Кідіріс белгілері:
Қысқа кідіріс ∕ Сөйлемдегі бір фразаны кідіріп айту.
Орташа кідіріс ∕∕ Бұл логикалық, сөйлем арасындағы толас.
Ұзақ кідіріс ∕∕∕∕∕ Сөз тізбегінің арасындағы үзіліс.
Тез оқу. → → Екпіндетіп оқу.
Баяу оқу – - → - Асықпай оқу.
Дауысты қатты шығару → Көңіл аударту.
Дауысты бәсеңдетіп, жай оқу ← Елеусіз оқу.
Көтеріңкі дауыспен оқу ↑ Толқып оқу.
Басыңқы дауыспен оқу ↓ Еркімен оқу.
Бір сарынды дауыспен оқу - - → Зеріктіріп оқу.
Сөзді қосып оқу -+- Толықтырып оқу.
Дауыстың бәсеңдеу шығу белгісі. —
Мәнерлеп сөйлеу тіліне – интонация, логикалық екпін, кідіріс түрлері, қарқын түрлері, дауыс күші, дауыс сазы жатады және олар бір - бірімен тығыз байланысты.
Интонация – сөйлеудің мәндік эмоциялық болуы.
Логикалық екпін – сөйлеудегі ойдың мәніне қарай бір сөзді айрықша даралап айту. Ол ой екпініне ие болады да, ерекше әуенмен естіледі.
Сөйлеген сөз ешбір толассыз шұбатылып айтыла бермейді. Сөз тізбегінің арасында белгілі бір үзіліс толасы болады.
Кідіріс деп сөйлеудегі сөз түйініндегі не сөйлем арасындағы толасты айтамыз.
Мерзім, мөлшері, шамасына қарай кідірістер ұзақ, қысқа, орташа болып бөлінеді.
Қысқа кідіріс сөйлемдегі бір фразаны бөліп тұрады.
Орташа кідірісті логикалық кідіріс дейді. Ол сөйлемнің аяқталуын білдіреді.
Психологиялық кідіріс – ойды үнсіз емеурінмен тап басып, дәл жеткізу тәсілі.
Логикалық кідіріс. Әрбір сөйлемде айтылатын ойға қазық болып, қалған сөздер соған байланысты болып тұратын жеке сөздер, сөз тіркестері бар. Ол сөздер басқа сөз табынан сәл көтеріңкілеу оқылып, тыңдаушы назарын өзіне аударады. Сөйлемдегі негізгі мағына қай сөзге, қай сөз тіркесіне түсіп тұрғанын дауыс кідірісі арқылы жеткізуге болады.
Ал сөйлеу кезінде қай сөзге мағыналық кідіріс жасалатын болса, сол сөз көтеріңкі айтылады.
Психологиялық кідіріс мәтіннің мазмұн-мағынасына, ондағы қатысатын кейіпкердің іс-әрекетіне, оның көңіл-күйінің құбылуына байланысты оқылады. Мәтінге дұрыс психологиялық кідіріс жасалып оқылғанда, тыңдаушы ерекше назар аударып, онан әрі не болатынын тағатсыз күтеді. Кейде шығарма кейіпкерімен қосыла қуанып, қосыла ренжиді. Психологиялық кідіріс мәтін мазмұнына лайықты жасалған жағдайда тыңдаушының алған әсері ұзаққа созылады.
Грамматикалық кідіріс. Мәнерлеп оқуда көбірек қолданылатын, жиі ұшырайтын кідірістер грамматикалық кідірістер немесе нормативтік дауыс ырғағы деп те аталады. Қазақ тілі синтаксисінде онға тарта тыныс белгілері бар. Тіліміздегі сөйлемдерді сауатты жазу осы тыныс белгілерін дұрыс қоюға байланысты. Ал оқу кезінде де осы тыныс белгілерінің жеке-жеке мағыналарын түсініп, дұрыс оқу қажет.
Үзіліс (пауза). Кез келген оқулық пен шығармалардағы, газетжурналдардағы белгілі тақырыпты баяндауға тиісті мәтіндер жазылу техникасы жағынан да, сауатты оқылуы жағынан да белгілі бірізділікпен қалыптасқан. Әрбір сөйлемдегі сөз мағынасын, сөйлемнің мағынасын, абзац мағынасын, сол арқылы тұтас мәтін мағынасын түсінуді, оқуды жеңілдету жүйеге келтірілген.
Екпін қоя білу. Күнделікті сөйлеу мен көркем шығарманы, кез келген мәтіндерді оқуда, сөйлеп айтуда сөздердің дұрыс айтылып оқылуы мен естілуі екпін қоя білуге де байланысты. Өйткені сөйлеу барысында сөздерді айтудағы бөлшектеніп шығатын ауа толқыны бірқалыпты айтылмай, сөз ішіндегі бір буын өзгелерге қарағанда күштірек немесе көтеріңкі айтылады. Осы көтеріңкі айтылған буынды екпін түскен буын немесе екпін деп атайды.
Логикалық кідіріс мәтіннің мағыналық түйінін негіздеуде, ойды ұштауда қолданылады. Мұндай кідірістер мәтіннің соңында, ортасында, басында келуі заңды.
Логикалық кідірісті психологиялық кідірісті жөн-жосықсыз кез-келген жерге қоя беруге болмайды, онда сөйлемнің мазмұны бұзылады.
Логикалық, психологиялық кідірістерден басқа шығарма жанрына байланысты қойылатын кідірістер бар. Олар ырғақты немесе ритмикалық кідірістер деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |