З.М. БАБЫР – ҰЛЫ ҚОЛБАСШЫ, ЕЛ БИЛЕУШІ ӘРІ ТАРИХШЫ
Отарқожа М.Н.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті тарих мамандығының 4 курс студенті, Талдықорған қ.
madina9_4@mail.ru
Ғылыми жетекші: т.ғ.к., доцент Буланов Е.О.
Ортағасырлар тарихы жалпы адамзаттың ежелгі және жаңа дәуір арасындағы кезеңі болып саналады. Бұл кезеңнің өзіне тән атақты тұлғалары, мемлекеттері, айтулы оқиғалары бар. Сондай тұлғалардың бірі шығыстың тарихшысы, ел билеуші, даңқты қолбасшысы, Үндістанда XVI-XIX ғасырларда өмір сүрген Ұлы Моғол мемлекетінің негізін салушы З.М. Бабыр болып табылады. Ол Темір әулетінен шыққан, барлас руының ұрпағының бірі. Бабыр мен оның ұрпақтары Моғолстаннан шыққандықтан үнділіктер мен еуропалықтарға Ұлы Моғолдар деген атпен белгілі болды. Барынша ұлғайған кезінде аумағы оңтүстігіндегі шағын князьдіктер мен патшалықтардан басқа Үндістан түбегін түгелге дерлік қамтыды. Мақалада қолбасшы, билеуші әрі тарихшы З.М. Бабырдың шығу-тегінен бастап, Үндістанда Ұлы моғол мемлекетін құрғанына дейінгі қызметі жүйелі түрде қарастырылады.
З.М. Бабыр 1483 жылы 14 ақпанда Ферғана уәлаятында дүниеге келген. Әкесі-Омар Шейх Ақсақ Темірдің шөбересі, әрі Ферғананың әмірі болған. Бабырдың анасы-Моғолстан ханы, Шыңғыс хан әулеті Жүністің қызы Құтлық Нигар ханым болатын. Ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың анасымен Бабырдың анасы-бірге туған, апалы-сіңлілі адамдар болған. Яғни, Бабыр мен Мұхаммед Хайдар Дулати бөле болып келеді. 1494 жылы Бабырдың әкесі қайтыс болады. Сөйтіп, Ферғана әмірінің орны бос болғандықтан, орнына 11 жасар З.М.Бабыр әмір болып тағайындалады. Ол билікке келген кезде Самарқан, Ташкент, Хисар, Әндіжанды билеуші Темір ұрпақтары жауласып жатады, аса қуатты болған Ақсақ Темір империясы әбден әлсірейді. Осындай жағдайды түзету үшін Бабырдың көптеген жаулап алушылық соғыстарын жүргізуіне тура келді [1, 78-79 бб.].
Өзін Әмір Темірдің әулеті санаған Бабыр Мауереннахрда бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрып, Темір ұрпақтарының әр жерге шашырап жүрген әскери күштерін бір топқа біріктіргісі келді. Самарқан мен Бұхара әмірі болған Сұлтан Ахмет мырза қайтыс болады да, орнын билейтін ұрпақ қалмады. Темір әулеттерінің арасында таққа талас басталады. Осы сәтті пайдаланып, солтүстіктегі көшпелі өзбектер ханы Шайбани бағынышты адамдарын жиып, Самарқанаға аттанады. Бірақ Самарқан тұрғындары өз қаласын қорғап қалады. Шайбани хан уақыт өткізбей, Қаршы және Шахрисәбіз қалаларына бет алады. Оларды жаулап алып, Бұхараға қарай жылжиды. Үш күн қарсылық көрсеткенімен Шайбани хан қаланы бағындырады.
Самарқандықтар Бұхара қаласын Шайбанидың басып алғанын естіп, үрейленеді. Сөйтіп, қаланың бектері Бабырдан және Ташкент әмірі Уәйіс мырзадан көмек сұрайды. Екі билеуші көмекке Самарқанға аттанады. Дегенмен бұл жерде билікті Сұлтан Әли мырза өз қолына алған болатын. Қоластындағылардың опасыздық жазсағанын сезіп, қаланы Шайбаниге беруді ұйғарады. Жұма күндердің бірі халықтың намаз оқып жатқан уақытын пайдаланып, өз адамдарын ертіп, Шайбани ханға аттанады. Сөйтіп, Шайбани хан 1500 жылы Темір әулетінің көне астанасы болған Самарқанды ешбір соғыссыз басып алады. Ол онда ұзақ тұра алмады. Самарқан қаласының ғұламасы Абул Мекарим Бабырға хат жолдайды, онда өз әулетінің астанасын қайта басып алуды өтініп, таққа отыруды сұрайды. Белгіленген уақытта қаланың қақпасын ашуға уәде етеді. Хатты алған соң Бабыр Самарқанға аттанады. Ол түнде азғантай адаммен кіріп, Шайбанидың әскерлерін қырып, таң атқанда өзін Самарқан билеушісі етіп жариялайды. Бұл билік жүз күнге ғана созылады. Себебі үздіксіз соғысты бастан кешірген халық әбден ашынған болатын. Бабыр ашынған халықты құтқару үшін Ферғанадан әкелген әскерін таратып жібереді. Мұндай жағдайды білген Шайбани хан қалың қолмен Самарқанға шабуыл жасайды. Аз уақыт ішінде Бабыр шағын қол жинап, қарсы шығады. Шайбани әскерлерімен Зарафшан өзенінің бойында соғыс жүргізеді. Бірақ Бабыр жеңіліп, Самарқанға тығылады. Төрт ай уақыт Шайбани Самарқан қаласын қоршайды. Қаланың бектері аштыққа шыдамай, Шайбани ханның қол астына өтіп жатты. Бір түні Бабыр Самарқанды тастап, Ташкенттегі ағасы, Моғол ханы Махмұд ханға барады. Бабырға тиесілі болған Әндіжан бұл кезде Шайбаниға тәуелді болатын. Әндіжанды азат ету үшін Махмұд ханнан көмек сұрайды.
1501 жылы қыста моғол әскерлері соғысқа аттанады. Сырдария бойында Шайбанидың әскерлері оларды талқандайды. Бабыр Моғолстанның солтүстік-шығыс жағына қашады. Бірақ 1504 жылы Бабыр Кабул бектерінің көмегімен үкімет билігін алып, күшті жасақталған әскерін құрады. Шайбани хан Темірдің соңғы ұрапғы Сұлтан Құсайын мырзаның иелігін алуға дайындалады. Ақсақ Темір ұрпақтары Хисар, Хатлан, Куляб, Кундуз, Бадахшан билеушілері Шайбани ханнан қорғану үшін өзара одақ құрады. Бабырда осыған қосылады. Басшысы Хұсрау шах болады. 1504 жылы шілдеде ол әскерімен Кундузға аттанады. Бірақ Хұсрау шах Шайбани әскерлерінен жеңіліп, қаза табады. Одақтастардың ұрыс-керісі көбейіп, шабуыл тоқтап қалады. Осыны пайдаланған Шайбани Хорезмге қарай шабуылдап, 1505 жылы Үргенішті басып алады [2, 202-205 бб.].
1506 жылы Хусайын мырза қайтыс болады. Екі баласы Бадиуззаман мен Мұзаффар билікке келеді. Балх қаласын шайбани хан қоршап алады. Ағалы-інілі мырзалар әскер жинап, Балхқа көмекке келеді. Оларға жолдан Бабыр қосылады. Бірақ олар барғанша қаланы Шайбани хан басып алған болатын. Шайбани хан өзімен соғысқалы келе жатқан Темір әулеттерімен соғыспай, Мәуереннахрға беттейді. 1507 жылы мамырда Шайбани хан Әмудария өзенінен өтіп, Хорасан еліне барады. Темірдің соңғы әулеті Сұлтан Хұсайын мырзаның астанасы Герат әлсіздік көрсетеді. Сөйтіп, Шайбани хан Гератты жаулап, Иран шекарасына жеткен болатын. Иран шахы Исмаил 1510 жылы Хорасанға жорық жасайды. Бұдан бұрын 1508 жылы Шайбани ханның әскері қазақтар мен моғолдардың жасаған шабуылынан біраз әлсіреген болатын. Сондықтан олар қарсы шығуға қауқарсыз еді. Шайбани мұны сезіп, өз адамдарымен Мерв қаласына тығылады. Бірақ бір соғыста Шайбани қаза тауып, әскері қырылады. Иран шахы Исмаил Гератты басып алады. Бабыр осы кезде Шайбанидың қаза тапқанын естіп, бұрынңы патшалығын қайтарып алуды ұйғарады. Кабулдан қалың қолмен аттанып, Әмудария өзенінен аттанып, Хисарға тартады. Шайбанидық қарсылық көрсеткен әскерін талқандап, Мәуереннахрдық біраз бөлігін бағындырады. Содан кейін Самарқанға аттанады.
М.Х. Дулатидың айтуы бойынша, Самарқан халқы Бабырды қуанышпен қарсы алған. Сөйтіп, 1511 жылы Бабыр Самарқанға аса құрметпен кірген болатын. Иран шахымен одақтас болғанын самарқандықтар онша қолдамады. Мешітте Хутба оқылып, онда баьырды падишах ретінде жариялайды. Бұл Хутбада Исмаил шахтың есімі де аталады. Осы жағдай халықтың көңілін түсіреді. Бабырдың самарқандықтарға сенгені соншалық, қолындағы Иран әскерін таратып жібереді. Осыны пайдаланып, көшпелі өзбектер Мәуереннахрға тағы шабуыл жасайды. Бірақ жеңіліп, Хисарға қашады. Мұнда бекіністер жасап, көмек сұрап Исмаил шахқа елші жібереді. Бұл жағдайды естіп Шайбани әулеті Мәуереннахрға аттаанып кетеді. 1512 жылы күзінде Нәжімсани бастаған 60 мың кісілік Иран әскері Әмудариядан өтіп, Термез төңірегінде Бабыр қолына қосылады. Қызылбастар Хизарды, кейін Қаршы қаласын басады. Олар бейбіт халықты қырып тастайды. Қызылбастар Бабырмен бірігіп, Гиджубанға аттанады. Шайбани әулеті Гиджубанға аттанып, соғысқа әзірленеді. Бабыр мен Қызылбастар қалаға енгенде, Шайбанидың әулеті әр бұрыштан атқылайды. Оқ астында қалған қызылбастар тасада тұрған Шайбани әулеті әскеріне ештеңе қолдана алмады. Иранның әскері қаза табады, Бабырға Хисарға қашып, әрі қарай Кабулға аттанады. Кабулда ұзақ жылдар болады. Үндістанды жаулап алуға бекінеді. Бұл істе жүргізген көптеген соғыстары сабақ болады. Жорыққа 14 жыл дайындалады. Зеңбіректер жасап, соғыс тактикасын әзірлейді [3, 56-58 бб.].
1526 жылы қараша айында Бабыр 12 мың әскермен Пенджабқа кіріп, Делиге аттанады. 1526 жылы 21 сәуірде Панипат маңында соғыс болады. Бабыр тәжірбие жинаған қолбасшы болатын. Ол қызылбастардың зеңбіректерімен және Шайбанидың «толғама» атты әскери тактикасын үйреніп алған болатын. Осындай әдістерін пайдалану арқылы Бабыр 12 мың әскермен Дели патшасы Ибрагим Лодидың 40 мың әскерін қырып тастайды. Соның нәтижесінде қазіргі Үндістан мен Ауғанстан жерінде «Ұлы Моғолдар империясын» құрады. Яғни, мағынасы «аспан адамдары» болатын. Бабырдың екінші отанына айналады. Дегенмен өмірінің көп бөлігі қасіретпен өткен болатын. Себебі өзі өскен отаны Мәуереннахрды сағынады. Дұшпандарда қарап қалмайды, Ибрагим Лодидың анасы Бабырға ас берерде у қосып, оны өлтірмек болады. Үндістан ауа-райы жақпады. Суық, ыстық әсерінен ауырып, 1530 жылдың 26 желтоқсанында Агра қаласында жан тапсырады. XVII ғасырдың басында денесі әкелініп, өсиеті бойынша бақ ішінде жерленіп, мәрмәрдан құлпытас қойылған болатын [4, 48-49 бб.].
Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр әйгілі шығыс шайырларының ішіндегі түркілік поэзияны ілгері дамытқан классик ақын ғана емес, «Бабырнама» сынды мемуарлық туындыны дүниеге әкелген шебер прозашы. Ғылымның сан саласын бойына дарытқан Бабыр-таңғажайып поэзиялық туындылары және «Бабырнамамен» қатар, «Муфассал» (аруз жөнінде), «Рисола-и харбия» (әскери іс жөнінде), «Рисола-и мусиқа» (музыка туралы), «Мүбайын» (шариғатқа байланысты «Өсиетнама») сынды трактаттарды және «Хатта Бабуриді» (Бабыр әліппесін) жазған жан-жақты ғұлама ғалым. Ескі парсы, түркі-шағатай, хинд, тәжік тілдерінде өте таза сөйлейді, Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін) білген Бабыр, аталған туындылармен қатар, парсы тілінде жазылған «Волидия» атты еңбекті түркі тіліне сапалы аудара отырып, аудармашылық қырынан да таныла білді. Бабыр жүйрік қаламгер ретінде ғана емес, Үндістанда үш ғасырға жуық билік құрған «Бабырлар империясының» негізін қалаған мемлекет қайраткері, полетология саласын жетік білген ержүрек қолбасшы ретінде де әйгілі. Джавахарлал Неру «Индияны ашу» деген кітабында Бабырды «жылы жүзді, батыл, іскер жан, өнер мен әдебиетті бағалай білген қайраткер» ретінде бағалап: «бұл кезде Индияда үлкен игілікті өзгерістер өмірге келді. Жаңа бір леп есіп, мұның өзі өнер, архитектура, тағы басқа мәдениет салаларын құлпыртып, жасартып жіберген еді»-деп жазады. Ең алдымен Бабыр лирикалық өлең-жырлардың авторы. Әлішер Науаи оны өзінің ең дарынды шәкірттерінің бірі санаған. Ұстазы екеуі бір-біріне өлеңмен хат жазысқан, бірақ екі ақын кездеспей, армандап өткен. Бабырдың лирикасы сол кезеңде кең тараған шығыс классикалық поэзиясының жанрларында ғазал, рубаят, туйық, маснави т.б. өлеңдер түрінде жазылған. Ол өз жырларында шын мәніндегі махаббатты, табиғи сезімді, адам бойындағы асыл қасиеттерді жырлады. Туған жерден алысқа кетуге мәжбүр болып, елін, Отанын сағынып жазған өлеңдері, өмір мәні жайлы, халықты өнер-білімге шақырған еңбектері бар.
Дегенмен Бабыр артында өшпес мұра қалдырды. Ол, әрине «Бабырнама» еңбегі болып табылады. Үш бөлімнен тұратын бұл еңбек құнды дерек көзі болып саналады. Бұл еңбек 1526-30 жжж. аралығында шағатай тілінде жазылған. Кітапта Темір әулетінің мемлекет құрылымы, салт-дәстүрі,Бабырды өмірі жайында айтылады. «Бабырнама» еңбегінің тұңғыш қолжазбасын Тимур Пулат деген кісі 1714 жылы Бұхара қаласынан тауып алған болатын. Кейінірек белгілі ғалым Георг Джекат Санкт-Петербург қаласында зерттей бастады. Қолжазбаны Н.Ильминский 1857 жылы «Бабырнаманы» Қазан қаласында басып шығарған. Батыс Еуропа және орыс ғалымдар еңбекті өзге тілге аударуды ХІХ ғасырдың басында қолға алады. Ағылшын ғалымдары У.Эрскин және Ж.Лейден еңбекті ағылшын тіліне аударып, 1826 жылы Лондонда басып шығарады. «Бабырнаманы» ағылшын тілінен неміс тіліне қысқартып аударған Ю.Клапрат, кейінірек 1828 жылы А.Кейзер аударды. 1828 жылы неміс тілінде «Бабырнама» Лейпцигте шығарылды. Белгілі француз ғалымы Паве де Куртейл француз тіліне толық аударды, 1871 жылы Парижде жеке кітап ретінде шығарды.
Ал кеңестік дәуірде Бабырдың еңбегі толық аударылып, үш рет басылды. Орысшаға аударған М.Салье болды. Өзбек тіліне 1959 жылы аударылды. Ал қазақшаға аударға Б.Қожабеков болды. «Бабырнаманың» түпнұсқа мәтіні 1948 жылы Ташкентте басылып шықты. Соңғы нұсқасы 1905 жылы Лондонда жарық көрген Хайдарабад қолжазбасы бойынша А.Беверидж басылымынан орыс тіліне аударылды [5, 22-23 бб.].
«Бабырнама» – З.М. Бабырдың өз қолымен жазылған мұра. Бұл жазба негізгі үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде – ХV ғасырдың соңындағы Мәуереннахрдағы саяси оқиғалар баяндалса, екінші бөлімі Ауғанстан жеріндегі оқиғаларға арналады. Ал үшінші бөлімінде Солтүстік Үндістандағы саяси оқиға, табиғаты, дәстүрі баяндалады. Оған қоса дерек көзі М.Х. Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегі болып табылады. Ол еңбекте Бабырдың Шайбани ханмен жүргізген соғыстары айтылады, Шараф ад-дин Әли Йаздидің «Зафарнаме» еңбегінде Бабырға қатысты деректер бар.
Қорыта айтқанда, қандай да бір тарихшы болмасын оның жазған еңбегінде ойы, көзқарасы жақсы танылады. З.М. Бабыр қалдырған мұра «Бабырнама» құнды еңбек болып табылады. Бұл еңбекте Бабыр өзінің шығу тегінен бастап, жүргізген соғыстарын, Үндістанда құрған Ұлы Моғол империясына дейін нақты мәліметтер келтіреді. Осы мемлекетті құру барысында ол көп қиыншылық көрді. Бабырдан бұрын оның бабасы Әмір Темір де жорық жасаған, бірақ оның қиындығын Бабырдай көрген қолбасшы жоқ шығар. Бабыр Кабулда тұрған кезінде ұлан-ғайыр жерді мекендеген жартылай көшпелі, отырықшы, түрлі тілде сөйлейтін халықтардың салт-дәстүрімен жақсы танысады. «Бабырнама» еңбегінде адамдардың аттары, жер-су аттары көптеп аталғанмен олар қызықты әрі жеңіл оқылады. Бабырдың қалдырған мұрасы тарихымызды ертеңгі болашаққа жетелейтін дерек болып табылады. Оның шығыстанушылардың назарынан қалмауы да осыдан шығар. Мұның бір дәлелі ЮНЕСКО-ның тарапынан 1980 жылы француз тіліндегі жаңа аудармасына жарыс жариялауы тиек болып отыр.
Өз дәуірінің ірі ойшылы әрі қолбасшы, әрі ақын Захир әд-дин Мұхаммед Бабыр «Бабырнаманы» жазғандағы мақсатын: «Үшбу сөзді шағым жазайын немесе қайырымдылығымды білдірейін деп емес немесе мақтан үшін жазбадым, шындықты, болған оқиғаны ешбір қоспасыз сол қалпында қағазға түсіріп отырмын. Сондықтан тумаларымның, бауырларымның жақсы-жаман істерін, алыс-жақын адамдардың кемшілігін де, артықшылығын да бүкпесіз айтып отырмын. Оқырман да, оқырманды құлақ салып тыңдаушы да кешірім етердеймін!» деп түсіндіреді. Бабырдың бұл еңбегінде бүгінгі қазақ, өзбек, түрікмен сияқты түркітектес халықтардың құрамындағы ру-тайпалардың тарихы баяндалған. Сол ғасырдағы бірқатар қазақ хандары, қоғам қайраткерлері, батырлары, ақындары туралы құнды деректер жазылған. Ежелгі қазақ жерінің табиғаты бұл шығармада көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, анық суреттелген.
«Бабырнамада» қазақтың алғашқы хандары Жәнібек, Қасым туралы, Хасен, Әли сияқты ақындары, тарихшы бөлесі Хайдар Дулати жөнінде тарихи деректер бар. Сол сияқты қыпшақ, дулат, жалайыр, арғын руларынан шыққан қолбасыларға, Ұлықбек сияқты қоғам қайраткеріне Бабыр нақты мінездеме берген. Оның әскери іс, музыка, заң ғылымы, тәлім-тәрбие жөнінде жазған көптеген туындылары бар екенін білеміз. Алайда ол шығармалары әлі күнге дейін ана тілімізге аударылмаған. Тек Бабырдың бірегей туындысы-«Бабырнама» хақында ғана қазаққа қатысты ой таластыра аламыз. Агра қаласын жаңа империяның астанасы етіп, оны заманына сай көркейтеді. Онда су жүретін құбырлар, монша, ғибадатханалар мен кітапханалар жұмыс істеген. Сонымен қатар Бабыр дипломатиялық қарым-қатынастың маңыздылығын жете түсініп, Орталық Азия елдерімен, Ресеймен өзара сауда-саттық қатынасын нығайтады [6, 95-96 бб.].
Бабырды қаламгер ретінде қарастырар болсақ, ежелгі дәуір әдебиетінің көшбасында тұрған Науаи, Салық, Бенаилердің қатарына қоямыз. Дегенмен кезінде түркі тілдес тайпалардың бәріне түсінікті болған шағатай тілінде жазылған. «Бабырнама» әр замандардағы ойшылдарымыздың талайының туындысына арқау болғаны рас. Мысалы, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегінде Абай Алаша хан жайлы деректерін осы «Бабырнамадан» алғанын айтады. Сонымен қатар «Бабырнамада» Темір әулетінің билік құрған кезеңі сипатталады. XV-XVI ғасырлардағы Ферғана, Үндістан аймағындағы халықтардың тарихы, хандар арасындағы билікке, жерге, таққа таласып жүргізген соғыстары жайлы егжей-тегжейлі баяндайды. Жаңа қалалардың салынуы, архитектурасы, қирауы туралы жазады. Үндістан және Орталық Азия халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен этнографиясын, мәдениетін толық қамтыған бұл туындыны қазақ тарихына өзек бола алады десек қателеспейміз.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. (Қазақ әдебиеті бастаулары). – Алматы: Атамұра, 2005. – 336 б.
2. Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама. Қазақ тілінде сөйлеткен Б. Қожабекұлы. – Алматы,1993. – 448 б
3. История Востока. Восток на рубеже средневековья и нового времени ХVІ-ХVІІІ вв. – Т. 3. – М.: Восточная литература РАН, 1999. – 394 б.
4. М.Х. Дулати. Тарихи Рашиди. Қазақ тіліне аударған И. Жеменей. – Алматы: Тұран, 2003. – 648 б.
5. Васильев Л. С. История Востока: В 2 томах. – Т. 1. – М.: Высшая школа, 1998. – 326-333 бб.
6. Тортаев С.Ə. Орта ғасырлардағы Азия жəне Африка тарихы. – Алматы: Нұр-пресс, 2009. – 400 б.
Достарыңызбен бөлісу: |