1966 жылы басталған экономикалық реформа бастапқы кезде экономикалық дамуға белгілі дәрежеде серпін берді. Тоғызыншы бесжылдықтың басына дейін жоспарлау мен экономикалық ынталандырудың жаңа жүйесі бойынша Қазақстандық 1578 кәсіпорын немесе олардың жалпы санының 84 пайызы жұмыс істеді. Жоспар сегізінші бесжылдықтың негізгі көрсеткіштері бойынша орындалды: өнеркәсіптің жалпы өнімі 56, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 52 пайызы артты. Өнеркәсіптің барлық саласы тиімді жұмыс істеді. Бірақ белгілі дәрежедегі радикализмге қарамай, экономикалық
реформаның бірінші қадамынан бастап-ақ оның жүйесіздігі жартыкештігі көрініп тұрды. Тоталитарлық жүйе оның өмір сүріп отырған экономикалық құрылымының шеңберінен шығуына жол бермеді, бұл құрылым өз дамуында тауарсыз социализмнің үстемдік құрып отырған лепірмесінің құрсауында болатын.
Реформаның негізгі мақсаты – кәсіпорындардың шаруашылық дербестігін жоспарлы кеңейту. Алайда көптеген кәсіпорындар пайда табудың қызығына беріліп, неғұрлым оңай жолға – өз өнімдерінің бағасын қолдан жоғарылату жолына түсті. Бағаның өсуі есебінен алынған пайда жалақыны көбейтуге мүмкіндік берді, оның өсуі еңбек өнімділігінің өсуін басып озды, мұның өзі 70-жылдың басында-ақ инфляциялық процестердің басталуының себебі болды, бұл экономиканың дамуына теріс ықпал жасады. Реформаның жартыкештігі мынадан көрінді: ол кәсіпорындардың дербетігін кеңейте отырып, министрліктер мен ведомстволардың әкімшілік және экономикалық өкілеттігін күшейтті. Қол жеткен дәреже принциптеріне негізделген жоғарыдан орталықтандырылған жоспарлау сақталып қалды, жалпы өнім көрсеткіштері, олардың жетілдірілмеген деп танылғанына қарамастан, қолданыла берді.
Реформаның сәтсіздікке ұшырауының негізгі себебі саяси саладағы демократияландыру процесінің тежелуі болды. Ол тек экономиканың ұйымдық-техникалық саласымен ғана шектеліп, қоғамның саяси құрылымына, меншік қатынасына соқпады, бюрократияның тірегі – мемлекеттік меншіктің монополиясын сақтады, нарықтық қатынастарды теріске шығарды. Брежнев пен оның төңірегіндегілер реформа негізінде экономиканы терең қайта құруға қарсы болды, олар экономиканың қызметіндегі әкімшілік жүйелеріне қол сұғуға болмайтындығын сақтауға тырысты.
70 жылдардың басында реформаны жүргізу тоқтатылды. Сол жылдары әлі де шаруашылықты жүргізу, жоспарлау мен ынталандыру механизмдерін жақсартуға әлденеше рет талпыныс жасалғанымен мұның өзі тиісті нәтиже бермеді. Қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыру қолдан келмеді. Теріс құбылыстар көбейе берді, қор қайтымы төмендеді, жаңа өндірістік қуаттар шабан игерілді, экономикалық қызметтің ысырапшылдық сипаты күшейді, бұрынғыша экономиканың дамуын экстенсивті факторлар белгіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |