Қорқыт ата мазары – сәулет өнерінің ескерткіші. Шамамен 9-10 ғасырларда қазіргі Қорқыт стансасынан 3 км жерде қорқыт әулиеге тұрғызылған. 1925 жылдан опырыла бастап, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Қазір орны белгісіз. Мазар 19-ғасырдың соңында Ә. Диваев, И. А. Кастанье, П. И. Лерх зерттеулеріне негіз болған. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша, құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6-8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған. Мазардың бұрынғы орнына қазіргі заманғы мемориалдық ескерткіш орнатылған.
Қосасар – артезиандық құдық. Жосалы даласында. «Қосқорған» мәніндегі атау.
Қосасар – Тұрмағамбет ақын ауылынан 4 шақырымдай жерде, Құрайлы және Мәдениет каналдары аралығында орналасқан. Екі белестен (асардан) тұрады. Белестердің орта тұсында өзімен аттас артезиан құдығы бар. Батысында Жосалы даласы жатыр. Б.з.б. 4 және б.з. 1-ғасырларда болған Қосқорған ұғымындағы ежелгі шағын қаланың орны сақталған.
Қосәуіт– артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Екі су жиналған жер» мағынасындағы атау.
Қоскөл – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. «Бір-біріне жақын қатар жатқан екі көл» мәніндегі атау.
Қосқара – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Екі тау, екі төбе» мағынасындағы атау.