2-кезең айжарық СӘдібекұлы «жылқышының Қызы еді»



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата05.09.2023
өлшемі256,59 Kb.
#180283
  1   2
Байланысты:
2-кезең кітабы



 
2-КЕЗЕҢ 
АЙЖАРЫҚ СӘДІБЕКҰЛЫ 
«ЖЫЛҚЫШЫНЫҢ ҚЫЗЫ ЕДІ» 
 


Арал аудандық халық сотының бiр бөлмесiнде екi әйел 
оңаша отыр. Бiрi – сүйрiктей жас келiншек, екiншiсi – 
тiсқаққан байсалды ана. Сырт көзге осы мекемеде iстейтiн 
апайына етжақын сiңлiсi келiп отырғандай. 
– ... Е-е, солай де. Жұмыс iстейтiн бе едiң Әлия? 
– Жоқ. Қайдағы жұмыс. Мектептi бiтiре сала тұрмыс 
құрдым. Одан балалы болып дегендей... 
– Ай, шырағым-ай, күйеуге шығуға ерте асыққан екенсiң. 
Әуелi оқып алғаныңда ғой. Бөпем нешеу дедiң? 
– Үшеу. 
– Е-е...
Әңгiме тiнi осымен үзiлдi. 
Сексеуiл ауылынан сотқа арызданып келген мына 
келiншектi әлгiнде бауырына тарта сөйлесiп, мән-жайға 
қаныққан аудандық Советтiң депутаты әрi халық заседателi 
Раушан Нұрманова ендi ой жетегiнде. Өмiрден зәредей 
қиындық көрмеген мына әп-әдемi Әлияны аяп отыр. Бүгiнгiнiң 
тауы шағылмаған жастары алды-артын ойластырып жатпайды 
ғой...
Арасы екi жасардан үш бөпесi бар, өзi жұрт қатарлы 
оқып, мамандық та алмаған. Осындай күйiмен күйеуi 
Алтаймен ажырасқысы келедi. Оның не кiнәсi бар дегенде, 
мотоциклмен киiк қуып, айдаланы кезiп кетедi екен, рас болса 
iшетiнi арақ, ойнайтыны карта. Кейде карта ойнаған жерiнде 
қонып қалатын көрiнедi. Иә-ә, рас болса, күйеуiнiң кәсiбi 
жақсы емес. Ал ажырасты дейiк, бөпелерiн төркiнiне ала 
кетпекшi. Бекiнген ойы осы. Сосын алимент талап етпекшi. 
Сонда, бұ қарағымның алдағы келешегі қалай болады...
Ай, жастар-ай, жастар, бiз сияқты тоқтасқандарды кейде 
осылай күйiндiрiп, кейде кәдiмгiдей сүйiндiрiп жүргендерiң... 


Раушан өз басы «сүттен ақ, судан таза» болып отырған мына 
сүйкiмдi келiншектiң қолын сыртынан сипалай отырып, 
әңгімесін бастады. 
– ...Қарағым, сен бүйтiп ақылыңнан алжаспа, үш балалы 
болғанда ажырасамын деген не сұмдық?! Сен әлде де ойлан. 
Бұрынғылар: «Көптi көрген көнеден ақыл сұрасаң азбассың» 
деген екен. Мен сенен аттай он бес жыл үлкендiгiм бар. Ендеше 
менi тыңда. Халық соты «ақылыңды айт» деп әдейiлеп 
шақырғасын келдiм. Бұлардың осылай шақырып тұратындары 
бар. Бiздi осындай қоғамдық жұмыстарға жегiп қойған. Бiздiң 
«ақылшы ұстаз» деген де атымыз бар. Олай болса, қарағым, сен 
менi тыңдауға тиiссiң. Бүгiн бiлместiкпен бiреудiң жанып 
тұрған отын өшiрсең, соңыра екiншi бiр еркектiң түтiнiн 
түтетуiңе тура келедi. Сен әлi жассың, ақылың жан дүниеңнiң 
түкпiрiнде емес, көзiңде тұр. Мен саған туғансыз тура 
билердей турасын айтайын, бәрiмiз де келiншек болып 
көргенбiз, мынадай уылжыған отты-жалынды күйiңде еркек 
iздемей тұра алмайсың... 
Жақсы, дегенiңдi iстеп, ажырастыңдар делiк. Сонда, анау 
сәбилерiңдi кiмдердiң көлеңкесiне қалдырамын деп ойлайсың? 
Олардың маңдайынан сипай қоятын біреу табылады ма? Әкесiз 
өскен тiрi жетiмдерiң бара-бара кiм болады? Осыны ойландың 
ба? Туған әкесi мен шешесiнiң көз алдарында жүрiп те бұрыс 
жолға кезiккендер аз ба, мына заманда! Қой шырағым. Өйтiп 
тұнығыңды лайлағанша, әуелгi бағыңды қадiрле. «Әуелгi бақ – 
бақ, кейiнгi бақ – қара бақ» деген. Құдай қосқан қосағың ай 
далаға қаңғырып киiк қуалап кетсе, кейде үйге қонбай қалса, 
ермегi карта ойнау болса, онысы жастықтың желiгi. Ана үш 
бөбегiң тұрғанда ол ешқайда да кетпейдi. Әлi-ақ ақылына 
келедi, бәрiн қояды. Құдай-ау, бәрiн айт та, бiрiн айт, қолыңа 


