 мың­ға жуық адам бар еді» деп жазса, Мұ­хам­мед Хайдар мырза Дулати: «Ол Дешті Қыпшаққа билігін таратты. Оның әскерінде миллионнан аса адам болды. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл осындай күшті хан болған жоқ» деп мәлімет береді. Қадырғали Жалайыр: «Олардың арасында (Жәнібек хан ұлдары арасында – автор) аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты. Оның хикаялары әр жерде кездеседі, көпке мәлім-мәшһүр» дейді. Махмуд бен Уәли болса, «Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды» деп баян­дайды. «1515/1516 жылы Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның әскерінің саны миллионға дейін жетті», дейді се­февилік шығарма авторы Хайдари Рази. Ал Гаффари болса, «Қасым хан ....Дештінің ханы болды. Онымен және Шейбак хан (Шайбани хан –автор) арасында қақтығыстар болып, 1509/1510 жылы Шейбак хан оған қарсы аттанады, бірақ жеңіліс тапты» деп жазады.
Қасым хан тұсындағы Қазақ хан­ды­ғы­ның күшеюі шығыс авторларынан басқа Мәскеу патшалығына және сол арқылы Батыс Еуропа елдеріне белгілі болады. XVI ғасырдың 70-ші жылдарында құрастырылған патша архивінің тізімінде былай делінеді: «38-ші жәшік. Онда Қасым хан тұсындағы қазақтар тура­лы кітаптар мен қағаздар бар». Өкінішке қарай, бұл қағаздар бізге дейін жеткен жоқ.
XVI ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақ хандығы батыста Астрахань хандығымен шектесіп, Қырым хандығына елшіліктер жібереді. Бұрынғы Жошы ұлысының аумағында Қазақ хандығының күшеюі, Алтын Орда езгісінен енді-енді құтылған, бірақ оның салдары әлі де болса Мәскеу билеушілерінің жадында сақталғандықтан өте қорқынышты еді. Сондықтан да Мәскеуде Қасым хан туралы, Қазақ хандығы және қазақтар туралы мәліметтер арнайы жинақтала бас­таса керек.
Итальяндық әдебиетші Иовий 1525 жылы Орыс мемлекеті туралы кітап жазған. (Ол мәліметтерді Рим папасы VII Климентке келген Мәскеу князі Василий Ивановичтің елшісі Дмитрий Герасимовтен алады) Московияның шығысындағы көршілерді жалпылама атаумен «татарлар» деп, «олардың аумағы Қытайға дейін созылып жатыр» деп жазады. Ал 1519 және 1526 жылдары Мәскеуде екі рет болған Аустрия елшісі Сигизмунд Герберштейн: «Волга бойындағы бұл патшалық / Қазан хандығын айтып отыр. – автор/ оңтүстікте және шығыста далалық ай­мақ­пен шектеседі. Шығыста олар шай­­банилық және қазақ деп аталатын татар­лармен араласып тұрады», деп мә­лім­дей­ді.
Қазақ хандығының Қасым хан тұсында Мауереннахрмен саяси қарым-қатынасының табысты болуы хандықтың оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыт­та­рын­д­ағы аумағын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар батыс бағытта да жемісті саяси қарым-қатынастар жүргізуіне мүмкіндіктер береді.
Қасым ханның қай жылы қайтыс болғандығын шығыс жазба деректері әр түрлі көрсетеді. Мұхаммед Хайдар мырза Дулати мен Хайдар Рази 1518/1519 жылды көрсетсе, Гаффари, Мунаджим-баши және тағы басқа авторлар 1523/1524 жылы қайтыс болған деп жазады. Қасым ханның нақты қай жылы және қай айда қайтыс болғандығын анықтауға орыс тіліндегі дерек мәліметтері көп жәрдем береді.
1519 жылы Қазақ хандығының шекарасы Еділге дейін жетіп, Астрахань хандығымен шектескенде, осы хандық­та Занко Зудов деген рязаньдық 1520/1521 жылдың қыс айларында 3-4 ай тұтқын­да болады. Қазақ хандығындағы оқиға­лар­дың бірталайын З.Зудов тұтқында жүріп естиді. 1521 жылдың сәуірінде оның III Ва­си­лийге жіберген хабарламасында «осы жылы қыста қазақ патшасы қайтыс болды» деп жазады.

Хақназар хан


(1538-1580)
1523 жылы Тахир хан ноғайлардан біржолата жеңіліп, қазақ даласының батысын тастап, оңтүстік-шығысқа кеткен соң Қазақ хандығы үшке бөлініп, сыртқы жаулардан әркім өз білгенінше қорғана бастады. Оларды басқарған Қожа Ахмет хан да, Мамаш хан да, Бұйдаш хан да елді біріктіре алмай, сыртқы жаулармен күресте құрбан болды.
Осы уақытта әкесі Қасым ханның «қасқа жолын ұстанған» Хақназар хан тарих сахнасына шықты. Ол Қасым ханның Ханық сұлтан-ханым атты әйелінен туған еді. Жасөспірім жасқа жеткенде Хақназар әпкесімен бірге Ноғай Ордасына барып, солардың арасында ержетті. Хақназар қазаққа да, ноғайға да жақын хан тұқымына айналды. Ноғайлар оны Хақназар сұлтан десе, қазақтар Ақназар хан дейтін.
Ноғай мырзаларымен бірігіп Шейх Мамай Қазақ хандығын талқандаған соң оның тағына өздері тәрбиелеген Хақназар сұлтанды 1538 жылы ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Құрылтайға жиналған ноғай мырзалары қазақты біржолата бағындырудың басты жолы олардың өздері мойындаған әрі ноғай ықпалында жүрген атақты Қасым ханның баласын таққа отырғызу деп ойлады.
Бұрын қазақ пен ноғайға бірдей хан болған атақты Қасым ханды ноғайдың қалың жұрты да аса құрметтейтін еді. Осылайша әкесі тәрізді қазақ-ноғай ханы атанған Хақназар қасиетті әке жолын жалғастыру мүмкіндігіне қол жеткізгендей болды. Алайда шынайы билік оның қолында емес еді. Қазақ даласына хан болу үшін оған әлі оның орталық және шығыс аймақтарындағы сұлтандарға өзін мойындату керек еді. Ал мұндай толық билікке Хақназардың қолы 1559-1560 жылдары ғана жетті.
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580 жж.) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді.
Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.
ХVІ ғасырдың 60 жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы Қазақ хандығына өтті. Бұл кезде батыста күшейе түскен Орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Енді шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан Орыс мемлекеті шегарасын Қазақ хандығына жақындата түсті.
Енді Хақназардың хандығы шығыста Ертіс бойынан батыстағы Ембіге дейін, ал оңтүстікте Сыр бойынан солтүстіктегі башқұрттар аймағына дейін созылып жатты.
1563 жылы Қазақ хандығының күшеюінен қатты қорыққан сібірлік Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай қиын уақытта Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті.
Шайбандық сұлтандар арасындағы өзара тартыстарды пайдаланған Хақназар шебер дипломатиялық жолдармен Абдолланы уақытша болса да өзінің жағына тарта білді. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауренахрдағы шайбанилық Бұхара ханы Абдаллах және қазақ ханы Хақназар «қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде одақтық келісімшарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жақсарды. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы күшейе түсті. Хақназар хан Бұхара ханы Абдаллах ташкенттік Баба сұлтанға қарсы күресте қолдап, соңғыны өлтіруге әрекеттер жасады. Осыны сезген және бұрыннан өшіккен Баба сұлтан жедел қимылдап, Хақназар ханның жасағына тұтқиылдан бас салып, ханның өзін де өлтірді.
Хақназар хан қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес.
Тезистер

  • 1523 жылы Тахир хан ноғайлардан біржолата жеңіліп, қазақ даласының батысын тастап, оңтүстік-шығысқа кеткен соң Қазақ хандығы үшке бөлініп, сыртқы жаулардан әркім өз білгенінше қорғана бастады.

  • Осы уақытта әкесі атақты Қасым ханның «қасқа жолын ұстанған» Хақназар хан тарих сахнасына шықты.

  • Ол Қасым ханның Ханық сұлтан-ханым атты әйелінен туған еді.

  • Хақназар қазаққа да, ноғайға да жақын хан тұқымына айналды. Ноғайлар оны Хақназар сұлтан десе, қазақтар Ақназар хан дейтін.

  • Ноғай мырзаларымен бірігіп Шейх Мамай Қазақ хандығын талқандаған соң оның тағына өздері тәрбиелеген Хақназар сұлтанды 1538 жылы ақ киізге отырғызып, хан көтерді.

  • Қазақ даласына хан болу үшін толық билікке Хақназардың қолы 1559-1560 жылдары ғана жетті.

  • Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580 жж.) өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді.

  • Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады.

  • Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.

  • ХVІ ғасырдың 60 жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті.

  • Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті.

  • Қазақ хандығының иеліктері шығыста Ертіс бойынан батыстағы Ембіге дейін, ал оңтүстікте Сыр бойынан солтүстіктегі башқұрт еліне дейін созылып жатты.

  • Аса қиын уақытта Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті.

  • Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауренахрдағы шайбанилық Бұхара ханы Абдаллах және қазақ ханы Хақназар «қастаспай дос болып, өзара көмектесу» жөнінде одақтық келісімшарт жасасты.

  • Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жақсарды. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды.

  • Хақназар хан Бұхара ханы Абдаллахты ташкенттік Баба сұлтанға қарсы күресте қолдайды, бұрыннан өшіккен Баба сұлтан Хақназар ханның жасағына тұтқиылдан бас салып, ханның өзін өлтірді.

  • Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес.

Тәуекел хан


(1582-1598)


XVI ғасырдың 90-жылдарынан XVII ғасырдың басына дейінгі Қазақ хандығының тарихы Шығайдың Абдаллахқа өтіп кетуі, Тәуекелдің одан қалуы, қазақ сұлтандары қатысқан 1588-жылғы Ташкент көтерілісі, 1594-1595 жылдардағы Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Самарқандты басып алған кездегі соғыс оқиғалары сияқты деректермен белгілі. Бұл аймақтардың Қазақ хандығы құрамына қосылуының тарихи маңызы зор болды, бір тарихи кезеңнің екіншісімен алмасуын көрсетті. Бұл оқиғалар тек қазақ хандығына ғана емес, шайбанилік мемлекеттерге де елеулі ықпал жасады, өйткені Орта Азиядағы әулеттер ауысуының солармен тікелей байланысы болды.
1582 жылы Шығай хан өлгеннен кейін Тәуекел хан болды. Абдаллахқа вассалдық тәуелділік оның кезінде де сақталып қалды. Бірақ 1582 жылдың бас кезінде-ақ «Әндіжан мен Ферғанаға жорықтан қайтып келе жатқанда Тәуекел өзіне ханның теріс ниетінен күдіктеніп, оны тастап, өзінің Дешті Қыпшағына кетіп қалды» делінген дерек те бар.

Тәуекелді осындай қадам жасауға итермелеген себептер деректемелерде түсіндірілгенімен бірсыпыра пікір айтуға болады.

... Тәуекел Сыр өңірінің қалалары үшін күресті бастап, 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдаллах ханның әскерлері оңтүстікте шоғырланғанын біліп, Тәуекел Мауараннахрдың солтүстік аймақтарына шабуылдайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, тіпті Самарқанд сияқты қалаларды талқандады, Тәуекел шайқасқа түспей, асығыс шегініп кетті. Сөйтіп, Тәуекелдің Ташкентті алуға жасаған алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды.
Ташкент өңірінде болған 1588 жылғы көтеріліс сол кезіндегі қазақ халқы тарихындағы маңызды оқиғалар қатарына жатады. Ол жөнінде Хафиз Тыныштың «Шараф-наме – ий шахи» және Мукимидің «Зафар - наме» деген еңбектерінде қызықты мәліметтер мен жағдаяттар келтірілген. Ташкент көтерілісіне зерттеушілер осы кезге дейін назар аудармай келді, ал ол Орта Азия – Қазақстан аймағындағы тарихтың дамуына едәуір дәрежеде ықпал еткен еді.
Сол кезде қазақ сұлтандары Сауран билеушісі Ишанкелді аутаршы мен Наурыз би құсшының өздеріне қакүнемдік жасауға дайындалып жатқанын біліп, өзбек әскеріне қарсы аттанды. Алайда бұл күресте Ишанкелді би жеңіп, қазақ сұлтандары мен бүлікші әмірлері жеңіліс тапты. Үш айға жуық уақытқа созылып, әскери бүлік сипатында болған көтеріліс осылай аяқталды. Көтеріліске бүлікші әмірлермен және қазақ сұлтандарымен қатар көшпелі тайпалар да қатысты. 1588 жылғы оқиғалар содан кейінгі 1598-1599 жылдардағы оқиғалардың, атап айтқанда, Шайбани әулетін Аштархани әулетінің алмастыруы сияқты елеулі оқиғаның алғы шарты болды.

