ҚЫЗЫЛОРДА қаласы - облыстың әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауының төменгі сағасында орналасқан. Территориясы 821 шаршы шақырымды құрайды, 1 шаршы шақырымға 232 адамнан келеді. 2011 жылдың 1 қаңтарында халқының саны 211 943 адамды құрады, оның ішінде қала халқы - 92 %. Ұлттық құрамына қарай: қазақтар – 191608, орыстар – 9563, кәрістер – 6172, татарлар – 1456, түріктер – 81, өзбектер – 798, шешендер – 306, украиндар – 389, қалғаны басқа ұлт өкілдері. (Статистика департаментінің 2011 жылдың 1 қаңтарына берген мәліметінен). Қызылорда қаласы 10 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады: Қызылорда қаласы, Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма, Қарауылтөбе, Талсуат ауылдық округтері. Қала теңіз деңгейінен 126-130 м биіктікте жатыр.
Қала негізі Қамысқала атты елді мекенде 1818 жылы салынған Қоқан хандығының Ақмешіт бекінісі ретінде қаланды. Ол Бұқара мен Хиуа арқылы Орталық және солтүстік Қазақсан мен шығыстан батысқа қарай қалыптасқан Жібек жолы желісінің бойында орналасқан.
1853 жылы Қоқан қорғаны (қамалы) Ақмешітті Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский басып алды. Генерал Перовсийдің басып алу құрметіне арнап стратегиялық маңызды пункт болып саналатын Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан қорған сол жылдың 31 тамызында Патша Жарлығымен Перовск Форты болып аталды. 1867 жылы Перовскіге қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды. 1901-06 жылдары Орынбор – Ташкент темір жолының салынуына байланысты қала халқы тез қарқынмен өсті. 1917 жылы 30 қазанда (12 қараша) Кеңес өкіметі Қазақстанда бірінші болып Перовскіде орнады.
1922 жылы Перовск қаласына Ақмешіт атауы берілді.
1925 жылы 17 сәуірдегі Қырғыз АССР-і Кеңесінің (Советі) V съезінде Ақмешіт қаласы Республика астанасы болып, аты Қызылорда қаласы болып өзгертілді.
Қалада 1926 жылғы 13 қаңтарда М. Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры ашылды.
1931 жылы аудан орталығы болды. 1938 жылдың 15 қаңтарынан бастап облыс орталығына айналды.
Қызыл және орда сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Орда сөзі қазақ, жалпы түркі тілдерінде «орта ғасырдағы көшпелі елдердің әкімшілік, саяси басқару орталығы, ел билеушілер тұрағы, сарай» (ҚТТС, 7-том), моңғол тілінде орд «үй», «сарай» деген мағынаны білдіреді.