қонған құсыңнан айналмассың ба?! Ерiң – пiрiң ғой! Бүгiн 
патша көңiлiңе басқа ой келгенiмен, соңыра: «әттең-ай, Раушан 
апай айтып едi-ау» – деп өкiнiп жүрмегейсiң. Құлдығым-ай, 
байсыз қатын қатын ба?! Байынан ажырасқан қатын кiм 
көрiнгеннiң қолжаулығына айналады. Бiздiң қоғам жесiрлердiң 
кесiрiнен ұрпақты аздырып алды. Байынан ажырасқан 
қатындардың кесірінен мемлекетiмiз шаш етектен шығынға 
батуда. Мына байын тастаған қатын дегендерiң бар-ау, 
ұлтымыздың бiрлiгiне iрiткi салатын сырқатымызға айналды 
ғой. Сен бiздiң елiмiздiң сондай да соры барын бiлесiң бе... 
Раушан пәлсапасын кiлт үздi. «Құдая тоба, мен аяғында 
не деп кеттiм, соншама таусылып. Айтқан ақылыңа болайын 
ақылшы апай...» – деп iшiнен өзiн-өзi мысқылдап алды. Беу, 
арқалы ақындай бауырын жазып, қызынып сөйлейтiн осы бiр 
адуын әдетi-ай... Бiр шешiлiп кетсе, кестелi кемел сөздердiң 
қайдан ақтарылып шыға беретiнiн өзi де аңғара алмай қалады. 
Жаратылысында бiр шешендiк қасиетi бар ма қалай, шаршы 
топтың алдында сағы сынып көрген емес. Сөз жүйесiн 
қиыннан қиыстырып толғай жөнелгенде, көптiң көңiлiн 
қатықтай ұйытар едi. Сонысынан кейде қысылатын да жайы 
бар. 
Раушан ендi байқады, әлгi бiр әзiрде мына келiншек осы 
сот кеңсесiнiң түндiгiн желпiлдетiп жiберетiндей ширығып 
келiп едi. Ендiгi түрiн қара, көзiнiң сорасы ағып отыр. 
– Жiгiттiң үш жұрты болады деушi едi. Солардан 
сендерге ақыл айтатын жолбасшыларыңның болмағаны ма? 
– дедi Раушан келiншектiң шолақ шашынан сылап-сипап. 
– Бiздiң сiз сияқты оңдырып ақыл айтатын да арқа 
сүйерiмiз жоқ. Шаруасын күйттеген үлкендерiмiзден түгел қол 
үзіп қалғанбыз. Байдың өз еркi өзiнде. Менiң айбарағымды 


