Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Тарих және құқық институты
СОӨЖ №6
1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғалары
Орындаған: Болат Ақерке
Тексерген: Асанәлі Анжела
Жоспар:
Кіріспе: Қазақ халқының Тәуелсіздікке ұмтылысы
Негізгі бөлім: 1986 жылғы күрес
Қорытынды:Желтоксан көтерілісінің тарихи маңызы
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан арманы болған тәуелсіздікке 1991 жылы 16 желтоқсан күні қолы жетті. Бірақ бұл сырттай қарағанда Кеңес Одағының шаңырағынын өздігінен опырылып құлауымен оп-оңай келген жеңіс сияқты көрінгенімен, мұның артында қазақ батырлары мен зиялыларының көзсіз ерліктерінің жатқаны ақиқат. Патшалық Ресей бодандығына қарсы алғашқы ірі көтерілістерді Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы және Кеңесары Қасымұлы ұйымдастырып, ұлт-азаттығы жолында құрбан болған еді. 1917 Ақпан төңкерісімен Патшалық Ресей құлап, қазақ халқы арманына жететіндей болды. Осы орайда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат сынды қайраткерлер Алаш ұлттық қозғалысына жетекшілік етіп қазақ ұлттық мемлекеттігінің негізін қалауға күш жұмсады. Алайда Большевиктер бұған жол бермеді. Қазақ жерінде Кеңестік билік орнады. Бірақ қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы арманы толастаған жоқ.
Жоғарыда айтылған ұлт-азаттық көтерілістерінің жалғасы, һәм қорытындысы ретінде 1986 жылы 17-18 күндері қазақ жастары демократиялық көтерілісін айта аламыз. Олар қазақ халқының хақ-құқықтарын қорғау мақсатымен алаңға шықты. Міне бұл сан ғасырлық тәуелсіздік арманының жүзеге асуының алғашқы қадамы ретінде тарих беттерінде орын алды. Қазақ жастарының көтерілуіне 24 жыл бойы Қазақстан Компартиясын басқарған Дінмұхамед Қонаевтың орнына бір қазақ емес, тіпті Қазақстанда туып өскен бір орыс та емес, Ресей Федерацсиясы ішінен Геннадий Колбин атты бір саясаткердің тағайындалуы себеп болды. Мұның өзі Кеңес Одағын көбірек демократияландыру, халықты ел басқаруға көбірек араластыру жөнінде “қайта құру” және “жариялылық” науқандарын бастап отырған Горбачевтың саясатына қайшы еді. Негізінде қазақ жастары оның сол саясаттарына сеніп демократиялық көзқарастарын атап өту үшін алаңға жиналған еді. Кейін Кеңестік үгіт-насихат органдарының бұрмалап айтқанындай, ол “қазақ ұлтшылдығы” немесе “орыстарға қарсы дүшпандық” пиғылдағы әрекет емес еді.
Бірақ Мәскеудегі билік мұны көргісі де, түсінгісі де келмей, қазақ жастарының бейбіт демократиялық қозғалысын күшпен, қанмен жаншуға ойысты. Алаңда жиналғандарға қарсы сапер күректері, талағыш иттер, өртсөндіруші машиналар, бронды транспортерлер жіберілді. Қолға түскен жігіттер мен қыздар қақаған аязда бірнеше сағат бойы зорлықпен қар үстіне жатқызылды, оларға өрт сөндіргіш машиналардан суық су бүркітілді. Бұл уақиғалардан көптеген жастар жарақат алды. Жүздеген адамның құрбан болғаны айтылса да, күні бүгін дәлелденбей келеді. Өйткені осы уақиғалардан кейін республикада желтоқсан уақиғаларын зерттеуге, жазуға, айтуға тыйым салынған еді.
