8. Балалар мекемелерінің орналастырылуына, жоспарлануына, жабдықталуына және балалардың күнделікті қолданатын заттарына қойылатын гигиеналық талаптар. 8.1. Мектепке дейінгі және жалпы білім беретін балалар мекемелерін орналастыруға қойылатын гигиеналық талаптар. Балалар мекемелеріндегі оқу және тәрбиелеу жағдайлары, балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайын анықтайтын, маңызды факторлардың бірі болып табылады. Гигиеналық талаптарға сай жағдайларды жасау мекемелердің елді мекендерде орналасуына, жер телімінің өлшемдеріне, аумағына күн сәулесінің түсуіне және оның желдетілуіне, жер телімінің және ғимараттардың жоспарлануының ұтымдылығына, ішкі ортасының ұйымдастырылуына, бөлмелердің керек-жарақтармен жабдықталуына, санитарлық режим сақталуына және т.б. байланысты .
Мектепке дейінгі (МДМ) және жалпы білім беретін (ЖББМ) мекемелер балалардың тұратын жерлеріне жеткілікті түрде жақын орналастырылуы керек, бірақ химиялық, биологиялық және физикалық ластаушылардың көздерінен, атап айтқанда, автомагистральдардан, темір жолдардан, гараждар, аэропорттар, өнеркәсіп мекемелерінен, базарлардан қашықта орналасуы қажет. МДМ үшін максималды қызмет көрсету радиусы қалаларда 300 м-ден, ауылдарда – 500 м-ден артық болмауы керек.
Қала мектептері үшін жаяу жүріп жететін жолы 0,5 км дейін, көлікпен – 30 минутқа дейін (1 жағына), ал, ауыл мектептері үшін бастауыш сыныптағы балаларға жаяу жолы - 2 км дейін, көлікпен - 15 минутқа дейін, орта және жоғары сыныптағыларға жаяу жетер жолы - 3 км дейін, көлікпен 30 минутқа дейін болуы белгіленген. МДМ және ЖББМ жер телімі көлік жолдарынан алыс, кварталдардың ішінде орналасуы ең қолайлы болып табылады. Бірақ, қазіргі кездегі құрылыс салудың тығыздығынан бұлай орналастыруға мүмкіншілік бола бермейді. Сондықтан, бұл мекемелерді квартал - ішілік көлік жүретін жолдардың бойына, ал ЖББМ – көлік жүру қарқыны аз, кварталаралық жолдардың бойына орналастыруға рұқсат етіледі. Машиналарының саны 10-нан 100-ге дейінгі гараждар мен ашық тұрақтарға дейінгі қашықтық 25 м-ден кем болмауы, ал автомобильдер саны одан көп болғанда, 50 м-ден кем болмауы керек. Өнеркәсіп кәсіпорындарға дейінгі ара қашықтық тиісті нормативтермен анықталады және атмосфераға шығарылатын заттектердің зияндылық дәрежесіне байланысты, 50-ден 1000 м дейін ауытқуы мүмкін. Сыртқы шу деңгейі 45 дБ артпауы керек.
Балалар мекемелеріне арналған жер телімі өз алдына жеке және барлық параметрлер бойынша жалпы санитарлық талаптарға сәйкес болуы керек. Жер телімнің өлшемдері онда барлық қажетті аймақтарды, олардың өлшемдерін қысқартпай, орналастыруын қамтамасыз ету тиіс. Мекеме ғимаратынан қызыл сызыққа дейінгі ара қашықтық 25 м-ден кем болмауы тиіс. Көрші үйлер жер телімнің шекарасынан кем дегенде 12 м ары тұруы керек. Жер телімі биіктігі 1,6 м кем емес дуалмен қоршауға алынады. Қоршауды жағалай жел, шу, шаңнан қорғайтын, сондай-ақ фитонцидтер бөліп, ауаның бактериалдық ластануын төмендететін, ағаштар мен бұталар отырғызады.