Мойындық бөлігі, pars cervicalis, VІ - VІІ мойын омыртқалары деңгейінде басталып ІІ - кеуде омыртқасы тұсында аяқталады. Ол кеңірдек пен омыртқа бағанасы арасында орналасқан. Екі жағынан жалпы ұйқы артериялары өтеді.
Кеуделік бөлігі, pars thoracica, өңештің ең ұзын бөлігі. Өңештің мойындық бөлігі кеуделік бөлігіне өтерде аздап сол жаққа ауытқиды. Өңештің кеуделік бөлігі жоғарғы көкірекаралықта, төменгі жағында - артқы көкірекаралықта орналасады. Жоғарғы көкірекаралықта өңештің алдында - кеңірдек, артқы көкірекаралықта өңештің алдында – жүрекқап орналасады. ІV- кеуде омыртқасы деңгейінде өңеш алдыңғы - сол жағында қолқа доғасымен жанасады, ал, V-кеуде омыртқасы деңгейінде, кеңірдек айырығы және сол жақтағы басты бронхпен қиылысады. Бұл жерден төмен қарай өңештің сол жағында кеуделік қолқа орналасып, төмен жүреді де, кеуде қуысының төменгі бөлігінде өңештің артқы жағына өтеді. Ал,өңештің алдында – жүрекқап орналасады. Оң жақтағы кезбе нерв өңештің кеуделік бөлігінің төменгі жағында - өңештің артқы бетіне, ал, сол жақтағы кезбе нерв алдыңғы бетінде өтеді.
Іштік бөлігі, pars abdominalis, – ең қысқа бөлігі, бауырдың сол үлесіне жанасып жатады.
Өңештің үш анатомиялық тарылулары бар: біріншісі – жұтқыншақтық тарылуы - жұтқыншақтың өңешке өтетін жерінде орналасады. Екіншісі – бронхттық тарылуы - сол басты бронхпен қиылысатын жерінде орналасады. Үшіншісі – көкеттік тарылуы - өңештің көкет арқылы өтетін жерінде орналасады. Тірі адамдарда рентгендік зерттеу кезінде екі физиологиялық: қолқалық және жүректік (кардиалық) тарылулар кездеседі. Қолқалық тарылу - өңештің қолқа доғасымен жанасатын жерінде орналасады. Жүректік тарылу – өңештің асқазанның жүректік (кардиалық) бөлігіне өтетін жерінде орналасады.
Өңеш қабырғасы төрт қабықтан: шырышты қабық, tunica mucosa, шырышасты негізі, tela submucosa, бұлшықеттік қабық, tunica muscularis, дәнекертінді қабық, tunica adventicia, құралған.
Шырышты қабық және шырышасты негізі қалың және жақсы жетілген. Олар бойлық қатпарлар түзеді. Ас өңеш арқылы өткенде бұл қатпарлар едәуір жазылып, өңештің қуысы кеңейеді. Шырышты қабық пен шырышасты негізінде көп мөлшерде өңеш бездері, glandulae esophageae, жекеленген лимфойдты түйіншелер, noduli lymphoidei solitarii, қан, лимфа тамырлары және нервтер орналасады.
Бұлшықеттік қабық ішкі дөңгелек және сыртқы бойлық қабаттардан тұрады. Өңештің жоғарғы бөлігі көлденең-жолақты бұлшықеттерден тұрады, ол, ортаңғы бөлігінде біріңғай салалы бұлшықеттермен алмаса бастайды. Төменгі бөлігінде біріңғай салалы бұлшықеттер орын алады. Бұлшықеттік қабық сыртынан дәнекертіндік қабықпен жабылған.
. Өңештің тамырлары мен нервтері. Қанмен қамтамасыздануы: өңештің мойындық бөлігіне бұғанаасты артериясының қалқанша – мойындық діңінен (сабауынан) кететін төменгі қалқанша артериясы, өңештің кеуделік бөлігіне қолқаның кеуделік бөлігінің өңештік тармақтары, өңештің іштік бөлігіне сол асқазандық артерия барады. Веналары: өңештің мойындық бөлігінен төменгі қалқанша венасы арқылы шығады. Өңештің кеуделік бөлігінен сыңар және жартылай сыңар веналарға құяды. Өңештің іштік бөлігінен сол асқазандық венаға құяды. Лимфа тамырлары: өңештің мойындық бөлігінен ішкі мойындырықтық лимфа түйіндеріне құйылады. Кеуделік бөлігінен омыртқаалдындағы лимфа түйіндеріне, іштік бөлігінен сол асқазандық лимфа түйіндеріне құяды. Өңештің лимфа тамырларының бір бөлігі лимфа түйіндеріне соқпай, тікелей кеуде түтігіне құяды. Н е р в т е н у і: парасимпатикалық нервтенуі – кезбе нервтері, симпатикалық нервтенуі – симпатикалық діңнін кеуделік бөлігінен кететін тармақтар.
Достарыңызбен бөлісу: |