жыр екен демейдi. Айтатыны: «мен қатынның айтқанымен 
жүрмеймiн, қайда болам, не iстеймiн, жұмысың болмасын» деп 
күйдiредi. Әбден шаршадым. Апатай-ау, осындай ақылыңызды 
оған да айтсаңызшы шақыртып алып. Өтiнемiн, өзiн халық 
сотының алдына бiр алдыртыңызшы... – деп келiншек тағы да 
егiлiп өксiдi. 
Раушанның да көңiлi босап, көзi ісінді. Келiншектi 
құшақтай орнынан тұрып, бауырына басты. Аймалады. Сосын: 
– Мiне, 
мұныңа кiм келiспейдi! Бiз сендердi 
ажырастырушы емеспiз, қосушымыз ғой. Сен арызданды екен 
деп сот бiрден ажырастырып жiбермейдi. Айырылған азады, 
қосылған озады. Апалап отырсың ғой, алдағы демалысымда 
сен үшiн Сексеуiлге арнайылап барайын. Күйеуiңмен төрт 
көздерiң түгел отырғанда сөйлесейiн. Сот ешқайда қашпайды, 
айтқан ақылды тыңдамаса, сотына да салармыз. Қандай мықты 
өзi, осындай әп-әдемi келiншегiн ренжiтiп жүрген... – деп 
күлген болды. 
Содан екеуi қолтықтасып сыртқа шықты. Көшеде қатар 
келе жатып, көңiлдi сыңайда күлiмдеген болып:
– А-ал, сiңлiм, ендi қайту қашан? – дедi Раушан. 
– Түстен кейiнгi пойыз болмаса... 
– Онда бiздiң үйге жүре ғой. Шай iшiп жайланып 
шығарсың. Пойызыңа бiздiң балдар шығарып салар... 
Раушан ойға малтығып келедi. Бүгiнгi кикiлжiң – 
өмiрiнде бiрiншi рет есiткен жыры емес. Тiршiлiктiң 
таусылмайтын күйбеңi кесiрiнен талай рет осылай жүзбе-жүз 
отырып, ашылысқан кездерi болған. Жаны күйгендер 
суырылып сөйлесе, бұл асықпай тыңдайтын. Тыңдап болғасын 
ойының жеткенiнше батырып басу айтатын. Сөйте жүрiп, 
кiмнiң қандай пейiлдегi пенде екенiн тап басып тануға да 


дағдыланыпты. Қашаннан халық сотының заседателi болғалы 
мұның алдына кiмдер келiп, кiмдер кетпедi. Әрбiр кезде 
әртүрлi тағдырлармен жүздесiптi. Сондайда бiреулерге ащы 
айтуға, бiреулердi «сен әдемiсiң, сен жақсысың, жер үстiнде 
сенен артық жан жоқ» деген сыңайда маңдайынан сипап, 
арқасынан қағып отырып, ашуын басуға, ал кейде кейбiр артық 
кететiндердi қатаң кесiммен тоқтатуға тура келедi.
Қырсыққанда осы күнгiнiң жастары бiрiнiң сөзiн бiрi 
көтере алмайтын болған. Қит етсе сот пен милицияға жүгiредi. 
Асылып өлемiн дейтiн болды. Асылып ажал құшқандары да 
бар. Дегенде алдына келгендерден ақыл-кеңесiн құп алып 
жарасып кеткендерi де аз болмапты. Кейбiр жұптың айтқанды 
тыңдамай, екiге жарылғандары да болды... 
Иә, өмiрде не болмайды... 
* * * 
1975 жылдың жазы Раушанды көптен бергi тiлегi – асыл 
арманына жеткiзгелi тұр. Арғын, Аида есiмдi егiз туған ұлы 
мен қызы Арал аудандық орта мектептi осы жазда ойдағыдай 
бiтiрмек. Ұлы Жеңiстiң отыз жылдығы қарсаңында Арғыны 
мен Аидасы «үш ұрпақтың кездесу кешiн» өткізбекші. 
Салтанатты кешке шақырылған құрметтi кiсiлердiң қатарында 
Раушан да отыр. Бiр ыңғайда кештi жүргiзушi:
– 
Бүгiнгiдей 
көсегелi 
кешiмiзде 
орта 
буын 
ардагерлерiмiздiң де кейiнгi толқынға арнап айтары аз болмас. 
Ендiгi сөздi коммунист-ана Раушан Нұрманова жалғастырады, 
– дедi. 
Раушан қоғамдық шараларға қанша араласа жүргенімен оқ пен 
оттың алапатын көрген майдангер ардагерлермен бiрдей 
құрметтелермiн, күндердiң күнiнде орта буын ұрпақтың 
атынан аталы сөз айтармын дегендi қаперiне де алмапты. 