Сонау 1585 жылы-ақ Абдаллахқа дербес қарсы шыққан Тәуекел бұл көтеріліске қатысқан жоқ. Ол жеңген жағдайда өзіне айтарлықтай пайда келтіретін болса да, басқа қазақ сұлтандары жүргізген бұл күреске қосылмады. Тәуекел 1582 жылдың аяғында Абдаллахтан кеткеннен кейін оның жоғарғы билік үшін ұзақ уақыт табан тіресе күресуіне тура келді. 1596 жылы оның хан атағы болғанымен, алайда ол осы заңды негізге алмаған еді. Тәуекелдің сол жылғы Ташкентті шабуын суреттей келіп, Ескендір Мұңшының өзі де «өзіне хан атағын алған қазақ Тәуекел сұлтан сансыз көп әскермен Ташкентке жақындап келді» деп хабарлайды. Бұдан Тәуекелдің хан жағдайын 1586 және 1594 жылдар арасында жүргізілген ұзақ та табанды күрес нәтижесінде жеңіп алғаны, оның содан кейін Мәскеумен қатынастар жасау кезінде нағыз хан ретінде әрекет еткені анық болады.
1594 жылы Тәуекел өзін бодандығына қабылдауды өтініп, Федор патшаға Құл-Мұхамедті елші етіп жіберді.
Қазақ елшілері орыс патшасына Қазақ хандығының жайы туралы бірқатар қызықты мәліметтер жеткізді. Мәселен, Құл-Мұхамед былай деп хабарлаған: «Ал қазір Бұхара патшасымен уақытша татумыз, ал ноғайлармен бауырлардай татумыз, Тинехматтың балаларымен де, ұрыс тұқымымен де ала-бөтен емеспіз». Бұл елшілік туралы істе Тәуекел хан «қазақ және қалмақ патшасы» деп те аталған, бұдан оған Орталық және Солтүстік Қазақсстанды мекендеген қазақтарға жақын көшіп-қонып жүрген кейбір жоңғар рулары бағынған деген қорытынды жасауға болады.
Сонымен қазақ елшілігінің алдында Ораз-Мұхаммедті қайтаруға қол жеткізу және Абдаллахқа қарсы күресте Мәскеудің көмегіне уәдесін алу міндеттері қойылды. 
1595 жылғы наурыз айында елшіге патшаның жауап грамотасы тапсырылды, онда Тәуекелге қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына» алатынын хабарлаған және «патша мен ханзадаларға оқ ататын қару» жіберуге уәде етеді де, одан әрі мынадай тілек айтады: Тәуекел «біздің патшалық қол астымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұхара патшасымен және бізге опасыздық жасаған сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар».
Тәуекелдің елшілері Мәскеуге Иран шахы Абдаллахқа қарсы бірлесіп күресуі туралы келісімге қол жеткізу үшін Иран елшісін өздерімен бірге Тәуекелге жіберуін сұрады. Елшілердің өтініші орындалды.

Құл-Мұхаммед елшілігіне жауап ретінде 1595 жылдың наурыз айында Мәскеуден Тәуекел ханға тілмаш Вельямин Степанов жіберілді.
Сонымен, қалыптасқан жағдайда қамқорлық туралы мәселе жөнінде келісімге келу мүмкін болмай шыққанымен, дипломатиялық қатынастар, сондай-ақ сауда байланыстары XVI ғасырдың кейінгі жылдарында да жалғаса берді. Қазақ-орыс дипломатиялық қатынастарының дамуы керуен саудасының одан әрі кеңеюіне жағдай жасады. Қазақтар рынокқа өз тауарларын: малын, мал өнімдерін және т.б. апарып отырды. Ресейден Орта Азия мен Сібірге апаратын жол Қазақ хандығының аумағы арқылы өтті. Тобыл қаласынан Орта Азияға апаратын сауда жолы Ертіс өзені арқылы Есіл өзенінің бас жағына қарай, ал ол жақтан Ұлытауды айналып өтіп, Сарысу арқылы Түркістанға дейін, сонан соң Сырдария өзені арқылы Бұхараға өтетін еді.
1598 жылы Тәуекел Шайбани ұрпақтарының мемлекетіне жаңа шапқыншылық жасайды. Абдаллах хан Тәуекелді өзіне лайықты қарсылас деп санамай, оған қарсы шекаралас өңірлер сұлтандарының, әмірлерінің әскерлері мен өз әскерінің бір бөлігін жіберген. Ташкент пен Самарқанд арасындағы бір жерде шайқас болған. Абдаллах әскері ауыр жеңіліске ұшырайды. Абдаллах өлгеннен кейін хандық саяси дағдарыс кезеңіне енді.

Сөйтіп Тәуекел аз уақыт ішінде Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы алды.
1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылһұмин хан болды. Иран шахы аббас оған жаулық ойлады. Осыны пайдаланған Тәуекел ханшапқыншылық соғыс қозғап, жүз мыңнан астам қазақ әскерімен Мауараннахрға басып кіріп, Ахси, Әндижан, Ташкент, Самарқанд қалаларын басып алды. Тәуекел хан өзінің туысы Есім сұлтанды 20 мыңдай әскермен Самарқанда қалдырып, өзі 70-80 мың әскерімен Бұхараны алуға аттанды. Қазақ әскерлері Бұхараны 20 күн қоршады. Қала бекінісі түбіндегі бір шайқаста Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды.
Есім хан
(1598-1628)
Тәуекелдің інісі Есім қазақтың көп санды әскерін басқарған, Ташкент, Түркістан аймағын билеген көрнекті сұлтан болды. Cондықтан қазақ әскері мен сұлтандардың көпшілігі Есімнің хан болуын қалаған. 17 ғасырдың алғашқы кезінде Қазақ хандығын екі хан билеп, елде саяси бытыраңқылық орын алды. Тәуекелдің інісі Есім хандық билікті алған тұста, Тұрсын Мұхаммед сұлтан 1613-1614 жылдар шамасында өзін хан етіп жариялады. Есім ханның астанасы – Түркістан болды, ал Тұрсын Ташкент қаласында өзін тәуелсіз хан деп жариялады. Есім хан Бұхар ханымен бітім жасасып, Орта Азия қалаларымен экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Алайда Бұхар ханы қазақ хандығының бытыраңқылығын пайдаланып, бітім шартты бұзып, қазақ жеріне жорықтар ұйымдастырды. Алғашқы қазақ-бұхар шайқасы 1603 жылы Самарқан маңындағы Айғыржар жерінде болды. Бұхар әскері жеңіледі. 1611 жылы Ташкент түбіндегі ұрыста Имамқұли хан басқарған бұхар әскерін Есім хан жеңеді. Бұхар ханы келісімге келуге мәжбүр болды. Алайда Есім мен Тұрсын арасында қайшылықтар шиеленісе түсті.
17 ғасырдың алғашқы кезінде Қазақ хандығы мен Моғол хандығы арасында одақтық қарым-қатынастар орнады. Бұл қатынастар екі хандықтың қарама-қарсы топтары арасында құрылды. Бұл жағдай қазақ хандары арасындағы қайшылықтарды тереңдете түсті. 1627 жылы Есім хан қалмақтарға қарсы жорыққа аттанады. Осыны пайдаланған Тұрсын хан Түркістанды шауып кетеді. Есім хан бейбіт елді ойрандауға белсене қатысқан Қатаған руы мен Тұрсын ханды жазалады. Тұрсын ханның бұл бүлігі тарихта “Қатаған қырғыны” атанды.
“Есім ханның ескі жолы” деген сөз Есім ханның тұсында жасалған далалық заңдарға байланысты айтылған. Жаугершілік заманда елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған заңдары Есім ханның шын мәнінде мемлекет тұрғысындағы ірі қайраткер екенін көрсетті.
Жәңгір хан
(1628-1652)

Есім ханның ұлы Жәңгір сұлтан хан сайланбай тұрып-ақ жаугершілік кезінде өзінің ерлік істерімен көзге түсіп жүрді. 


Жалпы, кейін хан болған соң да оның хандық қызметі ат үстінде, жорықтар мен шайқастарда өткен екен. Ол сонысымен де өзге қазақ хандарынан ерекшеленеді. Бір ғана мысал - қалмақтармен жекпе-жектерде Жәңгірге қарсы шығатын батыр болмайды екен. Сол үшін де ол салқам (айбатты) Жәңгір атанған.
Жәңгірдің хан ретіндегі билігін әділ бағалау үшін сол тұстағы жағдайдан хабарымыз болғаны жөн. Он жетінші ғасырда ойраттар қуатты Қытай жағынан қысым көре бастайды. Сөйтіп, 1635 жылы Жоңғар хандығын құрып, жан-жағындағы өзінен әлсіз елдердің территориясына көз тігеді. Оларды Қазақ хандығының Жетісу, шығыс және орталық Қазақстандағы шұрайлы жерлері қызықтырды. Олар қазақтың шаңырағын ортасына түсіріп, халқын қырып, қонысын тартып алуға шындап кірісті. Осынау қазақ-жоңғар арасындағы тынымсыз соғыстар тұсында Жәңгір хан халқын да, жерін де абыроймен қорғап қалды.
Жәңгір сұлтан жас кезінің өзінде Сібір-Тобыл ұрысында қалмақтардың тұтқынына түскен. Мұны тарихшылар қазақ-ойрат қарым-қатынасындағы маңызды оқиға санайды. Өйткені, ол көп ұзамай аман-сау еліне қайтады. Ол қашып шыққан немесе кездейсоқ сәтті жағдай жоңғар тұтқынынан босап шығуына көмектескен деген пікір бар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Берекет Кәрібаев Жәңгір сұлтанды жоңғар елінің өз ішіндегі Батыр қонтайшыға қарсы топ өздері қашырып жіберген және қалмақтан қыз беріп, Жәңгірдің кейін хан болған ұлы Тәуке сол қалмақ қызынан туғаны жайлы айтады. Оған дәлел ретінде Ш.Құдайбердіұлының еңбегінен мәлімет келтіреді. Атап айтқанда, Батыр қонтайшының бақталасы Хұндүлен тайшы қазақтың болашақ ханы Жәңгірмен одақтасқысы келген. Ескі жазбаларда келтірілген Хұндүлен тайшының Жәңгірді ұлым деп атайтындығының себебі де осында, - дейді ғалым Б.Кәрібаев. Осылайша, Жәңгір сұлтан 1635 жылы тұтқыннан жоңғарлардың өз көмегімен босап, елге оралады. Құр қайтпай, жоңғар тайшыларының арасынан өзіне жоғарыдағыдай одақтастар табады. Бұл одақтастықтың оған 1643 жылғы Батыр хонтайшы әскерімен болған Орбұлақ шайқасында көп көмегі тигені анық.
Орбұлақ ұрысы Жәңгірге салқам деген атты алып берген маңызды шайқас болды. Қазақ жеріне Батыр хонтайшы бастаған қалың жаудың бет алғанын алдын ала білген Жәңгір оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді өзі таңдаған. Сол аралықта Самарқандағы досы Жалаңтөс Баһадүрге хабар жібереді. Көмек келгенше жаудың жолын бөгемек болып, 600 батырды соңына ертіп аттанып кеткен. Тау шатқалында айналдыра ор қазып, онда 300 әскерді қалдырады да, өзі жасақтың жарым бөлігімен бірге шатқалдың сыртына, қарсы бетіне жасырынады. Шатқалдың өте тарлығынан қалмақ әскері меңгерген амал-айласын пайдалануға мүмкіндіктері болмай, шетінен қырылады. Екі рет шабуылға шығуға әрекеттенсе де, оларынан түк шықпайды. Самарқаннан 20 мың қолмен Жалаңтөс батыр келіп жеткенде, онсыз да 10 мың әскерден айрылған жоңғар жағы кері шегінеді. Небары 600 батыр ыңғайлы жер мен ұрыс әдісін ұтымды пайдаланудың арқасында 10 мың жоңғарды жайратты.
Жәңгір өміріндегі тағы бір шайқастың тарихи маңызы ерекше. Ол - 1652 жылғы қазақ-жоңғар соғысы. Осы ұрыс кезінде Очирту-Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдам Жәңгірді өлтіреді. Жалпы, бұл шайқасты тарихшылар Батыр қонтайшының Орбұлақтағы масқара болып жеңілгені үшін үшін қазақтардан өш алуы деп бағалайды.
Профессор Берекет Кәрібаев Жәңгірдің қазақ хандығы үшін жасаған бірнеше еңбегін ерекше атап көрсетеді. Біріншіден, Жәңгір хан бүкіл саналы өмірін ел қорғау ісіне арнады. Екінші есте қалар ісі сол, хан тағын иеленгеннен кейін мемлекеттің сыртқы саясатын бірнеше бағытта жүргізіп, көршілес мұсылман елдермен жақсы қарым-қатынастар орната білді. Жоңғарлармен күресте Мауереннахрдағы аштарханилық әулет өкілдерімен, Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулетпен саяси одақ құрып, оны туысқандық байланыстармен нығайтты. Үшіншіден, Жәңгір хан қазақ елінің азаттығы жолындағы шайқастардың бірінде нағыз ерлерше қан майданда қаза табады. Ал оның сүйегі қазақ елінің сол кезеңдегі астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі жанына жерленген, - дейді ғалым.
Жәңгірдің екі қызы, үш ұлы болған. Аппақ, Тәуке және Уәлибақы деген үш ұлдың ішінде Тәуке әкесінен соң тақ мұрагері ретінде қазақ ханы болып сайланды. Кенже ұл Уәлибақы осы шешімге өкпелеп, нағашылары - Үргеніштегі Ғайып ханға кетіп қалған деген де деректер бар.
Тәуке хан
(1680-1715)

Қазақ хандығының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі - Тәуке хан. Тәуке (1626 - 1718 жж.) - Салқам Жәңгір ханның ұлы. Ол 1680-1718 жылдар аралығында билік жүргізген. Тәуке хан мемлекетінің астанасы Ташкент пен Түркістан қалалары болды.


Тәукенің тұсында Қазақ хандығы саяси жағынан нығайған, бір орталыққа бағынған біртұтас мемлекетке айналды. Халық зердесінде Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген дәуірі, «алтын ғасыры» саналады. Ол 1690 жыл шамасында «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» ережелерін жаңғыртып, «Жеті жарғы» деп аталатын жаңа заңдар жүйесін енгізді. Бұл заңдар мемлекетті нығайтуға бағытталды.
Тәуке хандықты билеуде, негізінен, әр жүздің билеріне арқа сүйеді. Ұлы жүзде - Төле биге, Орта жүзде - Қазыбек биге, Кіші жүзде - Әйтеке биге басқару тұтқасын берген. Оның тұсында хан кеңесі, билер кеңесі жұмыс істеп, жыл сайын үш жүздің шонжарларының жиынын өткізу қалыптасты.
Казак хандығында Тәуке тұсында сыртқы жағдайлар біршама тұрақтанып, нығая түсті. Өзі билік құрған кезде Тәуке хан жоңғарларға қарсы табандылықпен күресті. Ол Орта Азияда әмір кұрған Аштархан әулетімен және Ресей, Моғолстанмен сауда-саттық байланыстарын жүргізді, дипломатиялық қатынастар орнатты. Бұхар хандығымен сауданы дамыту мақсатында елшілікті жолға қойды. Бірақ Бұхар хандығымен Сырдария бойындағы калалар үшін кішігірім қақтығыстар болып тұрды.
Халық Тәуке ханның еңбегін бағалап, оны «Әз-Тәуке» деп ардақтаған.
Тәуке хан - билігі казақтың үш жүзіне тараған қазақтың ең соңғы ханы. Ол қайтыс болғаннан кейін олардың әрбіреуінде өз хандары сайланып, тұтас мемлекет жүздерге қарай ыдырап кетті. Тәуке хан 1715 жылы қартайған шағында дүниеден өтті. Ол да барлық ата-бабалары сияқты Түркістанда жерленген.
Абылай хан
(1771-1781)

