1. Сұраулы сөйлем бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылатын сөйлем. Сөйлем соңында сұрау белгісі (?) қойылады.
Сұраулы сөйлемнің жасалу жолдары:
1) сұрау есімдіктері арқылы (кім? не? қанша? т.б.);
2) сұраулық шылаулар арқылы (ма, ме, ба, бе, па, пе, ше);
Мысалы: Сенің отбасыңда қанша адам бар?
2. Құрмалас сөйлем екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіретін сөйлем.
Мысалы: Жазда мен ауылға бардым, бір ай жақсы
демалып қайттым.
3. Шылау — сөздер мен сөйлемдерді байланыстыратын және өзі тіркескен сөзге қосымша мағына беретін сөз табы. Шылау сөздер: септеулік, жалғаулық, демеулік.
1) Септеулік шылау белгілі бір септікте тұрған сөзбен ғана тіркесіп қолданылады. Септеулік шылаулар: туралы, үшін, дейін, кейін, соң, бірге, қатар, т.б.
Мысалы: Мен ана туралы өлең оқыдым.
2) Демеулік шылау өзі тіркескен сөзге қосымша мағына үстейді.
Демеулік шылаулар: ма, ме, ба, бе, па, пе, ше; -ақ, -ау, -ай, да, де, та, те, ғана, тек, т.б.
Мысалы: Сен үйге барасың ба?
3) Жалғаулық шылау сөздер мен сөйлемдерді салыстыра, тең дәрежеде байланыстырады.
Жалғаулық шылаулар: және, әрі, да, де, немесе, өйткені, себебі, т.б.
Мысалы: Мен кешке кітап оқимын немесе кино көремін.
|