12.5-кесте
Мүшелер мен тіндердің сындарлы мүшелердің топтарына бөлінуі
Сындарлы мүшелердің тобы
|
Сындарлы мүшелер немесе тіндер
|
I
II
III
|
Барлық дене, гонадалар, сүйектің қызыл кемігі
Бұлшық еттер, қалқанша безі, май тіні, бауыр, бүйрек, асқазан-ішек жолдары, өкпе және басқа да,. I және III топқа жатпайтындар
Тері жамылғысы, сүйек тіні, қол ұшы, білек, тобық, аяқ ұшы
|
Мысалы, сәулеленудің 6000 мЗв дозасы, адамның бүкіл денесіне әсер еткен кезде, өлімге әкеп соғады, бірақ осы доза дененің шектелген бөлігіне, мысалы, қол ұшына әсер етсе, оның әсері жеңілдеу өтеді.
Тіндердің сәулелену әсеріне сезімталдығы, жасушадағы зат алмасуының қарқындылығына тура пропорционал да, олардың сапалық жетілуіне (дифференциялдануына) кері пропорционал болады. Сәулелену әсерінен зақымданудың ауырлығы, сәулеленуге қандай мүше ұшырайды, сәулеленудің тіндерде көлемдік таралуы қандай және сәулелену әсеріне бүкіл дене ме немесе оның қандай да бір бөлігі ұшырайды ма, соған байланысты болады.
Сәулеленуге шалдығу эффектісі сонымен бірге, әсер етуші агенттің төмендегідей ерекшеліктеріне:
дозасына,
сәулеленуге ұшырау уақытына,
сәулеленудің түріне,
сәулеленудің энергиясына байланысты болады.
Сіңірілген доза неғұрлым көп болса, яғни биологиялық нысанның массасында сіңірілген энергия көп болған сайын, зақымдайтын эффектісі, соғұрлым айқынырақ болады. Мысалы, сәулеленудің 250 мЗв дозасы адамның қанында өзгерістер және ағзасында қайтымды клиникалық көріністер тудырады, 1000 мЗв доза сәуле ауруының дамуына себепші болады, ал 6000 мЗв доза - өлімге душар етеді.
Сәулеленуге ұшыраудың зардаптарын болжауда уақыт факторының үлкен маңызы бар. Мысалы, жалпы жиынтық дозаның мөлшері абсолюттік өлім дозасына тен болғанмен де, сәулеленуге бөлшектеп түсіру адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сәулелену дозасының қуатын, яғни дозаның уақыт бірлігіне қатынасын, азайту, тіпті сіңірілген дозалары бірдей болғанның өзінде, биологиялық эффектісін төмендетеді.
Сәулеленудің әсер етуінің нәтижесіне, сондай-ақ, тіндегі сіңірілген энергияның кеңістіктік таралуы да әсер етеді. Сәулелердің түрі мен энергиясы биологиялық тіндердегі иондану тығыздығын анықтайды, биологиялық эффектісінің айырмашылықтары осыған байланысты. Берілген иондағыш сәулелену түрінен созылмалы сәулеленуге ұшыраудың биологиялық эффектісінің мөлшерімен осы сәулелену түрінің энергиясының сызықтық берілуі (ЭСБ) арасында тәуелділік бар. Бұл тәуелділік өлшемге келтіретін коэффициентпен анықталады. ЭСБ артқанда, өлшем коэффициенті де жоғарылайды.
Сонымен, сәулеленуге ұшырау кезіндегі сыртқы ортаның жағдайы (мысалы, рентгенологтың жұмыс орны) мен күйі, сәуле әсердің клиникалық көріністерінің сипатына белгілі бір мөлшерде әсер етуі мүмкін. Сәулелену әсеріне ұшырау кезінде, төмен барометрлік қысым мен суықтың оң әсер ететіні туралы мәліметтер бар. Сәулеленуге ұшырау кезіндегі қатар жүретін қолайсыз факторлар (шу, діріл, улы газдар, ультракүлгін, инфрақызыл сәулелер, қыздыратын микроклимат) сәулелік зақымдануды ауырлатады.
Бұл бағыттағы зерттеулер әзірге аз, дегенмен, жалпы принципиалды көзқарас қалыптасқан, атап айтқанда, сәуленің әсер етуі орын алатын өндірістік жағдайларда адамның көңіл-күйіне, жұмысқа қабілеттілігіне және денсаулығына қолайсыз әсер ететін барлық қосымша ауырлық түсіретін факторлар болмауы қажет. Сәулелердің ағзаға тигізетін әсерін анықтайтын факторлардың көп түрлілігі сәуледен зақымданудың клиникалық көріністерінің полиморфизмін түсіндіреді.
Сонымен, иондаушы сәулелердің адам ағзасына әсерінің нәтижесі, спецификалық биологиялық эффектілерімен қатар, спецификалық емес көріністері түрінде болуы мүмкін.
Қазіргі кезде адамның иондаушы сәулеленуге ұшырауының эффектілерін детерминделген (табалдырығы бар) және стохастикалық (ықтималды) спецификалық биологиялық эффектілері деп бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |