Обқара – бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде. «Суы терең бұлақ» мағынасындағы атау.
Ордакент – қала орны. Жаңақорған темір жол стансасынан солтүстікке қарай 5-6 км жерде. 1967 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.А.Ақышев) барлау жұмыстарын жүргізген. Қала орны диаметрі – 100 м болатын сопақша төбе. Шетінің биіктігі – 4-5 м, орта бөлігі – 6-7 м-ге дейін. Қазба жұмыстары барысында қолдан жасалған қыш ыдыстар, астық, су сақтайтын үлкен хұмдар, құмыралар, құмғандар, т.б. заттардың сынықтары табылған. Бұл заттарға қарағанда Ордакент б.з. 1-ғасырында бой көтеріп, 8-ғасырға дейін жеткен, тұрғындары егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқандығы аңғарылады.