– Қажеті жоқ, болары болды. Тұра берсін.
Осыны айтып ротмистр мәстек аттың тоқ бүйірін торс-торс
тебініп қалды.
Жапқан көзден бастап көрген-білгенін айтқан кезде – о
дүниеліктердің бәрі-бәрі Тәңірінің өзі бастап, күллі періштелер,
әзірейіл, жәбірейілдер селт етпестен ұйып тыңдап, үнсіз
тебіреніп, күйзеліп, күңіреніп кетті. Тіпті, Тәңірінің де қызыл
жиек кәрі көздерінен сора-сора жас парлап, ұзын ақ сақалын
жуып ағып жатты.
– Апырай-ай, біздің мұндағы тамұғымыз – жарық дүниедегі
сұмдықтарға қарағанда жұмақ екен ғой! – деп тіл қатты бас
Әзірейіл.
– Е, бейшара пендем, көрген азап-тозағың басыңдағы
шашыңнан да көп екен. Сен күнәдан пәк, нағыз періштесің, – деді
Тәңірі кеуілжірігі жібіп кеткен дәу мұрнын бір тартып қойып. –
Қаласаң, осындағы періштелердің бастығы етіп қояйын. Қаласаң,
сені тірілтіп, жарық дүниеге қайта жіберейін. Таңдағаныңды ал.
– Жо-жоқ, қайтпаймын! – деп Тайлақ шар-шар етті.
– Сонда қалай? – деп Тәңірі сарсаң, екі қолын екі жаққа жайып
жіберді,– «Уа, Тәңірі, тірі қыла гөр, өлтіре көрме!» – деп жарық
дүниеден келіп жатқан арыздардан менің құлағым керең болып
қалды. Ал сен ғой, қайта тірілгің келмейді.
– Ей, Тәңірі! Жақсылық қылсаң – мен жарық дүниеде жүргенде
қайда қалдың! Мен саған сонда жалынбады дейсің бе?! – деп
Тайлақ ашына айқайлап жіберді.
Тәңірі қызыл жиек, ақ шел көзін тайқытып, төмен қарады.
Аппақ періштелер ұялғаннан қып-қызыл болып кетті. Әзірейіл,
Жәбірейілдер өз бастарын өздері тоқпақтап, беттеріне тырнақ
салды...
Достарыңызбен бөлісу: