4-тақырып. «Қазақ тіл» пәні арқылы меңгертілетін құзіреттіліктер 1. Құзіреттілік түрлері:
1.1 тілдік құзіреттілік;
1.2 проблемалардың шешімін табу құзіреттілігі;
1.3 ақпараттылық құзіреттілік;
1.4 қатысымдық құзіреттілік;
1.5 танымдық құзіреттілік;
1.6 әлеуметтік-тұлғалық құзіреттілік.
Педагогика ғылымында құзіреттіліктерді анықтау және жіктеу әдіснамасы қалыптасты. Осы әдіснамаға сүйене отырып, құзіреттілік тұрғысынан білім беру үрдісінің оқушыға бағытталу сипаты айқындалды.
«Құзірет» және «құзіреттілік» ұғымдарын педагогикалық үрдіске енгізу бағытында ғалымдар зерттеу жұмыстарын арнап, әдіснамалық мәнін ашып, өздерінің әртүрлі түсініктемелерімен сипаттауда. Аталған ұғымдардың табиғи мәніне жетуге байланысты Е.В.Бондаревская, А.А.Деркач, И.А.Зимняя, А.К.Маркова сынды ғалымдар оқытудың түпкілікті нәтижесін баяндау және маманның білім алу үрдісінде қалыптасқан тұлғалық әртүрлі қасиеттері түрінде қолдану десе, И.Н.Алмазова құзірет – адамның іс-әрекеті саласындағы білімі мен іскерлігі, ал құзіреттілік – маман құзырлық қасиеттерін сапалы қолдана алуы тұрғысында пайымдайды.
К.В.Шапошников: «Кәсіби құзіреттілік категориясын: қоршаған ортамен өзара әрекет етуінде адамның кәсіби іс-әрекетін жобалау және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттері, білімі, іскерлігі және тәжірибесінің біріккен жиынтығы »,- деген.
Қазақстанда кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың теориялық және практикалық қырларын Ш.Х.Құрманалина (колледж жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлау), Б.Т.Кенжебеков (жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігі), Г.Ж.Меңлібекова (болашақ мұғалімнің әлеуметтік құзыреттілігі), Б.Қасқатаева (болашақ математика мұғалімінің әдістемелік құзырлылығы), С.И.Ферхо (мұғалімдердің оқу үдерісінде электронды оқу құралдарын пайдалана білу құзыреттілігі) және т.б. ғалымдар зерттеген.
Маманның кәсіби кұзіреттілік мәселесі күрделі де көп қырлы. Бұл ғылыми педагогикада, психологияда, әлеуметтануда, кәсіби білім берудің теориясы мен әдістерінде, гуманитарлық ғылымда әр қырынан қарастырылып жүр. Мәселе кешенді түрде зерттелуде.
Құзіреттілік – жеке тұлғаның теориялық білімі мен практикалық тәжірибесін белгілі бір міндеттерді орындауға даярлығы мен қабілеті. Ол жансыз жаттанды білім түрінде емес, жеке тұлғаның танымға, ойлауға қатысын және әрекетке, белгілі бір мәселелерді ұсынып, шешім жасауға, оның барысы мен нәтижелерін талдауға, ұдайы түрде ұтымды түзетулер енгізіп отыруға деген белсенді іс-әрекеттен көрінеді.
Осы ретте еліміздің кәсіби білім беру жүйесі алдында, оның ішінде болашақ педагог даярлауда ең алдымен педагогтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру міндеті тұр. Кәсіби құзыреттілік ұғымын түсіндіруде екі бағыт бар: адамның стандартқа сәйкес әрекет ету қабілеті; жеке тұлғаның жұмыста нәтижеге жетуіне мүмкіндік беретін сапалары.
Құзіреттілік тұрғыдан келу қазіргі үздіксіз білім беру, соның ішінде кәсіби білім беруде, білімді дамытудың төмендегідей бағыттарын айқындап отыр.
Біріншіден, үздіксіз білім берудің жалпы жүйесінде өздігінен білім алу кезеңдерінің мәнділігі. Сондықтан білім берудің қазіргі кезеңінде білім алушылардың өзбетіндік, танымдық және практикалық іс- әрекет дағдысын қалыптастыру міндеті ерекше өзекті.
Екіншіден, өздігінен білім алуды дамыту жағдайында оқыту құралдарының рөлі артады. Қазіргі кезеңдегі оқыту технологиясында оқытудың ақпараттық технологиясы құралдарының орны ерекше.
Үшіншіден, білім беруді жүзеге асырудың даралап оқыту ұстанымының рөлін күшейтеді, әрбір білім алушы үшін оқу үрдісін даралауды жүзеге асыруды көздейді.
Төртіншіден, білім беруде пәндік-бағдарлық жүйеден жобалау жүйесіне көшуге бағдарлайды.
Сонымен, құзіреттіліктің маңыздылығы жөнінде айтатын болсақ, құзіреттіліктер мен дағдыларды дамыту білім берудің оқушыға бағдарланған парадигмасына сәйкес келеді. Бұл парадигмада оқушы, яғни білім алушы басты назарда болады да, ал оқытушының рөлі өзгереді.
Мұндай өзгерісті оқытушының бағыт беруші рөліне өтуі ретінде қарастыруға болады. Оқытушы – нақты, айқын қойылған міндеттерге жету жолындағы көмекші, бағыт сілтеуші.
Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, білім мазмұнын дамытудың бүгінгі жағдайын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық орта білім беру стандартында қабылданып отырған негізгі құзіреттіліктерді: проблеманың шешімін табу, ақпараттық және коммуникативтік құзіреттіліктерді қалыптастырып дамыту көзделіп отыр.
В.А.Сластенин еңбегінде кәсіби құзіреттілік жеке тұлғаның кәсіби қызметтік функциясын жүзеге асыру қабілеті мен теориялық, практикалық дайындықтың бірлігі ретінде қарастырылады.
Жоғары педагогикалық оқу орнын бітірген жас мұғалім іргелі білім мен кәсіби икемділікті игеруі тиіс. Сонымен қатар, ізденімпаздықпен жұмыс жасайтын жас мұғалім шығармашылық, зерттеушілік, іс-тәжірибелерімен қаруланып, болашақта қандай да болмасын педагогикалық немесе пәндік проблеманы шешуде өзіндік жолын таңдап, жүзеге асыра алуы қажет. Ал, мұғалім бойында кәсіби құзіреттілік базалық дайындық, әдіснамалық мәдениет, педагогикалық шеберлік пен креативтілік бағыттары бойынша қалыптасады.
Кәсіптік білім беру үрдісінің тиімді жүргізілуіне жаңа білімдік орта мен оқушылардың оқу бағдарламаларының өзгермелі жағдайында бағдарлау қабілетінің төмен болуы арасындағы қарама-қайшылық әсер етіп отыр. Бұл қарама-қайшылық тұлғалық-бағдарлық оқыту технологиясы бойынша іс-әрекеттік тәсілді пайдаланып, оқушылардың оқу, зерттеу және өзіндік жұмысын кешенді оздырудың алғышарты болып табылады. Мұны шешу үшін мынадай оқыту тәсілдері қолданылады. Оқыту тәсілдері: жеке тұлғаға бағдарланған тәсіл- вариативтік және сараланған бағдарламаларды, оқу және оқудан тыс іс-әрекетті ұйымдастырудың, оқушылардың жеке білім кеңістігін құру мәселелерін шешудің түрлі нысандарын пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Іс-әрекеттік тәсіл – оқушылардың дербес өнімді іс-әрекетін ұйымдастыру жағдайында тұлғаның мүмкіндіктері мен қабілеттерін неғұрлым толық көрсету мен дамытуға бағытталған. Құзіреттілік тәсілі – оқушылардың тұлғалық сапаларының кешенін дамытуға, білім беруден күтілетін нәтижелер ретінде білім, икемділік пен дағдыға негізделген құзіреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған.
Құзіреттілік түрлері: тілдік құзіреттілік, кәсіби құзіреттілік, проблемалардың шешімін табу құзіреттілігі, ақпараттық құзіреттілік, қатысымдық құзіреттілік, танымдық құзіреттілік.
Тілдік құзіреттілік – сөйлесім бірліктері (сөйлесім әрекетінің түрлері) мен тілдік білімдердің бірлігі және оларды қолдану дағдысы (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық).
Кәсіби құзіреттілік – өзін-өзі дамытуы (рефлексия), өз пәнін терең меңгеруі, психологиялық және педагогикалық терең білімінің болуы, оқытудағы дәстүрлі және инновациялық әдістерді, жаңа технологияларды меңгеруі.
Проблемалардың шешімін табу құзіреттілігі – кәсіби және өмір жағдаяттарында кездесетін проблемаларды шешуде тілдік дағдыларды өз мақсатына қарай орынды қолдана алу біліктілігі.
Ақпараттық құзіреттілік – қатысымдық жәнетанымдық мақсатқа байланысты қажетті ақпаратты табу, талдау, өңдеу, сақтау, оның мазмұнын жеткізу, ақпаратты өзінің қажетіне қарай пайдалану және жаңа ақпараттық, педагогикалық технологияларды игеру біліктілігі.
Қатысымдық құзіреттілік – әлеуметтік-қоғамдық ортада сөз мәдениетінің талаптарына сай ауызша және жазбаша қатысымға түсу, қатысымдық міндеттерді шешу, тілдік құралдарды дискурс пен пікір білдіруде шығармашылықпен қолдану, өзінің көзқарасын жүйелі білдіре алу және пікірлесушінің көзқарасын тыңдап, түсіне алу біліктілігі.
Танымдық құзіреттілік – өз бетінше жаңа білімді игеру, білім деңгейін, педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіру, жағдаятты түсіну, өз қабілеті мен білімін бағалау, өзіне қажетті білімді екшелеп, сұрыптап ала білу, оны қолданудың жолын меңгеру, өзін-өзі ұйымдастыру және дамыту, білімді өзіне қажетті жағдайда қолдану, жеке, қоғамдық, кәсіби өмірде танымдық қызметті дамыту біліктілігі.
Әлеуметтік-тұлғалық құзіреттілік – қоғамда, көпшілік арасында сөйлей білу, қоғамда өз мәдени деңгейін, адами сапалық қасиеттерін таныта алу, қарым-қатынастың ұлттық және жалпы адамзаттық әдеп нормаларын ұштастыра білу, интеллектісі мен парасатын үйлесімде таныта алу, өзгермелі дүние жағдайына бейімделе білу, өмір бойы білім алу парадигмасына сай өз әлеуетін жетілдіру, көпшілік алдында сөйлеу мен пікірталас мәдениетін жетік меңгеру, өзіндік көзқарасын шешендік сөздің тектеріне сәйкес ұтымды жеткізе алу, қоғамдық қарым-қатынаста өзіндік көзқарасын айту, өзіндік позициясын ұстану, қоғамдық пікірталаста өз пікірін қорғай алу, топ алдында сөйлей алу біліктілігі.