«Малайсары жалпы орта білім беретін мектеп» мемлекеттік мекемесі



бет8/10
Дата22.08.2017
өлшемі2,37 Mb.
#24730
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Ықылас Дүкенұлы

(1843-1916)


Дүкенұлы Ықылас– қазақтың әйгілі күйші қобызшысы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы, Мұңлы Қулы тауларының етегі. Топырақ бұйырған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Шу өзенінің бойындағы Қуарал деген жер. Шыққан тегі Кіші жүз Жетіру ішіндегі Тама руынан, оның ішінде Жөгі бұтағынан. Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. . Ықыластың атасы Алтынбек айтулы зергер, ұста адам болған; ағаштан қобыз, домбыра жасап, өзі сол аспаптарды жақсы тарта білген. Ал өз әкесі Дүкен күйшілік өнерді ұстанған. Ықыластың күйшілік дарыны ерте ашылып, 7-8 жасынан қобыз ұстап, әкесі тартқан күйлерді тез игеріп алған. 15 жасынан ол үлкен жиындарда өнер көрсете бастаған. Кезінде Ықыластың талантына тәнті болған Жанақ пен Шөже ақындар жас өнерпазға батасын беріп, Тәттімбет пен Тоқа сынды күйшілер оның өнерін өте жоғары бағалаған. 18 жасында ол әкесінен үйренген күйлерге өзгеріс енгізіп, оларды классикалық деңгейге көтерді; бақсылардың жүйесіз сарын түлеткен қобыз үніндегі абстракцияны жойып, оны адамның шабытына, ой-толғауына бағындырды, сөйтіп, қобызды халықтық музыкалық аспапқа айналдырды. Ықылас алғашқы күйлерін халықтық фольклордағы оқиғалар негізінде құрды; эпостық жырларды, аңыз ертегілерді қыл қобыз үнімен шертті және қыл қобыздың үн көлемін байытып, тереңдетті. Оның күйлерінің ырғағы өзінен бұрынғы күйшілерге ұқсамай, адам көңілінің тоқсан толғаулы сырын жыр етті, уақытты, замана тынысын, өмір шындығын шертті. Ол толғаған «Қорқыт» - бақытты өмірді аңсау, тәтті қиял; «Кертолғау» («Тоғыз тарау ? Кертолғау» деп те аталады) ? замана келбеті, мезгіл туралы ой; «Қоңыр» - адам сезімінің шаттанған, шуақты сәті, жарқын лиризм; «Ықылас» - шабыт шарықтауы; «Қазан» - елдің батырлық салтын ардақтаған салтанатты шеру; «Қамбар-Назым» - махаббат жыры; «Жезкиік» - кең дала табиғаты, еркіндік жыры; «Шыңырау» - зұлымдық қасіреті; «Аққу» - өмірді сүю, өлімді жеңу, адам құдіретін дәріптеу; «Жалғыз аяқ» - әділет үшін оптимистік құлшыныс; «Ерден», «Жарым патша», «Бестөре» - отаршылдық жүйе, Ресей өкіметіне беріле қызмет еткен қазақ ақсүйектері, тағы басқа Ықыластың азаматтық ойын айқындайтын саяси-әлеуметтік мәні бар күйлер. Ықылас Омбы, Қызылжар (қазіргі Петропавл), Ақмола (қазіргі Астана) қалаларында, жәрмеңкелерде қобыз тартуда алдына жан салмаған. Оның Сүгір, Ашай, Әйкен сияқты талантты шәкірттері болды. Өз ұлы Түсіпбек те қобызда өте шебер ойнады, ол әкесінің көптеген күйлерін Д.Мықтыбаевқа үйретті. Қобызшы Ж.Қаламбаев Сүгірден Ықылас күйлерін үйреніп, оларды нақышына келтіре орындады. Ықыластың көптеген күйлері Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде де орындалады. Жамбыл облысы Байқадам ауылында Ықылас атында музыкалық мектеп, Алматы қаласында музыкалық аспаптар мұражайы бар. Ықыластың қобызы Жамбыл облысы Жайлаукөл ауылында тұратын немерелерінде сақтаулы. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том

Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын ұңдатқан біртуар композитор. Ықыластың Дүйсебай, Түсіпбек, Ақынбай атты үш баласы да көшелі қобызшылар болған. Олардың балалары мен немере шөберелері қазір Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұрады. Ықыластың қара қобызы бұл күнде Ақынбайдың баласы Дәулеттің қолында сақтаулы.

Ықыластың тырнақалды туындылары «Қасқар», «Ықылас» деп аталады. Оның «Кертолғау», «Ерден», «Жалғызаяқ», «Жарым патша», «Жезкиік» сияқты күйлерінде өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық әлеуметтік көріністері бейнеленсе, «Қабар Назым», «Айрауық», «Қазан» сияқты күйлеріне ел арасына кеңінен тараған аңыз әңгімелер, қиял ғажайып оқиғалар арқау болған. Осы күйлердің қай қайсысы да Ықыластың адамға деген, қоғамға деген, табиғатқа деген азаматтық тұлғасын, адамгершілік үнін айқын аңғартады.

Ықыластың күйшілік дәстүрінің жығасын қисайтпай жалғастырған төл шәкірттері Бекағамбетұлы Ашай, Тоқтамысұлы Әбікей, Әлиев Сүгір және өзінің бел баласы Түсіпбек болған. Бұлардан тікелей тәлім алған белгілі қобызшы домбырашылар Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Ал, Дәулет пен Жаппастың төл шәкірттері Үмбетбаев Сматай, Қосбасаров Базархан.



Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір арнасын кеңейтіп, өрісін ұзартып, өресін биіктетіп, халқын қоңыр үніне ұйытуда.


Қазанғап Тілепбергенұлы

(1854-1927)
Тілепбергенұлы Қазанғапқазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері – арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері – сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі – Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі - Шанышқылы. Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дархан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады.

  • Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Кіші жүздің Ресейге бодан болуы ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә- бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын. Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-қ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім – түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке-шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада – Төреш, Бесқалада – Орынбай, Құрманияз, Орынборда – Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегін армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады. Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады.

  • Алайда, жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға келе алмайды. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» - деп, ашық мінезбен ағынан жарылады. Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай Балжан аруды өмір бойы күй арқауы , шабыт тұғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклі қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады. Жалпы, Қазанғап эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп «Қызыл керуен» деп бебеулейді.

  • Ал, «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сәні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады. Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп аныған жөн.


Дина Нұрпейісова

(1861-1955)
Өмірбаяны

Туып өскен жері Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жер. Топырақ Алматы қаласынан бұйырған.

Қазақстанның халық әртісі (1944). Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, одан кейін 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады.

Дина ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақытты болып қойған жоқ, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды.

Дина 1880 жылы Беріш ішіндегі Бесқасқа руынан шыққан Тұрманұлы Қанас деген жігітке тұрмысқа шығады. Қанас пен Динадан Нұрпейіс атты бір ұл туған. Алайда, алғашқы перзенті дүниеге келген соң Қанас көп кешікпей қайтыс болады. Дина ата салтымен қайын інісі Шәпекке қосылады. Күйеуінің атын атамайтын дәстүр бойынша Дина күйеуі Шәпекті «Жәпек» деп атайтын болған. Кейбір деректерде «Жәпек» деп жазылуы содан. Динаның алғашқы күйеуінен көрген перзенті Нұрпейіс 14 жасында қайтыс болады. Кейін ел ішінде санақ па, сайлау ма, әйтеуір бір тізім алу атай алмаған Дина фамилиясының орнына қайтыс болған тұңғышы Нұрпейістің есімін атаған. Міне, Динаның Нұрпейіс келіні атануының сыры осында. Жәпек пен Дина бақытты ғұмыр кешіп, берекелі жанұя құрған.

Шығармалары

Динаның әсем сазды аяулы күйлері осынау жар қызығын көріп, бала бақытына мейірленген жылдарда туған. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа» ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынан арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, балдай тәтті, бауыр етіндей жақын баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі, міне, бұлар Динаның өзіндік қолтаңбасын айқын танытатын біртуар күйлер. Бұл күйлері арқылы Дина қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетумен бірге, өзі де ұлы күйшілермен терезесін теңестірді.

Дина Кеңес заманында да өзінің арман аңсарын, үміт тілегін халқының жолына бағыштап өтті. Жасының ұлғайғанына қарамастан Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды. Рас, қоғамның репрессиялық қаталдығы туыдрған жағымсыз саясат пен желбуаз идеология Динаның бұла дарынын қақпайлап бақты. Оны төлтума арқасынан (шабытынан) айырып, әсіре ұраншылдықтың қолжаулығы етпек болды. Ол шығарған күйлерге «Еңбек ері», «Сауыншы», «Сталин», «Делегат», «Көкөніс» деп ат қойып, алаулатып жалаулатып, ресми салтанаттардың ұран күйіне айналдырды. Алайда, шын асылды тот баспайды. Динаның қанатты өнері халқының рухани асыл қазынасы ретінде бүгін мен болашаққа қызмет көрсете бермек.

ЕСТАЙ БЕРКІМБАЙҰЛЫ

(1868-1946)

Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы - ақын, әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі.

Павлодар облысы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында туған. Анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым да әнші болған. Естай Беркімбайұлы олардан көптеген жыр, дастан, толғаулар үйренген. Әнге деген құмарлығы 7-8 жасында-ақ байқалған. 16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмытылмастай әсер алады. Осы дидарласу болашақ өнерпазға үлкен шабыт береді.

Сондай-ақ Естай Беркімбайұлы Жарылғапберді, Ақан сері, Балуан Шолақ, Сәтмағанбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда (Омбы, Қараөткел, Көкшетау, Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу атырабы, Алматы) ән салып, халыққа танымал болады. Естай Беркімбайұлы ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде белгілі болған. Оның әндері сал-серілер дәстүрін ілгері дамытты.

Композитордың алғашқы туындысы - «Шолпан қаққан» әні. Оның «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Қорлан», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Ашу - пышақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Қаламқас», «Ғашық», «Қаракөз» әндері - қазақ музыкасының алтын қорына кірген. Ал классикалық «Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері  Естай Беркімбайұлының есімін аңызға айналдырды. Бұл әндерді композиторлар М.Төлебаев «Біржан - Сара», Е.Брусилоский «Ер Торғын» операларында, С.И.Шабельский мен Л.М.Шаргородский қобыз бен оркестрге арналған концерттерінде пайдаланған.

Естай Беркімбайұлы кеңестік дәуірде «Туды күнім», «Құрбылар», «Өмір», «Қоңыр жел» әндерін шығарды. Атақты музыка зерттеушісі А.Затаевич Естай Беркімбайұлы әндерін тұңғыш рет нотаға түсірген.

Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Алматыға келіп, музыка зерттеуші әрі композитор Б.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртеді. Сол сапарында ол халық ақыны Жамбылмен кездескен. Ақын Қ.Аманжолов әншінің өз аузынан «Хорлан» әнін естіп, «Хорлағайын» атты драмалақ поэма жазған. Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 2-съезіне қатысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел арасында ән шырқап, халықты жеңіске жігерлендіреді. 1945 жылы ұлы ақын Абайдың 100 жыл толу тойына қатысып, Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартай ақындармен өнер сайысына түскен.

А.Жұбанов пен Б.Ерзакович Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. Ақын М.Әлімбаев «Естай - Хорлан» поэмасын ақынның өміріне арнаған.


Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы

(1841-1918)
Мұхит Мералыұлы - халық композиторы - күйші, домбырашы. Дарынды сазгер, әнші, ақын күйші Мұхит Мерәліұлының шығармалары Батыс Қазақстанның музыкалық дәстүрінде өзінің сәтті сазын тауып, ерекше орынға ие болды. Орал облысы, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің бойындағы Ақбақай деген жерде 1841 жылы ауқатты жанұяда туған. Мұхиттың туған ағалары Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіптер домбырашы, әншілер болған. Европалық аспап – скрипкада да ойнау өнерінде меңгерген. Мұхит жас кезінен-ақ әнге, домбыраға әуес болып өсті. Оның дарынының Жан – жақты ашылып оянуына өнерпаз ағаларының мол әсері тиді. Өсе келе Мұхит елге билік жүргізетін төреліктен, байлық – дәулеттен бас тартып, бар өмірін өнерге бағыштайды. Ауылға келген әнші, күйші, ақын –жыраулардың қасында жүріп, өнер үйренеді. Ел аралап, жәрмеңкелерге қатысып, той – думанның сәнін, халық мұрасын дәріптеуші насихаттаушы болып, “әнші Мұхит”, “сал Мұхит” атанды. Орындаушылық тәжірибесін шыңдай түсіп, өз жанынан да ән шығара бастайды.

Мұхиттың шығармашылық өнерін сөз еткенде, белгілі өнер зерттеушісі А. Затаевич “…қазақ әндері саласында Мұхит халық музыка элементтерінен өзіндік мағынасы бар ән мектебін құрды”, - деп, дәл суреттеп жазған. Ал ол Мұхиттың өзін “қазақтың Баяны”деп атап өтті. Мұхит тойларда, ірі жәрмеңкелерде домбырада ойнап, ән айтумен көзге түскен өнер иесі. Мұхит, Есбай, Тазбала, Сәулебай күйлерін ерекше шеберлікпен орындаған. Мұхиттың әнді орындау дәстүрі халық арасында Ғ. Құрманғалиев, Т. Ибрагимова және т. б. арқылы тараған. Ол әнді азамат болып қалыптасқан кезде шығара бастаған және өз тыңдаушыларын оның әні сезімталдығымен, тереңдігімен бірден баураған. Мұхит шығармаларын өзінің творчестволарына көптеген Қазақстан композиторлары арқау етіп алған: Е. Брусиловский - "Жалбыр" операсындағы "Алуаш" әні, "Қыз Жібек" операсындағы "Үлкен Ораз", "Ер Тарғын" операсындағы "Дүние-ай" дүниелері. Мұхиттың "Айнамкөз" әнін Б. Е. Ерзакович шекті аспаптарға арналған квартетіне қолданған, ал "Зәуреш" әні - Л. М. Шаргородский мен С. И. Шабельский "Симфоньеттасында" пайдаланылған.


 Көбінесе лирикалық әуенде келетін Мұхит әндерінде адамның Жан дүниесін, ой – арманын, махаббат сезімін суреттеу, табиғатты тамашалау, адамның жеке басына сүйсіну сезімдері мол бейнеленген. Оның “Айдай”, “Бала Ораз”, “Алуаш”, “Иіс”, “Зәуреш”, “Айнамкөз” т.б. әндері халық арасына кең тарап, Біржан, Ақан, Мәди, Үкілі Ыбырай сияқты ірі әнші –композиторлардың белгілі шығармаларымен бірге халықтың жүрегін нұрға толтырып келеді.     Оның шығармасының алғашқы кезеңінде шыққан арнау әндері –“Айнамкөз”, “Алуаш”, “Қилым” – адамның Жан дүниесі мен қиял сезімін қозғап, алысқа меңзейді.  “Алуаш” әнінде Мұхит қыз жанының сұлулығын, сырт пішінінің сымбаттылығын шалқыта суреттейді. Халық арасында “Бала Ораз”, “Жылқышы”, “Кіші айдай” болып та таралған келесі бір ән жайында А.Қ. Жұбанов былай деп жазады: “Өзі ақын, әнші Мұхит жасынан көркем сөзге үйір болды. Оның қызығып тыңдайтын жыры, толғауының бірі ақын Бала Ораздың шығармалары болса керек. Бір күні Мұхит Бала Ораздың аузынан шыққан “Жылқышы хикаясын” жадына түйіп алады…. Бұл аңыз Мұхиттың тұла бойын тегіс жібітіп, қатты толқытады. Қыршынынан қиылған екі жас, жанбай сөнген таза махаббат, екінші жағынан соққы мен сойылға сүйінген қара күш - әншінің асқақ қиялын аралап, тыныштығын кетіреді. Дарынды композитор сол арада домбырасын алып, қой ішегінің шегіне жеткенше қатты бұрап, Жан ашуының айқайындай дауыстың ең жоғарғы сағадан бастап, ащы да, айбарлы да дыбыс шығарады. Бала Ораздан есіткен аңыздың суретін көз алдына келтіре отыра сол оқиғаны дыбыс өнерімен өрнектейді. Ән салған жерден кульминациялық дыбыстардан басталып, сол дыбысқа қайталап үш – төрт реет төнеді. Ондай шығармашылық күш шығарушының бәрінде бірдей бола бермейді.”

      Мұхиттың жүрегінен жарып шыққан күйінішті шығармасының бірі -“Зәуреш әні”. Қайғылы көңілдің зарын, жоқтауын баян ететін бұл әннің әуені аса терең, үні мұңды.

      “…Медеттің үш әйелінен отыз ұл, бір қыз болады. Елге келген ауру –апаттан Медеттің отыз ұлы бірдей қайтыс болып, жалғыз Зәуре деген қызы қалады. Медет Орынборға жолаушылап кетіп, қайтып келгенінде, Зәуре де дүниеден өтеді. Тек шошайып моласы ғана қалады. Медет моланы құшақтап күңіренеді. Міне, осы трагедия Мұхитты қатты қобалжытады. Ол домбырасын алып, “Медет айтыпты” деген сөздерге ән шығарады. Әннің аты халық арасында “Зәуреш” болып тарайды. Мұхитты толқытып, оның шығарған әні осы күнге дейін тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады.”

      Философиялық тербеністерге толы Мұхиттың “Дүние – ай” әні музыкалық мазмұнының тереңділігімен ерекшеленеді.

       Қазақтың көптеген ақындары сияқты Мұхит та өзінің талантының жан –жақтылығымен ерекшеленеді. Мұхит әнші, композитор, сонымен қатар домбырашы ретінде де танымал. Оның осы қасиеттері А.В. Затаевичтің “Қазақ халқының 1000 әндері” жинағында жазылған. Ол Мұхит күйлерін жазған алғашқылардың бірі болды. Осының бәрі Мұхиттың домбыра музыкасына жетік екенін дәлелдейді.

       Ән, күймен қатар Мұхит жақсы әңгімеші болды. Сонымен қатар, сол кездегі зейінді жігіттердің ұстаған өнерінің бірі – ою оюды ды машық еткен. Мұхиттың оюын зер төгетін қыздар көш жерден келіп алып кетеді екен. Бейнелеу өнері дамымай қалған жұрнақтары болса да іждағатты түрде зерттеп жию керек. Мұхиттың әншілігі, күйшілігі күшті орындаушылығы, шығармашылық қабілеті, өрнек өнерін де күйттегені оның өмірі мен шығармасын зерттеушілерге үлкен міндет артады, жауаптылық қояды.

     Ол Боғда, Есбай, Абыл, Сәулебай күйлерін игеріп, өз жанынан да күй шығарған. Мұхиттың әншілік, күйшілік мұрасын біздің заманымызға жеткізген балалары Шоң, Нәу немесе Шайқы, Лұқпан, Ғұбайдолла Мұхитовтар мен Шынтас Қаратаев. Елуінші жылдардың ортасында Мұқит жөнінде Ж. Қосыбаев “Әнші Мұхит” атты кітап шығарды. Мұхиттың әншілік дәстүрін жалғастырып, халық арасына насихаттаушылар Ғ. Құрманғалиев, Т. Ибрагимова, Н. Әбілова тағы басқалар болды.

     Мұхит жүректі тебірентер сыршыл әндерімен бүкіл қазақ даласына танылған аса ірі тұлға, ғажайып дарында талант иесі.

 

   Мұхит әндері:



    “Паңкөйлек”, “Қилаш”, “Әриайдай”, “Қоқыш”, “Айнамкөз”, “Кіші айдай”, “Үлкен айдай”, “Кербез қыз”, “Ақ иіс”, “Алуаш”, “Демалыс”, “Дүние – ау”, “Көк айдай”, “Жайма қоңыр”, “Еркем”, “Дүние”, “Дағанау”, “Зәуреш”, “Қыпшақ”.

Махамбет Өтемісұлы

(1804 - 1846)


Махамбет Өтемісұлы – 1804 жылы Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауд. Нарын құмының Жанқұс жерінде туған. – 20.10.1846, Қараой өңірі, қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданында жерденген - қазақтың көрнекті ақыны, сонымен бірге 1836-38 ж. Исатай Тайманов бастаған шаруалар кетерілісінің жалынды жыршысы ретінде де мәлім, қозғалысты ұйымдастырушы тарихи қайраткер тұлғалардың бірі. Кіші жүздің Байұлы бірлестігі ішіндегі Беріш руының Жайық бөлімінен шыққан. Атасы Құлмәлі, әкесі Өтеміс те өз заманында айтулы тұлғалар болған. Құлмәлінің тұқымынан билер де, шешендер де шыққан.

Халықтың азатығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, өр рухты ақын. Бекетай елді мекенінде (Бөкей ордасы, Орал облысы, Жөнібек ауданы) дүниеге келді.

Махамбет ақын жастайынан ақындық өнерге кұмартып өсті. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел кұрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз кұбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен.

Өмірінің соңғы жылдарын ақын ауылда өткізеді. Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтан халықтың бүлік шығаруына ықпал етуінен секем алып, оның сыртынан бақылау қояды. Ақыры ханның тыңшылары Махамбетті опасыздықпен өлтіреді.


Махамбет пен Исатай бастаған көтеріліс

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісі (1836-1838). Еділ өзенінің Каспийге құятын аймағын 1635 жылдан бастап Жоңғар шапқыншылығы кезінде бөлініп қалған қалмақ рулары мекендеді. Оны қазақтар қалмақ қыры депті. 1771 ж. бұл жердегі қалмақтар екіге бөлініп, бір бөлігі қазақ жері арқылы Жоңғарияға кетті. Ал екіншісі батысқа ығысып, Дон даласына көшіп кетті. Осы босапан жеоге 1801 жылдан бастап патша ұрықсатымен Кіші жүздің Бөкей сұлтан басқарған 5000 қазаы қоныс аударды. Мұның өзі ішкі (Бөкей) орданың құрылуына негіз болды. 30-ж. соңында мұнда 20 мыңдай түтін мен 80 мың адам жайлады. Бірақ жер мен жайылымдар бірдей бөлінбеді. Көбісі орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың меншігіне өтті.

1836 ж. ақпанда халықтың Жәңгір ханға қарсы күресі басталды. Бұған Исатайдың хан ордасына шақыртылуы себеп болды. Ол одан бас тартты. 1836 ж. 4 сәуірде Манаш қыстауына ханның Қарауылқожа бастапан жасағы келді. Көтерілісшілер қосынына Исатай бастапан 200-ге жуық жІгіттер келді. Нәтижесі екі жақтың тарап кетуімен аяқталды. Исатайдың даңқы арта түсті. Оған шаруалар қаптап келе бастады. Исатай, Махамбеттер 1937 жылы қыркүйек, қазан айларында Қарауылқожаның, Балқы бидің, Шоқы сұлтанның ауылдарын шабады. Сол жылдың қараша айының соңында Исатайлар хан ордасын шабуға аттанады. Бұл тұста хан ордасында 41 үй бар еді. Ханға Орынбордан подполковник Гекке бастапан әскер күші көмекке келді. 700 казак-орыс, екі зеңберек, ханның 400 сарбазы Исатайдың 2000-нан астам сарбазына қатты қарсылық көрсетті. 1837 ж. 15 қарашада Тастөбе деген жерде шайқас болды. Күші басым жазалаушылар екпініне шыдай алмаған көтерілісшілер топ-топқа бөлініп кетті. Исатай да шегінді. Жәңгір Исатайдың басына 500 күміс ақша тікті. Исатайдың тобы қуғынна қашып, Жайықтан өтті. Сағызға қарай кетті. 1838 ж. қаңтарында Исатай жасағымен Үлкен Борсық құмындағы шекті руының қонысына келді.

Көктемде халық қозғалысы қайта күшейді. Кенесары, хиуа жерінен шыққан Қайыпғали Есімов бастапан жасақтар пайда болды.

Бұл кезде Сібір өңірінен шегінген Кенесары әскерінің бір бөлігі Орынбор өлкесіне ауысты. Олардың Исатай тобына қосылуынан қорыққан Орынбор ген-губернаторы Перовский көтерілісшілерді талқандауға кірісті. Орск бекінісі жағынан құрамында Орал полкі казактары бар Айшуақ Сұлтанұлының жасағы шықты. Орынбордан Гекке әскері шықты. Осы кезде Исатай 500 сарбазымен сұлтан Баймағанбетке соққы беру үшін Қайыпқали Есімұлынан бөлінді. Бұл кезде Айшуақұлы әскері полковник Гекке әскерімен біріккен болатын Оны Исатай тобы білмеді.

1838 ж. шілде айының 12-нде Исатайдың жасағы мен полковник Геке бастапан әскерлер Ақбұлақ деген жерде кездесті. Зеңбірек оғынан шегінген көтерілісшілерге Айшуақовтың әскерлері тап берді. Тыл жақтан казак-орыс жүздіктері қоршауға алды. Исатай қаза болды. Ол өлгеннен кейін көтіліс әлсіреді. Бытыраңқы жасақтар Ойыл бойындағы Нижневральск желісі маңында қимыл жасап жүрді.

Осыдан 160 жыл бұрын, яғни, 1846 жылы 20 қазанда Ақжайық өңірінде қанды оқиға орын алды. Ол атақты ақын Махамбет Өтемісұлының жантүршігерлікпен өлтірілуі еді.

1846 жылы қазан айында Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің билеушісі, сұлтан Баймағамбет Айшуақов патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін Махамбетті өлтірудің жоспарын жасайды. Және де ақынның өзін тірілей қолға түсіріп әкелген адамға ескі патша ақшасымен 1000, ал басын кесіп әкелген адамға 500 сом төлейтінін жария еткен. Мұндай қылмысты жүзеге асыратын адамдар да табылады. Махамбетті 1846 ж. өлтірді.

Әнуар Әлімжановтың кітабында Махамбеттің басын Баймағамбет сұлтанға алып барғанда Шернияз ақын да сұлтанның жанында отырғаны жазылады. Ықылас оны қызыл подносқа салып, бетін мақпал матамен жауып әкеледі. Сұлтан: “Қандай сыйлық әкелдің?” деп матаны қанжардың ұшымен ашып қалғанда, подноста Махамбеттің басы жатады. Шернияз әуелі бұл кім деп ойлады ма, ұзақ қарап, ақынның басын таныған соң, жағалай отырған адамдарды бір сүзіп өтеді де, айқайлап далаға шыға жүгіреді.

Махамбеттің өлеңдері

Махамбет - өзінің барша болмыс қасиетімен көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы. Ол өзі туып-өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Шалкиіз, Жиембет, Асанқайғы, Қазтуған, Сыпыра жырау, Доспамбет сияқты біртуар тұлғалардың өлмес мұрасын көкірегіне тоқып өскен. Әйгілі Сырым батырдың әділет сүйгіш, азатшыл рухы Махамбеттің бесік жыры болып, өмірінің мағынасына айналған. Махамбет өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, көзі ашық, көкірегі ояу жан болған.

Махамбет - халықты патшалық, хандық өкіметке қарсы қарулы кетеріліске шақырған алғашқы қазақ ақыны. Оның бейнелі де жалынды негізінен Шалкиіз, Сыпыра, Доспамбет, Қазтуған сияқты батыр жыраулардың үлгісінде шығарылған көтеріліс туралы толғаулар. "Жәңгірге", "Баймағамбет сұлтанға" деген өлеңдерінде үстем тап өкілдерін бет-пердесін жырта шенесе, "Мұнар күн" өлеңінде ел басындағы ауыртпалықты күйзеле, ашына айтты. Исатай - ақынның кеп өлендерінің басты қаһарманы. "Тайманның ұлы Исатай", "Исатай деген ағам бар", "Исатай сөзі", "Тарланым", т.б. өлеңдерінде Исатайдың адамгершілігі, азаматтығы, батырлығы, қайсарлығы сипатталады.

Халық арасынан шыққан Ер Махамбет елі үшін қанын төкті, жанын қиды. Махамбеттің осындай ерлігін, өрлігін халқы еш уақытта ұмытпайды. Оның еркіндікті, теңдікті аңсаған, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қылыштай өткір жырлары сол көтеріліс ұранындай болған. Ақынның өрлігі мен рухы өз өлеңдерінде айқын аңғарылады. «Белгілі туған ер едім», «Мен едім», «Менің атым Махамбет» деген өлеңдерінен кісіліктің, ерліктің лебі есіп тұрады.

Махамбет өлеңдері 1908, 1912, 1925 ж. Қазан, Орынбор, Ташкент қалаларында жарық көрді. Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы — теңдік пен бостандық, әділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді де әрқашан жігерлі асып-тасып жатқан асқақ рухпен көмкеріледі, оған көне дәстүр бойынша философиялық терең толғамдар, пайымдаулар сабақтасып отырады.
Махамбет – күйші, сазгер

Махамбет айтулы күйші, сазгер де болған. "Өкініш", "Қайран Нарын", "Жұмыр қылыш", "Терезе", т.б. күйлері күйтабаққа жазылды. Шығармалары 1939-89 жылдар арасында 8 рет жеке кітап болып шықты, оқулықтар мен жинақтарға енді. Оның өмірі мен шығармашылығы жөнінде Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Х.Сүйішәлиев, С.Қирабаев, Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, М.Мағауин, Қ.Сыдиықов, т.б. ғалымдар мен қаламгерлер зерттеулер, мақалалар жазды, пікірлер айтты. Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен - он ұл, Шыбынтайдан - төрт ұл, Қобылайдан - үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.

Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Шағатай, орыс, татар, араб тілдерін жазбаша тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.

Ауыз әдебиетінің тереңінен сусындаған, өзінің бойына халықтық дәстүрді терең сіңірген Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісінде маңызды рөл аткарды, ол өзінің өлеңдері арқылы халықты патша өкіметі мен хандардың езгісіне қарсы күреске шақырды. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен әділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылды. Оның өлеңдері бұқара халықтың жүргеніне тым жақын болды.

1838 жылы Исатай қаза болған соң, Махамбет шағын тобымен орыс әскерлерінің арасынан өтіп, Хиуа хандығына кетеді. Ол көтерілісшілерді жауға қарсы күреске қайта жұмылдырғысы келеді, алайда оның бұл әрекеті жүзеге аспайды. Ол Бөкей ордасына жасырынып келіп, шаруалар арасында хан мен патшаға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастайды, бірақ ол қайта тұтқындалып, Орынборға жөнелтіледі. Орынборда оған "енді қайтып бүлікке қатысушы болма" деген ескерту жасап, босатады.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет