Зеренді ауданы әкімдігінің «Пухальск негізгі мектебі» КММ
«Күз сыйлығы»
бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің ашық сабақтар апталығы
(шығармашылық сабақ)
Өткізген: мектепалды даярлық топ тәрбиешісі Сатанова Д.К.
2015-2016 оқу жылы
Мақсаты: Күз айларымен таныстырып, айларының аттарын жатқа айта білуге үйрету.
Күз мезгілінде табиғатта болатын өзгерістер туралы және күз мезгілінің астық, жеміс-жидек, көкөністерді жинау мезгілі екенін күздегі ауылшаруашылық еңбек түрлері жөнінен білім беру.
Байқағыштыққа, еңбек сүйгіштікке, қоршаған ортаға қамқор болуға, табиғатты сүюге баулу.
Көрнекі-құралдар: тақырыпқа байланысты суреттер, баяу музыка, жемістер-көкөністердің суреттері, қоян қонағы. Күз айларының аттары.
Барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
- балалармен амандасу;
- сабаққа дайындау;
Шаттық шеңбер: Ұйымдастыру кезеңінде балалар шеңбер бойымен тұрады.
Тәрбиеші: – Балалар, бүгін бізге қонақтар келіпті,сондықтан балалар шуағын төккен «күнмен», «мейірімді аспан атамен» және бізге келген қонақтармен амандасайық:
Шеңбер болып тұрамыз,
Алақанды ашайық,
Күннің нұрын салайық.
Таза ауаны жұтайық,
Жүрекке жылу сыйлайық.
Жиналған жылы шуақты,
Қонақтарға шашайық!
Тәрбиеші: Сендердің алдарында «Көңіл-күйдің бет-бейнесі» жатыр, қолдарына алып сабағымызды жақсы көңіл-күймен бастаймыз.
Тәрбиеші: Балалар, бізде қазір күз жыл мезгілі, далада қар жатса да, күз мезгілі әлі болып жатыр. Күз мезгіліне үш ай жатады, олар қыркүйек, қазан, қараша. Қане, барлығымыз бірге күз айларын айтып көрейік. Бірінші жай дауыспен айтамыз: қыркүйек, қазан, қараша. Енді ақырын дауыспен айтамыз: қыркүйек, қазан, қараша. Ал, қазір іштей айтайықшы, тек қана ауызымызбен айтқанымызды көрсетеміз: қыркүйек, қазан, қараша.
-Балалар, ал қазір мен сендерге жұмбақ жасырам, ал, сендер олардың жауаптарын табу керексіңдер.
Төбеден төнеді,
Тамшысын төгеді.
Сол кезде ой қаулап,
Бійшешек өнеді. (Жаңбыр)
Жиын-терін болатын,
Қамбаға астық толатын.
«Қызыл қырман» ойнайтын,
Қай мезгіл деп ойлайсың? (Күз)
Ел көреді,
Теңіз емес –
Тербеледі. (Егін)
-Өте жақсы, балалар. Шаршаған шығарсыңдар, қане орнымыздан тұрып, сәл серігіп аламыз.
Сергіту сәті:
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар,
Үп-үлкен болып өседі.
Осы кезде кабинетке қоян кіреді.
Қоян: ОООО, мынау не? Мен қайда келдім? Қаншама көп бала!!!
Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Балалар: Сәлеметсіз бе!
Қоян: Балалар, сендер не істеп жүрсіңдер? Бірдеңе болып жатыр ма?
Балалар: Иә, бізде сабақ болып жатыр.
Қоян: Ал, маған сендермен бірге сабаққа қатысуға бола ма?
Тәрбиеші: Қане балалар, қалай ойлайсыңдар, бізбен бірге сабақ оқуға бола ма қоянға?
Балалар: Иә.
Тәрбиеші: Өте жақсы, онда қоянымыз да бізбен бірге сабаққа қатысады. Мен қазір мына сандықтан сұрақтарды алып, сендерге оқимын, ал, сендер сұрақтарға дұрыс жауап беру керексіңдер.
-Қазір қандай жыл мезгілі?
-Күз жыл мезгілінде табиғатта қандай өзгерістер болады?
-Күзде нелер пісіп жетеледі?
-Құстар, жануарлар тіршілігі туралы не білеміз?
-Жақсы, рақмет сендерге балалар.
Қоян: Балалар, мен өзіммен бірге бір ойынды ала келдім, ойнаймыз ба?
Балалар: Иә.
Қоян: Балалар, жеміс-жидектерді қай айда жинайды?
Дұрыс, қыркүйек айында жинайды. Біз де қазір жеміс-көкөністерді жинаймыз. «Жеміс-көкөністерді жина» деген ойын ойнаймыз. Балалар, ойының шарты осындай: біз қазір екі топқа бөлініп, бақшаға барамыз, бір топ-жемістерді жинайды, ал екінші топ-көкөністерді жинайды. Келістік пе? Көреміз кім шапшаң екен бізде.
«Жеміс-көкөністерді жина» дидактикалық, қимыл-қозғалыс ойыны
Мақсаты: жеміс-көкөкністерді ажыратуға, дұрыс тануға үйрету.
Тәрбиеші: Балалар, қаншама көп жеміс пен көкөністерді жинадыңдар. Ал, енді айтыңдаршы, жемістердің көкөністердің адамға қандай пайдасы бар?
Балалар: олардың көп дәрумендері бар.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, жақсы. Қоян, біздің балалар күз жыл мезгілі туралы тақпақтар біледі, олар қазір өз тақпақтарыңды айтып берсің, ал, сен, оларды отырып тыңдай ғой.
Мирас: Сарғайды тоғай,
Сап-сары маңай.
Соңғы әнін айтып,
Құс кетті қайтып.
Айнала жым-жырт,
Көк аспан сұрғылт.
Жер жыртқан тыңда
Трактор қырда.
Жапырақ ұшты,
Суық та түсті.
Сонда да бізге,
Қызық көп күзде.
Ақерке: Қоңыр салқын тарады
Қойнаулар мен сайлардан,
Қаздар қайтып барады,
Қайтқан елдей жайлаудан.
Соңғы шуақ төгіліп,
Жалқынданып тұр аймақ.
Ақ сәулеге шомылып,
Жапырақтар жүр ойнап.
Көктен көзін бір алмай,
Қызғылт тартты кәрі құз…
Жер қызығын қия алмай,
Маужырап тұр сары күз…
Асанәлі: Қарсы алайық бәріміз,
Жасымыз бен кәріміз.
Қырдан кепті қыдырып,
Алтын күзге нұр төгіп.
Камила: Тілегім аман болсын ел іргесі,
Алтын күз қайта келді берекесі.
Молшылықтың жаршысы бола білді,
Алтын күз-ырыс, береке, бірлік ала келді.
Күзде жауын, бұлт, тұман,
Сары жапырақ жауады!
Сары құйын ұйытқан,
Сапырады ауаны.
Тапталады табанға,
Судыр-судыр жапырақ.
Өрттей сары бояуға,
Малынғандай атырап.
Нурадиль: Күзім-ау, күзім-ау!
Мінезің бұзық-ау
Жаңбырың сіркіреп,
Келгенің қызық-ау!
Қарашы күз келді, күз келді,
Сары алтын жауыпты іздерді
Құс біткен керуен түзеді,
Көңілсіз неліктен күз енді?
Тәрбиеші: Рақмет сендерге балалар. Орыңдарына отырыңдар. Менің де сендерге ұсынылатын бір ойын бар, ойнайсыңдар ма?
Балалар: Иә.
Тәрбиеші: Қоян, сен ше, ойнайсың ба?
-Мен де ойнайын. Маған сіздің сабағыңыз өте ұнап тұр.
Тәрбиеші: біздің балаларымыз тек қана өлеңді білмейді, олар әріптер, сандарды да біледі. Қазір біз «Сөз құра» деген дидактикалық ойын ойнаймыз. Ойының шарты: сендер мына себеттен бір әріпті аласыңдар, одан басталатын сөзді ойлап айту керексіңдер.
Н-нан
Тәрбиеші: жарайсыңдар, балалар, рақмет. Ал, енді барлығымыз орнымыздан тұрып, сәл билеп алайық.
Сергіту сәті: балалар бейнероликке қарап, қимыл-қозғалыстарын қайталайды.
Тәрбиеші: Балалар,
Күз болғанда атырап,
Сарғаяды ….. (жапырақ)
Иә, күз мезгілінде жапырақтар сарғайып, жерге түседі. Онда, біз де ортаға тұрып, «Күзгі вальс» биді билейік.
Балалар «Күзгі вальс» би билейді.
Қоян: Қандай тамаша! Рақмет сендерге балалар, маған енді орманға қайту керек, сау болыңдар!
Балалар: Сау болыңыз!
Тәрбиеші: Біздің сабағымыз да аяқталды.
-Қане, күз айларын қайталайық. Ұмытпаймыз ба енді?
Қыркүйек, қазан, қараша. Жақсы. Сендер бүгін өте жақсы қатыстыңдар! Сендерге алғысымды білдіремін және сендерге жұлдызшаларды сыйлаймын.
Балалар, ал енді шеңберге тұрып, қоштасайық.
Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше күн жақсы,
Сау саламат болайық!
«Күз сыйлығы»
Достарыңызбен бөлісу: |