* * *
Ақжал сарының тоқымын астына төсеп, күміс ерді басына
жастанып, даладай, кең боз шекпенін жамылып ұйықтап жатқан
Ақкөзді таңға таяу қарауыл асығыс оятты. Меркенің батыс
жағына кеткен барлаушылар келіп тұр екен.
– Жайсыз хабар, Ақа, – деді барлаушылардың бастығы. –
Әулие-Атадан шыққан әскер таяп келеді. Құланнан бері қарай
құлады. Сәскеге жетпей келіп үлгіретін түрі бар. Жүрістері суыт.
– Қанша қол? – Ақкөз күміс ердің үстіне жүресінен отырып,
ұйып қалған аяқтарын қоныштың сыртынан сипалады.
– Екі жүз қаралы. Бірақ зеңбіректері кешегіден де көп. Бесеу,
яки алтау. Дәл санауға қараңғыда көз жетпеді, Ақа.
– Көпей оғлы! – Ақкөз ашу қыса бастағанда ұдайы аузынан
осы бір түсініксіздеу сөздер шығушы еді. Бұл сөздің мағынасын
қазір үдере түрегелгендердің ішінде Тұрар ғана түсінді. Ақкөз
қанша адуын, айбарлы болғанмен, адамға ақырып-зекіруді
білмейтін, сабыр сабасынан аса көтерілмейтін кісі еді. Әбден
ашу шақырғанда, өкпе қысылғанда айтар ең ауыр сөз осы:
«Иттің баласы!» Оның өзін түсініксіздеу тілде айтады. Қорқыт-
Ата хикаясын Ташкентте жүріп оқыған Тұрар ғана бұл жұмбақ
«көпей оғлы» не екенін біледі.
– Ақа, бұл өзі «көпей оғлы» болғанда да нағыз төбеті болып
тұр. Сондықтан етек-жеңімізді жинақтап, шашау шықпай,
ың-шыңсыз шегінейік. Ойтал маңына барып, бекініс жасаған
жөн. Дәл қазір олармен бетпе-бет кездесу бізге қолайсыз. Жан-
жағымыз ашық, айдалада тұрмыз, – деді Тұрар.
Ақкөз тақиясын алып, басын сипалап, сәл тұқшиып қалды да,
тұғырында мүлгіп отырып, кенет дүр сілкінген бүркіттей басын
көтеріп алып, кеудесін жаза, екі иығын керіп жіберіп:
– Жоқ, балам, қашқан жауға – қатын да батыр. Қор болып
қашар халім жоқ. Әлгіде өзің емес пе айтқан: «Диірменде туған
тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды», – деп. Енді қашар
жайым жоқ. Осы таңда Алла не бұйырып тұр, соны көріп алдым.
Жазмыштан озмыш болмақ емес. Мына ақ таңның алдындағы
антым сол. Осыдан құдай ісімді оңдап, жарақты жауды тағы
бір жайратар болсам, әне сонда сенің айтқаның болад, Тұрар. А
сонда менің дабысым алысқа кетед, қалың қауым жан-жағымнан
қаумалап өзі-ақ келед. Менің қолым телегей теңіз болып
тулар сонда. А кім шақ келер екен оған сонда. Соғыста шейіт
болғандардың әрбір тамшы қанынан нұр шашырап, өзгеше бір
өмір келер. Біз аңсаған азаттық таң басымызға айналар. Әйтпесе
қара бұлт қаптап, жау сүйегімізді таптап, ахирет заман ары қарай
жалғаса берер. Е, Тұрар батыр, мұның несі сөз! Тәуекел деп тас
жұтып тұрмын. Өңешімнен өтсе – өтті, өтпесе – қақалғаным.
Осы сәт Ақкөз ерекше аруақтанып, қанатын қатты қомдап,
ұшпаса іш құса болып өлетін тау қырандай бір ірі мақсатқа қатаң
шүйілді. Шарадай екі көзі жалт-жұлт етіп, найзағайдай шатынап,
алған бетінен қайтпайтын қайсар тұлпарға мініп алғаны мәлім
болды.
– Дәл қазір сол әскерді жол үстінде бір бүйірінен қапылыста
шабуылдап, жайрату керек-дүр. Ақыл – жастан, асыл – тастан,
ақылды екенің рас, жарқыным, бірақ осы жолы сен де бір менің
тілімді ал. Жүзбасылар! Жиналыңдар! – деп Ақкөз күміс ердің
үстінен бурадай ырғалып, түре келе берді.
Бұл жолы Тұрар оған қарсыласып жатпады. Өйткені ұзақ
жолдан арып келе жатқан әскерге мына әлденеше мың жасақпен
тұтқиылдан лап қойса, таңның елең шағында, бәлкім, ұрыстың
сәті де түсер деп ойлады. Ақкөзге өзінің сенімді серігі Досмайыл
да, Сармолда да, майдангер балалары Рахманқұл мен Әбдіқұл да
қарсы болған жоқ.
– Жігіттер! Ез болмаңдар, ер болыңдар! – деді Ақкөз таң
нұрынан екі беті нарттай жанып, шарадай көздерінен жарқыл
жайнап. – Біз пендеге бір өлім, а бірақ бізге керегі ақ өлім.
Тажал бізге зеңбірегін сүйретіп тағы келе жатыр. Қатын құсап
қашқанымызбен бізді бәрібір құтқармайды. Кәне, әлгі боз бие
қайда? Мына ақ таңның атысында боз биені әруақтардың атына
атап шалып жіберіңдер! Сыпатай батырдың, ата-бабамыздың
әруағы қолдасын бізді!
Таңғы салқында киіздей тұтасып жатқан ажырық шөптің
үстіне боз биенің қаны шашырап, лағыл моншақ таққандай шөп
басы жайнаң қағып шыға келді.
Жануардың жанына Ақкөз бірінші болып барып, ішінен
күбірлеп дұға оқыды да, боз биенің алқымынан жылап аққан
жылы қанға қолын малып алды. Ат үстінде қанша адам, соның
бәрі Ақкөздің істегенін істеп, саусақтарын қызылға бояп шықты.
Қолдарын ақ таңның алқасында, жақын жаудың қасында
осылайша боз биенің қанына малып, іштей анттасқан соң қалың
қол Меркенің іргесіндегі ажырықты алаңқайды артта қалдырып,
жасақты жауға суыт жүріп кетті.
Алатаудың ақ шыңдары әлі шығып үлгірмеген күннің
сәулесімен сүйісіп, таң алдында махаббат құшағында жатқан хас
сұлулардай тебіреніп тұрды. Оларды тіпті, сан мың аттың тұяқ
дүбірі де селт еткізе алмайды. Күн мен шың өбіскенде жердің
жүзі жымиып, қабағы ашылып, реңінен кірбің кетіп, жадырай
береді.
Сарғайып қураған түйе жапырақтар ат тұяғының астында тот
басқан қаңылтырдай қаңғырлайды. Бұл өңірде көзін жұмбай
өлетін өміршең гүлдер бар. Жал-жағалай шашыратқының көкшіл
гүлдері перуза асыл тастай жәудірейді. Қашан қар астында
қалғанға дейін шашыратқы гүлі солмақ емес. Қазан ұрмай, қар
жаумай гүлқайырдың алақандай ақ гүлдері бүрік құлақтанып,
қарауытып қалыпты.
Алпыстан асқан шағында «Сыпатайлап», апай төсін айқара
ашып, таң бозында жауға шапқан Ақкөз табиғатында да мына
көкшіл перуза гүлге ұқсас бірдеңе бар. Ол қазір қаракөк барқытпен
көмкерген ақ қалпағын баса киіп, ақжал сарыны сабылтып бара
жатқан шағында Алатаудың ақ шоқыларынан жаралған алпамса
перзент сияқты. Адам, асылы, табиғаттың ұрығы. Тірі жан
табиғатына тартып туады, өйткені, ол адамның анасы. Тасты
аспанға қанша лақтырсаң да қайтадан жерге түсетіні сияқты,
бұл Ақкөзді де, оның соңынан ерген қалың қолды да осы туған
жерден айыра алмайсың. Осы топырақта өліп кетуге риза, ал
айырылуға бейіл емес. Олардың тас қабырғалы қара бесігі - осы
Мерке атырабы. Олардың бойына күн сүйіп жүкті болған қара
жердің: оның жусаны мен шәй-қурайының, торы тобылғысы мен
рауашының, ащы миясы мен дермене-жалбызының исі сіңген.
Биылғыдай шөбі шая құрғақшылықтың өзінде шөлге шыдамды
шилеуіт жандарын шүберекке түйіп жауға жалаң төс аттанып
бара жатқан мына жасақтың аттарының бауырынан сипап қалып
жатыр. Сол шилеуіттен осы елдің әйелдері ши тартып, киіз
үйлерінің қабырғасын жабады. Қаралы үй ахиреттік арысын сол
шиге орап шығарады.
Туған жердің аспаны қара бұлт қаптап тұрса да, қараша үйдің
түндігіндей жылы көрінер. Осы аспанның астында, осы жердің
үстінде қорлық пен зорлыққа шыдай-шыдай төзімі кемерден
асып төгілген ақкөңіл, аңғал адамдар мына боз ала таңда, боз
далада тарғыл тастай түйіліп атқа қонған бір заман. Тақта жауыз
патша отырғанда азаттық жолы қан сасиды екен. Соған саналы
түрде бас тіккендер жорығы еді мынау.
Достарыңызбен бөлісу: |