Пікірлеріңіз бойынша Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасына хабарласуларыңызға болады.
тел: 8(7242) 23-94-49,
Е-mail: kztilbas@mail.ru
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ
ЖЕР – СУ АТАУЛАРЫ
Қызылорда, 2013 жыл
СЫР ЕЛІ - Қызылорда облысы Қазақстанның оңтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлі к. Жерінің аумағы - 226,0 мың шаршы шақырым (Қазақстан жерінің 8,3%-ы). Тұрғыны - 734,300 адам. Оның 646645-і қазақ, 16146-сы орыс, 8190-ы кәріс, 1789-ы татар, 1473-і түрік, 1302-сі өзбек, 814-і шешен, 430-ы украин, қалғаны басқа ұлт өкілдері. Орталығы – Қызылорда қаласы. Солтүстігінде Қарағанды, солтүстік-батысында Ақтөбе облыстарымен, оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен, шығысында Оңтүстік Қазақстан облысымен шектеседі. Облыс құрамына 7 әкімшілік аудан (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған), 3 қала (Арал, Қазалы және Байқоңыр қаласы) бар.
Қызылорда облысы 1938 жылы 15 қаңтарда құрылған. Облыс бұрын Сырдария облысының құрамында болған. Сырдария облысы – 1867 жылы құрылған Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында болған әкімшілік-территориялық бөлік. Сырдария облысының құрамына Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Ходжент және Жизақ уездері кірді. 1886 жылы Ходжент және Жизақ уездері Самарқан облыстарына беріліп, Сырдария облысына Әмудария уездері қарады. Облыс орталығы – Ташкент болды.
Облыс жерінде ертеден қалған тарихи қорғандардың орындары көп. Олар: Ордакент, Сығанақ, асарлар: Жалпақасар, Жетіасар, Құмқала, Шірік-Рабат, т.б.
Сыр өңірінің климаты тым континентті, қысы суық, қары аз, жазы аңызақты, ыстық, ең жоғары температурасы 40-42 С-ді көрсетеді. Климатының мұндай жағдайлары облыс жерін Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдала және Тұран ойпатының қоршай орналасуы әсерінен қалыптасқан.
Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 100-115 мм. Облыс жерімен Сырдария өзенінің 1 мың км-ге жуық төмен ағысы өтеді. 1956 жылы маусымда Сырдария өзенінде Қызылорда бөгеті іске қосылды. 1958 жылы Сырдарияның ескі арнасы Жаңадарияға өзен суы жіберілді. 1950-60жылдары Қызылорда су тораптарының сол жақ және оң жақ каналдары қазылды. 1969 жылы Қазалы су торабы егіс даласы мен жайылымдық жерлерді суаруға берілді. Өзендер суының теңізге құю мөлшерінің кемуінен Арал теңізі Үлкен және Кіші Арал болып екі көлге бөлінді.
Достарыңызбен бөлісу: |