1.10.3. Жер полюсінің жер беті бойымен қозғалысы
Көптеген жыл ішінде Жер бетінің бірнеше нүктелеріндегі жүргізілген өлшеулер көмегімен пункттардың ендіктері тұрақты болып қалмай, орташа мәнінен 0’’,3 –қа дейін ауытқып периодты түрде өзгеретіні, және де бір пункттің ендігі кейбір мәнге көбейгенде, басқа, қарама-қарсы меридианда жататын пункта ендік шамамен осындай мәнге азаятыны байқалған. Бұл географиялық ендіктердің тербелістері Жер денесі айналу осіне қатысты ығысатынымен, ал оның нәтижесінде айналу полюстерімен Жер бетінің әр түрлі нүктелері сәйкес келетінімен байланысты болады.
Жер полюстерінің қозғалысында, географиялық ендіктер тербелісіндегідей, ғасырлық және периодты құраушыларды айырады.
Негізгі периодты құраушыларға Чандлердің 14-айлық периоды мен 12-айлық (немесе жылдық) периоды жатады. Соңғысының себебі белгілі, ол - ауа массалары таралуының маусымдық өзгерістерімен, қар түріндегі су массасының Жердің бір жартышарынан екіншісіне тасымалдауымен, т.с.с. байланысты болу керек. Чандлер қозғалысының себебі әлі де белгісіз. Болжаулардың біреуі мынадай. Чандлер периоды – Эйлер теорияға сүйеніп 18-ғасырда алдын-ала болжаған Жер тербелісінің табиғи периоды. Жер абсолют қатты дене болса, табиғи период 10 айға тең болатын еді, бірақ Жер майысқақ болып табылады да, серпімді деформацияларға ұшырайды (қатысады), бұның салдарынан табиғи период 14 айға дейін артады.
Ғасырлық қозғалыс ~3,3 мс/жыл доға жылдамдықпен батыс бойлықтың ~750,7 бағытында болады. Қазіргі заманғы теориялар бойынша бұл қозғалыс соңғы мұзданудан кейін мұздың жүктемесінің жойылуынан Жердің инерция тензорының өзгеруімен байланысты.
Бұлардың нәтижесінде Жердің солтүстік полюсі Жер бетінде күрделі қисықты сызады, бұл қисық қабырғалары 30 м-ге жуық квадраттан тыс шықпайды (1.21 сурет). Полюстің қозғалысы солтүстік полюске сырттан қарағанда сағат тіліне қарама-қарсы бағытта болады. Дәлірек айтсақ, полюс қозғалысының траекториясы 1,2 және 1 жылға еселі ~6 жылға тең периодпен жиырылатын және жайылатын шиыршық түрінде болады, оның центрі W бағытта ығысып тұрады. Шиыршықтың максимал өлшемі 15 м-ден көп емес болады.
Жер полюстерінің оның беті бойымен қозғалысы 19 ғасырдың соңында ашылған. 1898 жылы Халықаралық ендік қызметі (ХЕҚ) ұйымдастырылған, оның құрамына бір ендіктегі 6 станция кірді: Италиядағы, Ресейдегі (қазіргі Түріменстандағы Чарджоу), Жапондағы және АҚШ-тағы 3 станция. Қазіргі уақытта бұл қызметтегі станциялардың саны 30 жетеді, олар әртүрлі географиялық ендіктерде орналасқан.
1.21 сурет - 1995-2000жж. және 1900-2000 жж. аралықтарындағы полюстің қозғалысы
(жуан сызық – ғасырлық жүріс).
Координаттар Шартты халықаралық бастаудан (CIO) есептеледі. Меридиандарда секунд түрінде ендіктер келтірілген
ХЕҚ-ң барлық станцияларының жүйелі бақылауларынан солтүстік полюстің Жер бетіндегі орны жылдың әр оннан бір бөлігі үшін шығарылады.
Жоғарыда айтылғандай, полюстердің қозғалысы ендіктер мен бойлықтар торының да Жер беті боймен ығысуына әкеледі. Демек, бақылаушы жұлдыз кульминациясының мезетін лездік меридианда тіркейді, яғни бұл қозғалыс тәуліктің ұзақтығын да өзгертеді.
Достарыңызбен бөлісу: |