Абылай хан (1711-1781 жж.) - қазак халқының әйгілі ханы, Қазақстан тарихындағы аса белгілі мемлекет қайраткерлерінің бірі. Қазақ мемлекетінің пайда болуы мен өркендеуі және сыртқы саясаттағы жеңістер оның есімімен байланысты. Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. Бір ұрыста үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға «Абылайлап» шабады. Осыдан бастап ол Абылай атанып кетеді. Абылай 1711 жылы арғы тегі Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайтын белгілі тұлғалардың шаңырағында дүниеге келген.


Абылай әкесі Уәлиден айырылып, жетімдіктің зардабын ерте тартады. Балалық шағы мен жасөспірім кезі қуғында өтеді. Ол атақты Төле бидің бақташысы болған деп те айтады. Абылайдың аты жоңғарлармен болған шайқаста әйгілі болады. Ұрыстардың бірінде жекпе-жекте жоңғардың батыры Шарышты өлтіріп, «Абылай» деген ұранмен жауға карсы шығады. Қазақ жауынгерлеріне жігер беріп, рухтандырып, шайқаста жеңіске жетеді. Осы жеңістен соң ол Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады.
1771 жылы Түркістанда Абылайды ак киізге көтеріп, қазақтардың үш жүзінің ханы етіп тағайындайды.
Абылай Қазақ мемлекетінің саяси бірлігін қалпына келтіріп, ірі мемлекетке айналдырды. Ресей мен Қытай арасында жүріп, Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтап қалуға тырысты. Екі мемлекетпен арақатынасты бірдей ұстап, халқының өз туған жерінің қожасы, өз тағдырының иесі болуын көкседі. Оның данышпандығы мен көрегендігі арқасында кең байтақ Ұлы Далада ұзақ уақыт бойы бейбіт заман орнады.
Абылай хан он жыл билік жүргізді. Осы мерзім ішінде ешкімнің қолынан келе бермейтін істерді аткарды. Ол билік жүргізген он жылдың Дала тарихына Абылай дәуірі боп кіруі тегін емес. Сол уақытты қазақ халқы зор құрметпен еске алады.
Абылай хан 1781 жылы 70 жасында өмірден қайтты. Тарихи ұлы түлғаның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне қойылған. Халық жадында ол тәуелсіз Қазақ мемлекетінің символы іспеттес.
Соңғы хан Кенесары
(1837-1847)

Көтерілістің алғышарттары. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы және қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.


ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің басты ерекшелігі оған үш жүздің толық қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.
Көтерілістің мақсаты:

  • Ресейдің отарлау саясатына шек қою;

  • Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау;

  • Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату;

  • Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.

1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.
1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің бастауы болды. 1838 жылы 26 мамыр күні Кенесары бастаған көтерілісшілер Ақмола бекінісін шабуылмен басып алып, өртеп жіберді. Ақмолаға иелік еткен Карбышев пен сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы бекіністі тастап, қашып кетеді. 1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.
1841 жылы тамыз айында Кенесары сарбаздары Ташкентке аттанып, бірақ жұқпалы аурудың таралуынан жорықты тоқтатады. Бұл жолы Кенесары қолы қоқандықтардың билігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршайды және бірнеше бекіністі алады. Қоқан ханы Кенесарыға одақ құруды ұсынады, бірақ батыр оны қабылдамайды.
Көтерілістің кеңеюінен сескенген патша үкіметі көтерілісті тезірек басуға тырысады. Орынбор губернаторы Обручев пен Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков көтерілісті басуға әскер жібереді. 1842 жылы Кенесары қолына қарсы бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтіреді.
1843 жылы 27 маусымда старшын Лебедев басқарған, 300 адамнан тұратын казак отрядтары көтерілісшілерге қарсы аттанады. 1843 жылы тамызда көтерілісшілерге қарсы Жантөреұлы, Айшуақұлы, Бизанов, подполковник Генс басқарған 5000 адамнан құралған жазалаушы топ ұйымдастырылды. Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.
1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді. Кенесарыға қарсы күресте дәрменсіздігі үшін старшын Лебедев Орынборға шақырылып, жауапқа тартылды.
1844 жылғы Кенесарының жеңістері Орынбор әкімшілігін Кенесарымен келіссөз жүргізуді бастауға мәжбүр етті. 1838 жылғы желтоқсанда Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков пен I Николайға арналған хатты тапсыруға жіберген елшілігінде Кенесарының қойған алғашқы талаптары мынандай болды:

  1. Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою;

  2. Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру;

  3. Салық жинауды тоқтату.

  4. Бірақ Кенесары жіберген елшіліктің бес өкілі тұтқынға алынып, жазаға тартылады.

Кенесарының қойған екінші талабы әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірлерді Ресей билігінен босату болды.
Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздардың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады. Қырғыз манаптарымен Вишневскийдің отряды және Қоқан хандығының әскері «Алмалы сай» шатқалында Кенесарының сарбаздарын үш жақтан қоршауға алады. Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патша тарапынан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.
Көтерілістің жеңілу себептері:

  • Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады;

  • Қазақ халқы арасында рулық алауыздық пен руға бөліну болды;

  • Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады;

  • Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды;

  • Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады.

  • Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.

1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.
Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.
Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты. Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Ол бойынша мал өсірушілер зекет, ал диқандар ұшыр төлейтін болды. Патша әскерімен соғысты одан әрі жалғастыру үшін қосымша қаржы қажет болды. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау басталды. Салық жинауда әр отбасының жағдайы жеке-жеке ескерілді. Малы 40 бастан аспайтын үйлер алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан малы көптер болса 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болды.
Қарулы күштердің құрылуы. Кенесары хан 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті, тұрақты әскер жасақтады. Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздар жүзбасы, мыңбасы болып тағайындалды. Сондай-ақ Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды.
Кенесары сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары хан сарбаздарына әскери өнер үйретті. Хан армияда қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Ал әскери тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.
Кенесары барлаушылардың қызметін де шебер пайдалана алды. Олар патша әскерінің қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерінің тыл қызметі де жолға қойылды. Ол көтерілісшілерді азық-түлікпен, жем-шөппен қамтамасыз етті.
Кенесары Қасымұлы – үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұра білген, қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан, қазақтың соңғы ханы.
Тезистер

  • Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністерді салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы, қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.

  • ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің ерекшелігі оған үш жүздің түгелге дерлік қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды.

  • Көтерілістің мақсаты: 1. Ресейдің отарлау саясатына шек қою. 2. Патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау. 3. Қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату. 4. Қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету.

  • 1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды.

  • 1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің басталуы болды.

  • 1838 жылы күзде көтеріліс Кіші жүз өңіріне тарайды. Батыр Жоламан Тіленшіұлы көтеріліске қосылады.

  • 1842 жылы патша тарапынан Кенесары қолына бағытталған Сотников басқарған жазалау отрядтары жіберілді. Сібір жазалау отрядтары бейбіт қазақ ауылдарын ойрандап, 14000-ға жуық малын алып, 100-ге жуық адамды өлтірді.

  • Кенесарының басын кескенге 3 мың сом сыйақы белгіленді.

  • 1844 жылы 21 шілдеде көтерілісшілер сұлтан Жантөреұлы басқарған отрядты жеңіп, 44 сұлтан қаза табады, сұлтанның аман қалған тобы Тобыл өзеніне қарай шегінеді.

  • 1844 жылы Кенесарының патша үкіметіне қойған талаптары: 1. Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою. 2. Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру. 3. Салық жинауды тоқтату.

  • Кенесарының қойған екінші талабы: әскери бекіністер салынбаған Ақтау, Есіл және Нұра мен Жайық өзендеріне дейінгі өңірді Ресей билігінен босату.

  • Кенесары ханның соңғы шайқасы қырғыздың Кекілік-Сеңгір деген жерінде болады.

  • Өздерінен бірнеше есе күші көп жаумен болған шайқаста Кенесары хан 32 қазақ сұлтанымен бірге тұтқынға түседі. Наурызбай батыр қаза табады. Қырғыздардың қолына тұтқынға түсіп қалған Кенесары ханды патшадан сыйлықтар алған қырғыз манаптары өлтіреді.

  • Жеңілу себептері: 1. Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады. 2. Қазақ халқы арасында рулық алауыздықтар мен руға бөліну болды. 3. Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады. 4. Көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды. 5. Қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады. 6. Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады.

  • 1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды.

  • Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды.

  • Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды.

  • Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты.

  • Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын, жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды.

  • Кенесары әскері жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды.

  • Кенесары Қасымұлы үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұрды. Ол қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан қазақтың соңғы ханы болды.

Пайдаланылған әдебиеттер және электронды нұсқаулық:


Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 3-томы




Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2


Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
https://itest.kz/kz/attestation/qazaqstan-tarihy-4148/viii-tarau-qazaqstan-resej-imperiyasynyng-quramynda-otarlau-zhane-ult-azattyq-kures/lecture/kenesary-qasymuly-bastahan-1837-1847-zhyldardahy-ult-azattyq-koterilis

http://azretsultan.kz/esim-han-shy-aj-ly/


https://e-history.kz/ru/prominent-figures/show/12614




https://www.inform.kz/kz/kazak-handary-zhanibek-han_a2740596

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет