Венаға дәрі енгізу техникасы.
Шприцке қажетті дәріні сорғызып алған соң, ине тығатын венаны (шынтақ бүгілісіне, білектегі, алақанның сыртына, тобық үстіне т.б.) спиртпен сүртеді. Содан соң тамырдың жоғарғы жағына резеңке жіппен таспа салып, венаны ісіндіру үшін байлау керек. Бұрау салынған жердің қан тамыры, қысылмау керек, ол кәрі жілік артериясымен анықталады. Венаны қозғалтпай сол қолдың саусағымен үстінен басып ұстап тұрады да, екінші қолындағы инемен ең әуелі терісін, содан соң тамыр кенересін тесіп өтеді. Иненің екінші ұшынан қан тамшылаған кезде таспаны тез ағытып, дәріні жайлап енгізе бастайды. Дәл осы сәтте, иненің тамырда тұрған жерінің айналасын мұқият қадағалау қажет. Егер дәріні кіргізіп жатқан кезде, терісі бұртиып көтеріле бастаса, дәрінің вена сыртына құйылып жатқаны. Онда енгізуді дереу тоқтатып, инені тамырға қайта кіргізу шараларын істейді. Инені суырып алған соң, орнына спирт сіңірілген мақта салып таңады, немесе шынтағын бүгіп қояды.
Жаңа туған нәрестелердің венасын табу өте қиын. Сондықтан да, олардың көбінесе басындағы (екі самайының) венасын пайдаланады. Әсіресе, бала шыңғырып жылаған кезде, басының көк қан тамырлары жақсы көрінеді. Кішкентай балалардың басындағы венасына инені ең тәжірибелі, ең шебер мейірбике енгізген дұрыс, себебі бұл өте жауапкершілікті, сақтықты-, шеберлікті қажет етеді, венаға дәрі енгізуде ауа жіберіп алудан сақ болған жөн. Байқамай ауа кетіп қалса, орны толмас өкінішті асқынуға әкеліп соқтырады.
Достарыңызбен бөлісу: |