Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Зар заман поэзиясы. Қазақ әдебиеті тарихындағы зар заман ағымы. Дулат Бабатайұлы шығармашылығы.
Тексерген: Панзабек Б.Т Орындаған: Келжанова П Мамандығы: Қазақ тілі мен әдебиеті
Алматы 2023 ж Жоспар:
Кіріспе
Негізгі бөлім
Дулат Бабатайұлы шығармашылығын сын тұрғысынан оқыту.
Арнау, толғау өлеңдері, «Еспембет», «Шаштараз» дастанын идеялық тұрғыдан талдау
Қорытынды
..
Зар Заман Ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет (1927) М.Әуезов енгізген термин, зар заман кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. Әуезов Зар заман ақындары дәуірін Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен аяқтайды. Зар заман ақындары тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Зар заман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді.
Ресей империясы отарлаушыларының озбырлығы мен сұрқия саясаты Зар заман ақындарының өлең-жырларында жан-жақты суреттеледі. Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, діннен аулақтату сықылды империялық пиғылдың жүзеге асуына қарсыласу қозғалысы Зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді.
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Сандықтас өңіріyде туып, 1871 жылы дүние салған. Жырау алғыр, зерек болып өседі. Жасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды.
Дулат Бабатайұлының тікелей өзінің өмірбаянын немесе өмірінін белгілі бір кезеңін сипаттайтын туындылары аз. Әйтсе де жыраудың мінезі, ой-өрісі мен ақындық мұраты жайында шығармаларына сүйеніп, сенімді тұжырымдар жасауға болады.
Дулат "Айтқызбасымды айтқыздың" өлеңінде:
Менің атым – Байғыз қарт,
Көзге түсер сиқым жоқ,
Орынсыз күлер күлкім жоқ,
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.
Көзге қораш бойым бар,
Теңізден терен ойым бар,
Шынардан биік санам бар,
Атан өгіз ағызған
Ақылдан алпыс салам бар.
Қорған құрыш сөзім бар,
Бұлттан өтіп, мұнарды
Болжайтұғын көзім бар...
Қайратымнан атым зор
Белгілі атым өлемге.
Қорашсынсаң денемді,
Кеудем – ақыл сарайы,
Кірем десең, кел, міне, – дейді.
Бұл – ақынның автопортреті. Мұндағы "көзге түсер сиқы жоқ", ел тағдырын ойлап, сирек күліл, аз ұйықтайтын, атағы алыстарды шарлаған кемеңгер, ақылы дария, сөзі алтыннан ауыр Байғыз қарт – ақынның өзі.
Шынында да, ол өз заманының "байғыз қарты" атанған дана, "Көнелерден сұрасам, сөзін жинап, құрасам", – деп өзі айтқандай, ел тарихы, өмір сырынан жинаған білім, білігі де ұшан-теңіз кісі болған, ақындық атағы да қатты шықкан.
Дулат өте шыншыл, турашыл, айтарын кімнен болса да тайсалмай бетке айтатын батыл ақын болған.
Әйгілі Барақ төреге көптің алдында: "жегенге ток, ішсең мас, өз елін жаудай талаған" деп бетіне басуға нағыз жүрек жұтқан ер болу керек шығар.
Жалғыз Барақ төре емес, Кеңесбай, Сүлеймен сияқты сұлтандар мен Ешен сияқты өзін әулие көрсетіп, бірақ дін жолын теріс жүргізетін молдаға, т.б. айтқандарында жаңағылардан асырмаса, кем түсірмейді.
Дулат жасынан ақындық жолын қуып, талмай ізденген. Ақындықты тәңірдің сыйы, елдің жан сырын, мұң-шерін толғайтын даналық өнер деп түсінген. Оның аузына бұрын-соңды ешкім айтпаған:
Кеудеме қайғы толған соң,
Тұнық жырмен жуынам, – деген сөздің түсуі де содан.
Дулаттың өмір сүрген уақыты қазақ халкы үшін ең киын заман болды. Сондықтан ол шаттық өлең емес, "зар заман" жырын тудырды. Оның жөнін ұлы жыраудың өзінен артық ешкім де айтып бере алмайды.
Дулаттың өлең-толғауларының мазмұны мен тақырыптың ауқымы өте кең және алуан түрлі. Бір өлең немесе толғауда айтылатын ойлар мен идеялар көп жағдайда, басқа өлең-толғаулардағы ойсезімдермен үндесіп жатады.
Сондықтан ақын туындыларын жеке тақырыптар аясында қарастыруда шарттылық басым. Мұны ұлы жырау шығармашылығын оқып-үйрену барысында ескеріп отырған жөн.
Зар заман көріністері
Дулат – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс қалпын өктем зорлықпен бұзған XIX ғасырдың ақыны. Отарлық озбырлықтың күшейгенін халықтың бұрынғы еркін өмірінің еткенін, адамдардың мінез-құлқы мен психологиясында, ойсанасында сахара салты мен түсінігіне жат өзгерістер орын алғанын – бәр-бәрін тумысынан жаны сергек Дулат көзімен көріп, жүрегімен сезініп өсті. Барлық билікті патша қолына алып, қазақтан қойылған билеушілер оның қолшоқпарына, шабарманына айналғаны, ел жайлы қоныс, құнарлы жерлерінен ығыстырылып, бағыныштының кейпіне түскені азамат Дулаттың ойынан шықпайтын қайғы-шері болды. Сахараның ергіндік сүйініш рухы мен даналығын бойына молынан дарытқан, жаратылысынан ерекше дарынды Дулат, міне, осы тарихи жаңа дәуірдің жыршысына, отаршылдықтың айыптаушысына, еркіндік, ынтымақ-бірлігін жоғалта бастаған халқының жоқшысына айналды. Дулат мұндай масқара жағдай ел басшыларының жағымпаздығынан, өз ойлап, халықты ұмытқандығынан болды деп, соларға катты шүйлікті. "Тегімді менің сұрасаң" – деген өлеңінде:
Аға сұлтан, қазының
Ел сілкінді ісінен.
Ауылдың атқа мінері –
Жемтікке қонған күшіген...
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады.
Ұлығының бұйрығын алысымен, құйрығын борбайына қысып, безіп бара жатқан ит сияқты пысықтың күлкілі де жексұрын сұрқы оқырман (тыңдаушылар) көз алдына айқын елестейді. "Өзі елді қорқытып, одан өзі қорқатын" бейшараның қылығы кісі жиренетіндей.
Бұл тарихи шындыққа сай типтік бейне екендігін кейін 80-жылдары ұлы Абай күлкі еткен болыстың образымен айны қатесі жоқ ұқсастығынан да көруге болады.
Қазақтан шыққан әкімдердің қылықтарын ақын жалпылама, аты-жөнсіз ғана сипаттап қоймайды. Дулат ондай әкімдердің мінін бетпе-бет, кеп адамның алдында айтады. Оның "Бараққа", "Кеңесбайға", "Ешенге", "Ақтанға" деген арнау өлеңдері ақынның батылдығын көрсететін шығармалар болып табылады.
Дулат шығармасынан елеулі орын алатын «Еспембет» атты толғау. Бұл өзінің көлемі, құрылысы жағынан халық жырлары үлгісіндегі ерлік дастан тәрізді. Ақын бұл шығармасында да жетім бала тағдырын сөз қылады. Дастан халық аузында жүрген Еспембет батыр туралы аңыз сюжеті бойынша жазылған.
Дастанның негізгі қаһарманы – жетім бала, Еспембет. Ол өз елінен жырақта, нағашы жұрты Қарасайдың қолында жылқы бағып жүреді. Ер жете келе Қарасай елінде, тамағы тойған жерінде жата беруді ар санап, жас жігіт өзі туған Арқаға кері оралмақ болады. Қарасай оның басына үй, алдына мал салып, қалыңдық әперіп, ырғап-жырғап аттандыруды ойлайды. Бірақ Еспембет оны қостамайды, Қарасай ұсынған дүние-мүліктің бәрін де алмай, тек жалғыз Ақбөрте деген тайды қалайды. Ақыры сол таймен елге оралады. Ел-жұрты әуелі баланы елемей, жалғыз ғана тай мінгізіп қайтарғаны не қылғаны деп Қарасай байды да кінәлай өсекке таңады. Бірақ Еспембет оның бәріне де мән бермейді. Ақбөртені баптап бағумен болады. Ақбөрте жақсы ат боп өседі. Еліндегі Сәтімқұл бидің ас берген тойында Ақбөрте бәйгеден жалғыз келеді. Бас бәйгеге келген жүз тайлақты Еспембет түгелімен бес арыс Сыбанға бөліп береді.
Дулат осы Еспембет ерлігін кейінгілерге үлгі етеді. Аталмыш дастан өзінің құрылысы жағынан да ерекшеленеді. Оқиғаның желісі жинақты, мазмұны тартымды.
Дастанда Еспембет бас кейіпкер ретінде, ерлік қимылдар үстінде танылады. Ол жауға аттанғанда тегін олжаға, опасыз дүние-мүлікке қызықпайды, елінің жауын жеңуді, дұшпанын мұқатуды армандайды. Сол асқақ арманына жетпей тынбайды:
Қалмақтың басы белінде,
Бақ құсы қонып басына,
Еспембет келді еліне.
Дулаттың «Еспембет» дастаны — өз кезіндегі әдебиетте елеулі орны бар, батырлар жыры үлгісіндегі патриоттық мәні зор шығарма.
Дулат қазақ әдебиеті тарихында алғаш мысал жазған ақын болып саналады. Оның бізге жеткен қызғылықты төрт, бес мысалы бар. Бұл жағынан оны әдебиетке жаңа бір форма әкелуші, жаңалық енгізуші деп қараған жөн.
Дулаттың мысал ретінде жазған шығармалары үлгі, өнеге беру, ақыл айту ретінде келіп отырады. Онда кіші пейілділік, бірлік, әділеттік жақталып, мақтаншақтық, мен-мендік, бейшаралық, орынсыз пысықтық саналады.
Нысапсыз патша туралы шығарған «Бір патшаның бір кезде» деп басталатын аңыз мысал өлеңінде ақын дүниеқор, баққұмар патшаның пайдақорлық жолында өз түбіне жеткенін мысқылдайды.
Дулаттың «Шымшық пен бөдене» туралы өлеңі де осындай мысал сөз ретіндегі шығарма. Ақын мұнда орынсыз мақтан, желбауыздыққа қарсы шығады. Кішіпейіл, адал болуға баулиды.
Мысал стилінде жазылған тағы бір шығармасы – «Шаштараз». Бұл да қысқаша сюжетке құрылған өнегелі, өрнекті туынды. Оның да оқушысына тәлім берерлік мәні бар. Мысалдың мазмұнына халық арасына кең тараған Ескендір патша туралы бір аңыз негіз болған.Аңыз бойынша Ескендірдің басында қос мүйізі болыпты – мыс. Патша оны жасырып жүріпті. Шашын қиып, тарап, күтіп тұру үшін сыр шашпайтын, аузына берік шаштараз таптырып, одан ант алып, сұрағанын беріп, шашын алдырып жүреді. Шаштараз уәдесін біраз күн ұстап жүргенмен күндердің күнінде уәдені бұзып алады. Қанша айтпайын деп жүрсе де, ол ішін кернеген сырды жасыра алмай, ақыры далаға оңаша шығып, жерге етпеттеп жатып: «Патшаның басында мүйізі бар» — деп қалады. Аузынан құпияның шығуы мұң екен, жел естіп, желден ел естіп тарап кетеді. Бейшара шаштараз аузына ие бола алмай басынан айрылады.
Ақынның бұл мысалы да адамгершілік тәлім береді. Уағдаға берік, ұстамды болуға үндейді. Бұл тұста Дулаттың аталмыш шығармасына ұқсас Мағжан Жұмабаевтың «Ескендірдің екі мүйізі» — атты мысал өлеңі бар екенін ескертеміз. Бұлардың екеуі сарындас. Сондықтан бұрынғы түсінік үстем кезінде біз аталмыш шығарма туралы аузымызды аша алмадық. Мағжанның қадірлі есімін атауға жағдай туған соң ғана біз «Шаштаразды» сөз ете бастадық.Осылайша, Дулат өзінің мысал өлеңдерімен де халықты жұғымды мінезге тәрбиелеп, ақыл-кеңестер берген. Мысал жанрының алғашқы үлгісін жазып, қазақ әдебиетінде бұл жанрдың қалыптасуына септігін тигізген.