Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы



бет10/32
Дата25.03.2022
өлшемі195,32 Kb.
#136809
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32
Байланысты:
Сыйлыгул-Диссертация

Құстар ұшып кетіп жатыр, келіп жатыр бұ жерге,
Мен отырмын шау-қыранша ұя бағып, тізерлеп.
Қарт Алатау сақалына қатқан қарды лақтырды, -
Соған қарап мына менің самайыма ақ кірді. (Ж.Н. Құстар ұшып. 1-54)
Алмалсыз қош айтысып гүлді бақпен,
Айдын көл – асау дария, мың бұлақпен.
Аттанып келем бүгін Алматыға,
Аспанның ақ төсінде құлдырап мен. (С.Ж. Алмалсыз қош айтысып гүлді бақпен. 1-162)
Өмірден мықтап
Қайтса екен деп жүрмін бір есем,
Мен соны, қалқам,
Тілеймін күнде,
Тіле сен...
Арман не, шіркін,
Ақкиіз тоғайға алшыдан түскен асықтай,
Тезірек табан тіресем! (М.С. Өмірден мықтап. 1-208)
Ақ Жайық, алыста емес, іргедемін,
Өзіңмен ақ тілегім бірге менің.
Сенің де көңіліңде алаң көп-ау,
Үңілсем, жанарыңнан мұң көремін (А.Б. Жайыққа сыр. 1-161)
Енді осы төрт ақынның өлең шумақтарындағы автор бейнесін қарастырар болсақ, барлық шумақтарда өлең І жақтан жазылған, автордың суреттелген оқиғаға тікелей қатысы бар екендігі бірдей байқалады: Мен отырмын, аттаным келем, мен соны, қалқам, тілеймін, жанарыңнан мұң көремін. Сонымен қатар, өлең жолдарында белгілі бір нақты жер атауларының қолданылуы да автор бейнесінің анықтуына септігін тигізеді. Алатау, Алматы, Ақкиізтоғай, Ақ Жайық топонимдері арқылы ақындардың сол мекенмен қатысы бар екендігі бірден аңғарылады. Бұл туралы Б.Шалабай былай деп жазады: «Болмыс лирикалық субъектінің өзіндік көзқарас қатынасы тұрғысынан бірінші жақта ашық түрде қабылданады. Сондықтан лириканың баяндау құрылымында баяндаушының көзқарасы алдыңғы қатарда тұрады. Баяндаушы баяндау құрылымына белсене кірігеді, оның қатысуы қандай да болмасын бір тәсілмен текст құрылымында білініп тұрады» [6, 58-б.].
Бірақ көркем шығармадағы автор бейнесі барлық уақытта айқын анық көріне бермейді. Автор бейнесін зерттеген ғалым Х.Кәрімов бұл туралы мынадай ой айтады: «Автор өзіне қатысы, субъективті көзқарасы жөнінде ашық ештеңе айтпайды, тек болған оқиғаны баяндайды. Оның өз «мені» көлеңкеде. Бірақ соның өзінде автордың көзқарасы, бағасы сезіліп отырады» [56, 11-б.]. Мысалы келесі өлең жолдарында автор бейнесі бірден байқала қоймайды, ақындар құбылысты сырттай бақылаушы, суреттеуші ретінде ғана көрініс табады:
Сыбырлайды, төңірек сыбырлайды,
Көлің шиі әр шиді бір ырғайды.
Көк аспанда қос торғай шырылдайды,
Шырылдайды, бір-бірін ұғынбайды. (Ж.Н. Сыбыр. 1-119)
Көктем келсе,
Жатады ұзақ белде,
Самаурындай
Сарқ-сұрқ қайнап өрт кеуде.
Ешкімде жоқ
Мүсәпірлік көреді ол –
Тап қасынан торғай ұшып кеткенде. (М.С. Соғыс мүгедегі. 1-171)
Ақындар айналасындағы көріністі өлеңге айналдыра суреттейді, алайда бұл жерден автор бейнесі мүлдем көрінбейді деген сөз емес. Ақындар басқа нәрсені суреттеу арқылы да өзінің көңіл-күйін, арман-қиялын жеткізіп тұр. Аспанда ұшқан құстарды бейнелеу арқылы бірі адамдар арасындағы түсінбеушілікті жыр етсе, бірі өмірдің өтіп бара жатқандығын, өткіншілігін құс қанатының бір серпілісіне теңеп суреттейді.
«Көркем поэзия тілінде ақын теңеу, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха сияқты бейнелегіш-көріктегіш құралдарды жұмсайды және бұл бейнелі сөздер шығарма тілін әрлендіретін материалдар қатарына кіреді. Көріктеу құралдарды көбінесе адамның сезім күйлерін, жүрек тынысын, жан дүниесін суреттеген тұстарында немесе автор бейнесін суреттеуде жұмсалады» [31, 72-б.], дейді ғалым А.Қазанбаева. Расында да, көркемдеуіш-бейнелеуіш құралсыз ешбір көркем әдебиеттің дүниеге келмейтіндігі белгілі. Сонымен қатар кей кезде автор бейнесі өзі туралы баяндау арқылы немесе басқа нәрсені суреттеу арқылы ғана емес, бір адамға, болмаса құбылысқа қаратылып жазылған өлеңдерде де байқалады:
О, туған жер, қадіріңді шын ұқтым,
Өзің жайлы сырды қойша шұбырттым.
Тағдыр мейлі жүз бүктесін, мың сілкіп,
Сындайтұғын тобылғың боп шығыппын (М.С. Туған жер, 24)
О, менің ардақты әкем, асыл анам,
Қызыңмын пәк үмітпен асыраған.
Өзің деп қобалжыған жүрегімнің
Дүрсілін сенен қалай жасыра алам?! (А.Б. Туған жер, 1-33)
Бұл өлеңдерде ақын О, туған жер, О, менің ардақты әкем, асыл анам деген қаратпа сөздерді саналы түрде қолдана отырып, өз ойын, туған жерге деген махаббатын табиғатпен сырласу арқылы жеткізген.
«Шындықты әр адамның қабылдауы, түсінуі жекелік сипатқа ие. Сезіну, түйсінуден туған толғаныс жаттанды сөз қолданысы арқылы ғана сыртқа шықпайды. Жеке шабыт, жаңа салыстыру – сөздердің бұрынғы кездеспеген жаңа тіркесімдерін дүниеге әкеліп, құбылыстар арасындағы жаңа байланысты тудыруы мүмкін» [41, 15-б.], – деген С.Асқарова пікірінен автордың бейнесі әр шығармада жаңа қырынан көрініп отыратыны аңғарылады. Соның ішінде лирикалық шығармаларда бұл бейне өте жиі көрініс табады.
Жалпы, автор бейнесі туралы сөз қозғаған кезде оны жазушының жеке басы туралы деп түсініп қарамауымыз керек. Бірақ автордың жеке көзқарасының оның туындысына тікелей әсер ететіндігін де естен шығармаған жөн. Қолына қалам ұстағандардың барлығының бірдей өз стилі бар деген қате түсініктен де аулақ болуымыз керек. Көркем шығарманың тууы, көркемдік деңгейге жетуі алдымен авторға, оның таланты мен авторлық шеберлігіне, таланттық қуатына, дүниетанымына тікелей байланысты.
Лирикадағы автор бейнесінің тағы бір өзгешелігі – «эпикалық шығармада баяншы мен баяндалып жатқан оқиғалардың арасындағы қашықтықты белгілейтін категориясы болса, лирикада ондай кеңістік ұғымы жоқ. Лирикалық қабылдаудың ерекшелігі лирикалық кеңістікті ерекше түрде ұйымдастырады» [6, 58-б.]. Бұл пікірмен толықтай келісуге болады, себебі лирикада арнау өлеңдерінің өзі де тілек, риторикалық сұрау сөздері ретінде орын ала береді. Ақындардың көптеген өлеңдері оқиғаға құрылған, алайда бұл оқиғаға қатысқан автор мен баяндаушы автордың арасында қашықтықтың пайда болуына себеп болмайды.
Көркем шығарманың жүйесі мен құрылымы өте күрделі, ол көптеген компоненттерден тұрады. Көркем дүниені туғызудағы негізгі құрал тіл болғандықтан, ондағы образдар жүйесі мен оқиға тіл арқылы ғана көрініс табады. Оқырман өлең жолдарын оқыған кезде ақынның сол сәттегі қуанышы мен қайғысын, толғанысын, сезімін сөз арқылы қабылдайды. Оқырман неғұрлым терең әсер алса, ол автордың шеберлігін көрсетеді. Себебі оқиғаны, ойды сөзбен жүректен жүрекке жеткізу сөздерді орынды, дұрыс қолдануды талап етеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет