Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы саяси-әлеуметтік жағдай мен өмір шындығын дәлелдеп жазыңыз.
Қазақ прозасына үлкен үлес қосқан алғашқы қазақ романының авторы – Жүсіпбек Аймауытов. Оның талант мүмкіндіктері, қабілет ерекшеліктері айқын көрінген туындысы – «Ақбілек» романы. Қаламгер әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап күресі, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады. Ендеше, осы «Ақбілек» романында қандай саяси-әлеуметтік жағдайлар мен өмір шындығы туралы жазылды?
Жалпы романның өзі қазақ қызының тағдырына құрылған шығарма. «Ақбілекте» қазақ аулының Ресей жеріндегі төңкерістер кезіндегі, ақ пен қызылдың лаңы тұсындағы әлеуметтік-саяси жағдайына баса көңіл бөлінген. Өйткені романның фабуласы қоғамдағы құбылыстарға тікелей байланысты дамиды. Бүкіл сюжет елдегі азамат соғысы тұсында ғана өтуге тиіс оқиғаға негізделген. Қазақ халқының орыс тепкісінің астында көрген зорлық-зомбылықтарын Ж.Аймауытов Ақбілек трагедиясы арқылы шынайы суреттеген. Ресей империясының екі ғасырдай боданы болған қазақ халқының азып-тозған мүшкіл халін айқын көрсету үшін жазушы Ақбілек басындағы трагедиясын шегіне жеткізіп көрсете білген. Ішкі Ресейдегі қызыл орыстардың тегеурінді екпініне шыдай алмай оңтүстікке қарай жөңкілген ақ орыстар жүрген жерін жалмап, бейбіт халықты тонап, қырып-жойып бара жатты. Кейбір кеудемсоқ офицерлер тіпті шектен шығып қазақтың қыз-келіншектерін зорлап, қорлап кетіп отырды. Ақбілек те осындай бір ақ офицерінің күшпен зорлап қосылған уақытша әйеліне айналып еді. Осы оқиғаларды баяндай отырып, жазушы ұлттық психологияны нанымды суреттейді. Орыстардың қазақтарды менсінбеуі, адам санатына қоспауы, қазаққа деген зорлық зомбылығын шімірікпестен істей салуы – бір жағынан орыстардың басқыншылық мінез-құлқын, езуші халық ретінде дандайсыған көңіл-күйін көрсетсе, екінші жағынан қазақтардың орысқа дегенде дәрменсіздігін, ынжықтығын, бейшаралығын байқатады. Бірімен-бірі айтысып-қырқысқанда батыл қимылдайтын қазақтар орыстан өктемдік көрсе, ұнжырғасы түсіп, бүгежектеп қалады. Осыны жақсы білетін озбырлар онан сайын құтырына түседі. Ж.Аймауытов өз романында мәселенің осы жағына баса назар аударған. Автор езуші ұлт пен езілуші ұлттың психологиясын дәл берген.
Қорытындылай келе, Ақбілек – сол кездегі қазақ қыз-келіншектерінің ғана емес, ғасырлар бойы отарлық тепкіден көз ашпаған қазақ халқының жиынтық бейнесіне айналған. Сондықтан да «Ақбілек» қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орын алатын шығарма
С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романындағы Қамар мен Ахметтің арасындағы махаббат сезіміне бөгет болған қиыншылықтарды талдап жазыңыз.
«Қамар сұлу» - өзінің тақырыбы мен мазмұны жағынан әлеуметтік роман. Жазушы қазақ әйелінің теңсіздіктегі жай-күйін роман оқиғасының негізіне алып, сол арқылы өз дәуірінің қоғамдық шындығын әлеуметтік тұрғыда талдайды. Қоғамдық топтардың Қамар тағдыры туралы әр түрлі түсінігін, әрекет тіршілігін жан-жақты суреттей отырып, шығарма идеясын өзі өмір сүрген қоғамның негіздерін сынауға бейімдейді. Қалың малға сатып шалдардың жас қыз алуын, әлділердің әлсіздерге зорлығын, халықтың қараңғыдағы қапас тіршілігін өткір сынайды. Сол негізде феодалдық патриархалдық салт-сананың күйреуін және оны ұға алмай отырған елдің надан мінез-құлқын әшкерелейді.Қамар өзіне тең жар боларлық адамды сұлудан, байдан іздемейді, ақылды, сырлас, мұңдас адамдардан іздейді. Мұндай адам деп Ахметті таниды. Бірақ қыз ғашықтық сезіміне беріліп, күйректікке түспейді. Сезімді ақылға жеңдіріп, алды-артын ойлайды. Сол дәуір жағдайында Қамар мен Ахметтің қосылуына мүмкіндік те жоқ еді. Қамар – ауқатты ортадан шыққан қыз. Ахмет – кедей жігіт. Екеуі – екі ортаның адамдары.
А, құдай жасты-жасқа пар қылғаның,
Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның.
Біреуге алтын, гауһар тақыт беріп,
Астана жұрт билеген хан қылғаның.
Жазушы Қамар бейнесі арқылы қазақ қызының басындағы ауыр халді көрсетіп, «елдің ең ардақтысы Қамарды осындай ит қорлықпен өлтіргенде, басқа қыздардың күйі не болмақ?»- деген сұраққа жауап іздейді. Осы мысал негізінде ескі ауылды құрт аурудай жайлап, есеңгіретіп бара жатқан әдет-ғұрып маңын айыптайды. Автордың бұл ойы – Қамардың өлердегі сөзінен айқын көрінеді.
Тоқтау бер мұнан былай қазағыңа,
Шалдардың қызды салмай мазағына...
Қорытындыласақ, Ахмет пен Қамар арасындағы іңкәр сезімге үстем халық өкілдерінің қысымы, әлеуметтік теңсіздік пен надан халықтың жаңаша ойлай алмауы кесірін тигізді. Шығарма Қамар сұлу бейнесінде заман қасіретін көрсетті. Мазмұнында тек әйел теңсіздігі емес, астарында халықтың қараңғылығы мен байдың озбырлығы қыл тағдырында бейнеленген.
.
Мағжан өлеңдеріндегі азаматтық рух, ағартушылық-демократтық сарынды талдап жазыңыз.
Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі ақындарының бірі де бірегейі. Абай Құнанбайұлынан үлгі алып, шығармалары мен өлеңдерін де үлгі тұтқан болатын. Алғашқы өлеңдерінің бірін «Алтын хакім Абайға» деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Ол өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынай жазды. Елін білім алуға,өнер үйренуге шақырады. «Жазғы таң», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Қазағым» , т.б. өлеңдерінде ақын сол тақырыптарды талқылайды. Мағжан Жұмабаевтың ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасына ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін, халқын сүйді, туған жерін жүрегіне жақын тұтты. Ол:
Басқа жүрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр, -дей келіп,қазақ арасында мұндай ұмтылыстың жоғына қынжылады. Байлар да, оқу оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Халық ішінде өзара дау-жанжал көп. Міне, Мағжанның өкініші осылар еді. Осы мәселелердің бәрін өз өлеңдерінде қынжыла жазады және ол өлеңдерінде заман шындығы, халықтың басынан өткен қиыншылықтарды ойға алу арқылы түсіндіреді. Ақын айналасындағы жастарды да «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қалыпта көргісі келді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш – жастар. Сондықтан Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің «Мен жастарға сенемін» деп асқақтаған өлеңінде ол жастарға үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан қайсарлық пен күштілікті, таза жүрек пен шыншылдықты, азаматтық рух пен туған жерге деген махаббатты көреді және соған мақтанады. Ақын нені жырласа да ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
Міне, ақын барлық өлеңдерінде, жоғарыда айтып өткенімдей, сол кездегі мәселелерді көтеріп ең бірінші халқын ойлап жазады.
. С.Сейфуллиннің "Сыр сандық" өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз.
Сыр сандық өлеңі 1926 жылы жазылған. Ақын өлеңін 1923 жылы Қызылжар қаласында болған жағдайға байланысты туған. Сәкенді бір сапарында вокзалдан күткен досы Шәріпжан Потаев аяғын сындырып алады. Бірақ кейінгі тағы бір кездесуде Сәкенді танымайды, шақыртқанына келмепті. Сонда көңілі қалған Сәкен ақын:"Үлкен шенділерге табынғыш, жаоамсақ. Былтыр күтіп, аяғын сындырған дос сымағым ұлық болсам, шырқ айналар соқыр тауық болғаны ма?" дегенді ойлапты. Жалған достар қолыңда жемің болса, сені шыр айналып қасыңнан кетпейді. Ал қолыңнан билік кетсе, жемің таусылса, ол жалт береді. Ол дос емес, жалған дос. Нағыз достар сырын ақтарып, бірін-бірі ұғынып, сыр түйінін берік сақтайды. Ондай достардың жан сарайы, жүрегі берік қойма тәрізді. Оны ақтаруға кез келгеннің қолы жете бермейді. Тек достың досы ғанаақтара алады. Сәкен де сағына сырласатын нағыз дос іздейді. Ақын досының ішкі сырын Сарыарқаның биік шыңдарына, оның қалың нулыорманы, мұз бұлақтары мен табиғи байлығына теңейді. Сол тауда биік шың бар, онда қымбат жасау бар, сол асыл бұйым, ғажап перне, сен оның кілтін тауып аш та, сым пернені басып қара, дұрыс бассаң ғана сырын ақтара аласың. Ақынның суреттеген қоймасы - досының жан дүниесі, жүрегі.
Қазақтың дәстүрі әдеп жүйесінде достыққа үлкен көңіл бөлінеді. "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады", "Досы жақсының өзі де жақсы", - деген мақал-мәтелдер де жеткілікті. Достыққа қарама-қарсы ұғым - қастық пен күншілдік. Мұндай сезімге ерік алдырғандар басқаның қуаныш-қызығын, ырыс-бағын көтере алмайды, дос дос дегеннің не екендігін білмейді. Дұрыс дос таңдай білу - өмірлік мақсаттардың бірі. Егер қасыңда жақсы досың болса, сен өмірдегі бақытты жанның бірісің. Жақсы дос сені ешқашан жарты, жолда қиыншылықта тастап кетпейді. Ол сенімен бірге өмірдің ыстық-суығына төзіп, нағыз достықтың үлгісін көрсете біледі. Ал қазір бізге достық бұрынғыдан бетер қажет. Достық бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай, ал оны сақтау қиын. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек. Өйткені ол да баптауды қажет ететін нәзік өсімдік сияқты. Біздер достықты сақтау үшін жан-тәнімізбен еңбектенуіміз қажет. Қайтарымын қажет етпей, берудің жолдарын үйрену керек. Сенім мен жарқын көңіл - достықты берік ететін тірек саналады. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады және жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді
. Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі Шұға мен Әбдірахманның арманына жете алмаған трагедиялық халін сипаттап жазыңыз.
XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі — Бейімбет Майлин. Ол поэзия, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, өз дәуірінің шындығын, қазақ елінің, әсіресе ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халықтың бастан кешірген күрделі оқиғаларын, әлеуметтік өмірдің шытырман қайшылықтарын көрсетті. Кеңестік заманның алғашқы жиырма жыл ішіндегі қоғамдық құбылыстардың еңбекші адамға тигізген әсерін, қазақ халқының ғасырлар бойында қалыптасқан тұрмыстық, салттық болмысының, шаруашылық, кәсіптік негізінің жойылып, оның орнына жаңа қүрылымдардың табиғи орын теуіп болмаған кезеңінің сыры мен мұңын шебер суреттеді. Сондай шығармаларының бірі – «Шұғаның белгісі». Повесте ең өткір мәселе – әйел теңсіздігі сөз болған. Шығармада бірін бірі сүйген екі жастың – Шұға мен Әбдірахманның арманына жете алмаған трагедиялық халі айтылады.
Шұғаның әкесі Есімбек бай қызын кедей жігіті Әбдірахманға бергісі келмей, жастардың кездесуіне тыйым салады. Бұдан кейін түрлі жаланы сылтау етіп, Әбдірахманды жер аудартады. Осындай қатыгез зорлыққа душар болған Шұға қайғыдан, күйіктен қайтыс болады. Повестің мақсаты — жастардың бас бостандығына ерік бермей, қасіретке ұшыратқан ескі дәстүрлерді сынау… Жастардың бас азаттығын көксеу, бүған кедергі келтіретін әдеттерді батыл таңбалау — XX ғасыр басындағы демократиялық қазақ әдебиетіндегі басты сарындардың бірі еді. «Шұғаның белгісі» повесінде оқиғалық өрілімдер, кейіпкерлердің мінездемелері, диалогтер, сезім, көңіл күйлері Қасым деген адамның әңгімесі болып беріледі. Мұндай әңгімелеу мәнері халық прозасының қалыпты баяндау тәсіліне жақын. Бірақ қаһармандар мінезі мен әлеуметтік жағдайды талдау шығарманың реалистік жазба әдебиет дәстүрінде жасалғанын көрсетеді. Шұғаның да, Әбдірахманның өздеріне тән және дара сипаттары танылады. Шұға — айтқан сертіне берік, сезімі мөлдір, пәк махаббатты қастер тұтатын жан. Ол өмір күресіне түсіп шыныңпаған, зорлыңңа ңарсы көрсетер дәрмені жоқ, озбырлыққа деген наразылығын ішінде сақтайтын биязы мінезді қыз.
Оның мүндай халі Қасыммен арасындағы төмендегі диалогтерден айқын көрінеді:
- Жайың қалай, тәуірмісің?
— Тәуір емеспін, — деді. Көзіме көзі түсіп кетіп, қамыққандай болды… — Тәуір емеспін. Тәуір болуды тілемеймін де. Сәлем, сәлем айт, — деді. Жылап қоя берді. Жастығының астына тығылған орамалымен көзін сүртті.- Тірі келсе, көресің ғой, бірақ мен…
— …Бәріміз де көреміз. Ажарыңыз тәуір ғой, жазыларсыз, — дедім.
— Жазылып керегі не? Бәрібір мен баңытты бола алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жанына батқан соң аяп отыр. Ертең сауықсам, қайта күйсеуден тайынбайды…» Шұғаның бұл сөздерінен сүйгені Әбдірахманнан айырылуды өмірге деген үміт отының сөнгені деп санайтындығы сезіледі.
Қорытындылай келе, «Шұғаның белгісі» — жастардың теңдік, еркіндікті аңсап, әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы үн көтере бастағанын шынайы бейнелеген шығарма.
С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында Сұлушаш пен Алтай арасындағы ғашықтық сезім арқылы ақынның махаббатқа адалдық туралы ойын талдап жазыңыз.
Әр ғылымның белгілі бір кезеңі жасаған жаңалығымен есте қалады. Әдебиет тарихына да өзгеше бір серпін мен жаңалық әкелген Сәбит шығармалары, соның ішінде «Сұлушаш» еді. Себебі, өзі көрген, сезінген, жүрегінің түбінен терең орын алған нәрселерінің бәрін маржандай етіп тізіп, поэмаға енгізген Сәбит үлкен мадаққа ие. Сондағы Сәбиттің «Сұлушаш» поэмасын жазудағы мақсаты неде? Сұлушаш пен Алтай арқылы өзінің махаббатқа деген адалдығын жеткізу ме?
