1. Кандай әдіс-тәсілдер оқушылардың үлгеріміне ықпалы зор әдіс-тәсіл ретінде анықталды?



Дата07.12.2019
өлшемі22,38 Kb.
#53140
Байланысты:
жауабы бар сұрақтар

1. Кандай әдіс-тәсілдер оқушылардың үлгеріміне ықпалы зор әдіс-тәсіл ретінде анықталды?

Оқушылардың үлгеріміне ықпалы зор әдіс-тәсіл ретінде төмендегі әдіс-тәсілдер анықталды:

- белсенді оқу;

- кері байланыс;

- сенімін нығайту;

- оқыту сапасы.



2. Белсенді оқу дегеніміз не?

-Ал белсенді оқу оқушылардың белсенді қызметпен айналысу арқылы мұғалім берген ақпараттың мәнін ұғынып, алған білімдерін есте сақтап, оны қолдана алуын қамтамасыз етуді көздейді. Сабақта белсенді оқу дегеніміз ол оқушының үнемі тек физикалық белсенділігін қөздемейді.Белсенді оқу дегеніміз ол оқушының ойын шоғырландырып өзіндік рефлексия жасау дағдыларының дамуына, сыныптағы жалпы жұмысқа үлес қосып, қатысқанын сезінуге; оқу үдерісінің белсенді мүшесі болуына, құрдастармен қарым-қатынасының дамуына, танымдық белсенділігінің артуына мүмкіндік береді.



3. Белсенді оқу барысында мұғалімдердің ролі қандай?

Белсенді оқу барысында мұғалімдер:

- барлық оқушылардың оқу үдерісіне қатысуын қамтамасыз ететін жағымды оқу ортасын қалыптастыруға;

- әр оқушының пікірін тыңдап, алдыңғы білім, білік, дағдыларды пайдалану арқылы оларды дамытуға;

- оқушылардың дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар мен белсенді әдіс-тәсілдерлі қолдануға;

- сенімді, жауапты, белсенді, жаңалыққа ұмтылатын және өзінің іс-әрекетін талдап, рефлексия жасай білетін оқушыларды тәрбиелеуді мақсат етуге;

- проблемалық жағдаяттарды модельдеп, оларды шешудің оқушыларға түсінікті тәсілдерін таңдауға;

- алға қойылған оқу мақсатына қол жеткізу арқылы жоспарланған сабақты тиімді өткізу үшін материалдарды, ресурстарды және қосымша құралдарды пайдалана отырып; бүкіл сынып қатысатын, топтық немесе жұптық жұмыс түрлерін, оқушылардың жеке жұмыс істеуін ұйымдастыруға және уақытты басқаруға;

- оқушыларды мадақтап, оқуға еліктіре, қызықтыра отырып, ұғымдарды түсіндіруде, мағынасын ашуда, нұсқаулық беруде түсінікті де анық, қарапайым тілді пайдалануға;

- оқу үшін бағалау арқылы оқушылардың оқуына қолдау көрсетуге;

- оқушылардың белсенді оқу және зерттеу жұмысын орындау дағдыларын дамытуға;

- оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуға;

- оқушылардың жеке ерекшеліктеріне байланысты өзіндік дамуын қолдайтын жағдай жасауға;

- оқушылардың танымдық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеріп, сараланған тапсырмалар дайындауға;

- оқушыларды оқуын бақылап, оларға кері байланыс ұсынуға тиіс.

Сыныпта ынтымақтастық ахуалын қалыптастырып, жағымды психологиялық орта қалыптастыру үшін, оқушылардың арасында өзара қарым-қатынасты нығайтып, олардың өзіне беретін бағасын көтеріп, өзі туралы пікірін жақсарту арқылы табыстылық сезімін ұялату үшін оқушылармен түрлі жаттығу өткізуге болады. Ойын түрінде өткізілетін жаттығулар оқушылардың өзара араласуына және мұғалім мен оқушылар арасындағы тығыз қарым-қатынастың орнауына жол ашады.



4. Пән бойынша оқу бағдарламасының талаптарын орындау үшін, сонымен қатар, оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін мұғалімдер қандай әрекет жасайды?

-Мұғалімдер пән бойынша оқу бағдарламасының талаптарын орындау үшін, сонымен қатар, оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сабақты барынша тиімді жоспарлауы қажет.



5.Оқуға құштары төмен оқушыларды қалай ынталандыруға болады?

Мұғалімдер төменде аталған бірқатар маңызды мәселелерді ескерсе, оқушыларының уәжін арттыруда тиімділікке қол жеткізеді:

- оқушылардың қызығушылықтарымен, қажеттіліктерімен және ұмтылыстарымен ұштасатын, олардың қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға бағытталған жаттығуларды әзірлеу және қолдану;

- оқыту мен оқудың жаңа әдістерін қолданып, оқушыларды сізбен бірге экспериментке қосылуға шақырыңыз. Бұл мұғалім мен оқушылардың арасындағы байланысты нығайтып, жағымды оқу ортасын құрып, оқушыға тиімді кері байланыс ұсынуға мүмкіндік береді;

- жағымды мәнерде сөйлеп, дене қимылдарын пайдалану;

- көтермелеу, мақтау, мадақтау – зор уәждеуші фактор, алайда ол үнемі табысты бола бермейді;

- оқу материалдарының мазмұнын түрлендіріп өзгертіңіз. Кей мұғалімдер сабақтың басым бөлігін өздері сөйлеп, өз басымдығын көрсетеді, бұл жағдайда оқушылар тек тыңдаушы ретінде тақтада/экранда жазылғандарды көшіріп қана отыруға мәжбүр болады – бұл оқушының ынтасын арттырмайды.

6.Сабақты жоспарлағанда кандай құжаттарды колдануға болады?

Оқушылардың меңгеруге тиісті оқу мақсаты, тақырыбы,мазмұны және дағдылары бар оқу бағдарламамен оқу жоспарын, сонымен қатар оқу мақсаттарына сәйкес тапсырмалары бар қалыптаструшы бағалауға арналған жинағын қолдануға болады.



7.Қысқа мерзімді жоспарды құрған кезде мұғалім нені басшылыққа алады?

-Қысқа мерзімді жоспарды құрған кезде мұғалім төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алуына болады:

- сабақты ұйымдастырғанда оқу бағдарламасы мен оқу жоспарында көрсетілген оқу мақсаттарын басшылыққа алу;

- сабақтың мақсатын анық тұжырымдау, яғни нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы мақсаттар қою;

- орта мерзімді жоспарда көрсетілген барлық іс-әрекеттерді, әдістемелік кеңестерді, ресурстарды мұқият зерделеу;

- мұғалім өзінің қалауы бойынша іс-әрекет түрін қажеттілігіне қарай толықтыру.

Мұғалім білімнің тек дара көзі ретінде емес, оқушылардың өздерінің оқу-танымдық қызметінің белсенді ұйымдастырушысы ретінде қызмет етуі тиіс.
8. Критериалды бағалау жүйесі дегеніміз не?

Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын-ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығының көмегімен өлшенеді. Бұл нормаға негізделген бағалаудан өзгеше. Нормаға негізделген бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі олардың сыныптастарының үлгерімімен салыстырылып қойылады. Критериалды бағалау жүйесі қалыптастырушы бағалау мен жиынтық бағалаудан тұрады. Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады, оқушылардың дағдыларының қалыптасу және білімді меңгеру деңгейін көрсетеді, оқудағы қиындықтарды анықтап, оқу бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Бағалаудың бұл түрі оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау мұғалімдерге, оқушылар мен ата-аналарға оқушылардың оқу жетістіктері туралы ақпарат ұсыну үшін оқу бағдарламасындағы бөлім/ортақ тақырыптар және белгілі бір оқу кезеңі (тоқсан/триместр, оқу жылы, орта білім беру деңгейі) аяқталғанда балл, баға қою арқылы өткізіледі.



9.Қалыптастырушы бағалаудың негізгі функциялары қандай?

Қалыптастырушы бағалаудың негізгі функциялары:



қалыптастыру – тәжірибе жүзінде құндылықтар жүйесін белгілеу, қалыптастыру және бекіту;

ынталандыру – оқушының күтілетін нәтижеге қол жеткізуі, тиімді түрде алға ілгерілеуі үшін қолайлы жағдай жасау;

уәждеу – оқушылардың бойында оқуға және нәтижеге қол жеткізуге деген ынтаны ояту.

10. Қалыптастырушы бағалаудың түйінді міндеттерін атап бере аласызба?

Қалыптастырушы бағалаудың түйінді міндеттері:

- оқу мақсаттарын, бағалау критерийлерін анықтау, оқушыларға ұсыну;

- оқушылардың білім алғандығының дәлелдерін жинауға бағытталған сыныпішілік оқу үдерісін ұйымдастыру;

- оқушыларды дамытуға жағдай жасайтын сындарлы кері байланысты қамтамасыз ету;

- оқушыларды бірін-бірі бірлесе оқытудың сапалы көзі ретінде қатыстыру;

- оқыту және оқу үдерісінде бірлескен оқуды қолдайтын ынтымақтастық ортасын құру;

- оқушыларға өзінің оқуын «құрушы/жасаушы» ретінде жағдай жасау болып табылады.



11. Мұғалімнің қалыптастырушы бағалау үдерісі нәтижелі болу үшін қандай іс-әрекет қадамдарын ұйымдастыруға болады?

Мұғалімнің іс-әрекетіндегі қалыптастырушы бағалау үдерісі төмендегі кезеңдерді жүзеге асыруды талап етеді:

- қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру және жоспарлау;

- қалыптастырушы бағалау әдістерін таңдау;

- оқыту мен оқу үдерісінің бөлігі ретінде қалыптастырушы бағалау жүргізу;

- қалыптастырушы бағалау нәтижелерін талдау;

- кері байланыс ұсыну;

- қалыптастырушы бағалау нәтижелерін талдау негізінде оқу мен оқытуды түзету.



12.Сапалы бағалауды қалай жүргізуге болады?

Оқушыларды сапалы біліммен және объективті бағалау үдерісімен қамтамасыз ету қажет. Тапсырмалар оқу мақсаттарына, бағалау критерийлеріне және ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес болуы тиіс. Жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныста ұсыныс сипатындағы тапсырма үлгілері берілген. Сондықтан мұғалім кезкелген бағалау түрлеріне қатысты тапсырмаларды өз бетінше құрастыра алады.

Сапалы бағалау жақсы құралдардан басқа бағалау рәсімдерін дұрыс белгіленуіне және өткізу нұсқаулықтарына да қатысты екенін естен шығармаған жөн. Оқушылар бағалаудың мақсатын жақсы түсінуі, олардан ненің және қай уақытта талап ететіндігін нақты білуі қажет. Мұғалім сондай- ақ оқушылардың «жақсы жұмыстың» қандай болатынын, жиынтық бағалау қалай өткізілетінін түсінуі үшін жұмыстардың үлгісін де қолдануына болады.

13.Қалыптастырушы бағалау қашан және қалай өткізіледі?

Сабақта және үй тапсырмасы ретінде берілген кез келген тапсырма оқушыларды қалыптастырушы бағалау үшін қолданылуы мүмкін. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижесі бойынша мұғалім оқушының жұмысына жазбаша( дәптерге немесе күнделікке) немесе ауызша түрдегі жауаптарына түсініктеме ( кері байланыс) ұсынады. Кері байланыс берудің нақты саны және оқушыларды түгел қамту бойынша талаптар жоқ. Мұғалім кері байланыс берудің түрін, мазмұны мен жиілігін өз бетінше анықтайды. Сондықтан мұғалім бір сабақта оқушылардың қажеттіліктерін, оқу әрекеттерінің жоспарланған түрлері мен формаларын есепке ала отырып, оларға әртүрлі құрамада пікір білдіре алады. Оқушыларды дескрипторларға сәйкес өзін-өзі және өзара бағалауға уйрету өте маңызды.

Қалыптастырушы бағалаудың нәтижесінде мұғалім оқу үдерісін түзетеді, оқушыларда болуы мүмкін кемшіліктер мен қателіктердің алдын алады, оларды жиынтық бағалауға дайындайды.

Қалыптастырушы бағалаудың тапсырмаларын басып шығару және сақтау талап етілмейді.



14. Бөлім бойынша жиынтық бағалау қашан және қалай өткізіледі?

Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасы мен жоспарларға сәйкес бөлімді немесе ортақ тақырыпты аяқталған кезде өткізіледі. Жиынтық бағалаудың аталған түрінің нәтижесінде оқушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балдар қойылады.



15.Бөлім/ортақ тақырып бойынша бір пәнде өткізілетін жиынтық жұмыстарының максималдық саны қандай?

Бір пән бойынша тоқсанда үштен аспайтын бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық жұмыстары өткізілуі мүмкін.



16.Жиынтық бағалау бойынша тапсырмалармен тапсырма формасын кім құрастырады?

Бөлім бойынша жиынтық бағалауды қандай формада (бақылау, тәжірибелік немесе шығармашылық жұмыс, жоба, ауызша сұрақ, эссе және т.б.) және қай сабақта өткізуді мұғалім өз бетінше анықтайды.

Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыруды өтілген бағдарламалық материалдың мазмұны мен күрделілік деңгейін есепке ала отырып, мұғалім өз бетінше жүзеге асырады.

17.Тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеуде кандай құжат қолданылады?

Тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеуде жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныста берілген тапсырмалар үлгілері бар тоқсандық жиынтық бағалаудың спецификациясы қолданылады..



18.Тоқсандық жиынтық бағалаудың спецификациясы қалай қолданылады?

Тоқсандық жиынтық бағалау спецификацияға сәйкес болуы тиіс.Тоқсандық жиынтық бағалау спецификациясы-тоқсандық жиынтық бағалаудың мазмұны мен құрылымын, оны өткізудің талаптарын анықтайтын құжат.

Спецификация «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен құрастырылады және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру акдемиясымен бекітіледі. Спецификацияны мектептерге жіберу білім беру басқармалары арқылы жүргізіледі. Олар барлық орта білім беру ұйымдары үшін бірдей.

Спецификацияда белгіленген талаптар мен тапсырмалар үлгілері негізінде мектеп мұғалімдері жиынтық жұмыс пен балл қою кестесінің қажетті санын бірлесе құрастырады.



19.Бөлім/ортақ тақырып және тоқсандық жиынтық бағалау өткізуді қалай дұрыс жоспарлауға болады?

Мұғалім КТЖ-да ( күнтізбелік-тақырыптық жоспар) тоқсандық жиынтық бағалау өткізуге 1 сағат бөледі. Бөлім бойынша жиынтық бағалауға КТЖ-да арнайы сағат бөлінбейді, ол сабақтың бір бөлігі болып табылады.

Жиынтық бағалау тек өтілген материалдарды қамтуы қажет.

Соңғы бөлім бойынша жиынтық жұмысын тоқсанның аяқталуына кем дегенде 1 апта қалған уақыт аралығында өткізу жоспарланады.

Бір күнде білім алушыларды шамадан тыс жүктемеу және бағалауды дұрыс үйлестру үшін тоқсандық жиынтық жұмысты екеуден артық өткізбеу ұсынылады. Сондықтан мектеп үйлеструшілері тоқсандық жиынтық жұмыстың кестесін құрғаны дұрыс.

Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу уақытын жоспарлау кезінде мерекелік, демалыс күндерді, сондай-ақ тоқсанды және оқу жылын аяқтау мерзімін есепке алған жөн. Тоқсандық жиынтық бағалауды тоқсанның және оқу жылының соңғы күнінде өткізу ұсынылмайды. Кейбір пәндерден ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес бір тоқсан барысында бір бөлімнен бес бөлімге дейін екі аптадан кем емес уақытта тоқсанның екінші жартысында бір рет өткізіледі. Дегенмен мұғалім мұндай жиынтық жұмысты өз бетінше екі бөлімге бөліп, тоқсан барысында бөлім бойынша жиынтық бағалауды екі рет өткізуге болады. Ол үшін мұғалім өз бетінше екі бөлімнің балдарын қосып, оны журналдың бір бағанына қоюы қажет.

Төрт және одан да көп бөлімдерді меңгеру қажет болған жағдайда оқу мақсаттарының саны мен тақырыптардың ерекшелігін есепке ала отырып, бөлімдерді біріктіреді, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша үш жиынтық жұмысын өткізеді.

Бөлім бойынша жиынтық бағалауға енгізілетін тапсырмаларды және тапсырмаларды орындауға жұмсалатын орташа уақыты есепке ала отырып, мұғалім өзі анықтайды. Бөлім /ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалауды 15-20 минут аралығында оындалатындай етіп ұйымдастыру ұсынылады. Шектеулі берілген 15-20 минут –шартты, яғни сабақтың белгілі бір бөлігін ғана алатын шағын бағалау жұмысы екендігін көрсету мақсатында енгізілген.



20.Тілдік пәндер бойынша жиынтық бағалау неше рет өткізіледі? Жиынтық бағалаудың тілдік пәндер бойынша ерекшеліктері қандай?

Тілдік пәндерден бөлім бойынша жиынтық бағалау тоқсанда екі рет өткізіледі. Бөлім бойынша жиынтық бағалауды өткізу үшін мұғалім меңгерілген бағдарламалық материалды тапсырмаларға енгізе отырып,дағдыларды немесе бөлімдерді біріктіреді. Айтылым дағдысын бағалауды жиынтық бағалау өткізу жоспарланған аптаның ішінде сабақ үстінде жүргізуге болады. Айтылым дағдысын бағалау кезінде әр оқушының жауабы 1 минуттан 5 минутқа дейінгі аралықты қамту мүмкіндігі күтіледі.



21.Модерация қалай өткізіледі?

Тоқсандық жиынтық бағалаудың модерациясын мұғалімдер бағалауды стандарттау мақсатында білім алушылардың жиынтық жұмыстарының нәтижелерін талқылау үшін жүргізіледі. Әдістемелік бірлестік жетекшілері модерация отырысын өткізетін орын мен уақытты алдын ала жоспарлайды, жұмысты талқылау үдерісін реттеп отыратын төрағаны ( әдістемелік бірлестік жетекшісі немесе мұғалім) анықтайды. Модерацияға аталған сыныпта сабақ беретін пән мұғалімдері қатысады. Егер мектепте бір ғана пән мұғалімі жұмыс істейтін болса, ұқсас пәндер бойынша мұғалімдерді тарту арқылы немесе бағалау бойынша мектеп үйлестірушісінің қатысуымен өз бетінше модерация өткізуге рұқсат етіледі.Бір отырыста бірнеше пәндер және/немесе паралель сыныптар бойынша модерация өткізуге болады.Тексерілген жұмыстардың ішінен мұғалім үш жұмысты іріктейді: бір максималды балы бар, бір минималды балы бар және бағалау қиындық туғызған жұмыстар. Егер мұғалім бір параллельдегі бірнеше сыныптарға сабақ беретін болса, жұмыстардың жалпы санынан іріктеледі. Модерация бойынша отырыста мұғалімдер балдарды балл қою кестесіне сәйкес талқылайды,қажет болған жағдайда балл қою кестесіне ұжыммен бірлесе өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізіледі. Модерация қорытындысы бойынша балдарына өзгеріс енгізілетін оқушылардың жұмыстары қайта тексеріледі. Модерацияны аяқталғаннан кейін отырыс хаттамасына қол қойылады. Хаттама әдістемелік бірлестік жетекшісінде сақталады.



22.Қандай журналды қолдану қажет?

Мектептер kundelik.kz электрондық жүйесіне қосылған жағдайда электрондық журналды толтырады. Қағаз журналды толтыру талап етілмейді . Тоқсан қорытындысы бойынша kundelik.kz электрондың журналдың барлық парақтары басып шығарылады, тігіледі, номерленеді және білім беру ұйымының басшысының қолы қойылып, мөрленеді.

Мектепте электрондық журнал болмаған жағдайда мұғалім электрондық журналдың (smk.edu.kz сайтында орналасқан) уақытша формасын және қағаз журналды пайдаланады. Электрондық журналдың уақытша формасын басып шығару талап етілмейді. Қағаз журнал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрігінің 29.08.2016 ж. № 531( Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрігінің уақытша міндетін атқарушының «Білім беру әрекетінде білім беру ұйындары қолданатын қатаң есеп беру құжаттары формасын бекіту туралы» 2007 жылдың 23 қазандағы №502 бұйрығына қосымша) бұйрығымен бекітілген журналдың форматына сәйкес толтырылады.

23. Қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың мақсаттарындағы айырмашылықтарды қандай?

Қалыптастырушы бағалау – бұл ағымдық бағалау, ол оқушылардың ілгерлеуін қадағалайды және олардың оқудағы қажеттіліктерін анықтайды. Мұғалім қалыптастырушы бағалау кезінде «сен дамушы тұлғасын, мен сені дамытуға мұдделімін» деген нұсқау береді. Бұл оқушының оқуға деген ынтасын қалыптастыруға, сабақ барысында қобалжуды төмендетуге, қиындыққа төтеп беруге және қателіктері үшін қорықпауға мүмкіндік береді.Қалыптастырушы бағалаудың мақсаты– ақпаратта тіркеу емес, оны қолдану және ұсыну.Жиынтық бағалаудың мақсаты оқу нәтижесін өлшеуден тұрады. Ол оқудың белгілі бір уақытында өткізіледі, біздің жағдайымызда – бұл нәтижесі бойынша тоқсандық баға қойылатын бөлімді меңгеруді аяқтаған кезде, тоқсан соңында жүргізіледі.



24.Бағалауды өткізу тәртібі немен реттеледі?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрігінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 «Жаңартылган орта білім беру мазмұны бойынша білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау жүргізу тәртібі туралы» Бұйрығына 2017 жылдың 6 маусымдағы № 265 «Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» өзгерістер енгізілген Бұйрықтың 3–тарауы.



25.Критериалды бағалау бойынша материалдарды қайдан жүктеп алуға және қай жерден кеңес алуға болады?

Критериалды бағалау бойынша барлық материалдар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Жүйелік-әдістемелік кешен » ( smk.edu.kz) ашық, қолжетімді сайтында ұсынылған. Одан басқа аталған сайтта «Талқылау алаңы» бөлімінде сұрақтар қойып, мамандардың кеңесін алуға болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет