5.Қыстаубай Аманов Мырзашөл өңірінің халқы орынды мақтаныш ететін азаматтардың бірі - Қыстаубай Аманов. Ол кісі Оңтүстік Казақстан облысының Қызылқұм ауданына қараған Сталин атындағы ұжымдық шаруашылықта 1932 жылдың 21 ақпанында туған.
1944 жылдан бері "Мақтаралда" тұрып, еңбек етеді. 1951 жылғы ақпан айынан 1982 жылға дейін шаруашылықтың "Ынтымақ" бөлімшесінде мақта бригадасын басқарды, 1983 жылдан бері жемшөп өндіру саласында еңбек етті.
Мақта өсірудегі жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, 1957 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін, 1973 жылы Ленин орденін иеленді. Оныншы бесжылдықтағы үлкен көрсеткіштері үшін 1981 жылдың 19 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені және "Орақ пен Балға" Алтын медалі қоса тапсырылды. Кезінде халық депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің депутаты, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.