Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
ХIX ғасырдың 60-70 ж. ж. мектепті қайта құру. 1860 жылғы ең алғашқы құжаттардың бірі “Халыққа білім беру министрлігі ведомствосының әйелдер училищелері туралы ережесі”, оның екі типі бекітілді.
Бірінші санаттағы училищедегі оқу мерзімі 6 жыл болатын, онда “Құдай заңы”, орыс тілі мен әдебиеті, арифметика мен геометрияның алғашқы ұғымдары, жағрафия, жалпы және орыс тарихы, жаратылыстану, физика және қол өнері пәндері оқытылды.
Екінші санаттағы училищедегі (оқу мерзімі 3 жыл) оқу мазмұны “Құдай заңы”, орыс тілі, жағрафия, орыс тарихы, арифметика мен қол өнерімен шектелді.
1864 жылы бастауыш және орта білімді қайта құру жұмысы қолға алынды. “Бастауыш халық училищелері туралы ереже” 1864 жылы 19 шілдеде шықты. Бастауыш халық училищелері - сословиелік емес оқу мекемесі болды. Олар халықтың діни және адамгершілік ұғымдарын қалыптастырып, пайдаға асатын білім беруге қажет деп есептеледі. Училищелер ер балалар мен қыздарды бірге оқытатын болды. Оқу тегін болғанмен, мазмұн жағынан терең білім беру көзделмеді. Мұнда оқудың орыс тілінде жүргізілетіндігі баса айтылды. Мұғалімдік жұмысқа дін иелері мен сауатты адамдар тартылатын болды.
1864 жылы 19 қазанда гимназия мен прогимназия жарғысы бекітілді, екі типті гимназия (классикалық және реалды) және прогимназия. Классикалық гимназияның ерекшелігі оқу мерзімінің 40 пайызы ескі тілдерді (грек, латын) оқытуға жұмсалды. Реалды училищелердің оқу бағдарламасында ескі тілдер болған жоқ, өйткені олар жоғары техникалық және ауылшаруашылық оқу орындарына дайындады. Прогимназияда білім беру мазмұны жағынан гимназияның бастапқы 4 сыныбына сәйкес келеді. Олардың оқу жоспарына арифметика, “Құдай заңы”, орыс, латын, грек тілдерінің грамматикасы, табиғаттану, орыс тілі сабағының құрамында әңгіме өткізу оқытылды. Прогимназиялар кішігірім қалаларда шәкірттерін орта гимназияға түсуге дайындады.
1864 жылдың I қаңтарында қабылданған Жергілікті мекемелердің ережесінде уездік және губерндік жетекші мекемелерге шаруашылықпен байланысты мекемелер, сонымен қатар оқу орындары да қарайтын болды. Жергілікті мекемелер бастауыш мектепті қаржыландыруға тиіс болды. Ондағы оқу-тәрбие жұмысы училище кеңесінде қаралды.
1870 жылы Әйелдер гимназиясы туралы ереже жасалды. Осыған байланысты барлық әйелдер гимназиясы екі топқа бөлінді. Бірі патшайым Мария Федоровнаға қарайтын, екіншісі халық ағарту министрлігіне қарайтын оқу орындары болды. Олардың оқу бағдарламаларында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Ал жаңалығы әйелдер гимназиясында қосымша, сегізінші педагогикалық- сынып ашылды.
1871 жылы Гимназия мен прогимназия туралы жаңа жарғы бекітілді. “Гимназия” атауы тек классикалық гимназияларда сақталып, реалдық гимназиялар жабылды. Оқу мазмұнында бұрынғы дәстүрлі пәндер сақталды. Университетке оқуға түсу құқы тек гимназия бітіргендерге ғана берілді.
1872 жылы Реалды училищелер жарғысы бекітілді. Бұл жаңа типті оқу орны еді, ол жалпы және арнайы білім беретін болды. Оқу мерзімі 7 жыл болып белгіленді. Оқу жоспарындағы ерекшеліктері: ескі тілдер алынып тасталды, уақыттың көп бөлігі математика, физика, химия, жаратылыстану, жаңа шет тілдеріне бөлінді.
1872 жылғы Ереже бойынша уездік училищелер де өзгеріске ұшырады. Соның негізінде оқу мерзімі 5 жылдық екі сыныптық бастауыш училище, оқу мерзімі 6 жылдық қалалық училище жұмыс жасайтын болды.
Білім және тәрбие мекемелерінің ішінде 2 жылдық шіркеулік-приходтық мектептер көп болды.
40-60 - жылдардағы қоғамның қарқынды дамуы арнайы мұғалімдер дайындайтын оқу орындарын ашуды жеделдетті.
1870 жылы Мұғалімдер семинариясы туралы ереже қабылданды. Ол ереже 1875 жылы толықтырылды. Онда семинария шәкірттерінің орыс православиелік шіркеуінің талаптарын орындауы, құдайға құлшылық жасауы, діни мазмұндағы кітаптарды оқуға міндетті екені атап айтылды.