6.5 Мектеп оқушыларының күн тәртібі мен оқу – тәрбие үрдісінің гигиеналық негіздері.
Мектепке түскеннен кейін балалардың күн тәртібінде жаңа құрамдас бөліктер пайда болады. Оқу сабақтарын орындауға бөлінетін уақыттың үлесі жоғарылау есебінен және демалу, ұйқы, тамақтануға арналған уақыттың қысқаруы нәтижесінде күн тәртібі айқын өзгереді, жеке құрамдас бөліктерінің мазмұнында жаңа ерекшеліктер пайда болады. Мектеп оқушыларының күн тәртібінің құрылымына мектепте және үйде сабақ оқу, ашық ауада белсенді демалу, өз таңдауы бойынша демалу, тамақтану, жеке бас гигиенасы, ұйықтау кіреді (9.7.- кесте). Күн тәртібін құру жоғарыда аталған барлық принциптерді есепке ала отырып жүзеге асырылады
Оқушылар ағзасының биоырғағы мен жұмысқа қабілеттілігінің динамикасына ерекше көңіл бөлінеді (9.1.-сурет). Басында жұмысқа қабілеттілік жоғарылайды (жұмысқа төселу кезеңі), одан кейін, максималды деңгейге жетіп, біраз уақыт осы деңгейде тұрады (жоғары жұмысқа қабілеттілік кезеңі), содан кейін біртіндеп төмендейді (жұмысқа қабілеттіліктің төмендеу кезеңі немесе қажу). Жұмысқа қабілеттіліктің осындай динамикасы көптеген балаларда (бірақ барлығында емес) байқалады. Ол жұмыс күнінің бірінші және екінші жартысында да жұмысқа қабілеттіліктің 8–12 және 16-18 сағат аралығында жоғарылаумен сипатталады. Осыған ұқсас балалардың жұмысқа қабілеттілігі оқу аптасы, тоқсаны, жылы ішінде өзгереді: осы кезеңдердің басы мен соңында жұмыс өнімділігі төмендейді, ал ортасында ең жоғары болады. Жұмысқа қабілеттіліктің. динамикасына сәйкес күн, апта, тоқсан, жыл бойына күн тәртібі құрастырылады және оқу жүктемесі бөлінеді. Қазіргі кездегі мектептерде оқу, ақпараттық жүктемелердің көбеюіне және күрделенуіне, уақыттың үнемі тапшылығына, дененің ұзақ уақытқа созылған статикалық қалыпта болуына, гипокинезия мен гиподинамияға, сондай–ақ, әлеуметтік сипаттағы стресс әсерлерінің себептерінен пайда болатын қажу мен зорығудың дамуына, ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне, функционалдық бұзылыстар мен әр түрлі аурулардың дамуына байланысты, балалар мен жасөспірімдердің ағзасына жоғары талаптар қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |