Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Бұл іссапарды бағалауда ОБК (орталық бақылау комиссиясы



бет36/38
Дата09.11.2016
өлшемі7,37 Mb.
#1379
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Бұл іссапарды бағалауда ОБК (орталық бақылау комиссиясы – Т.Ж.) комиссиясы үлкен қателік жіберді. Олардың анықтауынша мен Бөкейхановтың адъютанты болып шыға келдім. Бұл өте жауапты жұмыс. Сондай-ақ «Алашорда» жасағы үшін киім мен қару-жарақ алуға барыппын. Бұл мүлдем қате. Мен Бөкейхановтың адъютанты ретінде де, қару-жарақ пен киім алуға да (ондай құрметке ие болуға жеткен жоқ едім) барғаным жоқ. Оның жеке тапсырмаларын орындайтын техникалық хатшы ретінде бардым. Бөкейханов Комучтен (комитет учредительного собрания) 3000 адамға қару-жарақ пен киім алды, оны тапсырып алу үшін Орынбордан «Алашорданың» Торғай бөлімшесінің төрағасы Есполов келді және заттарды Торғайға алып кетті.

Алайда Бөкейхановпен бірге сапарға шығуым – бұрын маған белгісіз болған көптеген нәрселерге көз жеткізді. Мен «Алашорда» қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен (Бөкейхановпен, қазір шет елде жүрген Шоқаевпен, Танашевпен, Байтұрсыновпен, Ермековпен, Әлімбековпен және басқалармен) танысуға мүмкіндік алдым және оларды жақыннан білдім. Бұрын оларды тек сыртынан ғана білгендіктен: ең адал және қазақ халқының лайықты күрескерлері – деп танитынмын. Мен оларды әсірелеп бағалаппын, ал өмірде олар мүлдем басқа жағынан көрінді. Олар кеңқолтық өмір сүрді, жиі-жиі ішімдік ұйымдастырды, басшы орын үшін бақталастырды, кеңес өкіметін жақтайтын қазақтарға аяусыз жала жапты, қаражүзділермен (Львовпен – қасиетті синодтың мүшесі, атаман Дутовпен, Красильниковпен т.б.) ауыз жаласты. Қоғамдық істерге немкетті қарады. Мұның барлығы мені жиіркендірді. Бұрынғы көсемдерден көңілім қалды.

Мен жаңа жол, жаңа ақиқат, жаңа ой іздеп кеңес өкіметінің бағытымен таныстым, соны жақтайтын адамдарға бет бұрдым. Бөкейхановпен бірге Орынборға қайтып келген соң мен олардан қол үздім. «Бірлік» ұйымымен ат кекілін кесісіп, кеңес өкіметі жағын қабылдаған Ж.Сәдуақасовпен жақындастым. Партия мүшесі Феоктист Березовскийдің үй-ішімен араластым. Мен 1918 жылы қызыл армияның қатарына өз еркіммен жазылып, Семеновтың және басқа да кеңес өкіметінің дұшпандарымен соғысу үшін шығыс майданына аттанған Д.Әділевпен танысуды армандадым. Ол туралы Ж.Сәдуақасовтан көптеген мәліметтер білдім. Сөйтсем ол майданнан қайтып келіп Омбы қаласында жасырынып жүр екен. Ж.Сәдуақасов екеумізді таныстырды. Содан бастап екеуміз жиі араласып, пікір алысып, маңымызға пікірлестерді жинадық (Бейсенов, Нұрсейітов, Сейілов, Танашов т.б.).

Большевиктердің Колчакқа қарсы көтерілісінің қарсаңында (1918 ж. 22 желтоқсан) кешке жақын Әділев, Сәдуақасов, Бейсенов, С.Танашов және мен көтерлісшілерге көмек көрсетуді ойластырып менің пәтеріме жиналдық. Ж.Сәдуақасов байланыс жасап, нұсқау алу үшін Березовскийге кетті. Алайда ешқандай нәтиже шықпады. Көтеріліс сәтсіз аяқталды.

Келесі күні жаппай тіміскілеу жүріп, кеңес өкіметін жақтаушыларды тұтқындай бастады. Әділевті де іздеді. Бізге де күдікпен қарады. Әділевті қалайда бір жерге жасыра тұру керек болды. Оның ауылы Омбыдан мың шақырым алыс жерде, Ақмола уездінің Шу ауданында болатын. Оған жете алмайтын болғандықтан, оны біздің ауылда жасыруды ұсынды. Мен бұған келісім бердім де, 1918 жылдың желтоқсанының аяғында Әділев екеуміз Петропавл уездіндегі менің ауылыма бет алдық. Әділевке қысқы демалысқа келе жатқан гимназия шәкірті Ж.Сәдуақасовтың бас құжаты берілді. Біз ауылға сәтті жетіп, қауіпсіз тұра бастадық. Әділев біздің ауылда алты ай тұрды. Колчак тыңшыларының тіміскілеуінен еріксіз өз ауылына кетуге мәжбүр болды. Әділев біздің ауылда тұрған кезде үш рет Колчак полициясы тінту жүргізді, есерлік бағыттағы саяси әдебиеттерді, Ленин мен Троцкийдің кейбір кітапшаларын, сондай-ақ Бөкейхановпен бірге барған кездегі біріккен ұйымдардың мәжілісіне қатысқан куәліктерімді қоса тәргілеп әкетті. Бұған қарамастан Әділев біздің ауылдан аман-есен аттанып кетті.

Міне, осы арадан ОБК-ның мені партия қатарынан шығаруға себепкер болған оқиға басталады. Мәселе былай: Әділев кеткен соң шамамен 20 күннен кейін аудандық полиция бастығының көмекшісі маған «достық пейілмен»: менің кеңес өкіметіне аздап іш тартатыным туралы мәліметтің барлығын, егер бұл рас болса, онда мен сияқты интелигент адамға жараспайтынын ескертті. Мен оның бұл ескертуі үшін рахмет айтып, большевиктерге ешқандай да жанашырлығым жоқ екенін білдірдім.

Содан кейін бірнеше күннен соң маған бір татар келіп, өзін: Колчактың 3-армиясының штабының қызметкерімін – деп таныстырды. Ол менімен ұзақ әңгімелесті: өмірбаянымды сұрады, саяси көзқарасымды білгісі келді, мен сияқты оқыған адамның ауылда жұмыссыз неге жүргеніне таңданысты. Бұдан әрі ол өзінің жұмысы туралы айтты, Колчак армиясында тұрғындар арасында мәдени-ағарту жұмысын жүргізетіндігін, штабтың газетін тарататынын айтып, штабтың жұмысын күшейту үшін қызметкер керектігін, сол орынға мені ұсынғанын айтты. Бастапқыда бұл әңгіменің астары мен татардың ұсынысын түсінгемін жоқ. Мәдени-ағарту жұмысы болғандықтан да, мұнда тұрған ешқандай оғаштық жоқ деп ойладым. Сөйтіп, қызмет істеуге келісім бере жаздап, тез айнып кеттім. Майдандағы контрреволюциялық армия қалай тұрғындарды мәдени-ағартумен айналысады? Мен мұнда бір қитұрқы пәле барын түйсіндім де, ұсынысынан бас тарттым. Әлгі татар тағы біраз үгіттеді де менің көнбегеніме өкінгенсіп кетіп қалды.

Осы оқиғадан кейін мен мазасыздана бастадым. Маған қарсы бір жамандық жасалып жатқан сияқты көрінді. Полиция бастығы көмекшісінің: менің кеңес өкіметіне бүйірім бұратынын ескертуі және штабта қызмет істеуді ұсынуы қалай?

Жұмбақ. Бұл күдігім губернияда өткен оқиға кезінде үдей түсті. 1919 жылдың мамыр айында Амантайдағы шаруалар және Атбасар уезіндегі қазақ тұрғындары Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастырды. Бұл көтерілісті Ванягин дегеннің жазалау отряды сондай қатыгездікпен басты. Бұл отряд көтерілісті басқаннан кейін біздің ауылға келіп, Полтава, Астрахань селоларын қан қақсатты. Отрядтың біздің ауылға келер алдына: Атбасар қаласында Әділев қолға түсіпті, енді мені іздеп жүр – деген лақап тарады.

Міне, мені осындай үрей билеп жүрген кезде әлгі татар тағы да келді, қасында бір әскери адамы бар, өзінің бұрынғы ұсынысын қайталады. Әрине, қарғыс атқыр бұл татармен сөйлескенде менің бұрынғыдай ойланатындай уақытым болған жоқ, сонда да: ешқандай тәжірибем жоқтығын сылтауратып бас тарттым. Сол сәтте татар өзінің дауысын өзгертіп: ендеше шұғыл түрде штабқа жүресің, қазақ тіліндегі газеттің редакторы петорпавлдық татар Ғазиз Болатовпен бірге жұмыс істейсің – деді. Мен шынымен қорқып кеттім. Не жауап берерімді білмедім. Тығырықтан шығудың жолын іздестірдім. Басыма екі ой келді: 1.Штабқа барып контрреволюционенрлердің басшылығында қызмет етіп, олардың қолындағы қаруға айналу, 2.Шартты келісім беру, ауылда қалу, олардың тапсырмаларын орындауға тырысу, бұл алғашқысына қарағанда жеңіл түсері сөзсіз. Соңғы шешімге келіп, өзімнің келісетінімді, ауылда жүріп қызметтерін атқаратынымды білдірдім. Одан басқа жолды таба алмадым. Әлгі татар күле тұрып осыны қағазға жазып беруімді өтінді. Мен жазып бердім. Татар маған: штаб газетін кеңінен тарату жөнінде кеңес берді, ауылдағы оқиғаларды штабқа жиі-жиі хабарлап тұруды өтінді. Біраздан кейін штабтан куәлік пен газеттерді жіберді, хабар талап ете бастады.

Бұл маған өте ауыр соқты. Ауылда пікіріңді бөлісетін адам жоқ, майдан шебі алыс. Қалайда алғашқы шешімнен бас тартпауға, штабтың ешқандай талабын орындамауға бекіндім. Солай істедім де: штабқа ешқандай хабар бергемін жоқ, газетті де таратпадым. Сақ жүрдім, штабтың офицерлерінің көзіне түспеуге тырыстым, кейде қалаға келіп жүрдім, кеңес өкіметінің келуін асыға күттім. Сондай ауыр күндер азаппен өтіп жатты, сонда да, бос уәдеден басқа революцияға қарсы бірде-бір қылмыс жасағамын жоқ, кеңес өкіметінің келуін күттім.

Міне, болған жағдай осы. Енді өздеріңіз талқыға салып көріңіздер, еріксіздікпен ауызша берген уәде – қарсы барлау қызметінде істегенге, сондай-ақ кешірілмейтін қылмыстың қатарына жата ма, жоқ па. Менің ойымша жатпайды. ОБК осыны ескеруі тиіс еді (Айтпақшы, «контрразведка» деген үрейлі сөзді мен ұйымдағы тексеру кезінде ОБК-ның комиссияның төрағасы Булин жолдастың ауызынан тұңғыш рет естідім. Мен өзімнің міндетімді осы уақытқа дейін анық түсінбеппін: мен штабтың газетінде жұмыс істеуге келісім бердім бе, жоқ қарсы барлау бөлімінде істеуге уәде бердім бе? Ұйым жиналысында өзім айтып берген оқиға туралы Булин жолдас өзінше асығыс қорытынды жасады, «контрразведка» деген сөз сақнаға шықты. Мені осындай оңбаған қызметке тартқан әлгі татардың ауызынан мұндай сөз шыққан жоқ болатын, құжатта да ондай сөз болған жоқ). 1919 жылы партияға өтер алдында мен түсініспестік жағдаймен Петропавлда бірнеше күн ЧК-ның (қазіргі ГПУ-дің) түрмесіне қамаққа алындым, сонда жазған қысқаша өмірбаянымда осы оқиға жөнінде де толық баяндап берген болатынмын... .», – деп түсінік берді.

Бұдан кейін Ә.Байділдин бақылау комиссиясының қателігін, олардың әділетсіздігін беттеріне баса жазып, өзінің «оқыс оқиғасын» өзгелердің «қылмыстарымен» салыстыра баяндап, өзіне-өзі адвокат болады. Қисынды да дәлелді пікірлер бар. Партия қатырын тазалау тұсындағы осы дерек Ә.Байділдинге айып ретінде тағылып, тергеуге тартылғандықтан да ұзақ, бірақ ұзақ та болса, көп жайдан мағлұмат беретін шағым хатты толық беруді жөн көрдік.



Ә.Байділдин (жалғасы): «Егер мен жаңылысып қалмасам, Колчактың 3-армиясының штабы мені қалай өздерінің қызметкері етпек болғаны жөніндегі бұл оқиға туралы өзімнің алғашқы қысқаша өмірбаянымда көрсеткен болатынмын. Бұл екі жағдай мені партия қатарына өтер кезде оны жасырмағанымды дәлеледейді. Алайда осы уақытқа дейін бұл мәселені партия ұйымына мәлімдеп, тиісті шара қолдануын күтпегенім, менің үлкен қателігім болды. Мұны мойындаймын. Тәжірибесіздіктен кеткен бұл қателігімді, төңкерістің мүддесін қорғайтын құзырлы мекеме – ГПУ-дегілер түсінеді, менің арымның таза екеніне сенеді деп ойлаймын. Бұдан өзге бұл оқиғаны жасырып қалатындай менде бөтен ой болған жоқ. Сондықтан да комиссияның екінші айыбын да негізсіз деп есептеймін.

Комиссияның мұндай әділетсіз шешімі соңғы күндері мені қатты күйзелтті, ойша: жекелеген партия мүшелерінің де кінәлары есіме түсті. Өзімді ақтау үшін емес, менің басымнан кешкен оқиғаны салыстыра бағалау үшін де ол туралы ОБК-ға хабарлағым келеді. Мен былай ойлаймын:

1.Мен жіберген қателік, яғни, Колчактың 3-армиясына қызмет етуге келісім бергенім – 1917 жылы патшаның інісі Михаил Романовқа құттықтау жеделхатын жолдаған жолд. Каменевтің кінәсінен ауыр ма? Салыстырыңыз: Каменев кәнігі революционер, партияның аса көрнекті қайраткерінің бірі, ал мен болсам – партияда жоқ, жас, аңғал адаммын.

2. Мен жіберген қателік, партияға өткенге дейін патшалық полицияда істеген, губерния мен уездердегі жоғары лауазымдылармен бірге істеген Әйтиевтің (партия мүшесі) қылығынан лас па? Тағы да салыстырыңыздар: Әйтиев – ересек, саналы адам, ал мен болсам – жаспын, алаңғасармын.

3. Мен жіберген қателік Колчактың тергеу комиссиясында істеген, Торғайдағы Алашорда бөлімшесінің құрамында кеңес өкіметіне қарсы күрескен Тоқтабаевтің (партия мүшесі, Жер жөніндегі халық комиссары) қылмысынан ауыр ма?

4. Менің қателігім – алашорданың қарулы көтерілісін басқарған, қызыл армиямен соғысқан, бейбіт тұрғындардың арасында зобалаң орнатқан Қаратілеуовтың, Жетпісовтың және Сисекеновтің (үшеуі де партия мүшесі) сатқындығынан да өтіп кеткен бе?

5. Менің қателігім – 1922, 1923, 1924 жылдары Түркістан партия ұйымы мен кеңес өкіметінің көрнекті басшысы бола тұрып алашордашылардың контрреволюциялық әрекеттеріне кең жол ашқан, кеңестік баспасөзді («Ақ жол», «Шолпан», «Сана» т.б.) солардың қолына берген, тіпті контрреволюционерлермен (Әнуар пашамен, Заки Валидимен, басмашылармен) байланыс орнатқан жолд. С.Қожановтың (партия мүшесі, БКП(б)-ның Орта Азия бюросының бөлім меңгерушісінің орынбасары) қателігінен де зор ма?

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Менің ойымша, осының бәрімен салыстырғанда, менің қателігім барынша залалсыз және кешірімді сияқты көрінеді. Жоғарыдағы аты аталған адамдардың барлығы да партия қатарында қалды, өздерінің кінәларын іспен жууда. Мұндай құқықтан мен неге айырылуым керек деген орынды сұрақ туады. ОБК мұны да ескермеген.

Менің өткендегі өмірімдегі жағымды жақтарымды ескермеуінің өзі комиссияның сыңаржақ шешім қабылдағанын көрсетеді. Мысалы, мына жағдайды, ерікті қызыл армия жауынгері, жасырынып жүрген Д.Әділевті Колчак үкіметінің қуғынынан жасырып қалғаным ескеруге тұрмайтын оқиға ма? Колчак жазалаушыларының жаппай жазалауы кезінде кеңес өкіметіне жан ашыр болу үшін де үлкен тәуекел мен ерлік қажет емес пе. Мен сол үшін оқуымды тастап, басымды бәйгеге тіктім. Бұл туралы комиссия неге үндемейді? Кеңес өкіметінің басына күн туған аласапыран шақтағы (1919, 1920, 1921 ж.ж.) менің жақсылықтарым туралы комиссия бір ауыз сөз неге айтпайды? Петропавл уезіндегі қазақ жастары арасында алғаш партия қатарына кірген адам мен едім, қазақ арасында партия және комсомол ұйымдарын құруға араласқан тұңғыш адам мен едім. 1919 жылы қазақ жастарының атынан кеңес өкіметін қолдап, контрреволюционерлермен күресуге үндеп қазақ жұртына ашық хат жазған да мен едім. Қазақ тілінде жазылған бұл үндеу қазақ тұрғындарының арасында таратылды. «Мир труда» (Петропавл уезінің органы) газетіне жарияланды» – деп өзінің большевиктік жолға түсу кезеңдеріндегі күресін баяндайды.

Шындығында да, Ә.Байділдиннің белсенділігі ешкімге күмән туғызбаса керек. Тек бұл белсенділікке қоса байыпты мінез бергенде, түрмеге түспес те еді. Өзінің ұзақ шағым-арызын:



«...Жоғарыдағы жайларды комиссия ескеруі тиісті еді. Өкінішке орай, баяндалған себеп-салдардың барлығы назарға алынбады, оның есесіне негізсіз, қатал үкім шығарылды. Мұны мүлдем әділетсіз шешім деп есептеймін. Жоғарыда баяндаған жайларды ескере келіп, ОБК-ның шешімін өзгертіп, маған негізсіз тағылған айыпты алып тастап, партия қатарына қайтадан алуды өтінемін. Менің 9 жыл бойғы үздіксіз еңбегім, әсіресе, кейінгі жылдарғы ауыр да белсенді қызметім ОБК-ның менің өтінішіме түсіністікпен қарайды, мені сүйікті БКП(б) партиясының қатарына оралуыма мүмкіндік береді деп сенемін», – деп аяқтады.

Ә.Байділдиннің сенімі ақталмады. Партбилеттің орнына бір аптадан кейін тұтқындау ордері берілді. Сөйтіп, осы шағымның негізінде оның өзін де тұтқындады. Бұл қамақтан өзінің енді қайтып жарық дүниеге аман шықпайтынын, ол, әрине, білген жоқ. Ең бірінші боп ату жазасына кесілді және үкім орындалды.



«Қаулы. 1929 жылдың 20 шілде күні. Алматы.

Азамат Әбдірахман Байділдин студент кезінде большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргізу үшін ұлтшыл жастардан ұйымдастырылған ақгвардияның жасағына өз еркімен кірген, сонымен қатар ол Колчактың 3-армиясының қарсы барлау тобының құпия тыңшысы міндетін қоса атқарған, яғни, азамат Байділдин Қылмыс Ережесінің 58-7, 58-11, 58-13, және 59-3 баптарының тиісті тармақтарына сәйкес қылмыс жасаған, сондықтанда Қылмысты Істер жөніндегі Ереженің 128 және 147 баптарына сәйкес мынадай Қаулы қабылдадым:

Азамат Байділдин Әбдірахман, 32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы “алашордашы”, қазір еш жерде жұмыс істемейді жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін айыпкер ретінде жауапқа тартылсын.

Байділдинге алдын-ала сақтандыру шарасы қолданылып, оны ПП ОГПУ-дің ҚСР бойынша комендатурасынның жанындағы түрмеге отырғызу үшін тұтқындалсын.

Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісі Саенко.

Бекітемін” ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Альшанский.



Қаулы маған оқылды, өзімді кінәлімін деп санамаймын. Ә.Байділдин».
Иә, ол өзін кінәлімін деп санамайды. Бірақ та өзгелерді “кінәлі” деуге қандай қақысы бар еді? Тергеу ісіне қарағанда тергеушілер: партиялық бақылау комиссиясының берген қорытындысы мен Ә.Байділдиннің шағымындағы деректерге сүйене отырып оны сырттай жауапқа тартқан. Сол «сырттай берілген» көрсетінділерінде астыртын ұлтшыл ұйымның мүшелерін әшкерелеуге бет бұрған. Мысалы, 1929 жылғы 1 шілде күнгі көрсетіндісінде бірден:

«Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы жөніндегі іске байланысты Әбдірахман Байділдин мынаны көрсетті:

1922 жылдың басында, мен қазақ өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жүрген кезімде, маған алашордашыл ұлтшыл Байтұрсыновтың нағыз контрреволюциялық бағыттағы бірнеше мақаласын жариялауға тура келді. Біз ол кезде ұлтшылдардың ықпалында жүр едік. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың ықпалымен мен көптеген ұлтшылдармен байланыста болдым. Әлі есімде, 1922 жылы Орынбор қаласында ұлтшылдардың кеңесі өтті. Ол кеңеске: Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Елдес Омаров және мен, Байділдин қатыстым. Кеңесте отаршылдарға қарсы күресу үшін ұлтшылдардың ұйымшылдығы мен бірлігі керек екені айтылды. Осы кеңесте Байтұрсынов бізге жақсы адам ретінде «Алашорданың» бұрынғы жазалаушысы Рахметолла Қаржаубаевті қызметке алуды ұсынғаны да есімде. Менің алған әсерім бойынша, ұлтшылдар әлде бір контрреволюциялық, құпия мәселесі бар сияқты көрінді» – деп әшкерелей жөнеледі.
Осы көрсетінді бойынша ондаған адам жауапқа тартылып, оларға айып ретінде тағылды. Біз ол үзіктерді қажетті тұстарда келтіргендіктен де, бұл арада қысқарта пайдаландық. Анық байқалатыны: Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер «Қаламды» солай қарай қақпайлай беріптi.

Ә.Байділдин (жалғасы): «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: «Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек», – депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек», – деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым – деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек – деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек – деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды.

Бұл да аңғалдық па, алаңғасарлық па? Әйтеуiр парасатты, өмiрдiң шындығын бағалай бiлетiн адамның сөзi емес. Өзiн ату жазасына бұйырып отырған тергеушiден қандай достық күтпек? Жанын сақтап қаламын деп жанын суырып берiп отырғанын шыныменен де аңғармағаны ма? Өкiнiшке орай, ол мұнымен де тоқталмаған, екпiнiн үдетiп, «тағы да айтарым», «өткен жолғы жауабыма қосарым» деп қойып, отыз-қырық беттен тұратын «жауаптарын» тақырыптық және реттік тәртіппен жаза берiптi.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдонғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдоңғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз – дедім, ол уәдесін берді.



Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов қатысты, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».
Оның 1929 жылы шiлденiң 25 күнгi берген, тасқа басылғанда 45 беттік кәдімгі кіші-гірім кітапшаның көлеміне пара-пар көрсетіндісі ең басты айыптаушы айғақтың бірі болды. Сондықтан да оның бәрін қамту мүмкін емес.

Ойымыз шашырап кетпес үшін әкімшілік пен партиялық жіктелуге қатысты кейбір тұстарын ықшамдап пайдалануға тырыстық. Күндердің күнінде бұл көрсетінді толық жариялана қалса, ондағы оқиғалар арқылы көптеген пікірлерді қайтадан сараптап, кейбір жақсы атты боп жүрген қайраткерлердің халқына, не жеке адамға жасаған қиянатына көз жеткізер едік.

Байдильдиннің жауабы: «25/ҮІІ-І/ҮІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚАСР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады».
Ә.Байділдиннің жауабының «тыңғылықты» екені және «тақырыпты игеру» үшін барынша күш салғаны осы сөздерден-ақ байқалады:

«1920 - жылы І Қазақ сьезі өтті. Оның негізі сонда анықтала түсті. Әртүрлі көзқарастардың өзара үйлеспеуі жікшілдікке негіз қалады», деген пікірді сабақтап келеді де оны рушылдыққа әкеп телиді.
Біздің ойымызша, ол көзқарастардың астарында ұлттық мүдде жатты. Тек қазақ қайраткерлерінің арасындағы саяси күрестің тәжірибесі жетпегендіктен де, олардың өзара пікір таласы жеке бастарының ымырасыздығына жол ашты. Өкініштісі сол, мұның барлығын хаттап, қағазға түсіріп отырған большевиктер де, кейіннен «қужақшыл» голщекиншіл тергеушілер де өте шеберлікпен пайдалана білді. Бұдан әрі Ә.Байділдин өзінің өзінің саяси баянын:

... Ол сьезде, ұмытпасам, Әділев Байсеиіт пен Мыңбаев (Ақмолалық) және басқалар сөйледі. Әрбір жақ өзінше сьездің шешіміне әсер етуге, әсіресе, үкіметтің құрамына ықпал жасауға тырысты. Әрбір топ өзінің көсемін жетекшілікке ұсынды, яғни, КЦИК-тің төрағалығына Байтұрсынов пен Жангелдинді ұсынды”, деп жалғастырады.


Осы арада ескерте кетеріміз, бірінші кітаптың «Жер жегісі», «Жан жегісі» атты тарауларында Ә.Байділдиннің көрсетінділері тақырыпқа орай барынша тиянақты қамтылып, талданған болатын. Енді тура сол жауаптарының ішіндегі жеке өз басына қатысты тұстарды іріктеп алып, оған қарсы дәлелдерді келтіріп, қысқаша ғана түсініктеме жасап, қайталап беруге амалсыз мәжбүр болып отырмыз. Өйткені бұл жауаптар «Алашорда» қайраткерлерін (жиыны 30 адам) түрмеге қамауға себепкерлік еткен және Ә.Байділдиннің жүйке жүйесінің қисындық желісі де анықталады.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiз Орынбордағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жиналдық. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер кеш аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса, Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс-әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс-әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп. жазғырды, т.с. – деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi, керiсiнше, Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi есеп өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды. Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушыларының өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады».
Егерде, 1920-жылы Смағұл Сәдуақасовтың жиырма жаста ғана екенін ескерсек, оның өз құрбыларынан қаншалықты ілгерілеп кеткенін және өресінің олардан анағұрлым жоғары екенін аңғару қиын емес. Ол елінің мүддесі ерте есейткен азаматтың бірі болды. Ә.Байділдин бұдан әрі Смағұл мен өзінің арасындағы қарым-қатынас пен қайшылықтарды айта келіп, өзінің 1920-1929 жылдар арлығындағы өмірін жалықпай саяси астар бере хатқа түсірген. Бұдан аңғарылатыны: тергеуші де және жауап беруші де нысанаға Смағұл Сәдуақасовты алған. Ішінара Мұхтар Әуезовті де шаншып, екеуін қосақабаттап “ұлтшыл” етіп шығаруды көздеген. Біз Смағұл мен Мұхтарға қатысты тұсын ғана іріктеп алдық.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Оның сөзiн: бірінші жақтан: «Жойылсын ұлтшылдар!», екiншi жақтан: «Сөйлесін!», «Отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!» деген айқайлар жиi-жиi бөліп кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап, қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да у-шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет