1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні «МӘҢгілік. Бекемдік. Ерендік.»



бет1/3
Дата10.11.2016
өлшемі0,78 Mb.
#1445
  1   2   3
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні

«МӘҢГІЛІК. БЕКЕМДІК. ЕРЕНДІК.»

Ғылыми – практикалық конференция

27 қараша 2012 жыл

Актовый зал



Қамтитын тақырыптар:

  1. Менде бала болғанмын...

  2. Нұрсұлтан Әбішұлын шыңдаған – Магнитка

  3. Президент және Қазақстан

  4. Менің Президентке айтар тілегім.

Барысы:

Қорлан Иманғазықызы:

(«Үш қоңыр» әні орындалып тұрады)

-Күнтізбелік мерекелер бойынша биыл біз елімізде Тұңғыш Президент күнін алғаш рет мерекелейтін боламыз. Былтыр Парламент 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президенттің сайлауына қатысты осындай шешім қабылдаған болатын.


Еліміз тұңғыш рет Президент күнін атап өткелі отыр. Қазақстандықтар үшін бұл – маңызды оқиға. Былтырғы жылдың қоңыр күзінде, яғни ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бір топ депутаттарымыз 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде мемлекеттік мерекелер санатына қосу туралы бастама көтерген еді. Депутаттар өз ұсыныстарының мәнін Тұңғыш Президенттің сол 1 желтоқсанда сайланып, Қазақстан Рес­публикасында президенттік институтқа қадам дәл осы күні басталғанымен түсіндірген еді. Осылайша «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға тиісті қосымша енгізіліп, 1 желтоқсан ресми негізде Тұңғыш Президент күні болып белгіленді. Әрі мұның әлемде бар үрдіс екенін айрықша атап көрсеткеніміз де орынды.
Сонымен 2012 жылдың 1 желтоқсаны елімізде алғаш рет Тұңғыш Президент күні болып тойланбақшы. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның бірлігін қамтамасыз етуші, ел Конституциясын, адам мен азаматтың құқы мен бостандығын қорғаушы ретіндегі рөлі негіз етіп алынған. Шындығында, Мемлекет басшысының елімізді аяғынан нық тұрғызып, әлемге танытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, егемендік алғалы бері де жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында Қазақстанды барша әлем таныды десек те болады. Мәдениетіміз, өнеріміз, экономикамыз, білім мен ғылымымызбен өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылдық деп мақтанышпен айтуға қақымыз бар. Экономика мен әлеуметтік салаларда, халықаралық қатынастар мен сырт­қы саясатта діттеген межеге жетіп, ендігі көздегеніміз бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарында мейлінше биік орын тебу екенін де жасырмаймыз.

Олай болса осы мерекелік күнге арналған «МӘҢГІЛІ.БЕКЕМДІК.ЕРЕНДІК.» атты ғылыми-практикалық конференциямызды бастауға рұқсат етіңіздер.



1 тақырып: «Менде бала болғанмын» Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағына арналады. Сөзді 8 ә сынып оқушысы - Мақпал Сағынтаеваға береміз:(«Менің балалық шағым» фильмінен көріністер беріледі)

-«Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулие­лерді аралап, ақыры Райымбек батырдың ба­сы­на кеп түнеген түні түс көреді… Түсін­де ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келе­ді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді, жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мыл­тықты көтеріп алып, иығы­на салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады…

Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: “Құр­сақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен”, – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президент келді.

Сөйтіп, 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.

Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».

Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беріп, халықтың байырғы дәстүрлері мен жоралғылары туралы әңгімелейтінін, немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алады.

Мырзабаланың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді.

Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін. Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды.

Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді.

Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болды.



Айсұлу Қордабаева жалғастырады:

Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді.

Бұл соғыстағы жеңіске миллиондаған адамды құрбан еткен алып мемлекеттің айрықша күш жұмылдырғанының арқасында қол жетті. Жарымжан күйге түскен ел үйінді арасынан шығып, енді ғана еңсесін көтерді. Жеңістен кейін бірнеше жыл өткен соң КСРО «қырғи-қабақ соғыс» деп аталған, барлық ауыртпалығы қарапайым халықтың иығына түскен жаңа мазасыз додаға қосылды.

Бұл ел әлі аш-жалаңаштықтан арыла қоймаған ауыр кезең еді. Бірақ бала Нұрсұлтанның жас зердесінде сол кезеңнің қыспаққа салған қиыншылықтары ғана емес, анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірлі жүзі де сақталып қалды. Тату отбасы, бауырлар, әке-шешесі айтқан әндер... Алатаудың әсем ақбас шыңдары, баланы еліктіретін ойындар... Оның қатарластарының бәрінің балалық шағы осылай өтті.

Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты.

Бірде Әбіш үйге арнайы жер аударылған балқарлар отбасын ертіп келді. Назарбаевтар отбасы оларды шаңырағына паналатты, жұмысқа тұруына көмектесті. Ал Әбіш Назарбаев балқарлармен тез тіл табысып, олардың тілін үйреніп алды.

Көп ұлт мекендеген Шамалған тұрғындарының бәрі де сөйтті. Ешкім ұлтқа бөлінген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев кейінірек кітаптарының бірінде сен қазақсың ба, украинсың ба, чешен әлде неміссің бе, балалардың арасында оны ешкім де есіне алмайтыны туралы жазды: «Егер қазақ үйіне месхеттік түріктің баспанасы жапсарлас салынып, ал келесі үйлерде Богдан, Рихард, Олег тұрып жатса, қайтіп бөлінеді...». Ұлдар жағы тек тұрған көшелеріне қалай топтасатын. Көше-көшеге бөлініп, төбелескен кездері де болды. Бірақ достық пен өзара көмек өмір салтына айналған еді.

Бастан кешкен барлық қиындықтарға қарамастан, ұлдар мен қыздарды білімнің сиқырлы әлемі, мәнді де мағыналы, шаттыққа толы жарқын болашақ тартты да тұрды.

Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.

Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.

Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген».

Кейінірек оның әулетінде әйгілі адамдар болғаны анықталғанына қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан өзін халық арасынан шыққан, халыққа жан-тәнімен жақын адам деп есептейді және қазір де солай ойлайды. Халқының қаны бір перзенті ретінде ол бұл сезімнен ешқашан арылған емес, қайта жыл өткен сайын еселей түсті.

Ол сонымен қатар өзін нағыз қазақ, бабалар мәдениеті мен салттарының мұрагері

Ол сонымен қатар өзін нағыз қазақ, бабалар мәдениеті мен салттарының мұрагері, жаңа формацияның, әркімнің алдынан бұрын болмаған мүмкіндік ашатын ғылыми-техникалық прогрестің ілгері басқан жаңа дәуірінің адамы ретінде сезінді. Халықтың дәстүрлі танымы мен жаңа индустриялық дүниетаным оның жан-дүниесінде үйлесе тоғысты.

Қаскелеңдегі Нұрсұлтан бітірген орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан Исаев жас ұланның білімге құштарлығын және ақылдылығы мен алғырлығын бірден байқайды. «Ол ең үлгілі оқушы болды. Сабақты ұйып тыңдайды, оқу бағдарламасынан тыс сұрақтар да қояды. Мұғалімнің әр сөзіне мән береді. Кітаптан бас көтермейтін, үнемі оқып отыратын».

Нұрсұлтанның балалық және жастық шағы ұзаққа созылған жоқ. Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.

2.Келесі тақырып «Нұрсұлтан Әбішұлын шыңдаған – Магнитка»

Сөз кезегі 8 а сынып оқушылары: Балнұр Бақдәулет пен Аружан Имановаға беріледі:

(Сынып дайындаған «Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолдары» слайд көрсетіліп тұрды)



Нұрсұлтан ертерек еңсесін тіктеп, өз ахуалын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келді. Өйткені, ол отбасындағы үлкен ұл еді.Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды. Жас Назарбаев ауқымды құрылыста жаңа үлкен өмір басталатынын, алдан жеке мүмкіндіктер мол ашылатынын қапысыз сезінді. Ол өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуге бел байлап, түбегейлі шешімге бекінді.

Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді.

Нұрсұлтан шыныққан шымыр жастардан іріктелген домнашылар тобына қосылды. Жас Назарбаев бұлшық еті мен мінезінің мықтылығын спортта, балуандардың боз кілемінде дәлелдей білді.

Осындай жекпе-жектердің бірінде ол өзінің әріптесі, жергілікті украин жігіті Николай Литошконың жауырынын жерге тигізді.

«Миколаның» әдепкідегі таң қалуы кейіннен құрметке ауысып, қазақ Назарбаев пен украин Литошко арасындағы мызғымас достыққа ұласты. Нұрсұлтан Литошко отбасының жиі барып тұратын қадірлі қонағына айналды.

Днепродзержинскідегі бір жарым жылдық оқу мерзімі тез өте шықты.

1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды. Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді.

Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.

Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.

Жиырма жастағы Нұрсұлтан өзінің қомақты жалақысының жартысын жас балаларының мұқтаждығына жұмсасын деп, әкесіне жолдап отырды. Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды. Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен былай деп жазды: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді».

Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.

Жас жұбайлардың өздері де кәсіби тұрғыдан өсе берді. Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.

Ол жылдары техникалық жоғары оқу орындарында оқуды өндірістегі еңбекпен үйлестірудің сынақ-тәжірибесі өткізілетін. Бұл болашақ мамандықтың практикалық жағын игеруге септігін тигізді, алайда жұмыс істеу және сонымен бір мезгілде институтта оқу өте қиын болды. Осылайша, бұлар бірінші курсты бітіріп шықты, ал келесі екі курс өндірістен ажыраған таза студенттік кезең болды. Нағыз студенттік өмірдің барлық қажетті атрибуттары – сынақтар, сессиялар, зертханалық жұмыстар еді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін тыңғылықты білім алуды одан әрі жалғастырған жылдар болды.

Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.

Оның ізінше зайыбы Сара Алпысқызы Назарбаева да 1967 жылы «Қармет» жанындағы зауыт-втузды бітіріп, экономист дипломын алды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді.

Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды. Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді. Ол комбинаттағы кемшіліктерді жасырмады, қайта олармен күресті. Нәтижесінде комбинаттағы істер оңға баса бастады, Теміртаудың өзінің де құрылысы дамып, абаттана, жақсара түсті. Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.

Сонымен бірге, оның бойында көрегендік, барлық мүмкіндікке және жаңа атаулыға деген зор ынта-ықылас сезіліп тұрды. Мұндай тәжірибелі және жігерлі мамандарға деген сұраныс елде зор болатын. Сондықтан да 1977 жылдың өзінде ол Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, одан соң екінші хатшысы болды

«Өзі қатарлы балалар ауылын қимай жүргенде Қаскелеңге тиіп тұрған әсем Алматыға емес, ол кезде жер түбіндей көрінетін Арқадағы Қарағандыға, оның да өзіне емес, жанындағы ол кезде атын біреу естіп, біреу естімеген Теміртау қала­сына, онда да оқуға емес, жұмысқа тар­тып кеткенін, кейіннен өзге де қазақ­стандық жастармен Днепродзер­жинскі­ге аттанғанын, келгеннен кейін Қазақ­стан Магниткасының маңдайалды металлургі атанғанын да, сонда жүріп көзге түсіп, әуелі комбинаттың, одан қаланың, одан облыстың басшылығында болғанын да, қылшылдаған қырықтағы жасына жаңа жеткенде республикалық деңгейдегі лауа­зымды қызметке – Орталық Коми­теттің хатшылығына шақырылғанын да, мұнан соң көп ұзамай сол кезде Кеңес Одағын­да­ғы ең жас Совмин Төрағасы болып бе­кі­тілгенін де бүгінде халық жақсы біледі», — деп жазады әрі қарай автор.

«Ақорда» сайтында жарияланған деректерге сүйеніп айтсақ, Н.Назарбаев 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi.

Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. Осы облыстағы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды, Қарметкомбинаттың партком хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы,

1979 жылдын бастап Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы, Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы қызметтерін атқарды.



3. «Президент және Қазақстан»

Сөз кезегі: 9а, 9ә сынып оқушыларына беріледі.

Қордабаева Ляззат, Мұқанова Гүлзада:

Тақырыбына сай слайд көрсетіліп тұрды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып сайланды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда республика президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтіп, оның барысында Назарбаев сайлаушыларының толық қолдауына ие болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылдады және Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімін өткізді.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды.

Ардақты ұлын ұлықтаған ұлағатты ұлтымыз айнымас басшысының еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасының қайта қабылданған Конституциялық заңы негізінде 2010 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы (Ұлт Көшбасшысы) мәртебесі берілді.

Біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық тарихының барлық күндері мен оқиғаларын тізіп шығуды және республиканың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өмірінің баршаға белгілі кезеңін егжей-тегжейлі баяндауды міндет етіп отырған жоқпыз.

Оның өмірінің егемен Қазақстан Республикасының 20 жылдық тарихымен астасып кеткен осынау қиын да күрделі, сонымен бірге ғажап және аса тағдырлы кезеңі туралы көптеген мақала, кітап, монографиялар жазылды, ол ұзындығы шақырымдарға ұласатын фото және кинотаспаларда таңбаланды, қазір енді сандық ақпарат тасымалдағыштарда гига және терабайт көлемінде көбейтілді.



Мұқанова Гүлзада:

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың өз ішінен шықты» дегенде, мұны поэтикалық-асқақ мәнде де, тура мағынасында да түсінген абзал. Нұрсұлтан Назарбаев қарапайым ауыл отбасында туып-өсті. Оның балалық шағы ауыртпалығы мол соғыс және соғыстан соңғы жылдармен тұстас келді. Ел алапат соғыстан кейін қайта еңсе тіктеп жатқан еді, ең қажетті нәрселер жетіспеді, адамдар үнемі ашқұрсақ болатын.

Жас Назарбаев соның бәрін басынан өткеріп, бәрін жеңе білді, өте жақсы білім алып, «от-жалынды» мамандықты игеріп, азамат қатарына қосылды. Елмен жұмыс жүргізетін басшылық қызметтерге сатылап жоғарылады. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болды.

Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевты тек «халық арасынан шықты» деп айту аз. Ол халықтың өз қанынан жаралған бір бөлшегі болатын және солай болып қала береді, сонымен қатар ол бұрын-соңды қазақ жерінде туған ең дара ұлдарының бірі екені сөзсіз.

Халықпен осынау тұрақты, айнымас рухани және тікелей байланыс көп жағдайда оның бүкіл ғұмырының бағыты мен мұрат-мақсатын айқындап берді.

Тәуелсіздік жылдары Президенттің барлық қызметі, барлық әлеуметтік-экономикалық реформалар тек халықтың игілігі үшін жасалды деп батыл айтуға болады. Қазақстанда барлық деңгейдегі жаңа оқу орындары, ауруханалар салу жалғасуда, қазақстандықтардың өмірі сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асуда. Жүйелі түрде халықпен кездесулер өткізіп, алуан түрлі адамдармен жүздесе жүріп, Нұрсұлтан Назарбаев үнемі «ел тамырының бүлкілін» тап басып, танып отырады. Қазақстанның бірде-бір өңірін, бірде-бір ірі кәсіпорнын назарынан тыс қалдырмайды, республиканың барлық түйткілді мәселелері туралы біледі.

Оның халық қамын ойлауы жалпыхалықтық құрмет пен сүйіспеншілік ретінде өзіне қайтты деуге болады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің азаматтары Мемлекетіміздің басшысына терең құрметі мен берік сенімін көрсетті. Сөйтіп, 2011 жылғы Қазақстан Президентінің сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылар даусының 95%-дан астамына ие болып, айқын жеңіске жетті.

Халықтың осындай қуатты қолдауы мен сенімі арқасында Президент Қазақстанды дамыған экономикасы, әлеуметтік кепілдіктері және қоғамдағы тұрақтылығы бар озық көшбасшы мемлекеттер қатарына шығара отырып, өз идеялары мен бастамаларын табысты жүзеге асырып келеді.

Өңірлерге әрбір жұмыс сапарында Нұрсұлтан Назарбаев өз отандастарымен жүздесуге әрдайым уақыт табады. Әрбір қазақстандық сауалын жолдап, Президенттің өз аузынан жауап ала алатын тікелей эфирлер де жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Өмірәлі Айсұлу:

Жастар мен балалар. Президент қазақстандықтардың жас буынына баса көңіл бөледі. Елбасының стратегиялық ойлары мен идеяларын жүзеге асыру түптің-түбінде елдің нақ сол жас азаматтарына жүктеледі. Сондықтан мемлекет жастардың білім алуы, жұмысқа, баспанаға қол жеткізуі, спортпен айналысуы және мәдени демалысы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын ұсынуды тапсырды. Білім және ғылым министрлігі құрылымында салалық Комитет, ал әкімдіктерде тиісті басқармалар құрылатын болады. Оған қоса, Мемлекет басшысы жастарға арналған «әлеуметтік лифтілер» жасау жөнінде бастама көтерді.

Елдің демографиясын нығайту мәселесінде ананы және балалық шақты қорғау жайттарының маңызы үлкен. Бұл сала – еліміздің әлеуметтік саясатында басым бағыттың бірі. Бірқатар шаралар жүзеге асырылуы нәтижесінде елде ана мен сәби өлімі айтарлықтай азайтылды.

Қазақстанда жаңа балабақшалар ашылуда, мектептер салынуда. Еліміз Халықты орта біліммен қамту жөнінен жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне мүше 182 мемлекет арасынан 18-ші орын алып отыр.

Жаңа перзентханалардың, балабақшалардың, мектептердің ашылуы, жастармен кездесу – осының барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесінің бөлінбес және аса маңызды бөлігі.

Халықаралық форумдар

Қазақстан барған сайын халықаралық аренадағы көрнекті және беделді ойыншыға айналып келеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев – ғаламшардың мейлінше маңызды конференциялары мен форумдарының міндетті түрдегі қатысушысы. Қазақстан Президенті үнемі БҰҰ Бас Ассамблеясының, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің, Давостағы Бүкіләлемдік экономикалық форумның және өзге де беделді халықаралық басқосулардың биік мінберлерінен сөз сөйлейді.

Оған қоса, Қазақстанның өзі де ең жоғары деңгейдегі шараларды өткізеді. Оған 2010 жылғы желтоқсанда өткен ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, 2011 жылғы маусымдағы

ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясы және өзге де шаралар мысал бола алады.

Қазақстан Президенті құрамы жағынан ең көрнекті қатысушылардың басын қосатын және халықаралық қоғамдастықтың назарын еріксіз аударатын форумдардың өтуіне өзі бастамашылық етеді. Атап айтқанда, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Еуразиялық медиафорум, Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы және тағы басқа шаралар.

Мұндай шараларға әлемдік ауқымдағы саясаткерлердің және қоғам қайраткерлерінің қатысуы Қазақстанның абыройы мен беделін арттырады, өзге мемлекеттермен арадағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет