Ғылыми зерттеулердің әдіснамалық ұстанымдары. Ғылым дамуының басты шарты – жаңа деректермен үздіксіз толығып отыру. Ал деректердің жинақталуы мен олардың түсініктемесі ғылыми негізделген зерттеу әдістеріне тәуелді келеді. Әдістер өз кезегінде ғылым аймағында әдіснама атауын алған теориялық ұстанымдардың бірлікті тобымен міндетті байланыста болады.
Ғылымда әдіснама деп ғылыми-танымдық іс-әрекеттердің түзілу принциптері, формалары мен тәсілдері жөніндегі білімді айтамыз. Ғылым әдіснамасы - зерттеу жүйесіндегі құрылымдық бірліктердің нысаны, талдау пәні, зерттеу міндеттері, зерттеу құралдар тобы т.б. сипаттамасын береді. Сонымен бірге зерттеу міндеттерінің шешімін табу үрдісіндегі әрекеттер бірізділігін белгілейді. Осыдан, педагогика әдіснамасын педагогикалық таным және болмысты қайта жасаудың теориялық ережелер топтамасы ретінде қарастыруға болады.
Э.Г. Юдин әдіснамалық білімдер тобын төрт деңгейге бөледі: философиялық, жалпы білімдік, нақты ғылымдық және технологиялық. Әдіснаманың ең жоғары деңгейіфилософиялық деңгейі - танымның жалпы принциптері мен бүкіл ғылымның категориялар құрылымын негіздейді. Осыдан философиялық білімдердің барша жүйесі әдіснамалық қызмет атқарады. Екінші – жалпы ғылымдық әдіснама деңгейінде ғылымдардың баршасында не көпшілігінде қолданылуы мүмкін теориялық тұжырымдарды белгілейді. Үшінші деңгей – нақты ғылым әдіснамасы қандай да нақты ғылыми тануға тән мәселелерді, сондай-ақ жоғарылау келген әдіснамалық деңгейлерге байланысты алға тартылатын мәселелерді де қамтиды, мысалы: педагогикалық зерттеулердегі жүйелестіру мен жобалау (модельдеу) мәселелері. Төртінші деңгей – технологиялық әдіснама – зерттеу әдістері мен техникасын белгілеп, деректі эмпирикалық материалдарды жинақтап, алғашқы өңдеуден өткізіп, кейін оларды ғылыми білімдер өрісіне қосу қызметтерінен хабар береді. Бұл деңгейдегі әдіснамалық білім нақты көрсетпе нұсқау сипатына ие. Әдіснаманың барша деңгейлері күрделі жүйеде бірігіп, өзара сабақтастықпен байланысты келеді. Ал әрқандай әдіснамалық деп танылған білімнің мазмұндық негізі философиялық деңгейден іздестіріледі, себебі, таным үрдісі мен болмысты қайта жасау әрекеттерінің дүниетаным, көзқарас бағдары осы философиямен анықталады.
Әрқандай әдіснама - қалыпты көрсетпе – нұсқау және реттестіру қызметтерін атқарады. Дегенмен әдіснамалық білім екі күйде іске асырылуы мүмкін: дескриптивті немесе прескриптивті.