Желтоқсан оқиғалары 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері ғана болған екі күндік қимыл емес. Ол Кеңес Одағының күйреу себептерінен бірі болып, әлемдік тарихта терең із қалдырған күрделі процес. Біздің ойымызша, желтоқсан оқиғаларына қатысқандар ақталған және Кеңестік билік келмеске кеткен 1991 жылға дейінгі бес жылтық үрдісті қамтиды. Оған төрт кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең уақиғалардың пайда болуы, екінші кезең Мәскеудегі биліктің қазақ халқын “ұлтшылдықта” айыптап, Қазақстанда қазақтарға қарсы науқан жүргізуі, үшінші кезең қазақ зиялылары мен депутаттарының Мәскеудің қазақты құрту жөніндегі осы саясатына қарсы іс-қимылдары, төртінші кезең Горбачевтің қателігін мойындап, Колбинді қызметінен алып, орнына қазақ халқының табиғи жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевты тағайындауы, сөйтіп Қазақстанның қайта түлеуінің басталуы.
Осы уақиғалардың әлемдік тарихтағы маңызы қазақ жастарының тек қазақ халқына қана емес, сонымен қатар Кеңес Одағындағы өзге халықтарға да Компартияның орынсыз шешімдеріне қарсы ашықтан ашық қарсы шығуына болатынын көрсетуінде. Өйткені осы оқиғалардан кейін Қавказ, Балтық жағалауы және өзге Кеңестік аймақтарда халықтар Мәскеуге қарсы жаппай шерулерге шығып демократиялық хақ-құқықтарын талап ете бастады. Міне бұл Кеңес Одағының ыдырауына әкеп соқтырған маңызды құбылыс еді.
Қазақстан тарихы тұрғысынан алар болсақ, бұл көтеріліс Қазақстанды жіті білмейтін жат-жұрттық Геннади Колбиннің биліктен кетуіне түрткі болып, Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке келуін қамтамасыз етті. Негізінде Горбачевтың әу баста, атап айтқанда 1986 жылы қабылдайтын дұрыс шешімі осы еді. Бірақ ол бұған бармады. Өйткені Қазақстанда Homo Sovieticus, яғни ұлтсыз және рухсыз Кеңес адамы жарату жөніндегі саясаттарының Қонаев кезінде толық іске аспай қалғанын байқап қалған Мәскеудегі билікке қазақ халқының саясатта, ғылымда және басқа салаларда қол жеткізген ұлттық сипаттағы жетістіктерін жою керек болды. Бұл үшін Қазақстанды білмейтін, тіпті қазаққа жаны ашымайтын қатыгез бір саясаткерді Ресейден әкеліп тағайындады. Бірақ Мәскеу ұлттық санасы күшті қазақ жастары және олардың артынша зиялыларының бұған жол бермейтін батыл іс-әрекеттерге бара алатынын есептемеген еді.
Желтоқсан оқиғаларының жүздеген, тіпті мыңдаған қаһарманы бар. Бірақ бүгінгі күн тұрғысынан оның екі символдық қаһарманы болғанын айта аламыз. Біріншісі батыл түрде алаңға шыққан қазақ жастары үшін нақақ сотталып, жұмбақ жағдайда түрмеде көз жұмған Қайрат Рысқұлбеков, екіншісі қазақтарының алаңдағы күресін саясатқа көшіріп, Қазақстан Парламентінде оқиғалардың шындықтарының зерттеу комиссиясының құрылуына, сөйтіп Колбиннің биліктен аластатылуын қамтамасыз еткен ақын, жазушы Мұхтар Шаханов.
Сонымен әңгімемізді қорытар болсақ, желтоқсан оқиғалары тәуелсіз Қазақстан тарихында орны ерекше бірегей уақиға. Сөзімізді дәлелдеу үшін бір мысал келтірейік. Егер қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі болмағанда және Колбин билігін жалғастыра бергенде, 1991 жылғы Қазақстанның тәуелсіздік сондай-ақ тәуелсіздіктен кейінгі үдерісі қалай болар еді? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бірақ Қазақстанның ұлттық және бір тегіс мемлекеттік құрылымы негізінде бүгінгі адам таң қалатын жарқын табыстарына жетпейтінін болжау қиын емес. Сондықтан да желтоқсан оқиғаларын 70 жылдық әміршіл-әкімшіл Кеңестік жүйеден кейін, Қазақстанның қайта түлеуінің бастауы деп атап көрсете аламыз.
1980 жылдардың ортасына қарай Коммунистік ұлыдержавашыл аппараттың кеңес қоғамын дағдарыстан алып шығуға қабілетсіз екендігі белгілі болды. 1985 жылы наурызда КОКП-ның басшылығына М.С.Горбачев бастаған жаңашыл топ келді. 1985 жылдың сәуір пленумында әлеуметтік-экономикалық дамудың жеделдету бағыты қабылданды. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП-ның ХХYII съезі жаңа саясат жүргізудің негіздерін айқындап берді. Қысқа мерзім ішінде экономикада тежеуші факторларды жою, ҒТП-ны жеделдету, адамдардың тұрмыс деңгейін көтеру, саяси даму саласында демократиялық ұстанымдарды енгізу, сайлау жүйесін өзгерту, халықтың саяси белсенділігін арттыру, партия мүшелерінің моральдық келбеті мәселелері де айтылды.
Қайта құру мен қоғамды демократияландыру үдерісіндегі қадам 1987 жылы жасалды. М.Горбачев кеңес қоғамы дамуының негізгі кезеңдеріне талдау жасады. Сталинизмнің жан түршігерлік қылмысты әрекеттері жайында ашық айтылды. Алайда КОКП басшылығы қайта құруды баянды ете алмады, көптеген жолсыздықтар мен заңсыздықтарға жол берді. 1986 жылдың желтоқсанына дейінгі бір жыл сегіз ай ішінде республикада қоғамдық-саяси даму бағыттарын қозғаған реформалар болған жоқ. Бұл жағдай Қазақстандағы басшылықты ескі тәсілмен – бір күнде ауыстыра салу әрекетіне итермеледі.
40 жылдан астам Қазақстан үкіметінің, республика партия ұйымының басшылығында болған дарынды қайраткер Д.А.Қонаев (1912-1993ж.ж.) КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелігіне дейін көтерілді. Д.Қонаев тұсындағы қол жеткен жетістіктер: табиғи байлықтарды игеру кең ауқымда жүргізілді, ауыр өнеркəсіп өсу үстінде болды, ұлт зиялы қауымы жаңа сапалық деңгейге көтерілді.
1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумында ұйымдастыру мəселесі қаралды. КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский ұсынысымен Д.А.Қонаевтың орнына Г.В.Колбин тағайындалды (1986-1989).
Г.В.Колбин Грузияда республикалық партия ұйымының екінші хатшысы, Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Орталық баспасөз “ұлтаралық қатынастар мəселелерін жақсы білетін маман” деп жазып жатты.
Қоғамда жарияланған мақсаттар мен нақты өмір арасындағы күрделі қайшылық нəтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғаларына əкеп тіреді. Қоғамдық-әлеуметтік, мәдени салаларды қамтыған өрескел кемшіліктер, ұлт мәселесінің шиеленісуі жастарды ашық қимылға еріксіз алып келді. Басшылықтың ауыстырылуы жаппай наразылықтың шығуына түрткі болды.
1986 жылғы 17 желтоқсанда Алматыда Брежнев атындағы алаңда жаппай толқу басталды. Жиналғандар орталықтың кадр саясатын жүргізудегі өктемдігіне наразылық білдірді. Лениндік ұлт саясатының дұрыс жүргізілуін, республиканың егемендігін сыйлауды, жергілікті халық арасынан саяси қайраткерлердің шығуына кедергі келтірмеуді, ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуын қамтамасыз етуді талап етті.
Брежнев атындағы алаңдағы шеру бейбіт жəне саяси сипатта болды.
18 желтоқсанда сағат 13-те алаңға əскери училищенің жеке құрамасы енгізіліп, Орталық Комитет үйі қоршауға алынды.
КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара училищесінің курсанттары ерекше қатыгездік көрсетті. “Бұрқасын-86” атты құпия жедел жоспар жасалды. Ол жоспар бойынша жастарға қылмыскер немесе ұлтшыл деп айдар тағып, арандатушылық бағытқа бұрып жіберуге мүмкіндік алды. Бұл жоспар кейіннен әдейі құртылып жіберілгені белгілі болды. Шеруді тарату кезінде сойылдар, саперлік күректер, үйретілген иттер, өрт сөндіруші машиналар, бронды транспортерлер пайдаланылды. Ұсталған жастарды аязда бірнеше сағат бойы қар үстіне жатқызды. Жастарды қаладан алысқа əкетіп, жұқа жəне су киімдерімен түнгі аязда ұстады.
Бейбіт шеру күшпен басылғаннан кейін, аса қатыгездікпен және мейірімсіздікпен жаппай жазалау басталды. Желтоқсан оқиғаларын тексеру комиссиясының төрағасы М.Шаханов Швеция мен Англияның университеттерінде оқыған дәрістерінде көрсетілген мәліметтер бойынша: 8,5 мыңға жуық адам ұсталып, жаза тартты. 1720 адам жарақат алды. 99 адам сотталды, оның екеуі өлім жазасына кесілді. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам жұмыстан қуылды. Жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды. 246 студент оқудан шығарылды.
Желтоқсан құрбаны – Қайрат Рысқұлбеков, Алматы архитектура құрылыс институтының студенті. Оған “жасақшы С.Савицкийді өлтірді” деген айып тағылды. Құқық қорғау жүйесінің 5 қызметкері “кісі өлтірушіні тез тапқаны үшін” марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Қайраттың өлім жазасына кесілуі дүниежүзілік қауымдастықтың наразылығын тудырды. Чехословакияның, Польшаның, Венгрияның, АҚШ-тың қоғам қайраткерлері мен зиялыларынан қарсылық хаттары келіп жатты. Қайрат абақтыда жұмбақ жағдайда қаза тапты. Желтоқсан оқиғалары алғашқы күннен бастап халыққа бұрмаланып түсіндірілді. Алматыға арнайы жіберілген КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцевтің нұсқауы бойынша бұл оқиғаларды “Маскүнемдер мен нашақорлардың бұзақылық, ұлтшылдық арандату əрекеттері” деп түсіндірілді.
1986 жылғы Алматы оқиғалары қазақ топырағына ұлттық санасын намысы жетелеген қайсар буынның келгенін әйгіледі. Желтоқсан оқиғалары Кремль әкімшілігінің саяси мәдениетінің мейлінше төмендігін айқындады. Кәсіпорындарда темір таяқтармен, шынжырлармен қаруланған 16 мың адамнан тұратын жасақты орыс және өзге славян ұлтынан құру арқылы компартия басшылары екі ұлттың – қазақ пен орыстың арасына сына қағып, дүрдараздық психологияны өршітті. Желтоқсан оқиғалары кейінгі кезеңде экономикалық реформалардың, әлеуметтік бетбұрыстардың соны қарқынмен өрістеуіне себеп болды.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтып өткеніндей, бұл «бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді» Қазақтар өзінің тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққан екен. Соның ең соңғысы – тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісіне де биыл 37 жыл толғалы отыр. «1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» [1]. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады.Енді сол Желтоқсан көтерілісінің негізгі себептері мен маңызын айқындау алдында оның басты қаһармандарының бірі Қайрат Рысқұлбековтың қысқаша өмір жолына тоқтала кеткеніміз жөн болар.Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшы әулетінде дүниеге келген. Қайрат 1973-1981 жылдары Шу ауданындағы Төле би ауылына орналасқан мектеп-интернатта оқып сегіз жылдық білім алды. Мектепте сабақты жақсы үлгеріп, кластан класқа емтихансыз көшіп отырды. Қоғамдық жүмыстарға белсене араласып, мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды. Ал 1981-1983 жылдары Бірліктегі бұрынғы Киров атыңдағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек товарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. 1984-1986 жылдары Амур өлкесі Белогор қаласыңда әскери міндетін абыроймен өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретіңде бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986-жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға келіп, тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті [2].1986 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның бас тізгіні қайдағы біреуге тапсырылуына бейбіт наразылық білдірген жастар мен студенттерге қосылып, Қайрат алаңға шығып, шеруге қатысты. Жиналғандар орталықтың кадр саясатын жүргізудегі өктемдігіне наразылық білдірді. Наразылықтың көш басында жастар – студенттер мен жұмысшылар тұрды және олар Желтоқсан көтерілісінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Митингтің бір қалыпты, тәртіппен өтіп жатқанына қарамастан, үкімет басшыларының бұйрығымен жетіп келген жендеттер қарулы күш қолданып, құр қол жиналған жеткіншіктерді аяусыз ұрып-соғып, алаңды қып-қызыл қанға бояды. Ит қосып, өрт сөндіргіш машиналармен су шашып, жығылған, мертіккен жандарды қала сыртына әкетіп жатты. Қазақ қыздарын шашынан сүйреп, айуандықпен тепкілеп, кейбіреулерін, тіпті, қаныпезерлікпен көк мұзға отырғызуға дейін барды. Міне, осылай оспадар-озбырлыққа шыдамаған, ана қауымын пір тұтып сыйлап өскен ер-намысты жігіттер қыздарға араша түсіп «бұзық» атанды. Араша түскендердің бел ортасында жүргеңдердің бірі Қайрат еді. Сонымен қатар желтоқсан айының сол бір аязды күндері алаңға жиналғандарға Қайрат Рысқұлбеков: «Жігіттер, үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, бізді Біріккен Ұлттар Ұйымы таниды» - деп үндеу тастайды. Осы себептерден екені анық, Қайрат сол кездегі билік тарапының назарына алынып, оған «алаңда халық жасақшысы С.А.Савицкийді ұрып өлтірді» деген жалған айып тағылды. Ол мұндай қылмысты істемегенін дәлелдеп баққанмен, қызыл жағалы жендеттер оның жауабына сенбей, ақыры кісі өлтіруші қылмыскер етіп шығарды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды
Міне биыл, осы қаралы Желтоқсан оқиғасына 34 жыл толады. Бұл оқиғаға қатысқандар тек, 1990 жылдардың бас кезінен бері ақтала бастады. Бүгінде осынау бас көтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалып, қазір Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының құлауына пәрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер қазақ жастары ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.
Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-хатшысы Г.В. Колбинді ҚКОК-нің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.
Қазақстан тәуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық қалпына келтіріліп, бұл жөнінде “Желтоқсан. 1986. Алматы.” (құрастырылған Т.Өтегенов, Т.Зейнәбілов), “Желтоқсан құрбандарын жоқтау”, “Ер намысы — ел намысы” жинақтары, К.Тәбейдің “Мұзда жанған алау”, Т.Бейісқұловтың “Желтоқсан ызғары” кітаптары мен “Желтоқсан” (бас редакторы Х.Қожа-Ахмет) газеті жарық көрді, “Аллажар” (1991, реж. Т.Теменов), “Қызғыш құс” кинофильмдері түсірілді. [2]
Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 ж. жазда КОКП Ок қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді.
Осы күнге дейін мемлекет желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын жоғарлатуға зор үлес қосып келеді. Көтерілісінің құпиялары толығымен ашылған жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
https://kk.m.wikipedia.org
https://itest.kz/kz
https://e-history.kz/kz/amp
Достарыңызбен бөлісу: |