5. «ХІІІ-ХV ғасырлардағы Отырар» деп аталатын тарауда қаланың саяси тарихы, сәулетті құрылыстары, қолөнері, мәдениет пен діні баян етіледі. 5.1 «Отырар Монғол және Темір империялары құрамында» деп аталатын бөлімде аталған империялар құрамына кіруі мен басқа да саяси оқиғалар баяндалып сол кездегі археологиялық қабаттар сипатталады. Деректердің жиынтығы Қайырхан мен оның әскерінің бір бөлігінің ерлігіне шүбә келтірмей, Отырар қаласы халқының қарсылық көрсетуіне, қаланы монғолдардың жаулап алу жағдайына қалыптасқан дәстүрлі көзқарасты өзгертуді талап етеді. Қорыта айтқанда, 1210 ж. Хорезмшах мемлекетіне күштеп қосылған отырарлықтар сұлтан жауларын өз жауымыз деп танымаған, себебі ол кезде Отырардың өзі азат ел емес, біреудің отары болды. Хорезмшах Отырарды өзіне қаратқанда қала тұрғындарының біразын өлтіргені, Отырардың төл билеушісін айдауға жіберіп біршама уақыт өткен соң оны да өлтіргені, оның мүлкін иеленгені жөнінде деректер бар. Сондықтан Отырарда Шыңғысхан әскеріне қарсы соғысқан тек Хорезмшах жіберген әскер болды. Монғолдар қалаға енген соң, ол әдеттегідей тоналды. В.В. Бартольдтың айтуынша, монғол ханы тағайындайтын басып алған жерлердің жоғары басшысынан басқа жеке қалаларда билігін мұраға қалдыратын қала басшылары-меликтер болды. Монғол ұлыстарында шешуші қызметтерге ие болған адамдардың ішінде отырарлықтар да болған. Мысалы, Отырардан шыққан Кутб ад-дин Хабаш амид Шағатайдың уәзірі болды. 1969 ж. Отырардың стратиграфиялық қазба орнында ХІІ-ХІІІ ғғ. жататын қабаттарда өрт, не болмаса бұзылып, жермен-жексен болған іздер байқалмайды. Шахристандағы ІІІ қазба орнында монғол әскерлері келген кезбен сәйкестірілген өрт іздері бар еден табылды. Одан кейінгі еденге қарағанда Отырар халқының жоғарыда аталған өрттен кейін аз ғана уақыт өтісімен қала ішіне – шахристанға өз үйлеріне қайта оралғанын көрсетеді [36, с. 19]. Яғни, қысқа уақыттан соң оның халқы өз үйлеріне қайта оралған. Монғолдар тек Қайырхан мен оның жақтастары қарсылық көрсеткен қаланың цитаделін қиратқан болса керек. ХІІІ ғ. ортасында рабад пен таяу жерлердегі бос жатқан аймақтар игеріле бастайды. Перифериялық аймақта түрлі шеберханалар, саяжай-үйлер, тұрғын үйлік орамдар пайда болады. ХІІІ ғ. екінші жартысына - ХІV ғ. бірінші жартысына жататын құмырашылар орамы қазылған. Осы аймақтан ерте монғолдық теңгелер көмбелері жиі ұшырасады. Қарахандық кезінде салынған қорған монголдар кезінде қиратылды деген болжам дәлел таппады. Отырарды қайта көтеруде жергілікті тұрғындармен қатар сырттан келгендер де үлес қосты. Оны тұрғын үйлердің бұрын кездеспеген элементтерінен байқауға болады. Мысалы, кені бар тандырлар пайда болады. ХІІІ ғ. аяғында немесе ХІV басында Отырар қамалы сырт жағынан тағы бір метрдей етіп қалыңдатылды. Қорғанның шығыс жағында байырғы қорған қалдықтары үстінен жаңа қабырға көтеріледі. Қорғанның ішкі жағында дуал бойы ені екі бөлмедей үйлер бой көтереді. Л.Б. Ерзаковичтің пікірінше, мұнда Отырар қаласының әскери гарнизоны орналасқан. Осы үйлердің арасында ара-кідік ірі жиһаздарға бай, құрылысы ерекше тамдар кездескен. Мұнда монғол текті әскербасылар тұрған деген жорамал айтылуда. 1370 жж. Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірген болса керек. Ол стратегиялық, әрі экономикалық орталық болып қала береді. ХV ғ. басында Отырарда бүкіл қалалық өрт болады [37, с. 180-181]. Мәдени қабаттардың стратиграфиясын бақылау, талдау және сол қабаттардан табылған теңгелер өрт уақыты Халиль Сұлтанның билік жүргізген кезінде (1405-1409 жж.), не болмаса сол мезгілден сәл берегірек болғанын көрсетеді. Жазба деректерде Отырардың ХV ғ. басында өртеніп талқандалғаны жөнінде мағлұмат жоқ. Алайда темірліктердің кезіндегі оқиғаларды сараптау бізге бұл өртті белгілі бір оқиғамен шендестіруге болатындығын көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ, Нұр ад-дин 1410 ж. көктемінде Ұлықбек пен оған қамқоршы болып тағайындалған Шахмәлікке қарсы шығады. Қызыл Рабадта 20 сәуірде болған шайқаста Нұр ад-дин Ұлықбек пен Шахмәлік әскерлерін тас талқан етеді. Бұқара мен Шахрисябзге өз әкімдерін жібереді. Осылайша Нұр ад-дин бүкіл Орта Азияға өз өкімін орнатқандай болады. Тек Гераттан Шахрух әскерінің Ұлықбек пен Шахмәлікке келіп жәрдем беруі бұл жағдайды күрт өзгертеді [38, с. 91]. Жазба деректерде 1411 ж. қаңтарда Шахмәлік Нұр ад-динге қарсы Сырдария бойына жорыққа шығады. Біздің пікірімізше, бұл соғыс Нұр ад-диннің астанасы - Отырарды айналып өтуі мүмкін емес еді. Сонымен Отырардағы алғашқы бүкіл қалалық өрт 1411 ж. болды деген тұжырымға келеміз. Мұны нумизматикалық зерттеулер мен стратиграфиялық байқаулар да қоштап тұр. Өрттің алдында қала халқының Отырар айналасынан қамал ішіне кіруін біз осындай жағдайлардың салдарынан, яғни мәжбүрліктен туындаған әрекет деп ойлаймыз. Алайда отырарлықтарға қамал қалқан бола алмады. Өрттің нақ әскери оқиғалармен байланысты болғанын өртенген үйлердің қасында адам қаңқаларының табылуы, ал ІІІ қазба орнындағы ІV қабат (горизонт) деңгейдегі бірінші үйден қылыштан жарақат алған адамның бас сүйегінің табылуы осы пікірді қоштап тұрғандай [36, с. 45].
Өрттен кейінгі осы қазба орнындағы өзгерістерге назар аударайық. Өртке дейін «И» орамындағы тоғыз үйдің үшеуінде керамикалық пештері бар бөлмелер, яғни шеберханалар болған болса, өрт болған соң олар жөндеуден өткен, не болмаса қайта көтерілген үйлерде керамикалық өндіріске қатысты ешбір қалдықтар немесе белгілер табылмады. ІІІ қазба орнындағы «Ж» және «И» орамдарындағы алғашқы өртке дейінгі үйлер, көшелер көлемі өрттен кейінгі кезге сәйкес келмейді. Жалпы алғанда көшелердің кеңейіп, үйлердің ауданы кішірейгенін байқаймыз. Бұл соғыс барысында қала халқының қырылғанын көрсетсе керек. Сонымен қатар қолөнершілерді Мауараннахрға көшіру, айдап әкету саясаты да жүргізілген сияқты. Қалай дегенмен де 1411 ж. өрт Отырарды қатты күйзелтіп жіберді.
Алайда сол кездегі Түркістан уалаятының орталығы болып есептелген Отырарда тіршілік қайта жанданып, өмір қайта қалпына келеді. Өртенген жайлардың орнына жаңа үйлер көтерілді. Жазба деректерде Отырар 1425 ж. оқиғаларға байланысты аталады. Бұл жылы осы қалада Ұлықбектің Моғолстанға аттанған әскерінің сол қанаты қыстап шығыпты. Сырдария бойындағы қалаларды Жошының тұқымы, қазақ хандарының әкесі Барақ өз иелігіне қайтаруды талап етеді, ол осы мақсатта елшілік жібереді. Бұл өңірді оның ата-бабалары иеленгенін және қалалардағы құрылыстарды да солар салғанын тілге тиек ете отырып, шариғат пен ата-баба дәстүріне сәйкес бұл қалалар ата мұрасы ретінде өзіне қайтарылуы тиіс екендігін мәлімдейді. Мәселе бейбіт жолмен шешілмеген соң Барақ 1427 ж. Ұлықбек әскерін талқандап Отырарды өзіне қаратты [35, с.112]. лайда 1428 ж. алғашқы қазақ хандарының әкесі Барақ өлтірілді. Отырар қайтадан темірліктер қолына өтті.