Құзыреттілікке негізделген тәсілдемеде оқу нәтижелерін бағалау білім алудың белгілі бір кезеңін аяқтағанда оқушылардың қол жеткізген білім деңгейлерін талдауға негізделеді
Құзыреттілікке негізделген тәсілдеме Құзыреттілікке негізделген тәсілдемеде оқу нәтижелерін бағалау білім алудың белгілі бір кезеңін аяқтағанда оқушылардың қол жеткізген білім деңгейлерін талдауға негізделеді. Күтілетін нәтижелер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен оқу бағдарламасын толық меңгерудің қорытындысы бойынша туындайтын білім алушылардың тәжірибесі мен қабілетінен, дағдысынан, білімі мен білігінен көрініс табады.
Кері дизайн– бұл білім беру процесіндегі арнайы педагогикалық жобалау технологиясы, мұнда оқу бағдарламасын әзірлеу оқу нәтижелерін жоспарлаудан басталады. Тәжірибе мұғалімдердің алдымен оқу мақсатын, күтілетін нәтижелерді анықтап, бағалау процесін қарастыруы, содан соң оқу мазмұнын жоспарлау арқылы оқушыларға сабақ өткізу әрекеті әлдеқайда тиімдірек екенін көрсетеді.
Кері дизайн аясында білім беру процесін жоспарлауда үш кезеңді жүзеге асыру қарастырылады: 1-кезең – Мақсаттар мен қалаулы нәтижелерді анықтау, яғни «Білім алушылар нені білуі, түсінуі және істеуі тиіс?» деген сұраққа жауап; 2-кезең– Қолайлы дәлелдерді анықтау, яғни «Білім алушылардың қалаулы нәтижелерге жетуі мен олардың стандарттарға сай болуына не дәлел болады?» деген сұраққа жауап; 3-кезең - Оқуды және білім алушылардың күтілетін нәтижеге жету процесін жоспарлау.