Поэманың басты кейіпкерлері – Сұлушаш пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Олар бір-біріне ғашық болады, бірақ қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Сұлушаш байдың қызы болса да, оның кедейлігін мін санамай, оның адамгершілік қасиетін бағалайды. Мұның өзі С.Мұқановтың өз өміріне тым қатты ұқсайды. Сәбит те сіңірі шыққан кедей отбасымен шығып, өзінің еңбекқорлығының, бейнетқорлығының арқасында оқуымен алыса жүріп, биіктерден көрініп тарихта аты қалған Сәбитке айналды. Ал, Сұлушаштың поэмадағы прототипі – әйелі Мариям. Шығармада Сұлушашты суреттеуі өмірдегі Мариямға қатты ұқсайды. Себебі,Сәбит екеуі қанша қиыншылық көріп, барар жері болмаса да мойымайды. Әйелі Мариямның айтуы бойынша, ақынның әйеліне жиі айтатын сөзі «шашыңнан айналайын,Мариям» болушы еді. Сәбиттің әйелімен қырық жылдан аса бірге өмір сүруі мен осы поэманы негізге алсақ, Сәбиттің махаббатқа кіршіксіз адал екенін байқауға болады.Армандарына жету жолында жастар көп қиындық көрді. Озбырлардан қанша қысым көрсе де, олар өз сезімдері жолында бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық - оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауда паналаған кездерінде, ашығып-торыққанда, оларға осы сезім қуат берді. Әлеуметтік теңсіздіктеріне қарамай бір-бірін ұнатып, махаббаттарына берік болған екі жастың бақыты баянды болмай, екеуі деқашып жүріп мерт болғаны қандай өкінішті. С.Қырабаев: « «Сұлушаш» махаббат тақырыбына жазылған шығарма емес,үлкен саяси әлеуметтік туынды»,-деуіне, бәлкім, келіспеуіміз де мүмкін. Бірақ, сол кездердегі тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермеген қоғам мен заманды негізге ала отырып, ақын шынайылық пен махаббатты көрсете білді.
Қорытындылай келе, «Сұлушаш» поэмасында автор әлеуметтік мәселелерді, екі ғашықтың махаббат жолындағы трагедиялық тағдырын, олардың арасындағы ғашықтық арқылы махаббатқа адалдық пен ардың тазалығын суреттейді. Сонымен қатар, ақын жазған поэмасы арқылы өзін Алтай санап, Сұлушашына- Мариямға дегенмахаббаты мен оған адалдығын жеткізебілді.
Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы автордың характер жасаудағы шеберлігін Игілік бейнесі арқылы дәлелдеп жазыңыз.
Кеңестік дәуірде кең өріс жайған, көпжанрлы, биік профессионалды қазақ әдебиеті шеберлерінің алғы шебінде Ғабит Мүсірепов есімі аталады. Оның қаламынан көптеген қызықты әңгімелер, очерктер, новеллалар туды. «Оянған өлке» романы – жазушымыздың проза жанрындағы алғашқы күрделі еңбектерінің бірі. Осы романдағы неғұрлым анығырақ көрінген Игіліктің бейнесін сомдаудағы ақынның шеберлігі қандай?
Жазушы Игілік тұлғасын мүсіндеуге айрықша көңіл бөледі. Қыруар малы бар екі байдың тар жерге тығыла қонып жатқанын көрсетіп, шиеленістің үстінен түсіру шынында да тиімді тәсіл. Күш теңесіп, ерегіскен байлар мінездік ерекшелігімен көрінбеуге реті жоқ. Авторлық баяндаулардан Игіліктің мән-жайын білеміз. Оның екі баласы екі жерде болыс екені, Игіліктің он екі мың жылқысы бар екені айтылады. Бұдан кейін де жазушы кейіпкердің өмірін, мінезін ашарлықтай мәлімет, деректі әр жерде толықтырып, үстемелей баяндайды. Автордың айтуынан Игіліктің тағы бір сырын танимыз. Оны автор: «Игілік жұрт көзін сүріндіретін істерді істеп салатын да, өз басы оған мән бермейтіндей көрінгісі келетін»,-деп суреттейді. Сонымен қатар ол өзінің байлығы мен салтанатын жүрт мақтағанды ұнататын, бірақ сырттай белгі бермейтін адам. Жалпы алғанда, жазушының Игілікті өз тарапынан мінездеуі едәуір орын алады. Сондықтан да мұны суреткердің характер жасаудағы жүйелі тәсілі деп айтуға болады. Игілік тұлғасы өте қомақты, оның сөйлеуінен де өзіндік өрнек бар. Осының бәрі қосылып келгенде, жазушының қаһарманды даралап көрсету үшін көптеген сурет мүмкіншіліктерін пайдаланғанын аңғарамыз.Қорытындылай келе, «Оянған өлке» әдебиет жұртшылығынан жоғар бағаға ие болған. Шынында, бұл романнан жазушының суреткерлік шеберлігі арта түскен, өте қиын тақырыпты меңгеру үшін көп іөзденгені анық аңғарылады. «Оянған өлкенің» басты селкеуі, меніңше, құрылыстық, сюжеттік жүйелік жағында. Ал сюжет – автордың алған тақырыбын, идеясын, образдар жүйесін, жалпы жарияламақ болған мұратын қаншалық екшеп, талғап, болған-болмағанын байқататын таразы.
С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романындағы отбасылық тәрбие мәселесін қазіргі кездегі отбасындағы тәрбиемен салыстыра отырып талдаңыз.
«Қамар сұлу» романы – С.Торайғыров шығармаларының жаңа сапаға өткелі тұрғанын, көркемдік-идеялық ізденістерін анық көрсететін шығарма. Ал бұл шығармада отбасылық тәрбие мәселесі қалай көтерілді?
ХХ ғасырдың басындағы қазақтың іріп-шіріген билеуші тобының өкен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген «Қамар сұлу» шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы – оны қазақ әдебиетіндегі демократтық әдебиеттің ірі өкілі етті. Негізінен «Қамар сұлу» романында қазақсалт-дәстүрлері туралы сыни пікір айтылған. Ең көрнекті көтерілетін мәселесі қазақ қыздарының қалымға сатылуы, қыз-әйел баласының өмірде алатын орны болып табылады. Ахмет Қамарға ғашық болғанымен қалың малға ақша төлеуге қарааты жетпеді. Содан соң Қамарды он бес жасына Нұрым деген азаматқа тұрмысқа береді. С.Торайғыров бұны заманның ащы қиындығы ретінде сипаттаған және «Қазақ тарихының ұйқыдағы қазағымның ұзын да ұзақ жолы» - деп суреттеген.Ал қазіргі кездегі отбасы тәрбиесі Қазақстанның әр түкпірінде әрқалай. Қазақстанның оңтүстік өңірінде қалың мал міндетті түрді алынады және оны жасауымен қайтарады. Батыс өңірлерді қалың малды сұрау дәстүрі оңтүстіктегіден әлдеқайда көбірек. Бағасы жағынан да, жанындағы жералғылар жағынан да батыстың қыздары дес бермейді. Шығыс өңірлерде қалың малды «бергенінше береді», «бермесе қояды», «жағдайына қараймыз» диалектілерін қолданады. Ал Солтүстік Қазақстанның тұрғындары «Теңін тапса тегін бер» деген салтты ұстанады. Егер қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып тұрса, қалың мал да, жасау да сұрамай, еншісін беріп бөлек шығарады. Менің ойымша, «қалың мал» беру ол дұрыс нәрсе. Себебі ол қыздың ата-анасына зор көмек болады. Әрі қалың мал жат жұртқа емес, жасау қылып қыздың артынан қайта жол тартады. Бірақ қалың мал берерде көрпесіне қарай көсілген жөн.
Қорыта келе, менің жеке ойымша Қамардың ата-анасы қалың малға қызығып, қыздың обалына қалды. Бұндай жағдай қазіргі қазақ халқының басына тиіп, Қамардың тағдырын қайталағанын қаламаймын.
Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы батырдың ерлік істерін талдап жазыңыз.
«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы Қасым Аманжоловтың ,,ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының жанрындағы үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсетен ерлігі арқау болған. Ақындық дарыны үлкен үміт күттірген Абдолла намысқой, отаншыл, қайсар жігіт екен.Майданда соғысып жүріп, оның бөлімшесі немістердің қоршауына түседі. Бір үйдің шатырына паналап, ұрыс жүргізеді. Жолдастары түгел оққа ұшады. Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің рота әскерін үйге жолатпайды, көптеген солдатын қырғынға ұшыратады. Жау "Абдоллаға беріл, кінәнді кешеміз" деп хабарлайды. Абдолла берілмей, соғыса береді, ақыры немістер үйді өртейді. Әдетте, отқа адам төзе алмай, қашады екен. Бірақ Абдолла тапжылмай, үймен бірге өртеніп кеткенше қарсылық көрсетумен болады.Ол туралы Абдолланың бөлім командирі В.Григорьев: "Жау қоршауында жалғыз калып, арыстандай алысқан айбатты акынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады", – деп жазды. Поэма Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады. Туған елінің ерлік дәстүрі мен жауынгерлік антына берік азамат кейпі санада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі.
Қаһарманның ішкі толғанысы ширыға келе, қаһарлы кекке, жан ашуына айналады. "Намысты ұлан аласұрып" жау тобына автоматтан оқ жаудырады. Екі жақ та өшіге өршеленеді. Осы бір өлім мен өмірдің күресін ақын зор ақындық буырқаныспен суреттейді:
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Қорытындылай келе, «Ақын өлімі туралы аңыз» Абдолла Жұмағалиевтің батырлығы арқылы жас сарбазды жігерлендіру, өр рухты Отан қорғаушысы болуға дәріптейді. Абдолла жалғыз өзі қалса да жігерленіп, ақтық демі, қасық қаны қалғанша тұрды. Ерлікпен қаза тапты. Ол артындағы бауырлары мен қандастары үшін соңына дейін барды, өзін құрбан етті.
Ә.Тәжібаевтың «Портреттер» поэмасындағы лирикалық қаһарман тұлғасын талдап жазыңыз.
Үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп салалы мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің бірі - Әбділда Тәжібаев. Оның шеберлік өрісіндегі елеулі туындыларының бірі – «Портреттер» поэмасы. Бұл поэмадағы лирикалық қаһарманның тұлғасы қандай?Лирикалыққаһарман үниені аса бір ынтық көзбен шолады, өткен тарихты айөын азаматтық зердемен ой тезінен өткізеді. Поэма барысында дәуір сипаттарын оқиға ауқымында, шиеленісті тартыстар шешімінде ашуға автор аса ынталы емес. Керісінше қаһарманның жан әлеміндегі боямасыз жеке шынайы түйсіну, сезім тербелістері арқылы адам тағдырларының қоғамдық-әлеуметтік сілкіністер аясындағы баянды, баянсыз халінен сыр ашуға ден қойған. Уақыт және уақыт көлеміндегі адам тағдырларын ақын жинақы, шебер, кестелі тілмен, жанды суреттеулермен, асқақ, өміршең адамсүйгіштік рухты ашады. Шығарма тіршілік қуанышымен шаттанған қаһарманның төрт құбыласы түгел қалпында басталады да, әрі қарай бір үйлі жанның өмір сәулесі солғындап, асқар тау әкеден, араға жылдар салып, әке орнына әке болған бауыр – ағадан, ұзамай көз қуанған қарындастан көз жазып қалуы айтылады. Одан әрі қайғылы жылдар өтінде қасіреттен шөккенімен, қайтадан жаңғырған өмір шуағына жылынған қарт ана тағдыры – төңкеріс, зобалаң, соғыс жылдарында, уақыт бедерінде тұтас бір халық бастан өткерген тарих баяндалады. Лирикалық қаһарман бастан өткерген өмірдің әрбір адамға етене қымбат сәттері, тым таным күйлері оқырмандарды толқытады. Автордың ұтымды, ұрымтал тұстардан алып отыратын тіршілік құбылыстары өтімді көркемдік шешім арқауларын түзеді.
Қорытындылай келе, адам, уақыт, ұрпақ сабақтастығы. Адамның өмірсүйгіш рух қуаты. «Портреттер» осыны жаңа поэтикалық үлгіде қазақ поэзиясына алып келді. Әбділда ақын поэзиясына тән негізі өміршең сипаттар шығармада тағы да жаңа бір көркемдік арнаға бет бұрған болатын. Бұл уақыттың көркем бейнесі кейпінде келесі буын ақындары ширата түскен өнімді тәсілге айналды. Адамның замана арпалыстары аяулы өмірі туралы жаңа бағытта жантолқытар шығарма жазу үрдісінің орнығып, жалғасуында Әбділда Тәжібаевтың «Портреттер» поэмасы елеулі поэтикалық мәнге ие болды
Ж.Молдағалиевтің «Мен - қазақпын» поэмасындағы рухани құндылықтардың қаншалықты көрініс тапқанын дәлелдеп жазыңыз.
Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — «Мен – қазақпын» поэмасы (1964). Өткен ғасырдың 70-ші жылдары жарық көрген туынды қазақ ұлтының өзі туралы поэмалық жариялауы болды. Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлыасқақтата көркемдеп жырлай білді.
Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде табыстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен — қазақпын, ажалсыз анамын мен
, Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен, —
деген өлең жолдарынан — ақ ақынның қазақтық, азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз. Өзінің «қазақ» екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз. Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді.Ақын қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақтана, асқақтата жырына қосады.
Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым, —
деп, оқырманды жігерлендіре түседі. Ерлік, қарсылық, күш, қуатты жырға қосып, «құласа да қайта тұрып» өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, жан даусымен қуана, шаттана жеткізеді. Енді бірде қазақтың ән — күйінің құдіретін өзгеше бір үнмен суреттейді:
….Күй емес пе, ботасыз нар идірген?
Ән емес пе, аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда қалайша тарылды іргем? –
деп, қазақ халқының ән — күйі мен жырының өзіндік ерекшелігін, даралығын паш етіп, мұндай өнері бар халықтың ешқашан мойымайтынына үлкен сенім артады. Поэманың келесі бір шумағында ақын:
Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді… —
деп, қазақ халқына жаңа заманға сай болуға, еркіндікті, елдікті, бірлікті сақтауға үндейді. Елі үшін құрбан болған Әлия, Мәншүк, Төлегендерді жырына қосып, олардың ерлігін, олар бастаған жол, халық бақытының түп қазығы болғанын суреттей отырып, олардың ісін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ екенін мақтан ете жырлайды. Мерейі өскен бүгінгі бақытты халқымыздың қуанышы жыр боп төгіледі. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, осы азаттық жолындағы «мың өліп, мың тірілген» кездерді еске алғанда ақын арманы поэма шумақтарынан анық байқалады.
Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті,
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең.
«Қазақ болу — зор бақыт» дер күн тіпті… —
деген өлең жолдары бүгінгі «егемендікті» жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды. Енді бірде ақын:
Мен — қазақпын қаныммен, сүйегіммен.
Сән — салтанат, салтымды сүйемін мен, —
… Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып.
Қазақстан гербі де, жалауы да, —
деп шаттанады, қазақ елінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдей түседі. Ақын өз жырының елі үшін ешқашан таусылмайтынына ерекше қуанады.
Мен — қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске —
Айта бергім келеді, айта бергім, —
деген өлең жолдары бүгінгі күн үшін айтылғандай сезіліп, ақындық даңқын көтере түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |