Ауызша журнал беттерінің жобасы:
Ауызша журналды өткізудің мақсаты – жазушы С.Бегалиннің өмірі мен шығармашылығын оқырмандарға кеңінен тарату, автор шығармаларынан оқырмандардың алатын тәрбиелік мәнін көрсету. Ауызша журнал өткізер алдында жазушының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастыру қажет. Кітап көрмесіне кітапхана қорындағы әдебиеттерге қоса материалдар жергілікті баспадан, яғни С.Бегалиннің туғанына 110 жыл толуына байланысты шыққан газет-журнал мақалаларымен толықтырылуы керек.
Ауызша журнал беттерінің үлгісі.
1 – бет. Қазақ балалар әдебиетіндегі сүйікті қаламгер С.Бегалин өмірінен; (бұл бетте С.Бегалиннің өмірі жайлы, оның қазақ әдебиетіндегі сіңірген еңбектері туралы айтылуға тиісті).
2- бет. С.Бегалин балаларға арналған, алуан түрлі сыры мен оқиғасы қызықты кітаптардың авторы: (бұл бетте жазушының тек қана балаларға арналған шығармаларына шолу жасалып, оның оқырмандарға беретін тәрбиелік мәнін көрсету. Жазушының табиғатты суреттеуі, оқушылардың жақсы мінездерімен қоса жаман әдеттен арылу керектігін көрсететін шығармалары жайлы айтуға болады).
3 – бет. Балалар әдебиетінің ақсақалы тарихымыз бен мәдениетіміз үшін де зор еңбектер жасады. (Ұлы ақын Жамбылдың, ән еркесі – суырып салма ақын Иса Байзақовтың, атақты Шашубайдың өмір баяндарын жарыққа әкелген болатын).
Ауызша журналдың соңынан ондағы әдебиеттерге шолу өткізген
жөн.
Ауызша журналға арналған әдебиеттер.
Бегалин С. Ана қайраты. – Алматы: ҚМӘКБ, 1960. – 182б.
Бегалин С. Сырлы қайнар: Балаларға арналған өлең-поэмалар. –
Алматы: ҚМӘКБ, 1963. – 80б.
С.Бегалин. Сәтжан. Алданған жолбарыс. Сымбатты Сима.- Кітапта: Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы/ Құраст Ш.Ахметов.-Өңд.толықт., 3-басылым.- Алматы:Арман-ПВ, 2005.- 7-47б.
Бегалин С. Сахара сандуғаштары: Естеліктер мен естігендер. – Алматы:
Қазақстан, 1976. – 167б.
Бегалин С. Сәтжан: Повесть. – Алматы: Жалын, 1978. – 168б.
Жан-жануарлар әлеміне саяхат
Ойын-саяхат
4-6 сынып оқырмандарымен Сапарғали Бегалиннің торқалы тойына байланысты «Жан-жануарлар әлеміне саяхат»,-атты ойын-саяхат өткізуге болады. Бұл көлемді жұмысты өткізу үшін басқа кітапханалармен байланыс жасап керекті қосымша әдебиеттерді жинауға сол әдебиеттер арқылы көрме ұйымдастыруға, хабарландыру жазуға және жазушы еңбектерімен таныстыру үшін әңгіме ұйымдастырған жөн.
Кітапханашы мектеп мұғалімдерімен келісе отырып балаларға тапсырма береді. Мысалы: Оқушылардың бір тобына С.Бегалиннің әңгімелерінде кездесетін құстардың, жануарлардың суреттерін салуға, екінші топқа жазушының шығармашылығына деген көзқарасын ортаға салуға, үшінші топқа «Менің сүйікті кейіпкерім» атты тақырыпқа шығарма жазуды ұйымдастырады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін саяхатшылар фестивалін немесе күндерін өткізуге болады. Бұл жұмысты жүргізу кезінде жазушының белгілі бір шығармасы жайында, болмаса қысқаша жалпы бірнеше әңгімелері туралы, оқушылардың жазған шығармаларының ішінен таңдаулы бірнеше шығарманы оқып беруге және сурет көрмесін ұйымдастыру арқылы тұжырымдауға болады.
Балалардың сүйікті жазушысы
Шын жазушылық өнер –
Асыл да, ауыр өнер…
Ө.Тұрманжанов
6-7 сынып оқушыларына арналған С.Бегалин шығармашылығы бойынша білгірлер турнирі
Ойынға «Балалар әдебиетінің ақсақалы» атты көрме безендіріледі.
1. Цитата ретінде С.Мұқановтың жазушыға арнаған өлеңінен үзінді алуға болады:
...Сүйсініп оқитұғын туған халқы,
Жеткенше талант, ойдың шама-шарқы,
Бірталай еңбек жазды, алды жарқын,
Ласы жоқ, кіршігі жоқ, таза арты.
2. «... Біз үшін бір бағалысы-сол жолдың бәрінде Сапекең өзінің туған халқының бар өзі білген жақсы мінезін, сырын, ақылын, даналығын бойына жинай беріпті, өзін де өзгені де байытар рухани мол күш жинапты. Оның шығармашылығына да қуат берген сол күш.»
С.Қирабаев
3. «...Өзінің бүкіл саналы өмірін, еңбегін, шығармашылығын адал қызмет ету жолына жұмсаған Сапекең, өзінің туған өлкесін перзенттік ұлы махаббатпен, ыстық жүрекпен сүйетін еді...» Н.Ғабдуллин
Ойынның мақсаты: Ойын түрін пайдалана отырып, балалардың жазушы туралы білімдерін бекіту. Жазушы шығармашылығына деген қызығушылықты арттыру.
Достарыңызбен бөлісу: |