9-КЕҢЕС. Спортпен шұғылдану – лайықсыз, деструктивті ортаның орнын ауыстыратын тамаша балама.
Егер сіз балаңыздың біреулермен жиі төбелесетіндігін байқасаңыз, бұл энергияны дұрыс арнаға бағыттаңыз. Шығыс жекпе-жегі секциясына жіберіңіз – осылайша ол спортпен де шұғылданады, жасөспірімдерге тән артық энергияны да сыртқа шығарады, және қажет болған жағдайда өзін қорғауды да үйренеді. Сонымен қатар, спорт оның санасында өмірге деген дұрыс көзқарасты қалыптастырады, және қазіргі жүрген ортасының жақсы емес екендігін өзі түсінетін болады.
Абайдың «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деген сөзін бәріміз білеміз. Шынында да, жалқаулық барлық кеселдің бастауы деп бекерге айтылмайды. Жасөспірімнің жасампаз іспен шұғылдана алмауы, немесе оған ынтасының болмауы – «жаман ортаға» түсудің ең оңай жолы. Ата-аналар баланың кішкентай күнінен бастап баласының күн тәртібін жоспарлай білуі қажет. Баланың әрбір күні «Темірді қызған кезде соқ» деген бейнелі сөзге, яғни әр нәрсе өз уақытында деген ұғымға сай, оның бос уақытын қалай өткізуді ойластыру қажет.