– Мен соғысқа қатысқаным жоқ. Не тауып айтам. Соғыс 
ардагерлерiнiң естелiктерiн тыңдай берейiк те? – дедi 
ыңғайсызданған кейiпте. 
– Раушан ханым, сiз қатарлы буынның балалық шағы 
соғысқа душар болған жоқ па? Рас, соғыста бiз жеңдiк, бiрақ 
сол соғыстан кейiн де не тойып ас iше алмай, не жарытып киiне 
алмай өксiп өскендер – осы отырған өздерiң, орта буындағылар 
емес пе едi, – деп мектеп директоры Сәбит Аманжолов 
Раушанның есiне келмегендi есiне салды. 
– Апыр-ай деген, соғыс тақсiретiн тартпаған бiр пенде 
жоқ шығар-ау, мына жарық жалғанда... Я-а, не айтатыны бар 
оның, азабы мен қазасы жеттi ғой жер-жебiрiмiзге... О, өттi ғой 
не күндер өксiтiп... 
Абыз ақын айтқандай, «кешегi кезеңнен бүгiнгi кезеңге» 
жеткендер осылай бiр-бiр мұңдарын шағып, бiр-бiр күрсiнiсiп 
алды. Раушан тоңазығандай тұла бойы қалтыранып кеттi. 
Жастайынан жетiмдiк пен жоқшылықты бiрдей көрiп 
өскендiктен бе, осындайда өткен өмiрiнiң ауыртпалығы есiне 
түссе, жан дүниесi бiр тулап, бiр суынатын күйге түсiп 
күйзеледi. О, өзiмен кеткiр соғыс-ай... 
* * * 
...Сол аты құрғыр фашист Гитлердің бастауымен соғыс 
басталғанда Раушан сегiз жаста едi. «Қызыл ту» колхозының 
бетке ұстар озат жылқышысы Нұрекең: «Аманшылық болып 
тұрса, осы қызымды алдағы күзде анау Аралдағы мектеп-
интернатқа орналастырамын» деп отыратын. Алайда бүкiл 
ғаламға ауыр апат әкелген соғыстың қара құйыны әкесiн сол 
ниетiне жеткiзбедi. Орал пединститутын соғыс басталуына 
бiтiрген бауыры, туған ағасы Мықтыбайды кiдiртпестен 
майданға алып кеттi. Көкесi сол кеткеннен мол кеттi. Артында 


тек суреттерi ғана қалды. Дүние-ай, жалғыз ағасын жоқтай-
жоқтай шашы да ағарды-ау. Ең болмаса, «пәлен жерде 
ерлiкпен қаза тапты» деген бiр хабары да шықпады. Тағдыр 
тым болмаса сонысын да қимады ғой. 
Арқа-басы кең кезде аудан мен облыс орталығы арқылы 
не Алматыға, не Мәскеу қалаларында өтетін көрмелерге ат iзiн 
салып тұратын Нұрман жылқышы соғыс басталғасын кең 
далаға тұсалды да қалды. Майданға жарамды жылқы керек. 
Бұрын өзiне бекiтiлген табынға ие болса, ендi иелерi майданға 
кеткен бiрнеше қостың ауыртпалығын арқалауға тура келдi. 
Бұрылуға, демалуға шама да, уақыт та жоқ.
Әйелі Рысты мен қызы Раушанға да қызметтер табылды. 
Колхоздың қанар толы жүнiн екеуi түнемелiк түтiп отырғаны. 
Сол түтiлген жүндi Рысты күндiз иiрiп, жiпке айналдырады. 
Сол жiптен қарғадай Раушан саусақтары майысып қолғап, 
шұлық, мойын шалғы, жылы кеудеше тоқитын майданға 
аттанғандар үшiн. Дүние-ай, сол еңбегiнен көкесiне бұйырғаны 
болды ма екен... 
Раушан балапан күнiнен жылқының сүтi мен қымызын 
қанып iшкен, тал бойы сәйгүлiктердiң қанатында қатайған дала 
қызы емес пе, қайратты да зейiндi болды. Мектепке 
қабылданатын жасы өтiп барады. Алайда алты қырдың 
астындағы Аралға әкесiнiң құрығы жетпей-ақ қойды. 
Жағдайдың жанкештiлiгi сондай, малшы қауым жапан далада 
жабайыланып кеткендей едi. Шарасы таусылған Нұрекең 
Қамбаштағы жетiжылдық орыс-қазақ мектебiне осы қызын екi 
жыл кешiктiрiп жеткiзген едi. 
Сол мектепте оқыған жетi жылда Раушан қоғамдық 
жұмыстардың бәрiне бауыр басып араласты. Бiр де бiр каникул 
айлары еңбексiз өткен емес. Жiгерлi де намысқой қыз күшке 


түсетiн қара жұмысты да жапырып жiберетiн. Соғыс 
жылдарында майданға, кейiн колхоз шаруашылығына 
болысты. Еңбегi еш кеткен жоқ, ретiне қарай елендi. 1948–49 
оқу жылында ауданның комсомол ұйымы Раушанды 
әйелдердiң бiрiншi облыстық слетiне қатыстырды. Содан арада 
27 жыл өткенде әйелдердiң халықаралық жылында үшiншi 
слеттiң делегаты болды. 
Соғыс кезiндегi ыссылы-суық, үнемi ер үстiнде өткiзген 
жанкештi желiс Нұрекеңе қатты батқан-ды. 1948 жылы дүние 
салды. Бұлай болар деп кiм ойлаған. Бiр шаңырақтың арқа 
сүйеген асқары тым таршылық кезеңде тым ерте опат болды. 
Рысты шешесiне, Жақсыбай, Құдайберген есiмдi қызылқарын 
iнiлерiне пана болар ендi кiм...
Амал қайсы, жетіжылдық мектепті бiтiрген соң 
институтқа түссем деп iштей кезенiп жүрген Раушанның ендi 
оқуды қоя тұруына тура келдi. Бұл – 1949 жылдың жазы едi. 
Еңбек жолын колхоздың кiтапханашысы және комсомол 
ұйымын басқарудан бастады. Ұйымның қырыққа жуық мүшесi 
болды. Ауылда төрт түлiк те өсiрiлдi; арпа, бидай, тары, жүгерi, 
сұлы, бақша егiледi. Құба жоннан мал азығы дайындалады. 
Алайда техника тапшы, тiптi жоқтың қасы. Бiрақ өл-тiрiл 
жоспар мен мiндеттеменi орындау керек! Орындау үшiн 
қиындықтан қаймықпау керек! Бәрiне төзу керек, көну керек! 
Сол тұста Раушан ауылда ешкiмнiң ойына келмеген бiр 
мақсатқа бекiндi. Ауданда колхоздар бойынша бiрiншi болып, 
комсомол-жастар бригадасын құруға ынтық едi. Дегенi болды. 
Ылғи жiгерлi жастардан iрiктелген бригада ауданда қатарынан 
бiрнеше жыл бiрiншi жүлдеге ие болды. Ал, мал азығының 
берiк қорын дайындаудағы ерен ерлiктерi үшiн колхоздың 
комсомол ұйымы БЛКЖО Орталық Комитетiнiң Құрмет 


Грамотасымен марапатталды. Iзiнше ұйым атына қомақты 
посылка жiберген. Бұл сыйлық ауыл жастарына жетерлiктей 
шахмат, дойбы, шаңғы, волейбол, футбол сияқты спорт 
киiмдерi мен құралдары едi. Ал Раушанның өзi болса, 
мектептiң 8,9,10-кластарын және институтты сырттай оқып, 
бiтiрiп алды. Облыс комсомолдарының сегiзiншi және 
тоғызыншы, кейiн он бесiншi және он алтыншы облыстық 
партия конференцияларына сайланып, қоғамдық ортаның 
қалаулысы дәрежесiне жеттi. 
Иә, мектепте өткен сол кеште орайы келiп айтқан 
Раушанның сондағы естелiгi кiм-кiмнiң де көкейiнде кеттi... 
* * * 
Комсомол қатарында есейiп шыныққан сол Раушан 1964 
жылы Сарбасат ауылдық Советiнiң председателi болып 
сайланды. Бұрынғы бұрынғы ма, ендi қарақан бiр басында 
түрлi мiндет. Советке қарасты елдi мекендердiң көгендескен 
қам-қаракетiнiң бәрiне араласуы керек. Өйткенi араласуға 
мiндеттi, нәтижесiне жауапты. Бар уақыты есептеулi, ал сан 
алуан мiндет Раушанды әр қиынға бiр салды. Ойсыз, iс-
әрекетсiз өтетiн бiр күнi жоқ. Кейде талығып шаршайды. 
Сонда да, көпшiл де көнбiс қалпынан айнымайды. 
Айнымайтыны кiсiлiк болмысы солай жаратылған, арып-ашып 
жүретiн қарашалар үшiн қиналғанына қайлы. Халықты құрғақ 
сөзбен алдарқата алармысың. Алайда алдынан шыға беретiн, 
түп етектен тосып алатын кедергi көп.
Раушан кейде кейбiр керi кеткендер мен лауазымды 
кержақтардың бiрi мен бiрi өзара түсiнiсе алмайтындарына, 
содан да оңай оңғарылатын iстердi қиындатып жiберетiндерiне 
қынжылып торығады. Айтарыңыз не, тосқауылға талай тап 


болды. Сондайда өзiн желеп-жебейтiндер көнбiс қараша 
халқы, iргелi жұрты. Атынан айналайындардың алдында арың 
таза болса, туың жығылмайды екен. Ал өзi қанша қоғамшыл 
бола жүргенде қолынан келмейтiнге, өресi жетпейтiнге килiгiп 
көрген емес. Көңiл көзiнiң жеткен жерiне ғана құрық тастайды. 
Өмiрдiң ащысы мен тұщысы оны сондай болуға үйреткен... 
Сарбасат ауылдық Советiнің құрамы 1969 жылы Арал 
тұрғындарының кемiп кетуiне байланысты қысқарды. Өйткенi 
Арал теңiзi тартылып, табиғаты жұтады, күнкөрiс қиындады. 
Қара күшiне жалынғандар жұмыссыз қалып жан-жаққа 
тырағайлап көше бастады.
Раушан совет құрамынан шыққан соң Қазалыда ашылған 
жаңа балабақшаға меңгерушi болып тағайындалды. «Ал жаңа 
ұяның босағасы берiк болсын!» – деп қала басшылары 
балабақшаны көруге келгенде, көз алдарында қаңқиып жалғыз 
үй тұрды. Он төсекте – 25 бала. Ауыз суды шелектеп тасиды. 
Бүлдiршiндер шарбақ орнына керiп қойған арқан iшiнде ойнап 
жүр екен. Жаңа деген аты болмаса, көгендескен кем-кетiктен 
көз тұнады. 
Сондағы қаңқиған жалғыз үй арада өткен алты жылда 
кеңейген. Ауласында тал-теректер желектерi желбiреп бой 
салған. Су сырланған шарбақ iшiне темiр өзекшемен келедi. 
Тағамдары көгiлдiр отынмен пiседi. Аулада сексенге тарта 
бүлдiршiн ойнап жүр. Тәрбиешiлер осы құтты қоныстан 
жылына бiр топ еркелерiн мектептерiне шығарып салады. 
Раушан аулада балақайлардың ортасында ойындарын 
қызықтап әрi таза ауада тыныстап жүрген-дi. Почта тасушы 
қолына газет-журналдармен бiрге әдемi өрнегi жылтыраған бiр 
конверт ұсынды. Халық сотына арызданып келген анадағы 
Әлия сіңлісінен екен. Шақыру қағазы. Тұңғышымыздың 


мектеп жасына толған тойына шақырамыз» – дептi ерлi-
зайыпты екеуi. «Ой, ақымақтарым-ай...» – дедi Раушан көзi 
жасаурап. Осы сәтте самайын қырау шалған оның жүзi 
жадырап, қуаныш сезiмi жан-жүрегiн тербеп тұр едi... 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет