Соғыстағы жағдай адамнан өзінің сенім-нанымының басты тірегін бөліп алуды жəне соған сүйенуді талап етеді. Сөйтіп ол өз күшін бойына жинап, қорқынышты жеңу үшін алға ұмтылады. Қиын жағдайлар кезінде адамның санасы сан қилы ойға бөлінуі, оның бойын күдік билеу оған пайда бермейді. Ерлік пен қорқақтық ауылдас бола алмайды, қашанда қорқақ өзінің қорқақтығын «ақтағысы» келеді. Әскери прозадағы мінез-құлық күрделілігі қаһармандық іс-əрекеттің мəнін ашуға қызмет етеді.
Әскери прозадағы күрделі мəселелердің бірі қаһармандық трагедияның ұжымдық идеямен байланысы. Майданда адамдар бір-бірін қажет етеді, бұл қажеттілік ұжымдық сезім арқылы жүзеге асады. Ол жылдардағы ұжымның қажеттілігі біздің қоғамымыздың адамгершілігі заңына сəйкес келетін еді. Майдан даласында жалғыздық үлкен қасірет. Әрине, жалғыз дара жүріп те батырлық жасауға да болады, батырлық көбіне-көп интуиция арқылы жүзеге асатын іс-əрекет. Онда кеңеспен шешілген шешім жоқ, кенеттен болған, жарқ етпе ерлік бар. Бірақ батырлықты жалғыздыққа қарсы қоюға болмайды. Жалғызда батырлық жасауға болады. Бірақ ол көбіне жекеліктің көрсеткіші.
Қаһармандық трагедиясының тұжырымдамасы қара басы үшін емес, жалпының игілігі үшін жасауға үйретеді. Жеке адамның мүддесі топтың мүддесіне қайшы келмейді. Рухы күшті ұжым жеке адамның қаһармандық сезімін (эмоциясын) оятады, ал жеке адамның қаһармандық күш-жігері ұжымға ықпал етеді.
Әрбір адамның пенде ретіндегі, тұлға ретіндегі қайталанбастығы ұжымның бағы, ішкі күші, бұл қаһармандық істе көрінеді, түптің түбінде онда жеке адамның дербестігі, бірегейлігі ашылады. Сонымен сайып келгенде, адамның істеген ісін бағалау, оның өзіне қоятын адамгершілік талабы.
Жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы үшін əдеттегі түснігімізде көп кездесетін таңдау проблемасы тіпті де негізгі нəрсе емес. Оның басты қаһармандарының мінездері кесек, жүздері жарқын, ақкөңіл, ашық болып келеді. Тегінде, Бауыржан Момышұлының қаһармандарын рухы күшті адамдар деп сеніммен айтуға болады. Олар қандай ауыр жағдайлардың өзінде адамның ардақты атын жоғары ұстап, өздерінің жан-дүниесі мен көзқарастарына терең ұялаған адами қасиеттерге адал, қиын-қыстау кезендерінің тұсында сағы сынып, жасымайды, қайта абыроймен жеңіп шығады.
«...Тағы бір рет қарсы шабуылға шығып, дұшпанды тойтарып бара жатырмыз. Жау шегініп, біздің жігіттер өкшелей қуып барады. Менің алдымда жүгіріп бара жатқан жауынгердің сол қолын жеңінің шыға берісінен минаның жаңқасы отап кетті. Бір елі теріге ілінген алақаны мен саусақтары қанға боялып салбырап барады. АстапырАлла, бұл кім?.. Ол кілт тұра қалды. Енді ғана аңғарды. Бір елі теріге ілініп тұрған қолын ызаланып жұлдыда, лақтырып тастады. Өз денесін қар үстіне қарай атты. Мен тітіркеніп кеттім. Ол сау қолымен пистолетін серт ұстап, алға кезеніп, жоғары көтерді де, ашынған даусымен «атаңның аузы...» деп жау соңынан тап бере жүгіре жөнелді. Мен оны таныдым. Ол бұдан екі жеті бұрын Соколово селосында жаудың 3 танкімен жекпе-жек шығып, қарсыласып тұрып алған батарея старшинасы Бүркіт Әлішеров... «Алатаудың сұңқары, атаңа тартқан екенсің!» – дедім мен ішімнен...» [4, 241]. Міне əлгі біз айтқан жеке тұлғаның, бір шешімі жазушы шығармашылығында осылай көрініс табады. Кейіпкердің сол сəтте ойлануға мұршасы жоқ. Оны ерлікке бастап тұрған санадан толғанып шыққан шешім емес, бүкіл болмыстың бір тұтас болып, түйіліп қалған жанайқайлық қуаты.
Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» туындысы ержүрек батыл кейіпкерлерге кенде емес. Біз бір полктың, бір батальонның адамдарының ерлігін көреміз. Бұларды жазушы
жекелеген адамдар мінездерінің механикалық жай біріге салуы ретінде емес, жеке адамдардың ортақ мүдделері қиысқан өзіндік бір бірлігі ретінде қарастырады. Образдар жүйесі схема бойынша қолдан жасалған дүние емес, өмірде шын болатын табиғи қалпында құралған. Академик М. Қаратаев сөзімен келтірсек: «Москва үшін шайқас» нағыз оптимистік жəне патриоттық кітап. Бұл көп ұлтты совет жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысындағы ең бір қиын кезеңде, қатігез жау сүйікті астанамызға төніп тұрған қатерлі кезде көрсеткен айрықша ерлігін, мойымас рухы мен қажымас қайратын, сол тұстағы олардың толғанған ойы мен сезімін көзге елестеткен көрнекті кітап. Өрелі патетика, гуманизм, өмірден алынып, жүректе қорытылған шынайы шыншылдық, публицистикалық өткірлік, əңгімесінің нақтылығы, дəлдігі – кітаптың негізгі сипаты» [5, 345].