5-тақырып. Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі
1. Әдіс. Әдіс туралы түсінік.
2. Педагогикалық зерттеу әдістері.
3. Дидактикалық әдістер және оларды классификациялау туралы көзқарастар.
4. Оқу-танымдық қызметті ұйымдастыру әдістері.
5. Теориялық әдістер.
6. Лингвистикалық әдістер және олардың қазақ тілін оқытуда қолданылуы.
7. Қазақ тілін оқыту әдістері.
8. Жекелеген тақырыптардың ерекшеліктерінен туындайтын әдістер.
1. Әдіс деген сөз гректің «metodos» деген сөзінен шыққан. Метод деген ұғым белгілі ақиқатқа, шындыққа, мақсатқа жетудің жолдары деген мағынаны білдіреді. Қысқаша психологиялық-педагогикалық сөздікте «әдіс» — мақсатқа қол жеткізетін жол, тәсіл, белгілі жолмен тәртіпке салынған іс-әрекет»- деген анықтама берілген.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыту әдісі – дидактиканың ең басты құрамды бөлігінің бірі.
Оқыту тәсілдерінің түрлері:
ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару тәсілдері.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің жүзеге асуына көмектеседі. Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |