Пәні бойынша дәріс тезистері тақырып 1 Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі



бет23/41
Дата26.10.2023
өлшемі167,79 Kb.
#188456
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   41
Байланысты:
Философия лекции 2023

Еркіндік – қазіргі демократиялық мемлекеттердің негізгі идеалдарының бірі
Еркіндік — адамның немесе жеке ұлттың, халықтың өз мүдделері мен мүмкіндігіне сай әрекет етіп, өз қалауын жүзеге асыруы. Адамдар өз әрекетінің объективті жағдайларын қалауынша таңдап алуға ерікті емес, алайда олар нақтылы және салыстырмалы еркіндікке ие. Ғылыми-техникалық ілгерілеу әрбір адамға, әлеуметтік топқа, тұтас ұлтқа қызмет ете отырып, олардың табиғаттың объективті заңдарын игеруіне, іс жүзінде қолдануына жәрдемдеседі. Жеке адам мен ұлттың еркіндік дәрежесінің артуы тұтастай алғанда қоғамның ілгерілеу үрдісінің өзекті өлшемі болады. Оның әлеуметтік кедергілерге қарсы күресі, жалпы алғанда, қоғамның алға басуының қуатты қозғаушы күші болып табылады. Адамдардың дүниедегі объективті жағдайды таңдау еркіндігі болмағанымен, олар өзіндік мақсаттарды көздей алады және оған жетудің әр түрлі мүмкіндіктері қатарынан неғұрлым тиімді жолды ерікті түрде пайдаланады. Бірақ, бұл қоғамдағы жалпы объективті жағдай мен мүмкіндікке, субъектілердің (жеке адамның, әлеум. топтың, этникалық топтың) жаратылыс заңдары мен қоғам заңдылықтарын игеру қабілетіне және басқаларына байланысты. Әлемдік философияда еркіндік туралы бір-біріне қайшы көзқарастар қалыптасқан. Гегель еркіндікті субъективті рухпен, Фейербах адамның өзінің ерекшелігімен байланыстырса, дін оны адамдардың құдайға құлшылық етуімен, экзистенциалистер адамның психикалық актілерімен байланыстыра қарастырады. К.Маркс еркіндік мәселесін қажеттілікті және заңдылықтарды білумен, оны игерумен байланысты түсіндіреді. Ф.Энгельс өзінің “Анти-Дюринг” атты еңбегінде еркіндік әлдебір нәрседен тәуелсіздік нышаны емес, керісінше, ол адамның жаратылыс күштеріне, қоғамдық қарым-қатынастарға және өз болмысына үстемдігі дейді. Еркіндік — нақты және салыстырмалы ұғым. Мысалы, адам әр түрлі жағдайларға байланысты еркін болады немесе одан мүлдем айырылады. Ол өмірдің бір саласында өзін еркін сезінгенімен, өзге бір салада оған жете алмауы да мүмкін. Сол секілді жеке адамның және ұлттың еркіндік дәрежесі де әр түрлі. Мұның өзі қоғамдағы өндіргіш күштердің дамуына да тікелей қатысты. Сонымен қатар ол әлеуметтік, этникалық топтардың, жекелеген адамдардың еркіндігін анықтайтын қоғамның әлеум.-саяси құрылымына да тәуелді. Міне, сондықтан еркіндік мәселесін саясаттану жағынан алып қарайтындар оны азаматтардың және тұтас бір ұлттың қоғамдық құрылым мен басқару түрін таңдауы деп түсіндіреді. Экономика саласында еркін базар, еркін бәсекелестік принциптері негізінде өндіргіш күштер дамитыны, адамдардың еркіндік аясы кеңейе түсетіні рас. Әр адамның, әр ұлттың еркіндік дәрежесін олардың табысы мен меншігінің көлемі ғана емес, сонымен бірге олардың материалдық және рухани игіліктерді өздерінің таңдауы мен орынды жұмсай алу мүмкіндігі анықтайды. Саясатта еркіндік мәселесі ұлттың құқықтық мемлекет құру идеясымен байланысты. Кез келген қоғамдағы жеке адам мен ұлттың еркіндік дәрежесі, ең алдымен, билік жүйесіне, оның түрлеріне (деспоттық, либералдық-демокр., т.б.) байланысты болып келеді. Либералдық-демократиялық басқару моделінің саяси еркіндік саласындағы негізгі принципі — жеке адамдардың үстемдігі емес, ең алдымен заңның үстемдігі, яғни адамдардың заңмен ғана шектелетін еркіндік құқыларын пайдалана алуы. Жеке адам мен ұлт еркіндігінің шектелуі немесе тежелуі әр түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты. Мыс., тоталитарлық, авторитарлық жүйелердің үстемдігі, яғни демократтық құқыларға, саяси бостандықтарға (сөз, жиналыс, митинг, бірлесу, сайлау және сайлану, т.б.) қысым жасалуы, сондай-ақ, материалдық жоқшылық, рухани жұтаңдық, шектен тыс эгоизм және т.б. Шынайы еркіндік — адамдар арасындағы мәдени қарым-қатынастардың кепілі. Ендеше оның ғылыми мәні мен мазмұнын әрбір азаматтың айқын түсінуіне қол жеткізу ұлттық идеология мен саясаттың басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Абайдың "толық адам" концепциясы.
Абайда да адам жаратылысының жан сыры туралы жүйелі де, жемісті таным бар. Ол өзіне дейінгі Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қ. Яссауи және Ж. Румидің кемел адам жайлы ой-пікірлерін әділет пен ақылдың сын таразысына салып, тұжырымдар жасады. VIII-IX ғасырда түрік халықтарының мінез-құлықтары, ой-танымын жолға салу әрекеті Әл-Фараби ұстанған моральдық-этикалық ілімінде парасатты адам (инани фазыл) туралы танымында жатты. Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» [3, б.289], – дейді. Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі – Абай негізін қалаған «толық адам» ілімінің түп төркіні қайда жатқандығын білдіретін құнды дерек көздеріне жатады. Әл-Фарабидің осы философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші» қара сөзінде өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: – Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім, – депті. Бірақ билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: жақсылық айтқанына жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет, – депті. Осы үшеуің бір кісідей менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» [4, 325-327б.], – деген қорытындыға келеді. Бір қызығы «он жетінші» қара сөз бен «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі ақыл, қайрат, әділет, шафқат (жүрек) секілді басты ұғымдардың барлығы да Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі» (1039 ж.) «жауанмәрттілік» (ақыл) деп аталатын төрт түрлі кейіпкерге балама ретінде суреттелетінін байқауға болады: 1. Әділет – Күнтуды елиг 2. Дәулет (қайрат) – Айтолды уәзір 3. Ақыл – Өгдүлміш уәзір 4. Шафқат – Одғұрмыш (қанағат, рахым) [5, б.64]. Ал А.Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Осылайша А. Ясауи дүниетанымында «дертті адам», «топырақ адам», «кемел адам», сондай-ақ, «ғарип адам» тұлғалары дәріптеледі. Хикмет жолындағы «дертсіз адам» адамдық сезімнен жұрдай, қара басының қамын күйттейтін жан. Дертті адамның А.Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, қайрат-жігерімен одан шығар жол іздейді. А.Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат). Бұл ибадат – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Өйткені А.Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашық (махаббат) жол. Ғарип адамды кемелдік мәртебесіне жеткізіп, пайғамбардың қоғамдағы өкілі, ізбасары ретінде бағалайды. Сондықтан да А. Ясауи «Қай жерде ғарип көрсең һәм дем болғын» дейді. Яғни оларға дем бер, қолдау көрсет, қасынан табыл, құрметте дегені еді [6]. Міне, Абайдың «толық адам» туралы танымы да Сократтан басталатын Платон, Аристотельдегі «сүюді сүйеніш еткен адам», Қытайлардың дао іліміндегі «әбден жетілген адам» (совершенно мудрый человек), Шығыс ойшылдары мен суфизмдегі «пенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам», атап айтар болсақ, Әл-Фарабидегі «Кемел адам», Ж.Баласағұнның дастанында көрініс тапқан «Жауанмәрттілік» ілімі және А. Ясауи дүниетанымындағы «дертті адам», «топырақ адам», «ғарип адам» секілді тұлғаларымен сабақтасып жатқан секілді. Көне қытай ойшылдары адамның адамдық қасиетін сыртқы көрінісінен іздейді. Ұлы ойшыл Конфуцийдың пікірінше адам үш түрлі болады: Дана адам – асып таспайды, Жақсы адам – күй талғамайды, Батыл адам – қорықпайды, - дейді. Сонымен қатар қытай жұртының ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан – Цзы: өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды «Аспан адамы», рухани бастауынан бөлінбеген адамды «Қасиетті адам », шындықтан бөлінбеген адамды «Кемел адамға» жатқызған екен. Тағы да осы шығыс ғұламаларының даналық өсиеттерінде: 1. Ештеңе білмейтін, бірақ, ештеңе білмейтінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны айналып өт. 2. Ештеңе білмейтін, бірақ, өзінің білмейтінін түсінген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет. 3. Барлығын білетін, бірақ, білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят. 4. Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт [1], -деген кемел ойлар айтылады. Абай адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1986ж.) өлеңінен бастау алып, ақынның «Адам болам десеңіз» деген тезисі негізінде ары қарай желілеп таратылып, жыл өткен сайын күрделене түсуде. Толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айқын көрсетілген. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз. Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер малшашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз [4, 66-67 б.]. Осы өлеңді білмейтін қазақ жоқ шығар. Абайды кім оқымады, Абай туралы кім жазбады десеңізші! Пікірлер күнде өзгереді, ал Абай сол қалпы. Өлеңге келер болсақ, өте түсінікті өлең. Жаман мен жақсының ара жігін бөліп , талдап жазған. Мүмкін дәл солай қабылдау керек шығар...? Бірақ мен өзімше бір талдау жасадым. Өлеңде бір реттілік заңы байқалады. Мысалы: Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ... Бәрі осы өсектен басталады. Әңгіме болсын деп өсек айтамыз. Ал өтірік қосылмаса өсектің дәмі келмейді. Өсек пен өтірікті қатар айтқан адам мақтанудан да құр қалмайды. Осы үшеуі негізі еріншек, жалқау адамның әрекеті. Тірлігі бар адамның өсек айтуға да уақыты болмасы сөзсіз! «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын». Тағы да Абай!!! Жұмысссыз, жалқау адам «бекер мал шашпағанда» қайтеді. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым ойлап қой... Таудай талапсыз армандарға жету екіталай. Талап бар, енді мақсатқа жету үшін еңбек, жай еңбек емес, терең оймен ұштасқан еңбек керек. Осы үшеуі болған жерде нәтиже де болуы сөзсіз. Сол нәтижеге қанағат етіп, адамдарға қол созып, рақым ойлап қоюды да ұмытпау керек. Әрине, бұл тек менің өз ойым ғана...! Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М. Әуезов бұл өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытпай айтқан мағыналы да програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Осылайша Абай жас өркеннің бағдар түзер айқындамасы ретінде талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды атайды. Абай атаған бес қасиет негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды: талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек [4, 218б.], - деп нақтылай түседі. «Ыстық қайрат» - бұл үнемі ізденіс үстінде болу, тек қана алға ұмтылу, жасампаз болу. «Нұрлы ақыл» - елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» - иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болады. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек [4, 119б.],- дейді. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адам. Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы дінмен ұштасып, дінмен дамиды және дінмен жетіледі. Адамзат өркениетіндегі барлық игі қасиеттер: дін, иман, ғылым, білім, тәрбие, әдеп, өнер, құқық, іскерлік, тапқырлық, қайраткерлік, азаматтық, жомарттық, әділеттік, т.б. бойында жетілдіре білген, дамытқан адам – Абай ұсынған «толық адам» концепциясы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет