* * *
Меркеден күнбатысқа қарай жиырма шақырым шыққанда
алдан әскер қарасы мұнартты. Ақкөздің жер қайысқан қалың
қолына қарағанда жазалаушы отряд бір шөкім ғана аз қол сияқты
көрінді.
– Құдай бұйыртса, мұны біз таптап өтеміз! – деп Ақкөз
үзеңгінің таралғысын қысқарта түсті.
– Кішкене жыланның уы көп болады. Ақа, абайлау керек, –
деді Тұрар адуын қарттың аптығын басып. – Қолды екіге жарып,
қос бүйірден орай шапқан жөн. Сонда күші екіге бөлінсе, бәлкім
бізге жеңілдеу тиер.
Ақкөз қолдың жартысын Досмайылды бас қылып, қара
жолдың тау жақ бетіне өткізді де, қос қанаттан бір мезгілде ат
ойлауға келісті. Қырық боз жылқының құйрық қылынан жасалған
боз қылаң ту желбіреп жоғары көтерілді. Оның жанынан атқан
таңның арайлы шапағындай қызыл ту желбіреді. Тұрардың
айтуымен Ақкөз бұл жорықта қызыл ту көтеруге келіссе де,
кешегі Сыпатай батырдың салтымен ат қылынан жасалған ақ
жалауды да тастамады.
– Ақ жалау патшанікі! – деп Тұрар көнбеп еді.
– Патшанікі ақ болғанмен, қос бас самұрығы бар мата байрақ,
біздікі тұлпар тектес жылқыдан, тірі тәннен шыққан қыл байрақ.
Мұның әруағы басым, – деп Ақкөз көнбеді. – Бұл байрақта менің
Ақжал сарымның да қылы бар. Ал кәне, Ақжал жануар, осы сапар
тұяғың мұқалмағай, сүрініп кетпей, сүңгідей сілте, тұлпарым!
– Ақкөз аттың жалын сипап ішінен күбірледі де, – ендігі замат
қарала күміс белдігін шешіп алып, мойнына салып тұрып айқай
салды:
– Әруақ-құдай жар болсын, ерлерім! Ата-баба әруағы
қолдасын, алға!
Қалың қолдың шабысынан жер сілкініп, тау қозғалғандай еді.
«Сыпатайлап!», «А құдайлап!» ақырған айқайдан аспан асты
күңіреніп кеткен.
Осы телегей теңіздің толқынындай шуды баса көктеп бір
кезде зеңбіректер гүрсілдеді. Сатырлай атылған мылтықтардың
азынауық үні таңғы ауаның сарынымен жаңғырығып, алты
қырдан аса естіліп жатты. Өкірген адам дауысы, шыңғырған
жылқы дауысы, көк түтін мен бозала шаң қапырығына, күйген
еттің күлімсі иісі араласып, мына сұрапылдан көз тұнып, адам
есінен адасып, бас айналды.
Соғыстың ең сын сәтінде, жазалаушы отряд қыспақта қалып,
енді-енді іргесі сөгілейін деп тұрғанда көтерілісшілердің ту
сыртынан, Мерке жақтан Аркадий Приходько бастаған Пішпектен
жеткен тың күш тұтқиылдан соқты да, оңынан келіп тұрған істің
быт-шыты шығып, берекесі қаша берді. Қанша өлермен болса
да, бұршақша жауған оққа төтеп бере алмаған қарусыз қол
қырылғаны қырылып, қырылмағаны терістікке, Ойталға қарай
сырылып шегіне бастады.
Қалың қолдың қақырап, быт-шыт болып жыртылғанын көріп:
«Қайт! Қайт!» – деп қаһарлана айқайлап Ақжал аттың үстінде
алас ұрған Ақкөздің бір кез лезде дауысы шықпай қалды. Оң
иығы топшасынан жұлынып түскендей, ат үстінен оны бір дүлей
күш жұлқып өтті де, батыр есінен ауып, шалқалап бара жатқанда,
сарбаздар келіп, Ақжалдың тізгінін тартып, қолбасшыны
шегінгендер соңынан алып кетіп бара жатты.
– Күміс ер! – деп айқайлады Ақкөз көзін тарс жұмып алып
жанындағыларға. – Рысқұлдың күміс ері... Мен алай-бұлай
болып кетсем, Тұрарға табыстаңдар. Әкесінің аманаты. Тұрар
қайда? Тұрар!..
Ақкөздің айқайын естісе де, жанындағы сарбаздары артқа
бұрыла алмай, жаралы сардарды қаумалап, алыстағы мұнар
құмды бет алып, суси берген.
Осы қым-қуыт сүргін сапырылыста Аркадий Приходько өзінің
адамдарына екі кісіні: Ақкөз бен Тұрарды қолға түсіруді қатаң
бұйырып тапсырған. «Бұл дүлей бүліктің қос басы бар. Сол екі
басын қағып тастасақ, қалғаны қауіпті емес», – деді ротмистр
әскерлеріне.
Ақкөз қолға түспей кетті. Өзгелерден киім киісі, бітімі өзгеше
Тұрар көзге оңай түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |