7. Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру тәрбиесі.
7.1. Дене шынықтыру тәрбиесінің гигиеналық негізі ретіндегі қимыл белсенділігі. Дене шынықтыру тәрбиесінің қағидалары.
Дене шынықтыру тәрбиесі – бұл, балаларда қимыл белсенділігінің қажеттілігі қанағаттандырылуын қамтамасыз ететін және оның дамуына, дене шынықтырудың, спорттың, ойындардың, табиғи факторлардың әр түрлі әдістері мен түрлерінің әсері арқылы мүмкіндік беретін, үрдіс. Дене шынықтыру тәрбиесінің мақсаты балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мен нығайту және олардың оңтайлы дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Қимыл белсенділігі деп белгілі бір уақыт – сағат, тәулік аралығындағы адамның қимылдарының жиынтық мөлшерін айтады. Қимыл белсенділігі балалар дамуының маңызды факторларының бірі болып табылады. Ол тек қимыл анализаторының және оған тиісті қимыл үйлесімділігі, күш, жылдамдық, ептілік, төзімділік сияқты қасиеттердің дамуына ғана емес, сонымен қатар, басқа мүшелер мен жүйелердің дамуына және іс–әрекетін белсенді етуге, сондай–ақ ағзаның қарсы тұру қабілетін жоғарылатуға да бағытталған.
Мысалы, дене еңбегі жүктемелері қанның оттегімен қанығуын және зат алмасу үрдістерінің қарқындылығын арттырады, жүрек–қан тамырлар, тыныс алу, эндокриндік және басқа да жүйелердің қызметін ынталандырады және жаттықтырады. Соның арқасында ағзаның өсу мен даму үрдістері оңтайланады, оң сезімдер пайда болуын және психикалық саулыққа қолайлы әсер қамтамасыз етіліп, ми қыртысының тонусы жоғарылайды, жеке мүшелер мен жүйелердің функционалдық жағдайы қалыпты күйіне келеді, дене дамуындағы туа және жүре пайда болған көптеген бұзылыстары түзеледі. Қоршаған ортаның әр түрлі қолайсыз факторларының: температура факторының, инфекция агенттерінің, улы әсер ететін және т.б. факторлардың әсеріне ағзаның спецификалық емес резистенттілігін жоғарылатуда дене шынықтыру тәрбиесінің маңызы айырықша, бұл жылу реттеушілік механизмдердің жетілуімен де, спецификалық емес қорғаныштық факторлардың ынталандырылуымен де түсіндіріледі.
Қазіргі кезеңде дене шынықтыру тәрбиесі бұрынғыдан да маңызды, себебі балаға табиғи биологиялық қимылдың қажеттілігі (кинезофилия), мектептегі және үйдегі оқу жүктемесінің жоғары болуы, әлеуметтік ортада немесе тұрмыста дене қимылын істен шығаратын немесе оның көлемін шектейтін, қолайлы жағдай жасаудың салдарынан, толық мөлшерде қанағаттандырылмайды. Қимыл тапшылығының (гипокинезия) дамуында, маңыздылығы барған сайын өсіп келе жатқан, маңызды факторлардың бірі, компьютерлермен және теледидар көрумен әуестену болып табылады. Сонымен қатар, белсенді дене қимылы қолайсыз климаттық жағдайлармен, балалар денсаулығының нашар болуымен және т.б. де шектелуі мүмкін. Қазіргі қимыл режимінде мектепке дейінгі жастағы балаларда қимыл қажеттілігінің 50–60 %, ал мектеп оқушыларында небәрі 15–20 % ғана қамтамасыз етілетіні анықталды.
Гипокинезия балалардың денсаулық жағдайына қолайсыз әсер етеді. Ол ағзаның резистенттілігінің төмендеуіне, дене дамуының баяулауына, май басуына, бұлшық ет пен тірек–қимыл аппаратының, қимыл дағдыларының дамуы артта қалуына, жүрек–қан тамырлар, орталық және вегетативтік жүйке жүйесі жағынан функционалдық бұзылыстарға және едуір дене жұмысы жүктемелеріне төтек беру қабілетсіздігіне әкеп соғады. Гипокинезияның алдын алу дене шынықтыру тәрбиесінің барлық түрлері арқылы күн тәртібіндегі динамикалық дене жүктемелерін арттырудан тұрады.
Бірақ шексіз жоғары қимыл белсенділігі әрқашанда да дұрыс бола бермейді. Спортпен ерте және қысқа уақыт ішінде үлкен жүктемемен шұғылдануы салдарынан балаларда шамадан артық қимыл белсенділігі (гиперкинезия) пайда болуы мүмкін. Ол, жоғары қимыл белсенділігінің ағзаға үнемі күш түсіретін әсерінен және эмоционалдық зорланудан, бейімделу үрдістерінің гормондармен реттелу механизмдерінің бұзылыстарына, миокардиодистрофия дамуына, артериялық қан қысымның жоғарлауына, ағзаның резистенттілігінің төмендеуіне, жалпы аурушаңдықтың өсуіне әкеледі..
Сондықтан қимыл белсенділігінің деңгейін нормалау керек. Қимыл белсенділігінің нормалары сағатпен есептелген динамикалық құрамдас бөлігінің жалпы ұзақтығымен беріледі. Олар, сондай–ақ, тәулік ішіндегі локомоциялар (қадам) санымен де берілуі мүмкін. Қимыл белсенділігінің төменгі, минималды да және жоғарғы, максималды да рұқсат етілген деңгейілері нормаланады. Олар әр жастағы балалар үшін әр түрлі болады. Бала неғұрлым кіші болса, соғұрлым оның қимыл белсенділігінің ұзақтығы көп болуы керек. 3–4 жасар балаларда ол – 5,5–6 сағат, 5–6 жаста –5–5,5 сағат, 7–10 жаста – 4–5 сағат, 11–14 жаста –3,5–4,5 сағат, 15–17 жаста–3–4 сағат болуы керек. Үлкен жастағы балаларда қимыл бөлігінің ұзақтық нормасының төмендеуі жүктеменің шектелуіне емес, локомоциялар санының және оның қарқындылығының артуына байланысты. Мысалы, 10 жасар ұлдарда локомоциялар саны тәулігіне 17–21 мың қадам болса, 17 жасар бозбалаларда – 25–29 мыңға жетеді. Жасөспірімдер мен бозбалаларда локомоциялардың жиынтық саны кәсіпке баулу үрдістерінде, спортпен шұғылдану, еңбек қызметінде жасалған қимылдармен толықтырылады.
Оңтайлы қимыл режимін, балалардың жасына байланысты қимыл қажеттілігін және функционалдық мүмкіншіліктерін ескеріп, қамтамасыз ету дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі принциптерінің бірі болып табылады. Дене шынықтыру тәрбиесінің ұйымдастырылуы негізделетін басқа принциптерге: жүктемені біртіндеп өсіру, кешенді және жүйелі түрде үзіліссіз жүргізілуі, дене шынықтыру тәрбиесінің түрлері мен әдістерін дифференциалды түрде қолдану, сабақ жүретін ортада қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету жатады.
Жүктемелердің көлемі мен қарқындылығын біртіндеп өсіру, бейімделу реакцияларының дер кезінде дамуына және ағзаның жаттығу дәрежесінің өсуіне мүмкіндік жасай отырып, оның зорлануына жол бермейді. Жүйелі түрде үзіліссіз жүргізілуі дене жүктемесіне ағзада берік шартты рефлекстерінің қалыптасуы үшін міндетті түрде қажетті шарт болып табылады. Дене шынықтыру тәрбиесімен айналысуды тоқтатқан кезде қалыптасқан рефлекстер және дене шынықтыру тәрбиесінің эффектісі тез жойылады. Дене шынықтыру тәрбиесінің әр түрлі әдістерін кешенді қолдану ағзаның әр түрлі физикалық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді, сондықтан сауықтыру әсері айқынырақ болады. Дене шынықтыру тәрбиесін жүргізу кезінде жасына, жынысына, денсаулық жағдайына және ағзаның функционалдық мүмкіншілігіне байланысты дене шынықтыру тәрбиесінің түрлері мен әдістерін қолдану міндетті түрде дифференциалды болу керек. Ағзаның жағдайына және оның мүмкіншіліктеріне сай келмейтін дене шынықтыру тәрбиесінің әдістері мен түрлерін қолдану және сай келмейтін жүктеме дәрежесі, бір жағынан, шамадан тыс зорлануға әкеле отырып, ағзаға жаттықтыратын эффект бермеуі, тіпті әр түрлі аурулар дамуынының себебі де болуы мүмкін. Басқа жағдайларда, тым аз жүктемені қолданғанда, дене еңбегі жүктемелерінің әсері болмайды.
Дене шынықтыру тәрбиесі сабақтары жүргізілетін бөлмелердегі қолайлы гигиеналық жағдайлар қажудың жылдам дамуына жол бермейді және дене жүктемелерінің тиімділігін арттырады. Белсенді қимыл әрекетіне қажетті оттегінің жеткілікті деңгейі, сондай–ақ, талапқа сай ауаның сапасы бөлменің өлшемдерімен, табиғи және жасанды желдетуді ұйымдастырумен қамтамасыз етіледі. Ауа температурасы 15–17С деңгейінде ұсталып тұруы керек, себебі ол ағзадан жылу бөлінуі артуына ықпал етіп, белгілі бір дәрежеде, дене еңбегінің қарқындылығынан дамыған, жылу өндірілуі едәуір өсуінің есесін қайтарады. Техникалық талаптарға сай келетін, жеткілікті жарық деңгейі, спорттық құрал-жабдықтардың болуы, әр түрлі дағдыларды жылдам меңгеруге ғана емес, сонымен қатар, жарақаттанулар даму мүмкіншіліктерін де төмендетеді. Дене шынықтыру залдарын күн сайын ылғалды тазалауға және спорттық құрал–жабдықтар мен төсеніштерді жуып-сүртуге ерекше көңіл бөлінеді, соның арқасында ауадағы бактериялардың өсіп–өнуі төмендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |