Байланысты: Бұзаубақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері (1)
IV-ТАРАУ. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР 4.1 Саралап оқыту ХХ ғасырдың 30-жылдарында Америкада білім беру мен оқытуда саралау үдерісі кеңінен етек алғаны мәлім. Бұл үдеріс бүгінгі таңда Қазақстан мектептеріне де келіп жетті.
Оқушылардың бейімділігін, қызығуын, үлгерімін анықтай отырып оқыту, яғни саралап оқыту, қазіргі мектептердің даму бағытына айналып отыр. Саралау - оқу мекемелерінің түрлеріне, бір мектептің кәсіби бағдары мен өз ішіндегі ағымына және сыныптағы топқа бөлінеді. Білім беруде, саралап оқытуда қарама-қайшылық та кездеседі.
Жалпы саралап оқыту бастауыш мектепті бітіргеннен кейін басталады. Англияның мектептерінде, Германияның нақты училище, гимназия және негізгі мектептерінде, Францияның технологиялық, кәсіби және жалпы білім беретін лицейлерінде, Ресей мен Қазақстанның жалпы білім беретін орта мектеп, лицей, гимназияларында және басқа мемлекеттердің әртүрлі мектептерінде саралап оқытылады. Бұл оқу мекемелерінің ерекшелігі - олардың оқу бағдарламаларында. Бір мекеменің өз ішінде саралап оқыту, әсіресе Америка мен Жапония мектептерінде кеңінен тараған. Бұлардың жоғары оқу мектептері екі түрлі: жалпы білім беретін және арнаулы бағдарламамен жұмыс жүргізеді.
Дж.Конант бастаған педагогикалық топ 50-жылдары «барлығын қамтитын мектеп» нобайын ұсынды. Әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы балалар үшін, олардың қабілеті мен қызығуын ескере отырып, әр топқа сәйкес бағдарлама жасады. Конанттың ұсынысы АҚШ мектептерінде саралауды енгізуде іске асты.
Франция мен АҚШ-та барлық жалпы білім беретін мекемелерде сыныптағы оқушыларды топқа бөлу кең тараған. Кейбір пәндерді оқытуда топтарды «жылдамдар», «орташалар», «баяулар» деп атайды.
Германияда топқа бөлу ЖОТ жүйесінде жүреді. Жоғары (ж), орташа (о), төмен (т). Топтарға сәйкес әртүрлі бағдарламалар жасайды.
Жапонияның мектептерінде де оқушыларды топқа бөліп оқыту тұрақты орын алған. Топтағы жұмысты сайыс түрінде жүргізеді. Барлық оқушыға баға қойылады. Жапонияда педагогтар арасында топтық оқытуға көзқарастар әртүрлі.
Білімді даралап, саралап берудің басты бір бағыттарының бірі - дарынды, талантты балалар мен жасөспірімдерді оқыту. Кейінгі кезде мұндай өзекті мәселеге әлемдік педагогикалық қызығушылық бары байқалады. Соның бір айғағы ретінде жоғарғы қабілетті Еуропалық ассоциация құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты - дарынды балаларды зерттеу, қолдау және мадақтау. Мұндай саясат Қазақстанда да жүріп жатыр («Болашақ» бағдарламасы, «Дарын» орталығы, интеллектуалды мектептер). Ғалымдар есептеуі бойынша әрбір жас ерекшелігіне байланысты топта 3 пайыздан 8 пайызға дейін өте талантты оқушылар болады. Бірақ, олардың барлығы мадақтала бермейді, АҚШ-та дарынды балалардың 40 пайызы анықталады, ал Францияда олардың 5 пайызы жоғары мектепке қабылданбайды.
Англияда дарынды балаларды зерттеу орталығы бар. Мұнда дарынды балалармен жұмыс істейтін мектептер, арнаулы бөлімдер және тездетіп, тереңдетіп оқытатын курстар жетерлік.
Германияның Гамбург қаласында 1985 жылдан ерекше қабілетті оқушылармен шұғылданатын орталық жұмыс істейді.
Францияда 80-жылдардың ортасынан бастап кейбір бастауыш оқу мекемелерінде талантты балаларға арналған сыныптар пайда бола бастады. 90-шы жылдардың басында Страсбургте ойлау қабілеті өте жоғары балаларға арналған ерекше мектеп ашылды.
Жапонияда дарынды балаларды оқыту мәселесіне салыстырмалы түрде ұстамды бағыт көрсетіледі. Кейбір оқу орындарында талантты оқушыларды анықтау бағытында диагностикалық тестілеу жүргізіледі. Оларға арнап арнаулы оқулықтар мен оқу кұралдары шығарылады.
Ресей де ұлттық қолайлы тобын (элитасын) тәрбиелеу қажеттілігін түсінеді. 1989 жылы «Талантты балалар» атты кешенді бағдарлама жасалды, арнаулы «Ресейлік мәдени қор» ұйымдастырылды, қаражат бөлінді. 1996 жылы бұл қор 229 дарынды оқушыларға стипендия бөлді.
Дүние жүзінде болып жатқан мұндай құбылыстан Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің балаларымыз біліктілігі жоғары мамандар болады, оларға жағдай жасау керек» делінген.
Республикада «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы құрылған. Мақсаты- еліміздегі талантты да дарынды балаларды тауып, сапалы білім беру. Көптеген авторлық мектептер, гимназиялар, лицейлер және жекеменшік мектептер ашылуда. Ең таңдаулы жастар шет елге оқуға жіберіліп тұрады. Республика Президентінің қолдауымен «Болашақ» бағдарламасы есебінен дарынды оқушылар шетелде білім алуда. Білім беру саласында әлемде болып жатқан үдеріске қосылуымыздың өзі егемендік алуымызбен тікелей байланысты. Саралап оқыту идеясы әлемде 30-жылдардан басталса, Қазақстан мектептері үшін инновациялық (жаңаша) бастамалардың оң нәтижелері аз зерттеліп отыр.
Саралап оқытудың басты бағытының бірі - толықтыра оқыту, яғни үлгерімі төмен оқушыларға қосымша педагогикалық күш жұмсау. Толықтыра оқыту дегеніміз- үлгермеушілікті жою мақсатында өзіндік бағдарламамен оқыту.
Жапонияда толық мәнді жалпы білім бергісі келетін ата-аналар балаларын көп тараған мектептерден гөрі толықтыра оқытатын жекеменшік мектептерге (дзюку) береді. Мұндай мектептер оқушылардың барлық жасына арналған. Дзюку мектебі Күншығыс елінде жылдан-жылға кең тарап келеді. Дзюкуде мұғалімдік қызметті негізінен білімгерлер атқарады. Мұнда жоғары оқу орнына түсем деушілерге және бұрын оқуға түсе алмағандарға арналған жеке меншік оқу орындары де кең тараған (ебьеку). Ебьекуде, негізінен, алдыңғы қатарлы университеттердің профессорлары сабақ береді. Тек қана Токионың ебьекулерінде жыл сайын 150 мың оқушы оқиды. Әлемде білім беру саласында даралап, саралап оқыту үдерісінің мәні осындай.
Тараз қаласында №8 гимназияның саралап оқыту идеясы 1991-92 оқу жылында қолға алынды. №8 гимназияның басқа инновациялық мектептерден басты ерекшелігі сол, оқушыларға оқу бітіргенше үш рет гимназия сыныптарын таңдап алуға құқық берілген. Бірінші кезең - 5-сыныпта, екінші кезең - 8-сыныпта, үшінші кезең - 10-сыныпта. Алдын ала зерттеуге жүгінсек, шамамен оқушылардың 30 пайызы гимназия сыныптарын қайта таңдап алатындығы белгілі болып отыр.
Мектепшілік саралап оқытуда елеулі жетістіктерге жету үшін төмендегідей мақсаттар қою керек:
- нақты бағдарлама жасау;
- педагогикалық ұжым білім беру мен оқытуда саралаудың теориясы мен әлем педагогикасының іс-тәжірибесімен қаруланған болуы;
- материалдық базаның жеткілікті болуы.
Қазақстан мектептерінің осы бағытта қандай жетістіктерінің барлығы толық зерттелмегенімен, аз-кем жұмыстар істелініп жатыр деуге толық негіз бар. Сондай-ақ Қазақстанда білім берудің мемлекеттік емес саласы да кеңейе түсуде. Қазіргі таңда мемлекеттік емес мектептерде 15 мың бала оқып жүр. Білім жөніндегі қызмет нарығы құрылды, кез келген нарық сияқты ол да бәсекелестік заңдарымен дамып келеді. «Білім туралы» жаңа заң, «Білім» атты мемлекеттік бағдарлама, осы көкейкесті мәселе бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Осы арқылы білім беру жүйесін нарық ұстанымдарының талаптарын ескере отырып дамытуға жаңаша жағдайлар жасалды.
Саралап (дифференциалды) оқытудың тағдыры:
- мектептік оқулықтарға;
- әдістемелік оқу құралдарына;
- ұстаздардың білімі мен шығармашылықпен еңбек етулеріне;
- шәкірттердің даярлықтарына, талаптарына;
- оқыту әдістемесінің жүзеге асырылуына байланысты.
Мектептерде үздік, дарынды оқушылар бар, олардың үміт талабын, бағыт, бағдарын дамытуда саралай оқыту - бүгінгі күннің алға қойған міндетін шешудің негізгі жолы.
Саралай оқыту екі кезеңнен тұрады:
- дайындық кезеңі;
- негізгі кезеңі.
Дайындық кезеңінен басты міндеттерінің бірі - шәкірттер ішінен талантты, дарындыларды тауып, олардың қабілеттерін дамыту, білімге құштарлығын қанағаттандырып, белсенділіктерін арттыру.
Негізгі кезең - оқушыны ынталандырған пәндерді айқындап, ондағы оқуға қажеттілерді тереңдете оқытуға назар аудару. Қазірге кезде жарияланған бағдарламалар ішінен оқушы талғамына сай келетін түрін таңдап алу қажет.
Таңдап алынған бағдарламаға сай әрбір пәндерге бөлінетін сағат санын пайдалы әсер коэффициенті жоғары дәрежеге жеткізе еңбек етуді ойластырған жөн. Бұл арада мұғалім оқулықтар, оқу құралдары, зертхана, кабинет жабдықтарын кеңінен пайдаланып, уақытпен санаспай, шәкірт уақытын аялап, жалықпай, жауапкершілікпен еңбектенсе ғана көздеген мақсат жүзеге асады.
Саралап оқытуды жүзеге асыру үшін жүйелі түрде шәкірттерге күрделілігі әр түрлі жұмыстарды есептеуге беріп, оған қайтарылған жауаптарына назар аударуы, нәтижелерін арнаулы күнделік дәптерге жазу, басқа пән мұғалімдерімен пікір алысып, оқушының өзімен сырласуы, ата-ананы одақтас етіп, ынтымақтастықты арттыру ісінің нәтижелі болуына мүмкіндік жасайды. Талапты, талантты шәкірттерге қосымша тапсырма беру, әдебиеттер, есептер жинағын, оқу құралдарын ұсыну, сонымен бірге талап-тілектеріне сай қосымша уақыт бөліп, бірлесе сынақ-тәжірибелер жасау, жаппай жасалатын зертханалық жұмыстар даярлауда көмекке шақыру, көрнекі көрсетілетін тәжірибелерді жасауда жәрдемдесу, біріге еңбек ету - саралап оқытудың маңызды міндеті.
Оқыту-тәрбиелеу жұмыстарын жүргізу барысында әрбір тоқсанда оқу үлгерімдеріне сай кейбір шәкірттерді тереңдетіліп оқытатын сыныпқа ауыстыру мүмкіндіктерін қарастырудың шәкірттердің еңбектерінің лайықты бағаға ие болуын ойластырып, оларды жүзеге асырудың берері аз болмаса керек.
Саралап оқытуда талдап-жинақтап баяндау элементтерін пайдалану, ұқсастыру, қорытындылау, нақтылау, модельдеу және ой елегінен өткізулер арқылы өздігінен білімдерін жетілдіру, оқу материалдарын қысқаша конспектілеу, тірек конспектілер жасау, негізгілерін ықшамдап жазу, келелі мәселелер ұстанымын пайдалану, табысқа жеткізетінін ескеру нәтижесінде шәкірттерді сенімді көмекші ете білу табыс көзі болып саналады. Дарынды шәкірттерді даралауда саралап оқытуға баса назар аудару - болашақ ұрпақтың білікті маман болуына жол ашылады.