Қолдан сұрыптау ілімі. Қазіргі үй жануарларының барлық тұқымдары және мәдени өсімдіктердің барлық іріктемелері адам баласының творчестволық іс-әрекеттерімен, қолдан сұрыптау әдісін қолдануының нәтижесінде пайда болды. Дарвин өз еңбегінде қолдан сұрыптаудың екі түрін көрсетеді. 1. Санасыз сұрыптау – алдына мақсат қоймай, еш жоспарсыз тек жануарлардың етті немесе сүтті, өсімдіктердің жақсы өсіп, мол өнім беретін дараларын сақтап қалу мақсатында адамзат тарихында мыңдаған жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан әрекеті. 2.Әдістемелік сұрыптау – сұрыптаушы алдына пайдалы бегілері мен қасиеттері бар тұқым және іріктеме шығаруды мақсат етіп қойып, сұрыптауға тиімді әдістерді қолдана отырып, көздеген нәтижеге жетуі. Мұнда ол бір тұқымдардың ұнаған пайдалы белгілерін жетілдіретін болса, сол түрге жататын басқа тұқымдарға басқа талап қояды. Нәтижесінде белгілердің дивергенциясына әкеліп соғады.
Өзгергіштік және оның түрлері. Мәдени формалар эволюциясының факторлары.Дарвин теориясының негізгі қағидасы – адамның мәдени түрге айналдырған өсімдіктері мен жануарларының елеулі өзгеріске ұшырады деп тануы еді. Мұны жер шарының әр жерінде шығарған үй жануарлары мен құстардың көптеген тұқымдарымен, өсімдік іріктемелерінен көруге болатын еді. Жануарлар мен өсімдіктердің қай түрін алсақ та әрбір дара бір – біріне ұқсамайды. Жануарлар мен өсімдіктердің өзгергіштіктері жайындағы нақтылы материалдарын талдай келіп, Дарвин тіршілік жағдайындағы өзгерістердің қандайы болса да ағзада өзгеріс туғызады, және де әсер етуші факторлар әр түрлі ағзаға түрліше әсер етеді деген қортындыға келді. Бұл өзгерістер кейде көмескі түрде болады, кейде айқын көрінетіндей болады. Осыған орай өзгергіштікті: айқын (топтық) және айқын емес (жеке) деп екіге бөлді. Айқын немесе топтық өзгергіштікте белгілі жануар тұқымының немесе өсімдік іріктемелерінің даралары белгілі бір себептің әсерімен біркелкі өзгереді
Коррелятивтік немесе арақатынастық өзгергіштік дегеніміз – белгілі бір мүшенің өзгеруімен байланысты басқа мүшелердің өзгеруі.