2.1.2. Птолемейдің әлемдік жүйесі
Ежелгі астрономдардың Ғалам туралы түсініктері Птолемейдің "Мегале синтаксис" атты шығармасында баяндалған. Араб ғалымдарының аудармасында ол "Альмагест" деген атпен тараған.
Птолемей жүйесінің негізін төмендегі төрт тұжырым құрайды: 1) Жер Ғалам центрінде орналасқан; 2) Жер қозғалмайды; 3) Барлық аспан денелері жерді айнала қозғалады; 4) Аспан денелері шеңбер бойымен және тұрақты жылдамдықпен қозғалады, яғни бірқалыпты.
Птолемей жасаған әлем жүйесі геоцентрлік деп аталады және оны былайша түсіндіруге болады: планеталар эпицикл деп аталатын дөңгелек бойымен қозғалады, ал өз кезегінде эпициклдардың центрлері деферент деп аталатын басқа дөңгелек бойымен қозғалады, ал олардың жалпы центрінде Жер орналасады. Күн және Ай Жерді айнала деферентер бойымен (эпициклсыз) қозғалады (сурет 2.1).
Аспан шырақтарының тәуліктік қозғалысы тұтастай алғанда бүкіл Ғаламның Жерді айнала қозғалуымен түсіндірілді. Планеталардың тік және кері қозғалыстары былайша түсіндірілді: планета өз эпициклының А нүктесінде тұрған кезде оның Жерден бақыланатын бұрыштық жылдамдығы эпицикл центрінің деферент бойымен және планетаның эпицикл бойымен қозғалыстарының қосындысынан құралады. Бұл жағдайда планета жоғары жылдамдықпен тік қозғалып бара жатқандай қозғалады. Планета В нүктесінде болса, онда оның эпицикл бойымен қозғалысы эпицикл центрінің қозғалысына қарама қарсы бағытта болады және оның жерден бақыланатын бұрыштық жылдамдығы ең аз мәнде болады. Егер эпициклдағы
Сурет 2.1. Деферент және эпицикл
планета жылдамдығы эпицикл центрінің жылдамдығынан төмен болса, онда планета бұл жағдайда тік және баяу қозғалып бара жатқандай көрінеді. Егер эпицикл бойындағы жылдамдық эпицикл центрінің жылдамдығынан жоғары болса, онда планета кері қозғалып бара жатқандай көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |